Немат Келімбетов Үміт үзгім келмейді


—  Онда операция жасаудың керегі не? — деппін мен сонда профессорға таңырқай қарап —



Pdf көрінісі
бет11/18
Дата30.11.2023
өлшемі1,09 Mb.
#194265
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   18
Байланысты:
Үміт үзгім келмейді

— 
Онда операция жасаудың керегі не? — деппін мен сонда профессорға
таңырқай қарап
— 
Бұл өзі өте сирек кездесетін кесел. Операция жасаудағы мақсатымыз —
адамды ажалдан арашалап қалу. Мұндайда аяқ-қолдан қалып, қоюы
ықтимал. Бірақ тірі қалады ғой. Жасамасақ, өмірі ұзаққа бармайды, —
деді профессор маған ойлы көздерімен қарап.
Сонымен əңгіме біткен. Қалғаны операциядан кейін мəлім болады
деген ол маған Енді не айтар екен?
Ақыры операция бітті-ау Бірақ мені енді палатаға кіргізбеді.
Əйтеуір тірі қалғанынды естігенімде қуаныштан есеңгіреп қалғандай
болдым. Не де болса өз аузынан естімек боп, сол күні кешке дейін
профессор шығатын есіктен көз алмай, аңдыдым да отырдым.
Ақыры бір кезде шықты-ау. Анадай жерден мені көріп, сəл
күлімсірегендей болды.


Елена Андреевнаның көңілді жүзін көргенімде күн ұзаққа титықтап,
дəрменім құрып, шаршағанымды да ұмытып кеттім. Оны бас салып
құшақтап, сүйе беріппін
Профессорды үйіне дейін шығарып салдым. Сол жолы ол маған көп
нəрсе айтты, Ержан Жиырма-отыз минуттың ішінде-ақ өзінен ғұмырлық
тағлым алғандай болдым. Сенің науқасың хақында өзің естімеген
құпияларды мен есітіп білдім. Ендігі, бұдан былайғы өміріміздің
бұрынғыдай болмасын сол сəтте-ақ жан-жүрегіммен ұқтым. Ұрттап
ішіп, шайқап төккен кұндер артта қалғанын сездім. Соның бəрін
білгенде не істерімді білмей, жан далбасаға түстім де қалдым
Бес жылдан кейін сенің қолдарыңа жан бітіп, бірте- бірте қимылдай
бастағанда мен ғана емес, Елена Андреевнаның өзі де жағасын ұстап,
таңырқаған еді. Өйткені операциядан кейін үйіне шығарып салғанымда
ол маған мұңлы дауыспен
— 
Ержанның қолы да семіп қалуы ғажап емес. Бірақ оны əзірше айтпай-ақ
қояйық. Тым ауыр соғып жүрер, — деген


Ержан! Сен өзіңді-өзің жақсылыққа сендіре білдің ғой. Ауруды жеңіп
шығатыныңа да, қолдарыңа қуат кіретініне де шəк келтірген жоқсың.
Күнде қолыңды маған уқалатып, массаж жасаттың. Мен сенің көңіл
жықпау үшін ғана жасайтынмын. Əйтпесе оның бес жылдан кейін
жанданарын кім біліпті дейсің. Сосын өзің де күн-түн демей
саусақтарыңды қимылдатуға əрекет жасап, қара терге түсіп жаттың ғой.
Мүмкін, соның пайдасы шығар. Əйтеуір профессор сол жолы сені көрген
соң-ақ мені оңаша шығарып: «Қаншама ауру жандарды көріп жүріп,
мұндай өмірге құштар жанды əлі күнге дейін кездестіргем жоқ»,
— 
деген еді.
Сенің алғашқы қолың қимылдай бастаған күн əлі күнге дейін каз-
қалпында көз алдымда тұр. Ол оқиға бұдан екі жыл бұрын болған еді.
Демалыс күні болатын. Балалар да үйде еді. Мен ас үйде түскі тамақты
əзірлеп жатқам.
Бір кезде: «Гауһар, Гауһар!» — деп айғайлаған даусың қаттырақ
шығып кетсе керек.
Зəрем зəр түбіне кетті. Саған бірдеме боп қалды ма деп иманым ұшқаны
сондай, Мұхит кеп қолымнан тартқылап, «жүр, жүрдің» астына алып
жатқанда да қаққан қазықтай қақиып, бір орыннан қозғала алмай,
мелшиіппін де қаппын.
— 
Гауһар! Қолым... Қолдарымды қара, — деуге əрең шамаң келгенін
сездім. Бірақ өз көзіме өзім сенбедім. Мен қуанарымды да, қорқарымды
да білмей, түгіне түсінбей, басым шыр көбелек айналып, бөлменің қақ
ортасында көзімді жыпылықтатып тұра беріппін ғой.
Аспанға ұшуға ыңғайланса да, дəрмені жетпей тыпырлап жатқан
құстың темір қанат балапандарындай дір-дір еткен əлжуаз саусақтарыңа
бірден көзім түсті. Бес жыл бойы былқ етпей, құр сүлдері қалған жіп-
жіңішке саусақтарың құдды безгегі ұстаған адамның қолындай
қалшылдап тұр. Қолыңа жан біткенін көз көрсе де, оған көңіл сенбейтін
сияқты.
Бұған мен түгілі, тіпті өзің де сенер-сенбесіңді білмей ошарылып
қалдың ғой. Маған бір, дірілдеп жатқан саусақтарыңа бір жалтақтаумен
болдың. Сосын бес жылдан бері кеудеңде керек емес нəрседей болбырап
жатқан екі Қолыңды да сəл ғана көтеріп, көзіңе тақадың. Енді
саусақтардың тыпырлап, ойнақшып жатқанын жақынырақ жерден
тамашалай бастадың. Бірақ ұзақ қызықтай алмадың. Екі қолыңның да
қары талып кетті білем. Ауыр жүк көтеріп қиналған адамдай-ақ «уһ» деп


екі қолыңды да кеудеңе тастай салдың. Бес жыл бойы былқ етпей, шала-
жансар боп қалған қолдар тым əлсіз еді.
Əйтсе де, сен жан дəрмен қылып тырбанып, оң қолыңды тағы бір
рет қимылдата алдың. Қарасам, амандасуға қол ұсынған адамдай-ақ
алақаның ашық жатыр екен.
«Қолыңды əкел» дегеніңді айтқызбай-ақ көзіңнен таныдым. Мен сенің
ашық жатқан алақаныңа қолымды салдым. Сол сəтте кенет еріндерің
дірілдеп, маған бірдеме демек боп оқталдың. Бірақ айта алмадың. Өйткені
өзің тым қатты қобалжып, көңілің ұйқы-тұйқы боп жатыр еді. Сен əлжуаз
саусақтарыңмен менің қолымды ақырын ғана, білінер-білінбес етіп қана
бір мəрте қыстың. Екінші рет қысуға қауқарың жетпеді.
Əйтсе де, сол бір мəрте қолымды қысқаныңның өзі-ақ төбемді көкке
тигізгендей болды. Сол арқылы сен менің талай жыл күні-түні тізе
бүкпей, жарғақ құлағым жастыққа тимей өзіңе істеген қызметіме алғыс
айтқандай едің. Бұл менің өмірімдегі ең қуанышты, ең бақытты күн
болды. Сонда, сен қолымды болар-болмас қысқан сəтте бес жылғы
көрген қиындығым бір күнгідей де болмай ұмытылып кетті.
Аяқ астынан бəрі дереу өзгеріп, өзімнің əлемдегі ең бақытты
адам боп шыға келгеніме өзім де қайран қалдым. Бүкіл өмірінде бір
мəрте де көңіліне қаяу түспеген, қайғы-қасірет атаулыны мүлдем
сезбеген, армансыз адам боп шыға келдім. Тегінде, адамның
табиғаты жамандықты тезірек ұмытуға бейім тұра ма деп қалдым.
Мүмкін,


онысы жақсы да шығар. Өйткені құс — ұшуға, адам — бақытты
болуға жаралған емес пе?!
Сонда біздің қуанғанымызды көріп, балалардың мəз болғанын
айтсайшы. Төсекте жатқан жеріңнен саған тарпа бас салып, екеуі екі
алақанынды алма-кезек шөпілдетіп сүюмен болды ғой. Басымызға
бақыт құсы кеп қонғанын олар өздерінің бала жүректерімен айқын
сезген еді.
Сол күні қуанышымызда шек болған жоқ.
Əйтпегенде ше! Ғұмыр бойы сау-саламат боп, шыбығы шырпылмай,
қылауына қыл түспей жүргендер мұндай қуаныштың терең сырын
оңайлықпен түсіне қояр ма екен! Діріл қаққан саусақтарыңмен қасық
ұстап, өз қолыңмен аузыңа тамақ апарғаныңды көргенімде өмірдегі бар
арманым орындалғандай болды ғой. Жоқ! Мені дұрыс түсін, Ержан. Тағы
жүз жыл бойы сенің аузыңа тамақ тосып, су тамызып отыру керек болса
да қабақ шытпай, қиналмай, жан-тəніммен істей беруге əзірмін. Оның
несін айтам саған. Менің ниетімді өзің де жақсы білесің емес пе?
Гəп басқада. Адам өз қолымен не істесе де — тамақ ішсе де, қалам
ұстаса да, тіпті өз қолын өзі суға малып жуып жатса да, орамалмен
мандай терін бір сүртіп қойса да сұмдық рахаттанып қалады ғой. Оны
мен сенің осындайда жайраң қағып кететін мейірімге толы жанарыңнан
аңғарам.
Өз қолыңмен қасық ұстап, өзің тамақ іше бастағаныңа да екі жыл
боп қапты-ау. Екі жылдан бері сен кұнде таңертең төсегіңнің қасыңа кеп
тұрған екі ұлыңның бастарынан, шаштарынан сипайсың. Арқаларынан
қағасың. Менің алақанымды өз алақанына салып сипай бастағаныңа да
екі жыл болды.
Екі жылдан бері қолыңнан қаламың түскен жоқ.
Ал, бұдан жеті жыл бұрын сенің бел омыртқанды ашып, жұлын
миға аса күрделі нейрохирургиялық операция жасалған еді.
Күнделікті күйбеңмен жүргенде жеті жылдың қалай өтіп кеткенін
сезбей де қаппыз ғой. Сен операцияға түскен жылы Қайрат екі жасқа да
толған жоқ еді. Айналшықтап қасыңнан шықпайтын. Қашан қарасаң да
сенің шашыңды сипалап, өзіңнен ертегі тыңдап отыратын-ды. Қазір ол
тоғызға шықты. Биыл үшінші сыныпқа барады. Бойы да тез өсіп, өзің
сияқты боп сорайып барады.
Əйтсе де, ол езінің кішкентай кезіндегі бір əдетін — күнде
таңертең сенің төсегіңе отырып алып, шашыңды сипап, тарап қоюды


ұмытқан жоқ. Мейлі. Тарай берсін. Онысы дұрыс та шығар. Адамға
қамқор, мейірбан боп өседі.
Ал, Мұхитың биыл он төртке шығып қалды. Қолымнан көп
жұмысымды алды.
Бұрынғыдай бəріне жалғыз өзім дедектеп жүгірмеймін. Қолғанатым бар.
Соған шүкірлік қылам.
Ержан! Сенің арқаңда ұзын арқау, кең тұсау боп жүріп еш нəрсені
аңғармаған екем ғой. Шығарға жаны басқа достарың бар екенін бұрын да
білуші едім. Қысылтаяң сəттерде көмегімізге солар жарады емес пе?
Əсіресе, анау Василий Жуков деген өзіңмен қызметтес болған жігіт сен
Қысылып жатқанда жанын қоярға жер таппай, зыр жүгіріп жүрді ғой.
Операциядан кейін сенің аузыңа лимон суын тамызу керек болды.
Профессор солай деді. Мен қанша шарқ ұрып, жан салып іздесем де
лимон таппай-ақ қойдым. Ерте көктем болатын-ды. Бұл кезде сауда
орындарында да лимон азайып, тапшы боп қалады екен. Не керек, екі
дана лимонды əлгі Василий тауып келді. Сондағы менің қуанғанымды
көрсең. Зəрлі кезінде бір тамшы судың өзі ауру адамның тағдырын шешіп
кетеді ғой. Оның үстіне


профессор: «Қалай да лимон табыңыз, қышқылтым сусынды қажет етіп
жатыр», — деген еді.
Сол лимон, шынында да, саған шипа болды. Аузыңа су алмай
қойған едің. Содан кейін су ішетін боп қалдың.
Қалада атымен жоқ лимонды Василийдің қайдан тапқанын мен
кейінірек есітіп білдім. Ол анау-мынауға мойын бұрмай, тура тауға қарай
тартып кеткен екен. Қаланың сыртындағы ботаникалық тəжірибе
станциясына барып, директорына жолығыпты. Бар жағдайды бүкпесіз
айтыпты оған. Тəжірибе үшін өсіріп, күн сайын бақылап отырған бір түп
лимон ағашының басында былтырғыдан небəрі төрт дана лимон жемісі
қалған екен. Директор əрі- бері ойланып отырып, ақыры соның екі
данасын өз қолымен үзіп əперіпті.
Басқаның бəрін ұмытып кетсек те Василийдің сол жақсылығын
ешқашанда ұмытуға болмайды, Ержан.
Осы жеті жылдың ішінде жақсылардың шарапатын,
жамандардың кесапатын аз көргеніміз жоқ қой.
Əйтсе де, жер бетіндегі жақсы адамдар көп екен. Тіпті бұрын
танымайтын кісілер кеше абыржып қалған кезімізде көмек қолын
ұсынып, ықылас білдіріп жатты емес пе? Əсіресе, сол Василий,
Нұрлыбек, Дастан сияқты жігіттер аяқтарынан тік тұрды ғой.
Солардың арқасында жалғызсырап қалмадық. Тұрмыстан да кемтарлық
көрген жоқпыз. Əйтеуір бес-алты отбасының қамқорлығында болдық.
Біз оларға мəңгі-бақи қарыздармыз ғой.
Сені операциядан кейінгі алғаш көргенімде абайсызда шоқ басып
алғандай ыршып
түссем керек. Ə дегенде, танымай қалдым. Адам соншама өзгеріп кетеді
деп кім ойлаған. Бес-алты күннің ішінде бет сүйегің шодырайып, ұртың
суалып, көздерің шүңірейіп ішіне түсіп кеткен екен. Қос жанарың өлі
ашық жатса да, шырағың сөніп қалғандай боп көрінді маған. Ішім
мұздап сала берді. Сенен жасырар сыр жоқ қой менде, Ержан! Сол жолы
мен тірі адаммен емес, құдды өлікпен сөйлескендей болдым. Өйткені
сенің бет-əлпетіңде тірі адамның бейнесінен нышан қалмаған еді.
Тұла бойымды удай жайлаған қалың қасіретті көтере алмай
ауруханадан əрең шықтым. Сенімен іштей қоштасып кеттім. Өзің де
менімен ырзаласып, бақылдасып жатқандай боп сөйледің ғой. Мүмкін,
қорыққанға қос көрініп, маған солай елес берген шығар. Əйтеуір
аурухана ауласына шыққанымда құлазып, жүрегім бір сұмдықты


сезгендей суылдай берді. Палатаға қайта кіріп, өзіңді бас салып сүйе
бергім келді. Бірақ мені кіргізбеді. Енді бұрынғыдан бетер ішім əлем-
жəлем боп кетті.
Екі бала үшеуіміз зар еңіреп, ұлардай шулап қаламыз ба деген
жымысқы ой да жылт ете қалды.
Басым əңкі-тəңкі боп, жүнім жығылып, ауруханадан үйге келсем,
төрде малдас құрып Бəкір туысқаның отыр. Басында сəлдесі, қолында
тəсбиғы, алдында ашық жатқан құран кітабы жоқ демесең, айны-қатесіз
молданың өзі ғой. Екі аяғын астына бүгіп қаздиып отыруы, еріндерін
жыбырлатып, сыбырлап сөйлеуі, адамға көзін сатып, мөлиіп қарауы
құдды жаназа оқып отырған молдаға ұқсайды екен. Көздері іннің түбінен
қараған жыландай ызғар шашып тұр.
Бəкірдің мына сиқын көргенімде, біреу төбемнен мұздай су құйып
жібергендей-ақ тұла бойым түршігіп кетті.
Ержан! Бүгінгі күнге дейін мен жүрегіме шемен боп байланған
қайғы-шерімді сыртқа шығара алмай, іштен тынып келдім ғой. Саған
көңілді көрінуге тырысып, күліп


сөйлесіп жүрдім. Өйткені онсыз да науқасың меңдеп, жаның қысылып
жатқанда жараға себілген тұздай ғып, саған азап үстіне азап бергім
келмеді.
Сол жолғы Бəкірдің қылығын есіме алсам бар ғой, тап қазір де ішім
мұздап, төбе құйқам шымырлап кетеді. Адам қашанда жаман ойға жүйрік
қой. Бəкірдің іннен шыққан суырдай сөлбіреген ұсқынына көзім түскен
бойда-ақ «Ержанға бірдеме боп қалған екен» деген жаман ой басыма сап
ете түсті. Бірақ өзім Ержаннан қазір ғана келіп тұрмын ғой деп ойладым.
Əлде ауруханадан телефон соғып, суық хабар айтты ма екен? Олай болса
мынау неге тілден қалған адамдай үн-түнсіз мөлиіп отыр? Аспан
айналып, жерге түсіп кетсе де тезірек айтпай ма? Əдейі менің төзімімді
сынамақ па?
Мен ұстараның жүзіңде қалт-құлт етіп қанша тұрғанымды білмеймін.
Əйтеуір
«Ержанға бірдеме боп қалған ба?» деп сұрауға жүрегім дауаламады.
Бейне бір өзара арбасып жатқан сиқыршы жандардай-ақ бір-бірімізге
оқты көздерімізді қадап қойып, кірпік қақпай тұра бердік.
Ақыры мен көзімді тайдырып əкеттім. «Мынау жəдігөй адамның
қанын терісін теспей соратын шығар» деп ойладым сол сəтте. Енді не
де болса сұрамақ боп оңтайлана бердім.
Бірақ аузымды ашып та үлгермедім. Тұзақ үзген алаяқ неме
көңілімдегінің бəрін көзімнен жазбай таныды. Оны сөйлеген сөздерінен
аңғарған едім. Өзі бүгін мүсəпір бола қапты:
— Тағдырсыз тəбділ болмас, — деді ол бір кезде мұрнымен міңгірлей
сөйлеп. — Менен басқа кімі бар ол сор маңдайдың. Сыртынан сұрап біліп
жүрмін. Рас, əзірше үзіле қойған жоқ. Жаны кеудесінде. Бірақ сенен несін
жасырам, халі мүшкіл екен. Бүгін-ертең- ақ олай-бұлай боп кетуі ғажап
емес. Айналдырған ауру алмай қоймайды. Өлген адамға түк емес. Мына
сен байғұсқа қиын болады ғой. Екі бала — екі жүз пəле емес пе? Жаман
айтпай жақсы жоқ. Анау-мынаусын қамдай беру керек. Бірақ əлі менен
басқа тырс еткен тірі пенде жоқ. Ертең жамбасы жерге тигенде жұртқа
масқара боп қалмайық. Есіңде болсын, ертең «байым өлді» деп келген-
кеткенге лақылдап барыңды шаша берме! Тірі адамға тіршілік керек...
Ол өзінше ділмөрсіп, ауыз жаппай сампылдап сөйлеп жатты. Бірақ
одан əрі не деп, не қойғанын естігем жоқ. Келген ізіммен кері бұрылып,
саған қарай жүгірдім, Ержан.
Ауруханаға жеткенше өкпем аузыма тығылды. Бір тықырдың


таянғанын сезгендей- ақ жүрек құрғыр да суылдап барады. Көздерім
бұлдырап, құлағым шыңылдап, айналамның бəрі ың-жың боп кетті.
Ай-шайға қарамай, киіп-жарып палатаңа кіріп бардым. Сен əлі
оянбапсың. Кеудең біресе жоғары көтеріліп, біресе төмен түсіп,
кəдімгідей тыныс алып, емін-еркін жатқаныңды көрген соң ғана
жүрегім орнына түскендей болды-ау. Ақылбек аға менің əлденеден
қатты үрейленіп кеткенімді қан-сөлі жоқ жүзімнен сезсе керек.
«Қорықпаңыз, бəрі жақсы, тыныш ұйықтап жатыр», — деді. Сонда
барып, мен өзіме-өзім келіп, есімді жисам керек.
Содан бері жеті жыл өтті ғой. Бірак мысық тілеулес туысқаныңның
сол күнгі бет- əлпеті əлі күнге дейін көз алдымда тұр. Соны ойлай
қалсам, май ішкендей жүрегім кілкілдеп кетеді.
Рас, мұндай қара жүнді карғалар арамызда көп емес. Онысына да
шүкірлік. Əйтпесе ондайлар жұрттан Күннің көзін қызғанып пəле болар
еді ғой. Əйтсе де, мұндайларды аз екен деп ескермей, елемей кою да жөн
емес шығар. Бір данышпан: «Жүз досың болса да
— 
аз, жалғыз ғана жауың болса да — көп», — депті ғой.


Əйтсе де, достарымыз, тілеулес таныстарымыз көп екен, Ержан.
Оған сен өлі мен тірінің арасында жатқаныңда көзім жетті. Солар
болмағанда, басымызға түскен таудай таукыметті мен жалғыз өзім
көтере алар ма едім? Əрине, жоқ. Достарың аяқтарынан тік тұрды ғой.
Ақыреттей азапты кеселден өлмей тірі қалғаның мүмкін солардың
арқасы шығар. Мүмкін, балалардың бағына тірі қалған боларсың.
Əйтеуір менің бақыт-шамым өшіп барып, қайта жанып, жарқырап
кеткендей болды ғой.
Жер жұқартып жүрген жанның бəрі бірдей мейірбан деп ешкім
айта алмас. Сен ауруханада жанталасып жатқаныңда жым-жылас
жоғалып, шымша батып кеткен туыстарың да болды. Бетің бері
қарай бастаған кезде арамызға ши жүгірткен таныстарымыз да бар
еді. Үндемей жүріп, іргемізден ін қазушылар да табылды.
Бірақ мұндайлар көп емес, саусақпен санарлықтай ғана екен. Тіпті
солардың өздері де кейінірек сен төсектен бас көтерген кезде үйге келіп,
кешірім сұранып, ықылас- ниеттерін білдіріп жатты ғой.
Əйтсе де, сол қиын-қыстау сəтте касыңда болған достарың көзге
ыстық, көңілге жақын боп тұрады екен. Оған жақында тағы бір мəрте
əбден көзім жетіп, көңілім сенді. Бүгін осындай бір оқиға есіме түсіп
отыр.
Бұл күнгі куанышымызда шек болған жоқ қой. Төрт жыл бойы
төсектен тұрмай, жастықтан басыңды бір көтермей, езіліп жаттың ғой.
Төрт жылдан кейін тұңғыш рет басыңды көтеріп, кəдімгідей бөксе
басып отырдың. Дəрігер омыртқа сүйектеріңді əбден қарап болып,
сосын ақырын көтеріп төсекке отырғызбақ болды. Сен маған қарадың.
Бұл менен «қайтеміз?» деп сұрағаның еді. Мен «мақұл» дегендей бас
изедім. Сен жүрегің онша дауаламай, отыруға қорқыңқырап жатсаң да
дəрігерге: «Тұрсақ, тұрайық, сал жамбас болғанымыз жетер», — деп
күлдің.
Алғашқы жолы сен небəрі үш-ақ минут отырдың. Бірақ соның өзі
саған қанша көп қуаныш əкелді десеңші! Аяқ астынан жүзің нұрланып,
көздерің ойнақшып, көңілің көкке көтеріліп кетті ғой. Мен сенің мұндай
елгезек күйге түскеніңді көптен бері көрген жоқ едім. Сенің үш минут
тұрып отырғаныңды екеуіміз сонда ұзақ түнге əңгіме қылып шықтық
қой.
Дəрігердің тапсыруы бойынша ертеңіне сені өзім көтеріп,
отырғыздым. Сен:


«Балконға шығар, жарық дүниені көрейін», — дедің. Қызық сонда болды.
Төрт жыл бойы киілмей, оралған күйінде шифоньерде ілулі тұрған
киімдерінді алғанымда өз көзіме өзім сенбедім. Кезіңде бір-екі мəрте
ғана киілген судай жаңа костюмдерің, көйлектерің, бас киімдерің
өзінен-өзі сарғайып, көне тартып, адам танымастай боп кетіпті. Аппақ
нейлон көйлектер бейне бір сары бояуға малып алғандай.
Жыл сайын киімдеріңді бір-екі рет күнге жайып алушы едім. Сонда
да байқамаған екем. Көйлектер мен костюмдердің қайсысын ұстасам да,
тігісі сетінеп, көбесінен сөгіліп тұр. Адамның үстінде жүргенде көп
жылға дейін шыдайтын мықты материалдардан тігілген киім-кешектердің
өзі киілмей, шифоньерде тұрып-ақ іріп, ыдырап кетеді деп кім ойлаған.
Иыққа ілуге жарайтын бірде-бір киімнің қалмағанын білгеніңде сен төрт
жылдан бері түңғыш рет ішек-сілең қатқанша күлдің. Сосын отырып-
отырып: «Дала көрмесе, киім де тозып кетеді екен-ау, Гауһар. Бəрінен де
адам төзімді шығар. Мен өзім əлі тоза қойған жоқпын ғой, ə», — дедің
маған күлімсірей қарап.
Сол күнгі оқиғалар қазір де көз алдымда тұр. Маған айтып,
Райымбек дейтін досыңа телефон соқтырдың. Мұндайда трубканы
құлағыңа мен тосып тұрушы едім ғой.
«Райымбек! — дедің сен телефон трубкасына аузыңды тақап. — Менің
отырғанымды көргің келе ме? Онда тез жет! Он минуттан артық күтуге
уақытым жоқ», — деп қарқылдап


күлдің. Басқа лəм-мим деген жоқсың. Дəрігердің айтуынша бүгін он
минут қана отыруың керек еді.
Шынында да, арада он-он бес минут өтпей-ақ өкпесін қолына салып
Райымбек жетті.
Бар пəрменінше жүгірсе керек. Бізден екі кварталдай жерде тұратын.
Алқынып, біразға дейін ентігін баса алмай абыржыды.
Аяқтарыңды еденге салбыратып қойып, биік кереует үстінде сенің
кəдімгідей еңсеңді көтеріп отырғаныңды көргенде, ол қуанғанынан
сасқалақтап қалды. Мұндайда не істеу керек еді дегендей ошарылып
біраз тұрды. Сосын үн-түнсіз жаныңа келіп, сені қапсыра құшақтап,
бетіңнен сүйіп жатты.
Сен Райымбекке дүкеннен к и і м алдырмақшы болдың. Өйткені
екеуің бір размерлі киім киетіндеріңді бұрыннан білуші едім. Сау
кезіңде екеуің бірдей киініп, егіз қозыдай боп, көшеде жұптарыңды
жазбай жүретінсіңдер. Араларыңнан қыл өтпейтін еді ғой.
Мен қонаққа дастарқан жасау үшін ас үйге шығып кеттім. Қайтып
кірсем екеуің құдды суретке түсіп жатқан кісілердей иық тіресіп, бір-
біріңе бастарыңды тақап, бір нүктеден көздеріңді алмай, кірпік қақпай,
мелшиіп отырсыңдар. Мені күлдіру үшін Райымбектің жасағаны ғой. Ол
өзінің үстіндегі бар киімін шешіп алып, оны саған кигізіп қойыпты. Ал,
өзі сенің тозығы жетіп, тулаққа айналғандай көзге тұрпайы көрінетін əлгі
ескі, іріп кеткен киімдеріңді киіп алыпты.
Бұрын қалай байқамай келгем. Саған киім сұмдық жарасады екен
ғой. Сенің ақ көйлек пен костюм киіп, мынадай галстук тағып
отырғаныңды көрмегелі қай заман. Төрт жылдан бері төсекте тек ішкі
киімдеріңмен ғана жаттың ғой. Кейде жаның қысылып, қара терге
түскенде жұп-жұқа майканы да ауырлап, шештіріп тастайтынсың.
«Адам көркі — шүберек» екені рас-ау. Мүлдем басқа адам боп шыға
келдің. Өзіңнен көз алмай, сүйсіне қарап тұра бергім келді. Саған,
əсіресе, қызыл-қоңыр түсті костюм көбірек жарасады екен. «Енді саған
тек сондай костюмдер сатып əперем» деп түйдім іштей.
Райымбек киім-кешек əкеп бер деп өзіне ұсынған ақша- ны алмай,
сенің ескі- құсқыңды «теберік» деп күле-күле киіп кеткен еді. Кешке
жақын үлкен бір бума нəрсені əрең көтеріп келді. Бəрі киім екен.
«Дүкенде киім қалдырдың ба?» — деп күлдің сен.
Əсіресе, көздің жауын алатын жып-жылтыр былғары туфлиді көргенде
досыңды өлердей мазақ қылдың:


— 
Мұндай сəнді туфлиді киіп, көшеге шығуға жарайтын бір пар аяқты да
сол дүкеннен сатып ала салмадың ба? — деп күлдің.
Досы үшін жанын құрбан қылуга əзір осы бір ақ көңіл жігіт сен
дегенде ішкен асын жерге қояды. Бұрын радиодан «Райымбек
Дарханбаев əн шырқайды», — дегенді құлағымыз шалса-ақ елең ете
қалушы едік. Қазір сол əндердің бəрін ол саған өзі үйге келіп айтып
беріп жүр. Қолы қалт етіп, театрдан босаса-ақ домбырасын арқалап
саған келеді. Сен басқа дос-жарандарыңа: «Жұрт əуре боп салпылдап
концертке барады, ал, маған концерт өзі келеді», — деп əзіл-шынын
араластыра мақтанып жүрдің. Бұл сөзіңді əлі күнге дейін аузыңнан
тастамайсың. Өйткені Райымбек осы кезге дейін бізге келіп, арнайы
концерт береді.
Ержан! Сенің басыңа түскен таудай тауқыметті сездірмей, бойыңа
қылқандай қадалып алып, сай-сүйегіңді сырқыратқан ауыр дерттің
азабын азды-көпті жеңілдетіп жүрген қандай сиқырлы күш деп
ойлайсың? Ол күш — сенің достарың. Бұған инедей шүбəм жоқ.


Əйтсе де, ең басты күш өзіңсің ғой, Ержан. Саясы жоқ дараққа бұлбұл
қонбайды.
Достарың сенің кереметтей жан саяңда болып, көлеңкелеуді ұнатады ғой.
Маңайдағы темір-терсекті өзіне тартып, жинап алатын магнит
секілді сенің де бойыңда айналаңдағы адамдарды бауырыңа тартатын
киелі қасиетің бар. Саған ересектер түгілі, бала-шағаға дейін үйір. Осы
бір қасиетіңнен кешегі қиын-қыстау күндерде де айрылған жоқсың.
Сондықтан біз үміт оты өлсіреп бара жатқан қияметтей қиын күндерде
жалғыз қалған жоқпыз. Көңіл жетер ағайын-достарымыз, қадір білер
жора- жолдастарымыз қасымызда болды. Соның бəрі сенің арқаң. Сенің
өз жақсылығыңа жұрттың қайтарған жақсылығы шығар деп білем.
Ержан! Сен қашанда көңілдегі кірді тауып, көмекейдегі көмескіні
болжай білесің ғой. Мен үнемі соныңа қайран қалам. Сол қасиетіңе
сүйсінем.
Шығыстың бір ақыны: «Құстың — қоразы, ал адамның — мекиені
сəнқой болады» депті ғой. Мүмкін солай да шығар. «Қыздың көзі
қызылда» деген сөз де бар емес пе?
Əйтеуір əйел баласы қашанда əлекей-шəлекейге үйір ғой.
Саусақтарыма сан қилы сақиналар салып, мойныма моншақ, құлағыма
сырға дегендей-ақ əлем-жəлем тағуды мен де ұнатам. Көйлектің де
сəндісін іздемейтін қыз- келіншек жоқ шығар. Бірақ өзім сөн құмар
болсам да, сəн қуушы емеспін.
Ауру кірген үйге — əлек кіреді ғой. Соңғы жеті жылда өзімнің
үсті-басыма да қарамай, салақсып кеттім. Бетке — опа, қас пен кірпікке
— сүрме, ерінге — қызыл бояу тимегелі қашан. Əйел табиғатының өзі
оқта-текте соларды аңсайды екен.
Əсіресе, сенің науқасың сəл-пəл жеңілдеп, бетің бері қарағалы бері
өзім қатарлы келіншектер тəрізді менің де əлем-жəлем тағыңып,
əлеміштеніп киінгім келіп жүр еді. Бұрын сау кезіңде мұндай
бұйымдарды көктемде келетін əйелдер мерекесіңе көбірек əперуші едің.
Рас, өзім сатып алам десем қолымда ақша қазір де бар. Сенің қолымды
қақпайтынынды да білем. Бірақ мен жеті жылдан бері сенің өз қолыңнан
гүл алмай, сыйлық алмай келдім ғой. Соны аңсап, соны сағыңып қалсам
керек.
Ертең халықаралық əйелдер күні. Үлкен мереке. Көктем тойы.
Бүгін мен парфюмерия дүкенінің алдынан өтіп бара жатып, көңілім
бір түрлі алау- жалау боп кетті. Өзіңдей бір ер кісі дүкеннен жылтыр


қағазға орап, түрлі-түсті ленталармен белінен оралған ғажайып бір
түйіншек алып шықты. Оның ішіндегі жұпар иісті əтір де, əсем
құтыдағы опа да, сирек кездесетін крем де көздің жауын алатындай боп
көрініп түр екен. Əлгі жігіттің қолында бір шоқ гүлі де бар. Əйелі мəре-
сəре боп қалған шығар.
Тегінде,, əйел байғұсқа көп нəрсенің керегі де жоқ. Кейбір еркектер
мұндайда алтын мен бриллиант іздеп əуре-сарсаңға түседі. Меніңше,
шын көңілден берілген сыйлықтың арзан, қымбаты болмайды. Гəп не
сыйлағаныңда емес, саған қандай адамның сый тартқанында болса керек.
Есіңде ме, Ержан? Сен өз аяғыңмен шапқылап жүрген шағыңда
қалада сатылатын гүлдерді місе тұтпай: «Өз қолыңмен терген гүлдің
иісі басқаша болады», — деп маған таудан бəйшешек теріп əкеп
сыйлаушы едің ғой. Сол гүлдер шынында да маған ерекше, басқа
гүлдердің бірде- біріне ұқсамайтыңдай, ғажайып көрінуші еді. Мүмкін,
мен сол гүлдердің иісін аңсап жүрген шығармын.
Бұдан жеті-сегіз жыл бұрын өзің сыйлаған моншақтарың мен
сырғаларың да əлі күнге дейін көзіме оттай басылып, күні кеше ғана
алғандай боп тұрады. Мен үшін олардан қымбат бұйым жоқ. Оқта-текте
оларды құтысынан шығарып алып, əрі-бері көріп, сүртіп


қоям. Бірақ тақпаймын. Өйткені аурудың азабын тартып, қайғысын
арқалап жатқаныңда көңіліңе кірбің келіп қала ма деп тартынам.
Бүгін бізді жұмыстан ертерек босатты. Үйге жеткенше əлгіндей сан
түрлі ойлар тағатымды тауысып, құтымды қашырып келді.
Табалдырықтан аттай бере-ақ аңқиған күйімде тұрып қаппын. Сен жатқан
кереуеттің бас жағында аласа стол тұратын. Біреу соның үстіне ваза
қойып, ішіне дала гүлі — бəйшешекті салып қойыпты. Алғашқы көктем
гүлін көргенде сенің сау-саламат шапқылап жүрген кездерің есіме түсті.
Мына балауса гүлді қазір ғана өз қолыңмен үзіп əкелгендей боп көрініп
кеттің. Жаңа ғана парфюмерия дүкені алдында бейтаныс адамның
қолынан көрген түйіншектей жылтыр қағазға оралған нəрсе стол үстінде
тұр. Бұл маған арнап алдырған сыйлығың екенін бірден-ақ сездім. Əтір,
опа, крем. Сенің мына сыйлығыңа, ықыласыңа ет жүрегім елжіреп сала
берді.
Əйел көңіліндей нəзік нəрсе жоқ шығар жер бетінде. Бұл менің
сенен жеті жылдан кейін алған тұңғыш сыйлығым. Жатқан жеріңнен
бас салып сүйе бергім келді. Бірақ оятқам жоқ. Түнімен қысылып, көз
ілмей шығып едің. Таңертең өзім жұмысқа кетерде дəрігер шақыртқам.
Сол келіп ұйықтататын укол жасап кетсе керек.
Вазадағы гүлді көргенімде аң-таң болып, түгіне түсінбей қалдым.
Дүкенге кімді жұмсадың? Тау гүлін теріп келген кім? Əй, несіне оған
бас қатырам? Бұл сыйлықты беруші — сен, алушы — мен. Сен
жұмсағанда құрақ ұшып тұратын достарың көп қой. Солардың бірі
шығар. Бірақ мына бəйшешекті құдды өз қолыңмен теріп келген гүлдей
етіп қабылдаймын, Ержан. Түрлі-түсті ленталарға оралған сыйлығыңды
өз қолыңнан алғандай болдым. Өйткені мұның бəрі сенің жүрек қалауың
бойынша əкелінген нəрселер ғой.
Мына бəйшешекті иіскегенімде біздің үйге де көктем келіп
кіргендей болды. Маған деген ықыласың жан- жүйемді босатты.
Екеуіміз жаңа қосылған кездегідей бойымды нөсер сезім билеп кетті.
Мен саған ұзақ мейірлене қарап тұрдым. Бірақ сен көпке дейін ояна
қоймадың. Күлімсіреген күйіңде ұйықтап қапсың. Мүмкін, түсіңде
екеуіміз бірге өткізген қызықты күндерімізді есіңе алып жатқан
шығарсың. Əлде алдағы күндерді, тарлан тартып келе жатқан екі
ұлыңның бақытын ойлап, тəтті қиялға беріліп кеттің бе екен? Əйтеуір
бүгін қиналмай, көңіліңді аққа ұйытып жатқаныңа шүбəм жоқ, Ержан.
Рас, сен əлі құлан-таза айығып кеткен жоқсың. Алдағы күндердің


тауқыметі де аз емес шығар. Бірақ сен жалғыз емессің ғой. Жаныңда мен
бармын. Арқаңда балаларың тұр. Айналаңда достарың жүр.
Сен өзің де шоқта жатып шыңдалған шар болат емессің бе, Ержан?!
Ержан! Сен аяусыз арпалыста ажалдың өзін де жеңіп шықтың. Тірі
қалдың. Бұдан артық не керек бізге?! Демек, біздер бақыттымыз.
Өмір əлі алда,
Ержан.
16
Бір кезде Ақылбек жатақханада өзімен бірге тұратын достарының
құлақты сарсытқан татымсыз əңгімелерінен, жастық-мастықтың
əуресінде желігіп жүрген көңілді жастардың тынымсыз айғай-шуынан,
араның ұясындай гуілдеген айналасындағы адамдардан азар да безер
болатын еді. Кей-кейде күллі дүниені тəрік қылып, екі қолын төбесіне
қойған күйінде басы ауған жаққа безіп кеткісі келетін-ді. Мұндай
сəттерде ол жалғыз ұшқан шыбын ызыңы естілетіндей тып-тыныш
бөлмеде оңаша отырып алып, өзінің диссертациялық жұмысын
бұрқыратып жазып тастауды армандайтын.
Ақылбек ол кезде əлі қылыштың жүзіндей қылшылдаған жас еді.
Аспирант болатын.
Мына у-шу жатақханаға кірген бойда-ақ таныс жігіттер тұс-тұстан əзіл-
қалжың айтып,


оны ара талағандай қылып тастайтын. Жастайынан томаға-тұйық боп
өскен Ақылбекке енді жалғыздық пен тыныштық қиянның қиынында
тұрған армандай боп көрінетін.
Ақыры оның көксеген бар арманы орыңдалғандай болды. Өзіне
берілген оңаша пəтерде құлаққа ұрған танадай жым-жырт тыныштық
та орнады, ғылыми еңбегін де жазып бітті, ғылым докторы да
атанды.
Содан бері талай-талай жыл өтті. Ақылбектің өмірдегі бар арманы
орындалғандай еді. Бірақ ойда жоқта ол ауыр дертке шалдығып, төсек
тартып жатып қалды.
Міне, бүгін өз үйі өзіне қапас сияқты. Екі аяғы бірдей сал боп,
тырп етуге дəрмені келмей жатыр. Төрт тағандап қалса да ұнжырғасы
түсер емес. Сергек.
Əйтсе де, ауруханадан келгелі бері ол жалғыз еді. Əйелі алдына ас-
суын қояды да, үн-түнсіз шығып кетеді. Бүл бөлмеге баласы да
кірмейді. Бірте-бірте Ақылбек бір кезде өзін мезі қылған айғай-шуды,
адам даусын, өмір толқындарының үнін аңсап, сағынатын боп қалды.
Елегізіп, даладан естілетін əрбір дыбысқа құлақ түріп жататын болды.
Үн жоқ, түн жоқ меңіреу тыныштық орнаған жерде өмір шамы
өзінен-өзі біртіндеп сығырайып, сөне бастайды екен. Үнсіздік пен
жалғыздық желдей ескен көңілді ғана емес, жансыз қара тасты да бордай
үгіп тастайтынын кім білген десеңізші. Ақпай қалған су лезде-ақ борсып
кетеді ғой.
Жəдігөй-тыныштық жұрттан жырылып, шетке шығып қалған
бозкүйік жандарды алдап-арбап өз құшағына тартып алады да, сосын
ғұмыр бойы адамның терісін теспей қанын сора береді екен. Əлгі жан
өзінің мықтап алданғанын жауырыны жерге тигенде бір- ақ біледі. Өмір
толқындарының у-шуы тынымсыз естіліп тұрған жерлерде ғана тіршілік
иісі аңқып тұрады екен ғой.
Əйтсе де, мұның бəрін Ақылбек тым кеш түсінді. Айықпас дертке
шалдыққанда ұғынды. Өз кеселінің түпкі сырын аңғарғанда іші қазандай
қайнап, өзегі өртеніп кете жаздады. Мұның бəріне өзгелер емес, өзі
кінəлі болғандықтан ешкімге мұңын шаға алмай іштен тынды.
«Өзім қатарлы достарым жұртпен араласып-құраласып жүріп-ақ
менен гөрі көбірек шаруа тындырып тастады ғой. Неге мен де ел
қатарлы ойнап-күліп жүріп еңбек етпедім. Ғұмыр бойы оңаша
тырбаңдап, еңбек лəззатын да сезе алмадым. Тылсым тыныштыққа,


оңаша өмірге неге сонша үйір болдым? Мені осындай ауыр дертке
ұшыратқан, ұзақ жылдар бойы жанымды тіс қҰртындай кеміріп келген
нəрсе осы жалғыздық емес пе?».
Осындай ауыр ойлар оның қабырғасын қайыстырып, іштен кеміріп
жатыр еді.
Рас, Ақылбек жалғыз жан емес. Көргеннің көзі тойғандай əйелі
бар. Бұлар отасқан он тоғыз жылдың ішінде мына жарық дүниеге бір
қыз, екі ұл бала əкелді.
Əйтсе де, Ақылбек өз үйінде мықтап өлі тыныштық орнатып
тастаған екен. Бұл үйде ешкім дауыстап сөйлеп, қарқылдап күлген емес.
Əлденеден жасқанатын жандарша аяқтарының ұшымен ғана абайлап
басады. Осы үйде үш бала туылса да іңгəлəп жылаған шақалақ даусы
естілген емес, сірə. Бұлардың тіпті радиосы да сыбырлап қана сөйлейтін
сиякты. Мұндағы ең басты нəрсе — жым-жырт үнсіздік болатын-ды
Раушанды үш баланың анасы деп ешкім ойламайтын. Өйткені
оның бала көтеріп, сəби жетектеп жүргенін езгелер түгілі, ең жақын
көршілері де көрген емес. Ғұмырында пұшпағы қанамаған əйелдей-ақ
ылғи сыптай боп, қаздияды да тұрады. Бұлар үш балалы болса да, бала
өсіріп, оны кəмелетке жеткізудің толып жатқан қиындығын да, шексіз
рахатын да сезген жоқ
Түңғыш ұлы туысымен Раушан қызыл шақа шақалақты аз уақыт
ішінде-ақ емшектен шығарды да, Ақылбектің алыстағы ауылда тұратын
əке-шешесінің қолына апарып тастады


Əйелінің мұнысына алғашында Ақылбек сəл қарсылық білдіргендей
болды. Бірақ Раушан аяқ астынан ашуға мініп, өзінен-өзі екілене, еліре
сөйлеп күйеуінің аузын аштырмай басып тастады
— 
Бала тудым екен деп үйде омалып отыра берем бе?! Маған кандидаттық
диссертацияны сен жазып бересің бе?! Əлде мына баланы сен емізіп
үйде отырасың ба, ə?! Сөйтіп түңғыш бала туылысымен-ақ бұл үйге
кикілжің кірген еді Бірақ сырт көзге сыр білдірген жоқ. Түк
болмағандай-ақ жұбын жазбай жүре берді. Үйде у-шу шығармау үшін
Ақылбек те енді əйелінің ыңғайына көше беретін боп алды
Əйтсе де, Ақылбек əйеліне, сірə, көңілі суып, пəлендей ренжіген
емес «Рас, жас қой əлі, бойдан күші таймай тұрған шағында еңбегін
жазып, қорғап алсын», — деп түйді іштей ол. Бұлар осылайша жауырды
жаба тоқып, дос-жарандарына, ағайын- туысқандарына сыр алдырмай,
үндемей жүре берді Сырт көзге сыр бермеу — бұл отбасының басты
ұраны сияқты еді. Бірін-бірі жеп қоюға əзір тұрса да, лəм-мим демей,
сырттай сыйласып, іштерінен тынатын да қоятын
Немере бағуға қарттар да онша қарсы бола қойған жоқ. Бұдан
кейінгі екі бала да ауылда өсті.
Тұңғыш ұлы Арман тоғыз жасқа толғанда Ақылбектің анасы дүние
салды. Артынша бір айға жетпей əкесі де марқұм болды. Енді Ақылбек
үш баласын да қалаға, өз үйіне əкелді.
Балалар келісімен-ақ бұрын тып-тыныш, айнадай тап- таза үйдің
берекесі қашты. Үш бала бірдей асыр салып ойнағанда Раушанға бүкіл
дүние у-шу боп жатқандай-ақ жанын қоярға жер таппай апалақтап қалды.
Оның үстіне əлі қолдың табы түспеген су жаңа мебельдердің сыры көшіп,
хрусталь ыдыс-аяқтар шетінен қирап жатқандай боп кетті.
Раушанның талай жылдардан бері əбден қалыптасып қалған тып-
тыныш үйреншікті өміріне біреу оқыстан қол сұғып, қастандық жасап
жатқандай көрінді. Оның үстіне күйеуі де енді бар ықыласын балаларына
үйіп-төгіп, Раушанды көзге ілмей қойғандай боп тұрды. Күніне екі-үш
рет қазан асып, ыдыс-аяқ жуып сілікпесі шығып бара жатқандай болды.
Табаны күректей бір апта бойы тырнақ боятуға да, шашты сəндеуге де
бара алмай, байлаулы бұзаудай үйден аттап шыға алмай, аяғына шырмау
түсіп қалды. «Бүйте берсем өлердей титықтап, өзімнен- өзім жүнжіп,
жасыма жетпей қартайып кетеді екем» деп ойлады ол. Енді қалайда
мына у-шудан құтылмақ болды. Сол күні-ақ ол қызметтен жаңа ғана
келіп, диванда демалып жатқан Ақылбектің шашын сипап отырып


əңгіме қозғады.
— 
Мына балалар кең дала, еркін өмірге үйреніп қалған екен. Қала
тəртібіне көндігер емес. Ауылдың таза ауасы мен сары қымызына не
жетсін. Оның үстіне басқалар сияқты емес, сенің денсаулығың нашар.
Дəрігер айтты ғой, саған тыныштық керек. Сосын күтім керек. Балалар
келгелі бері өзіңе жөндеп шай де бере алмай қалдым.
Ақылбек əйелін ернінің емеуірінінен таниды. Демек, Раушан өзегін
жарып шыққан, өз балаларын ауырлай бастапты. «Ауылға жөнелтіп
жібер», — дегенді меңзеп отыр. Бірақ Ақылбек əйелінің бұл ойын
түсінбегендей ыңғай байқатты. Раушан енді айтарын білтелеп жатпай-ақ
төтелей соғып, бұйыра сөйледі:
— 
Шақырт, анау зоотехник ініңді. «Інісі бардың — тынысы
бар» емес пе?
Ауылда білдей-білдей інілерің жалаңдап жүргенде біз мына қаладағы
қуықтай үйімізге бала қамап отырамыз ба?!
Ақыры əйелінің айтқаны болды. Ақылбек үш баласын да ауылда
тұратын інілерінің үйіне жіберіп тынды.


Бұлар шаңырақ көтеріп, отау тіккелі бері де зымырап он тоғыз
жыл өтіп кетіпті. Мұны тұңғыш ұлы естеріне салғандай еді. Ол
ауылдағы он жылдықты бітіріп, қалаға оқуға келді.
Иə, өткен күнде белгі жоқ қой. Бұдан он сегіз жыл бұрын Ақылбек
астанадағы университетті бітірген еді. Раушан педагогика институтының
соңғы курсында оқитын. Екеуінің де мамандығы биолог. Ақылбек оқуды
бітіріп, аспирантураға түскен жылы бұлар отбасын құрды. Содан бері
ерлі-зайыптылар биология ғылыми-зерттеу институтында бірге еңбек
етіп келеді.
Ақылбек ғылыми іске ынталылығын бірден танытты. Екі-үш
жылда-ақ ғылым кандидаты болып шыға келді. Сосын араға он шақты
жыл салып барып доктор атанды. Көп ұзамай профессор болды.
Раушан кіші ғылыми қызметкер дəрежесінен əрі аса алмай қалды.
Мұнысына ол іштей қатты қынжылатын. Бірақ тірі жанға тіс жарып, сыр
білдірген емес. Кейбір достары оған қалжыңдап:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет