—
Лə затты көргің келе ме? — деді Мейіркүл күлімсіреп
—
Иə... Ол қайда? — Ақылбек елеріп, екіленіп кетті. Əйтсе де
Мейіркүл жауаптың орнына тағы да сауал берді
—
Мұратты көргің келе ме?
—
Айтсайшы, олар қайда?..
—
Осында.
Бүгін таңертең Мейіркүл, шынында да, Ақылбектің үш баласын
палатаға ертіп келді. Соларды көрген бойда-ақ Ақылбек өзінің науқас
екенін біржола ұмытып кеткендей болды.
Көктен түскен қуанышқа сенерін де, сенбесін де білмей тұрған адамша
сасқалақтап, үш баласын алма-кезек аймалап, иіскелей берді.
Əсіресе, Лəззат пен Мұратты қатты сағынып қалыпты. Бұларды
соңғы рет бұдан төрт жылдай бұрын, жұрт қатарлы жер басып жүрген
кезінде, аулына барып көрген еді. Онда Лəззат бес жаста, Мұрат жетіде
болатын-ды. Екеуі де сорайып өсіп қапты.
Лəззат тап-тұйнақтай киініпті. Киімдері үтіктелген. Шашын қос
бұрым етіп өріп төбесіне ақ бантик байлапты. Мұраттың үстінде де су
жаңа костюм. Өзіне жарасып-ақ тұр.
Мұның бəрі Мейіркүлдің ісі екенін Ақылбек көрген бойда-ақ
түсінді. Бірақ балалардың көзінше Мейіркүлге үндеген жоқ. Тағы бір
байқағаны — үш баласы да Мейіркүлге аз күнде-ақ бауыр басып, үйір
боп қапты. Əсіресе, Лəззаты Мейіркүлден бір елі айрылар емес.
Палатадан шығып кеткенше Мейіркүлдің мойнына асылды да отырды.
Бүған Мейіркүл де мəз-мейрам боп, жүздері нұрланып, жасарып кеткен
сияқты. Қазір ол қырық бесте емес, отызға жаңа шыққан жас жауқызын
сарымсақтай, көркіне көз тоятын əдемі келіншек еді.
Балалар да біраз уақыт үйірінен адасып қалып, анасын енді ғана
тапқан құлындардай ойнақшып, Мейіркүлді айналшықтай береді. Бүгін
балаларының бақытты жүзін көргенде Ақылбектің көңілі жай тапқандай
болды
Ауруханаға түскелі бері Ақылбек бүгін өзін түңғыш рет көңілді
сезінді. Бір сəтке қуанышы қойнына сыймай кеткендей болды. Ақ шелегі
түскендей ақтарыла сөйлеп,ойындағысының бəрін қасында жатқан
науқас кісіге айтқысы кеп тұрды. Бірақ тіс жарған жоқ. Өйткені оны
бүгін дауылды күнгі теңіз бетіндей тулаған ой толқындары есеңгіретіп
тастаған еді.
Бүгін оған қызметтес болған достары да келді. Ақылбек бір сəтке
өзін институтта бұрынғысынша қызмет істеп жүрген адамдай сезінді.
Ол өзінің ғылыми жұмысқа қатысатынын есітіп білгенде төбесі көкке
тигендей болды. Өзі істеп келген институттың ғылыми-зерттеу
жұмыстарының жоспарына оның да зерттеп жүрген проблемалары
енгізіліпті. Денсаулығына байланысты Ақылбектің үйде жұмыс істеуіне
ғылыми кеңес рұхсат етіпті. Бұдан бірнеше жыл бұрын өзі бастаған
зерттеу жұмыстарын өзі ақырына дейін істеп шығатынын ойлаған сəтте
оның бойын шабыт кернеп кеткендей болды.
Ақылбек бүгін шексіз
бақытты еді.
21
Тамыздың тамылжыган ыстық күндерінің бірінде қала шетіндегі
аласа жер үйдің қасына бір жеңіл машина кеп кілт тоқтады. Тура сол
сəтті күтіп тұрғандай-ақ қалың алма бақтың ішіндегі үйден бір жас əйел
шықты. Машинадан алдымен жап-жас жігіт түсті.
Сосын əлгі əйел екеуі машинада отырған егде кісіні екі жағынан қапсыра
құшақтап көтеріп, ескекті қайық секілді қолмен тартқылап жүргізетін
мүгедектер арбасына абайлап қана апарып отырғызды.
Бүл күні Арман əкесін ауруханадан шығарып, Мейіркүлдің үйіне
əкелген еді. Алма бақтың ішіне кіргенде-ақ Ақылбектің тынысы кеңіп
сала берді. Мұндай шілдеде қала ішіндегі көп қабатты үйлер тым ыстық,
қапырық болады. Жұрттың көбі қала шетіндегі саяжайға шығып кетеді.
Мына үй сондай бір жанға сая қоңыр салқын бақ ішінде тұр екен.
Машинадан түскен бойда-ақ осы аласа ғана үй Ақылбектің көзіне
оттай ыстық боп көрінді. Əйтпегенде ше! Ақылбек осында бір жылдай
тұрған. Ол кезде мына зəулім теректер де, көлеңкесі қою алма ағаштары
да енді ғана қондырылған қылдырықтай шыбықтар еді.
Қазір мұның бəрі оның көңілін аяқ-астынан ұйқы- тұйқы етіп
жіберді. Мына аласа үйдің өзі ол кезде Ақылбекке зəулім ғимарат боп
көрінетін-ді. Онда Мейіркүлдің əкесі де, шешесі де тірі еді.
Бақ ішінде ойнап жүрген Лəззат пен Мұрат та əкесінің алдынан
жүгіріп шықты.
Көршілері де Ақылбектің көңілін сұрауға біртіндеп келе бастады.
Мейіркүлдің өгей шешесі марқұм болғалы бері қаңырап бос тұрған
осы үш бөлмелі үйге бүгін қайта жан біткендей болды.
Жүрт аяғы саябырлаған сəтте Мейіркүл келіп:
—
Міне, Ақылбек, бүгін өз бөлмеңе келдің, — деді күлімсіреп.
Мейіркүлдің қалжыңдап айтқан осы бір ауыз сөзі Ақылбектің қиял
жетпес алыста қалып қойған балауса өмірін көзіне елестетіп
жібергендей болды.
«Иə, бұдан жиырма бес жыл бұрын осы бөлме шынында да менікі
еді» деп ойлады Ақылбек. Мейіркүл! Менің жастық шағым, бақытты
күндерім, ыстық сезімдерім осы үйде, нақ осы бөлмеде қалып қойғандай
көрінеді маған. «Өз бөлмеңе келдің», — деген бір ауыз сөзің жанымды
күйзелтіп, ойымды ойсыратып жіберді ғой. Мен өз бөлмемнен неге кеттім
сонда? Неге осында біржола қалып қоймадым? Неге? Бұл сауалдарға
бүгін кім жауап беруі тиіс?
Мейіркүл! Тағдыр бізді тағы да табыстырып отыр. Кеше Арман
ауруханаға келіп:
«Папа! Енді бəріміз бір жерде болайық», — дегенде баламды құшақтап
сүйдім. Көзімнен қалай жас ыршып кеткенін білмеймін. Арман менің
көңілімдегі, сенің жүрегіңдегі ой- толғаныстарын айтқызбай-ақ түсінген
екен. Балам бəрін де жан-жүрегімен ұғыпты.
Мүмкін, тағдыр дегеніміз əке мен баланың осылайша бірін-бірі тілсіз
түсінуі шығар. Бақыт дегеніміз осы болар.
Біздер бір қалада тұрсақ та саған қайтып оралу үшін маған жиырма
бес жыл уақыт қажет болыпты ғой.
Рас, бүгін де мен мұнда өз аяғыммен келгем жоқ. Егер осындай
ауыр дертке шалдығып, мешел боп қалмағанымда... Онда ғұмыр бойы
кездеспей-ақ кетер ме едік? Мүмкін, бұл дерт маған жоғарыдан келген
зауал емес, басыма қонған бақыт құсы шығар.
«Тым құрыса енді қалған азғантай өміріңді өксітпей, өле-өлгенше
өзің қалаған Мейіркүлдің Қасында бол» дегені ме екен? Əйтеуір мені
бүгін күндей шұғылалы Мейіркүлдің пəтеріне əкелгендеріңе
ризамын. Əрине, кешігіп келдім ғой, саған. Оны ойласам өзегім
өртеніп кете жаздайды. Бірақ өткен іске өкінгеннен не пайда?
Құдды күні кеше болғандай-ақ бəрі де əлі күнге сол қаз-қалпында
көз алдымда тұр, Мейіркүл. Мен оқу іздеп алғаш қалаға келгенімде де
сендер осы үйде тұрушы едіңдер.
Бірінші курста маған университет жатақханасынан орын тимей
қалды. Сонда пəтер іздегеніміз есімде. Біздер үш студент едік. Бір
апта бойы қала кезіп, ақыры осы үйді таптық. Біздер нақ осы
бөлмеде бір жылдай тұрдық қой.
Араға ширек ғасыр уақыт салып, ақыры осы үйге оралам деп кім
ойлапты. Тепсе темір үзетін кезімде кетіп, мүгедек боп оралдым ғой
саған. Көк семсердің жүзіндей қылшылдаған отты шағымды неге
сенің жаныңда өткізбедім екен?
Сені кезінде қуанышыма, балауса өміріме ортақ ете алмадым ғой.
Сондықтан бүгінгі зілдей ауыр мүгедектік өміріме де серік еткім келмеп
еді. Олай істеуге хақым жоқ болатын. Оны өзіңе де ауруханада сан мəрте
айттым ғой. Менің мүгедектер үйіне бармақ болғанымды да білесің.
Бірақ ең соңғы минутта жүрек əміріне бағындым. Неге үйткенімді
өзім де білмеймін.
Мүмкін, солай істеуіме өзің де, Арман да, тіпті Лəззат пен Мұрат та
себепші болған шығар.
Мейіркүл! Сен маған өмір сыйладың ғой. Сен болмағанда үш
жылдан бері тірі жатуым екі талай еді. Оны сен де, мен де, барлық
достарымыз да біледі.
Əйтсе де, олар бір нəрсені білмеуі мүмкін. Сен маған өмір ғана
емес, өз балаларымды да қайтарып бергеніңді біле ме олар? Ана
мейірімін, əке қамқорлығын көрмей жатырқап кеткен үш бірдей
баланы бауырыңа басып, оларға өз əкесін тауып бергеніңді біле ме
екен? Саған сол үшін ғұмыр бойы бас иіп өтем, Мейіркүл.
Мейірімге толы көздерің жəудіреп, тап қазір өзің не ойлап отыр
екенсің?
Ал, бұл кезде Мейіркүлдің қиялы да қияға шарықтап, тым алыстап
кеткен еді. Оны Ақылбек сезді ме екен? Кім білсін...
Ақылбек! «Басқан ізде белгі жоқ, өткен күндер енді жоқ» деп өмірге
налисың ба деп ойлады Мейіркүл. Əлде «Ат айналып қазығын тапты»
деп қуанасың ба? Əйтеуір менің жалғыз тілегім, болған іске болаттай
берік болуы. Өзіңді-өзің іштей жеп, босқа таусылмашы. Сен
мүгедектігіңді ұмытшы. Барар жер, басар тауым болмаған соң келдім деп
қынжылмашы. Қиналмашы, ақылдым менің. Кеш те болса ұққаныңа
ризамын.
Ең жақын жора-жолдастарыңа, туған-туысқандарыңа, қызметтес
достарыңа бармай, маған келгеніңе ризамын. Сенің бүгін өз жүрегіңнің
қалауымен, осы үйге біржола кіргеніңе қуаныштымын. Мейлі. Ойы
бұзық, тілі ащылар аузына келгенін айта берсін. Ит үреді, керуен көшеді.
Рас, кештеу келдің. Оған сен айыпты емессің. Түсінем. Бəрін де
жүрегім сезеді. Бал жаласқан балауса күндердің келмеске кеткенін
ұқпай не бопты маған? Басқан із, көрген қызық сағымданып көз ұшында
қалып қойғалы қашан. Ал, ендігі мақсат: тəніміз бөлек болса да,
жанымыз бір ұяда сақталсын деген ой. Сенің де ниетің сар алтындай
тап-таза екеніне титтей шүбəм жоқ. Тегінде, кіршіксіз жүрекке ұялаған
мөлдір арман. Уақыт атты ең қатыгез əміршінің өзіне де мойынсұнбай,
ешқашанда айнымай, ана сүтіндей аппақ күйінде сақталып қалады екен-
ау.
Иə, кезінде күттім сені, Ақылбек. Көп күттім. Төбем көкке жетіп,
қуанған күндері де, қара жүрегім қақ айрылып, қайғырған күндері де
күттім. Ол кезде маған күн тек сені ояту үшін шығып, кешкісін сені
ұйықтату үшін бататын сияқты еді.
Сен сол кезде бұғанасы қатпаған, балақ жүні жетпеген балапан
құстай-ақ өмір шыңына енді ғана талпынып бара жатқан бала жігіт едің
ғой. Ал, бүгін шашыңа қырау түсіп, жүзіңе əжім үйіріле бастапты.
Сенің бау-бақшаңа қоңыр күз ертерек түскен бе деп қалдым. Құдай-ау,
шаш пен əжімнен қаймығып, қашқақтап өткен өмірдің кімге керегі
бар?! «Мезгілінде ағармаған шаштың да, атасына нəлет» депті ғой бір
ақын.
Иə, содан бері талай-талай жылдар өтіп кетіпті-ау. Қыста ызғар,
жазда шаң тигізбей өсірген əкені де, шешені де қара жерге тапсырдым.
Есіңде ме, марқұмдар екеуі бірдей бəйек қағып, сен дегенде ішкен
астарын жерге қоятын-ды. «Қала балалары тəрізді тік мінез емес, қашан
көрсең қыздай сызылып тұрады» — деп анам сені жер- көкке сыйғызбай
мақтайтын.
Басыма бұлт айналған сол бір қаралы күндері сен келмедің. Өйткені
келе алмайтын едің. Оны түсінем.
Əйтсе де, сенің арың таза. Қолыңнан келген көмегіңді аямадың. Рас,
жақсылығыңды кейінірек білдім. Өйткені мұның бəрін тікелей өз
қолыңмен емес, өзгелер арқылы,
достарыңның қолымен істеп келдің ғой. Мені сонша уақыт ұмытпай,
жүрегіңнің бір түпкірінде сақтап жүргеніңе іштей елжіреп, еңсем
аспандап қалатын.
Есіңде ме, Ақылбек? Ол кездегі менің арманым консерватория еді
гой. Бірақ маган рояль емес, ауруға укол жасайтын шприц бұйырған
екен. Музыкант емес, фельдшер боп шыға келдім. Неге дейсің ғой.
Мұның өзі ұзақ- сонар хикая. Əйтсе де, саған тоқсан ауыз сөздің
тобықтай түйінін айтайын.
Менің кезінде өзің көрген шешем өгей еді ғой. Бірақ ол, сірə, маған
өгейлігін білдірмей кетті. Балажанды болатын. Мен дегенде жанын
қоярға жер таппайтын.
Сол кісі қартайған шағында сал боп, екі аяқтан бірдей қалды. Əрі
аурушаң еді. Оған ұдайы укол жасатып, дəрі- дəрмек беріп тұру қажет
болды. Сол үшін өзім фельдшер болып алдым.
Мүгедек шешемнің ыңғайына қарап тұрмысқа да шықпай, үйде
отырып қалдым.
Маған лебіз білдіруші жігіттер де аз болған жоқ. Бірақ оларға өзім
сыйсам да, ауру кемпір сыйыспас деп ойладым. Мүмкін, қателескен де
шығармын. К і м білсін?.. Əйтеуір анамның алдындағы азаматтық
парызымды адал өтедім-ау деймін.
Ақылбек! Айта берсем менің өмірім талай таңға таусылмайтын ұзақ
дастан еді.
Ең бастысы — біздің өмір жолымыз тағы да тоғысты.
Жақсылықтың ерте-кеші жоқ дейміз ғой. Солай да шығар. Өзіңе
қамқоршы, мына өрімдей балаларымызға ана бола білсем, онда менде
арман жоқ.
Ақылбек! Мен қазір сені бұдан жиырма бес жыл бұрынғыдай сүйем
бе? Білмедім.
Меніңше, ғашықтық — жастық дəуреннің еншісіне берілген сыбаға
шығар деп ойлаймын. Ал, біздің жасымыз, құдайға шүкір, жер ортасына
кеп қалды ғой. Сонда менің ойымды да, бойымды да билеп-төстеп алған
қандай сиқырлы сезім? Мүмкін, ол мүлдем сезім емес, басқа бір құбылыс
шығар. Əйтеуір сол сезім маған бүгін буырқанған жастық сезімнен гөрі
күштірек, жоғарырақ, салмақтырақ сияқты боп көрінеді. Сен де мені
сонша жылдар бойы жүрегіңде сақтап, аялап, əлпештеп, армандап
жүріпсің ғой. Ал, мен орта жасқа келгенше бұлдыр үміт, тəтті қиялға
елтіп, сағым қуып жүре беріппін. Осылайша өмір өтіп кеткенін аңғармай
да қалдым.
Сен екі аяқтан қалып, қиналып қалғаныңда басқаларды емес,
көмекке мені шақырдың ғой. Демек, мені сонша жыл бойы жүрегіңде
сақтап келген екенсің. Соныңа риза болдым.
Мен де сенен аянып қалғам жоқ. Сен үшін қолымнан келгеннің бəрін
істейтініме сене бер, Ақылбек. Менің ендігі еркім өзіңде. Мүмкін, бұл
сенің маған деген тау суындай таза сезімің үшін төленетін əйелдік
парызым шығар. Парызымды өтеу сезімнің ісі емес, парасаттың
туындысы емес пе? Демек, мені билеген өткінші сезім емес, тұрақты
Парасат қой. Біздің жасымыздағы кісілер құйты сезімнен гөрі, байсалды
ақыл-парасатқа көбірек тағзым етеді. Қүдіретті Парасат екеуімізге де бар
даусымен айғай сап: «Біріңе- бірің демеу болыңдар», — деп тұр емес пе!?
Неге үндемейсің, Ақылбек?!
Əрине, Мейіркүл бұл сөздердің бірде-бірін Ақылбекке айтқан
жоқ. Мұның бəрі Мейіргүлдің ішкі толғаныстары еді.
Өзінің бақыт таңы атып келе жатқанын Ақылбек те жаңа ғана анық
сезгендей болды.
22
Күн кешкіріп, екіндіге таяп қалған еді. Ымырт əлі үйіріле қойған жоқ
болатын.
Əйтсе де, айналасы бау-бақшалы мынау жалғыз қабат аласа үйдің кең
терезелерінен көше жаққа электр нұры шашырап тұр.
Бұл өңірге күз биыл ертерек түсті. Алғашқы қара суықтан кейін-ақ
бақтағы ағаштардың жапырақтары сыпырылып, қою көлеңкелі
бұтақтары жалаңаштанып қалды. Алма ағаштарының түбіне сап-сары
жапырақтардан кілем жайып қойғандай.
Мынау үй ала жаздай бау-бақшаның көк желегіне көміліп. мүлдем
көрінбей қалады.
Ал, казір жапырағынан айрылып, сидиып-сидиып тұрған ағаш
бұтақтарының арасынан бұл үй құдды алақандағыдай анық көрінеді.
Тіпті көше тараптан абайлап қараған кісіге үйдің ішінде əрі-бері
қараңдап жүрген адамдар да кəдімгідей- ақ көрініп тұр.
Айнала төңірегі шыр көбелек бау-бақшамен көмкерілген осы үйге
жаздың күні кешкі қараңғылық көршілеріне қарағанда ертерек түскендей
болады. Сондықтан бұл отбасының адамдары үйдегі шамды апақ-
сапақта-ақ жағып қойып үйренген. Міне, бүгін де іңір түспей тұрып-ақ
барлық бөлменің шамын жарқыратып койыпты. Əйтсе де, əлі терезе
перделерін түсірмеген екен. Үйдің ішіндегінің бəрі көше жақтан ап-
айқын көрініп тұр.
Əне, терезе түбіне қойылған столда дене құрылысы тығыршықтай,
кең жауырынды, жасы елудің айналасындағы, өткір көзді, қыр мұрынды,
еңкіштеу келген кісі бетін терезе жаққа беріп отыр. Ол басын тұқыра
төмен қарап əлдене жазып жатыр. Тек оқта-текте ғана басын қағаздан
көтеріп, қалам ұстаған қолын маңдайына апарып ойға шомғандай
болады. Стол үстінде үйіліп жатқан кітаптарды парақтайды, қағаздарды
ақтарады, сосын барып жазуына қайта кірісіп кетеді.
Бұл адамның жазу столы да, отырған «орындығы» да өзгешелеу еді.
Ол əдеттегі орындықта емес, аяғы істемейтін мүгедектерге арналған
бесік-арбада отыр. Кəдімгі велосипедтегі секілді мүгедек-арбаның жіп-
жіңішке, биік екі дөңгелегі отырған адамның екі жағынан сорайып
шығып, иығына жақындап тұр. Жазу столын да осы кісінің өзіне
лайықтап, бесік-арбаға ыңғайлап жатаған етіп жасаған сияқты. .
Əйтеуір қазір ол қағаздан бас алмай, тез-тез жазып жатыр. Есіл-дерті
алдында жатқан ак қағаздарда болса керек. Қазір ол өз жұмысынан
басқаның бəрін мүлдем ұмытып кеткен тəрізді.
Сонымен қабаттас, екінші терезеге көше жақтан кез салған кісі
алдымен бөлменің төр жағына койылған пианиноны көрер еді. Осы екі
бөлменің арасын жалғыз ғана қабырға беліп тұр. Бұл бөлмеде екі адам
бар еді.
Бірі — сегіз-тоғыз жастар шамасындағы бүлдіршіндей қыз бала. Ол
пианино ойнап отыр. Екіншісі — сырт сымбаты талдырмаш, сұңғақ
бойлы, қою қолаң шаштарын иығынан асырмай қиып тастаған, əдеміше
келген, жүзі жайдары, күлім көз əйел. Ол күй сандыққа бір шынтағын
сүйеген күйінде қасында пианино ойнап отырған қыз балаға елжірей
қарап қапты. Сол əйел оқтын-оқтын жаңағы қыз баланың ойынын
тоқтатып, оның көз алдында ашық тұрған нота дəптерінен бірдемелерді
түсіндіріп қояды. Əйел сөйлеген сайын қыз басын шұлғып, оның сөзін
мақұлдай түседі.
Есік алдында екі бала жігіт жүресінен отырып алып, балғамен
бірдемені тарсылдатып соғып жатыр. Екеуі де мойындарын тұқырып
алып, бір іске қызу кіріскен. Шамасы, бұзылған мотоциклді жөндемек
боп ұрынып жатса керек. Анда-санда мотор үні гүр ете түседі де,
қайтадан лезде тына қалады.
Пианино ойнап жатқан бөлмеден далаға еміс-еміс музыка сазы
естіледі. Жаңағы мотор қаттырақ гүрілдеп кеткен сəттерде ғана əсем
əуен естілмей қалады. Артынша- ақ құйқылжыған əуен қайта шығады.
Бір кезде əлгі қыз тұрды да, оның орнына қасында тұрған əйел
отырды. Сол-ақ екен, ол сыбызғыдай сызылған жіңішке даусымен «Ана
туралы жырды» тамылжыта жөнелді.
Енді пианино үні де бірте-бірте құбылып, неше түрлі бұралып,
кестеленіп, өрнектеліп, жанданып бара жатты.
Сол сəтте бағаналы бері жазып отырған кісі де қағаздан басын
көтеріп, əнге құлақ түре қалды. Ол құйқылжыған музыка ырғағына іштей
үн қосып, осы əуенге елтіп, мас боп қалған жандай-ақ білінер-білінбес
күйде тербеліп, теңселіп отыр.
Темір-терсектерді тақылдатып, күн ұзаққа тыным таппай жүрген екі
бала жігіт те сол сəтте істеп жатқан жұмыстарын қоя салып, терезеге
жақын барды. Өлең айтып тұрған мамасы мен қарындасы бұларға қарап
сəл ғана күлімсірегендей болды. Ағайынды екі жігіт өз істеріне қайта
кірісіп кетті.
Мына музыка əуені жұмыс істеп отырған Ақылбектің көңіліне нұр
құйып жатқандай
еді.
Бір кезде осындай əсем əуеннің ырғағына еріп, Мейірқүл екеуі желдей
есіп, шыр
көбелек дөңгелене билегенін көз алдына келтірді ол. Алты қырдың
астында қалған сол бір жайдары балауса шаққа оны мына сиқырлы əн
қол бұлғап шақырып тұрғандай болды.
«Арада қанша жыл өтсе де Мейіркүлдің даусы онша өзгермепті-ау» деп
ойлады Ақылбек. Əлдеқашан ұмыт болған жастық шақтың оқиғалары
өзінен-өзі ойға оралып, көзге елестеп жатты. Демек, еш нəрсе
ұмытылмайды екен ғой. Адам өмірінде болған жақсылы-жаманды
оқиғаның бəрі өзінің уақыт-сағатын, қолайлы сəтін, керек кезін күтіп
жүректің терең түпкірінде бұғып жатады екен-ау. Сан жылдар бойы
Ақылбектің бойында бұйығып, ұйлығып жатқан сезімдерді əлгі əн оятып,
тербетіп, жандандырып жібергендей еді.
Мейіркүлдің сазды үні қазір Ақылбектің ой-қиялын тербеп,
мөлдір сезімдерін нөсерлетіп, көңіл құсын көкке ұшырып жатты.
Соңғы үш жыл бойы жұртта қалған жұрындай боп, жападан-жалғыз
өз үйінде зарығып жатып, еркіндікке енді шыққан Ақылбек үшін мына əн
жай əуен емес, өмірдің өз үніндей аса қымбат нəрсе еді. Мейіркүл
шырқаған асқақ əнмен бірге Ақылбектің де көңілі қалықтап, бойына
күш-жігер қосылып, мəртебесі арта берді. Балалары жанында жүріп,
Мейіркүлі қасында болса, онда Ақылбек те өзін-өзі кереметтей қуатты
сезінерін тап казір анық- қанық ұққан еді. Мұндай кезде ол кандай істі
болса да жапырып, сапырып, айпап- жайпап жіберетінін жақсы біледі.
Ауруханадан шыққалы бері ол тыным тапқан жоқ. Бір кезде бастап
қойған ғылыми жұмыстарын жазуда. Мұндайда бұрын екі-үш күн бас
көтермей отырған соң- ақ денесі дел-сал боп қалжырап, қажып қалатын.
Ал, қазір құдды бəйге атындай кесілген сайын еті қызып, құлшынып,
жұмысқа құмарта түскендей болады. Бұған Ақылбектің өзі де женді
түсінбей қайран қалды. Демек, жүйкелерінің жұмыс қабілеті, ең
алдымен, адамның көңіл- күйіне байланысты екен ғой деп түйді ол
өзінше.
Жаңа ғана пианинода Лəззат ойнаған музыка сазы, Мейіркүл үні
Ақылбектің ойын арман биігіне шарықтатып жіберген еді. Ол қазір сол
биіктен төмен түскісі келмей, яғни кезіңде өз басына түскен тауқыметті
қас қағымдай бір сəтке де ойлағысы келмей тұр.
Қазір ол аулада мөре-сəре боп жүрген Арман мен Мұраттың көңілді,
қаяусыз күлкілеріне мейірі қанып, соған лəззаттанып отыр.
Оған екі ұлының бүгін күн ұзаққа қайдағы бір темір- терсектерді
соққылап жатқан тарсыл-гүрсілі де ұнайтын тəрізді. Бала-шағаның
көңілді айғай-шуы енді оның көңіліне ұялап, бойына судай сіңетін болып
барады. Мұны Ақылбек балаларын қасына алғалы бері аңғарып жүр.
Мүмкін, ол бұрын да бала даусын осылай аңсап келген шығар...
Əйтеуір бір кезде Ақылбек жеке саяқ, оңаша өмірге, қабір
басындағыдай меңіреу тыныштыққа құштар еді. Соны армандайтын.
Айналасында күндіз-түні бір тыным таппай
əуендетіп қүйқылжытып жатқан өмір үнінен, адамдардың құлаққа əндей
боп естілетін даусынан, айқай-шуынан қашатын.
Ал, бүгін Ақылбек мүлдем басқаша ойлайды. Басқаша түсінеді.
Өзінің бойына күн сайын жаңадан күш-жігер, ерік-төзім қүйып жатқан
сарқылмас қайнар бұлақ — өмір музыкасындай, тіршілік əуеніндей
сазды естілетін осы адамдар үні, солардың даусы, лебізі, күлкісі екенін
ол қазір жақсы біледі.
Ақылбектің өмір шырағы сөніп барып, əрең дегенде қайта жанып
кетті ғой. Сол шамды сөңдірмей, адамды ажал аузынан алып шыққан
қандай күш? Ең алдымен мейірімнен жаралған шапағатты жандардың
жылы лебізі. Достарының ыстық ықыласы.
Ең бастысы — сол абзал жандардың алдындағы азаматтық, адамдық
жауапкершілік.
Шындап келгенде, өлмей жер бетінде адамша өмір сүрудің өзі де
қасиетті борыш қой. Меніңше, адал жанды əрбір адамға бұдан
жауапты міндет болмаса керек.
Мейіркүл салған əнді тыңдай отырып, Ақылбек осындай ойларға
шомған еді.
«Өмірдегінің бəрі де, ең алдымен, от басы, ошақ қасындағы жан
жылуынан, отбасындағы ауыз бірліктен, адамдардың бірін-бірі түсіне
білуден басталады екен-ау» деп ойлады Ақылбек.
Иə, Мейіркүл екеуі жұлдызы жарасқан, ынтымақ ұясындай тату-
тəтті отбасын құрды.
Бағаналы бері көңілді музыка сазына елтіп отырғак Ақылбектің
жанарына бірте- бірте қуаныш толып, жүзі нұрланып, көңілі желдей есіп,
мейірлене түсті.
Ақылбек өзінің бақытты екенін бар жан-жүйесімен сезінді. Ол
күллі əлемнің көз тоймас сұлулығын, жұлдыз дары жымыңдасқан
бүгінгідей ғажайып аспанын, дос- жарандарының күлімсіреген нұрлы
жүздерін көріп, содан өзі өмірлік лөззат алып, бақытты жандарда ғана
болатын ерекше бір сиқырлы сезімге бөленіп отыр.
Көше жаққа жарық шашып тұрған бұл үйдің терезесінен бір əйел
көз алар емес. Ол көзіне кино экранындай боп көрінген осы үйдің кең
терезелеріне телміріп қарап тұр.
Қараған сайын іші əлем-жəлем боп, тынысы тарылып бара жатқан
секілді. «Біздің үйде ешқашан өлең айтылмаған екен-ау» деп ойлады ол.
Ақылбектің қуанышқа толы жанарын, Мейіркүлдің кəдімгідей
жасарып, жайнаң қаққан жайдары жүдін көрген сəтте жаңағы əйел ызаға
булығып, қара жүрегі қақ айрылып кетердей-ақ тісін тісіне қойып зорға
шыдап тұрды.
Ол Раушан еді.
Басына қонған бақты маңдайдан тепкенін Раушан қазір ғана
түсінгендей болды. Э п и л о г
Аса қадірлі оқырман қауым!
«Үміт үзгім келмейді» деп аталатын осы хикаят-монологтың
желісіне айналған оқиғалар бұдан отыз бес жыл бұрын болған.
Иə, Алла берген қос арғымаққа — екі аяғыма еркін мінбей, жер
басып жүрмей, жалынды жастық шақтың той- думанға толы қызықты
базарын күнде аралап көрмей, көктем келген сайын кең жазира далада
жалаң аяқ жүгірмей, сəйгүлік атқа сəндене мінбей, бəсекелі бəйгеге
түспей, егінжайда құлаштап кетпен шаппай, сəбилерімді мойныма
отырғызып алып қала парктерін араламай, асқар таулар бөктерінен
бəйшешек теріп, оны қыз-келіншектерге сыйламай, өмір мұхитында
балықша жүзбей ғүмыр кешіп келе жатқаныма биыл отыз бес жыл
болыпты.
Басқа түскен таудай тауқыметті өмірлік серігім Гауһар (шынайы
есімі Қуаныш) екеуіміз ұзақ жылдар бойы бірлесе көтеріп келеміз.
Хикаятта балалық шақтары бейнеленген ұлдарымыз Мұхит пен Қайрат
осы уақыт ішінде балапан құстай бапталған, қыран құстай қомданған
жігіттер болып шыға келді. Өйткені мен екі ұлымның да аспандағы
қыран құстай емін-еркін самғап, өздері көздеген өмір шыңдарына өз
қанаттарымен ұшып шығуларына ерік берген едім. Кезінде əкем марқұм
маған осындай еркіндік берген болатын. Иə, əкем мені «Жаманға
жалынба, адамға табынба, өмір жолындағы өз жүгіңді өзің көтеріп жүр,
біреуге салмақ салма, өз биігіңе өзің ұшып шық»,
—
деп тəрбиеледі. Мен солай істедім. Екі ұлым да өз тағдырларын өздері
шешіп келеді. Соны мақтаныш етем.
Мұхит бизнес саласын жетік меңгерген іскер адам болып шықты. Ал,
Қайрат жоғары лауазымды мемлекеттік қызмет атқарып жүр. Əйтсе де,
мен өз ұлдарымның атақ- дəрежесін емес, жоғары адамгершілік
қасиеттерін мақтаныш етіп айтуды ұнатамын.
Бүгінде бір кездел жас келіншек Гауһар (Қуаныш) екі келінінің
енесі, бес немересінің мейірімді əжесі болып отыр. Тұңғыш немереміз
Қанат — Америка университеттерінің бірінде студент, одан кейінгі
немерелеріміз — Шынар мен Айсұлтан мектептің үздік оқушылары, əрі
музыка академиясының дарынды шəкірттері. Азат — физика-
математика мектебінің оқушысы. Ең кенже немереміз — Диана балалар
бақшасына барады.
Келіндеріміз Фатима мен Самал бейне бір біздін қос қанатымыз
іспеттес, үй шаруасынын бəрін солар атқарады. Əйтеуір тағдыр бізге
мейірім мен ізеттен жаралған осындай сүйкімді келіндер сыйлаған
екен.
Иə, жақсы келін туған қызыңнан кем болмайтыны рас. Алайда осы
қарапайым қағиданың дұрыстығына қартайған шағымда ғана көзім
жетті. Дəлірек айтсам, Фатима келінім өзінің бізге деген ыстық
ықыласымен, ізеттілігімен, инабаттылығымен көзімді жеткізді. Егер
тəңір пендесін жарылқағысы келсе, оған, ең алдымен, жақсы келін
беретін шығар деген ойға келдім. Менің келінім — менің бақытым.
Соған шүкірлік етем.
«Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологының тағы бір жарқын жанды
қаһарманы Нұрлыбек қайғылы қазаға ұшырады. Ал, оның сүйікті
жұбайы Алма өзінің жалғыз ұлы Ғалымның балаларын, яғни
немерелерін тəрбиелеп отырған əже, құрметті демалыстағы зейнеткер.
Ал, Ғалым — елімізге есімі мəлім бизнес қайраткері.
Ақылбек пен Мейіркүл болса, сонау алыста қалған ауыр жылдардан
бастап, дəл күні бүгінге дейін тату-тəтті, бақытты ғұмыр кешіп келе
жатқан зейнеткер жандар. Балалары ер жетіп, азамат болған.
Ал, өмірдегі өз қателігін кеш түсінген Раушан жүйке науқасына
шалдығып, үйінде асылып өлді. Оқырман қауым!
Ойда жоқта аяқ-қолымнан бірдей айрылып, қатыгез тағдыр мені
аурухана төсегіне тастай етіп байлап тастаған күні тура отыз бес жасқа
толған едім. Ал, осы хикаяттың соңғы сөзін, яғни эпилогын жетпістің
жетегіне ілінген қария кезімде жазып отырмын Ондағы мақсатым осы
хикаят қаһармандарының отыз бес жылдан кейінгі тағдырымен сіздерді
қысқаша таныстыру еді.
Міне, хикаят қаһармандарының кейінгі тағдырлары енді сіздерге
мəлім болды.
Сөйтіп, мен бұдан отыз бес жыл бұрын басталған «Үміт үзгім
келмейді» деп аталатын хикаят-монологыма бүгін соңғы нүктесін қойып
отырмын.
Тағдыр маған ақыреттен ауыр, қияметтен қиын ғұмыр бере отырып,
жаныма жалау болатындай көптеген көркем туындылар, қазақ
əдебиетінің ежелгі дəуірі бойынша
оқулықтар, түркология ғылымын арқау еткен ғылыми еңбектер жазуыма
уақыт берген екен.
Мен өз тағдырыма, өмірлік серігім Қуанышқа, ұлдарым Мұхит пен
Қайратқа, немерелеріме, айналамдағы адал жандардың бəріне мейлінше
ризамын. Демек, мен бақытты жанмын. Біздер бақытты адамдармыз.
Ұрпақтарымызға да Алланың нұры жауып, егеменді еліміздің бақытты
азаматтары болсын Əумин!
Оглавление
1
2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
Э п и л о г
Document Outline - 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- Э п и л о г
Достарыңызбен бөлісу: |