Нәстілек Сәменбетов Алғабас – ауылым Малкелді – мекенім (тарихи-шежірелік жинақ) Алматы – 2017 ж «Алғабас – ауылым Малкелді – мекенім»



бет16/49
Дата26.01.2018
өлшемі13,67 Mb.
#34037
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   49

Алтынға
Біз үшеу ек... сен жалғыз ақ қайың ең,

Біз болған ек, мәпелеп баптай білген.

Еркеледің асыр сап ертелі-кеш,

Ерке еліктей қонысын таппай жүрген.


Біз үшеу ек...сен жалғыз маралдайсың,

Бізге қарап жәудіреп, алаңдайсың.

Біз жүреміз өзіңе пана болып,

Мейлі, дала көшіп, тау айналсын.


Біз үшеу ек... сен гүл ең дара шыққан,

Дара шыққан, жүректі жара шыққан,

Біз дірілдеп қалушы ек... жалт етіп,

Бір тамшы жас аунаса қарашықтан.


Біз үшеу ек... сен жалғыз аққу үнді,

Қызғандық қой басқадан пәк күніңді.

Соны біліп ертерек бой жеттің бе,

Жұрт алдына жайып сап шаттығыңды.


Қалды адасып балғын шақ, көп із кейін,

Сағынышым толқиды теңіздейін.

Жиі-жиі ауылға келер ме деп,

Шұбатылған жолдардан сені іздеймін.



Ағамен әңгіме

(Кәрімғалиға)
Қуанышқа көкірек толы бүгін,

Сыр шертеді алдыңда момын інің.

Баяғыдай шолжаң деп шетке қақпа,

Баяғыдай түссе еске содырлығым.


Жатқанда мырзалығын дала сыйлап,

Бала едік қой жүгірген қара сирақ.

Күміс күн жүзімізден аймалайтын,

Аппақ нұрын себетін жаны аши қап.


Ұмытылмас есімнен сол күндерім,

Жас бала едім ол кезде, он бірде едім.

Арадан әлпештеген әке кетті...

Үйіріп көз жастың мөлдірлерін.


Үзілді де үміті жан атаның,

Тағдыр бізге атқызды ала таңын.

Құлағандай гүрс етіп, қайран аға,

Сенің де, менің де асқар Алатауым.


Жетім емен бөтен үйді жағалаған,

Сен болдың әке маған, аға маған.

Төгіліп көңіліңнің күн шуағы,

Мен соны гүл бақшадай саялағам.


Сыйпадың маңдайымнан «інім» - дедің,

Құшағыңда жайраңдап, күлімдедім.

Аялап арманымды, наздарымды,

Жүрегімнің тыңдадың дірілдерін.


Бақырып әлдекімге: - Әй! демедің,

Іздегенде табылды ғой қай керегім.

Өзің ең арқа тұтар алданышым,

Өзің ең сүйенішім, бәйтерегім!


Өсірмеді тағдырым қуыс жан ғып,

Айырылмайды арамыз туысқандық.

Өзің алыс жүрсең де, ағажаным,

Өзіңнен отырамын тыныс тауып.


Шаяхметов Ержанхан
Шаяхметұлы Ержанхан – азан шақырып қойған аты Әртелғали, 1937 жылы 30 тамызда Семей облысы, Шұбартау ауданы, Малгелді ауылында туған.

Мектепті бітірген соң еңбек жолын сол кездегі «Алғабас» колхозында, кейін осы совхозда жүргізуші болып бастап, одан кейін Малгелді ауылдық кеңесінің төрағасы, ферма меңгерушісі болып қызмет атқарған. Кейінгі жылдары шаруашылықта орталық қойма меңгерушісі болды.

1996 жылы 26 желтоқсанда өз ауылы Малкелдіде қайтыс болды.

Әртел – ақын, аудандық, облыстық, ақындар айтысына қатысқан. Өлеңдері газет беттерінде оқта–текте жарияланғанымен кітап болып басылып шықпаған.

Бәйбішесі Дәметия екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірген ата-ана. «Туған ауыл адамдары туралы толғау» өлеңмен жазылған Малгелдінің тарихы болғандықтан Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде 2 август 1980 жылы жарияланған өлеңін толық кіргізіп отырмын.
Туған ауыл адамдары туралы толғау
Шалқытып шат қуаныш жүрек тербеп,

Құлагердей құлашты ұзақ сермеп.

Кешегі ұлы істерге үлес қосқан,

Мақсатым адамдарды жырлай бермек.


Өнеге, қариялар, еңбектерің,

Еңбекпенен табысты селдеткенің.

Сендердің қайла, күрек, кетпеніңмен,

Космос дәуіріне мен жеткенмін.


Жанарың жақсылықтан жаратылған,

Ардагерсің әрқайсың дара туған.

Сендерге бұл орнатқан ескерткішім,

Жүректен құттықтауым арнап тұрған.


Шешейлер көрді талай қиындықты,

Тәртіп жақсы, сол кезде ұйым мықты.

Әкелер еңбек етіп, ел қорғады,

Ұстады абыройдың туын мықты.


Жер жыртты соқаменен күндіз –түні,

Жетпеді-ау ең болмаса шай мен ұны.

Жауыздар оқ атқанда жар астынан,

Қыл үстінде тұрды ғой ердің құны.


Колхоз құрған колхозшыны анықтайық,

Әрқашан құрметтеуге жалықпайық.

Тұңғыш бастық Мансура, Қанша, Әлпен,

Кейіннен болды Шәйкен Кәріпбаев.


Суықбай, Мырзабек пен Төкеш, Таукен,

Күнсипа, Биғайшалар, Мәкен, Қаукен.

Құрғандар мойынсерік, әртель,колхоз,

Еңбек етсең Тұрысбек жалықпаушең.


Айтайын сол кездегі озаттарды,

Бейсенбай, Нартайлақ пен Оразханды.

Нұртөлеу, Қабдыхалым, Жақиялар,

Манеке, Тайпақ, Шәми, Төлеуханды.


Қиындыққа қажымай салған егіс,

Шәріп, Төлеу, Ыбырай, Біләл, Өмеш.

Әбу, Нұрлан, Қажығапбас, Тілеубайлар,

Орнатқан еңбекпенен үлкен белес.


Көп екен-ау істері қарап тұрсақ,

Кетіпті ғой артынан өшпес із сап,

Тобықбай, Мұсабайлар ел қорғады,

Соның бірі Нұрхасен, Қасыл, Исақ.
Қадірлі жан осылар бізге әрқашан,

Кенжеғали, Бишан, Тойтан, Бодаш, Қапан.

Нұрлыбек, Айғанша мен Жамал, Бөбек,

Тілеубала, Исахан, Мәугіл атам.


Қашура, Жаңылдық пен Ажар, Жолтай,

Зәуре, Күлзия, Ләззат, Мәкіш, Қантай.

Зұлқия, Төлеусары, Ажарханым.

Орны бөлек Анапия, уа Орынтай.


Алмаушы еді жұмыс десе тыным жаны,

Сқатай, Құйқалақ пен Мәмиланы.

Күрекпен жер аударып, егін салған,

Ұмытпайық Күмісжан, Жәмиланы.


Түйе мініп қолынан мөрі тамған,

Ауыр істі қажымай мойнына алған.

Қашымашым, Шаяхмет, Сейтбатылды,

Риза ғой осы халық есіме алған.


Айтсақ біз Кенеқызбен Байғожаны,

Тең келер басқа жердің қай қазағы.

Хасен, Шөкім, Мәрмендер еңбек етті.

Ауыр істі бейнет деп ойламады.


Еңбек десе күш біткен оған дари,

Қадиша, Ақиянбек, Омарғали.

Сейфолла, Исағали, Рысай, Ақай,

Дәл осындай Иманжан, Иманғали.


Ахметжан, Жұмабек, Сейітбекті,

Еске алайық Күлиша, Әліпбекті.

Рымбай, Досымжан мен Есімжандар,

Колхоздың бар дәулетін табысты етті.


Білесіңдер Шөңгел, Аман, Әсербайды,

Күндіз-түні еңбектен бас алмайды.

Әйімбөпе, Болысбай пенсионер,

Бұл күнде жақы жағдай мекен жайлы.


Жылқы үшін жаралған барлық дарын,

Колхоздың көп өсірген саңлағын.

Төкен мен Рымғажы бір төбе ғой,

Қар төсеніп, мұз жастанған нағыз нарым.


Шыныбек, Шынарбек пен Ғалиялар,

Тау теңіз еңбек еткен дариядай.

Жазсам мен әрқайсысың бір дастансың,

Істерің толып жатыр жариялар.


Қали, Қожан, Битөлеу дара жүрген,

Еңбек етіп ерінбей бала күннен.

Бертөлеу, Қадылбектер Отан қорғап,

Ел міндетін мойнына ала жүрген.


Білесіңдер балуан Домбаевты,

Еңбекте де жан тумас ондай мықты.

Саматай, Бірталай мен Лақ, Жедел,

Қадірлі Шопан болып қой жайыпты.


Төлепбек, Жақсыбек пен Мерекелер,

Колхозға ұйытқы, Дәулет, Берекелер,

Орны бөлек Рахым, Тайкежанның,

Тарихта ізі қалған шын серкелер.


Қай адам Қожабекті мақтамасын,

Куып алған партияның бастамасын.

Түйеменен өсірді сиыр жайып,

Толтырып Алғабастың шат даласын.


Қазіргі өмір қандай, бақыт қандай,

Кімдер бар Слаубай мен Нақыпбайдай.

Екеуі де ел қорғады абыроймен,

Жауына жарқ-жұрқ етіп түсті жайдай.


Ахметжан, Түсіпжан, Әскен, Доскен,

Рахым, Омар, Алғабастың жерінде өскен.

Қорғады абыроймен Ұлы Отанын,

Бейбіт күнде қол үзбей ұлы еңбектен.


Әлия, Ахмади мен Қожахмет,

Бергенде ақыл-кеңес сөзі асыл ед.

Өткеріп ауыр істі не қиындық,

Совхоздың ірге тасын қаласып ед.


Қалдыкен, Орынбасар, Несіпжанды,

Сыйлайықшы құрметтеп осыларды.

Кешіріңдер есіме түспегендер,

Айтылмаған Алғабастың несі қалды.


Кешіріңдер аталмай қалғандарың,

Орындалды тілеген армандарың.

Алғабастық бүгінгі азаматтар,

Бәріңе де арналады жазғандарым.


Өгізді «Беларусьқа» салғастырдық,

ДТ-ны К-700-қа алмастырдық.

Талабын бұл тарихтың біз орындап,

Әкелердің жұмысын жалғастырдық.


Байсұлтан, Нұрланбек пен Долда, Мыңбай,

Жан тумас еңбек етсе сірә мұндай.

Ақымжан, Мина, Малкен, Айтжан, Мұқаш,

Еңбек еткен ерлерім бір күн тынбай.


Серіктай, Мөрән, менен Нығыметті,

Жұмысты жастайынан мығым етті.

Мал бағу, егін салу науқанында,

Қатарлас үлкендер мен жүріп өтті.


Қүлшікен, Дәкен менен Саяштарды,

Тер төгіп еңбек етсе аяспады.

Елемеді жетпейтін жағыңды да,

Болмаса да ішетін шай астары.


Тың даланы игерген К-701,

Күн сайын түлеп ескен осы дүбір.

Бір анадан туғандай совет халқы,

Еңбек еткен аянбай ниетіміз бір.


Жаңа заң, жаңа талап алып келген,

Еңбекте жігерлетіп шабыт берген.

Қамқоршы компартия алып тұлға,

Мәңгілік өзгермейтін бағыт берген.


Сарайын социализм салып берген,

Ұлттардың бостандығын алып берген.

Туғандай бір анадан бауырласпыз,

Айналдым Советімдей даңқты елден.



Шаяхметов Әлібек Ержанханұлы
Әлібек 1960 жылы 1- қаңтара Семей облысы Шұбартау ауданы, Малгелді ауылында туған.

1970-1977 ж.ж. орта мектепті бітірген соң өз ауылында «Самал» қой өсіруші комсомол - жастар бригадасында еңбек жолын бастаған.

1979-1981 жылдары әскер қатарында болды. 1981-1984 жылдары аралығында Семей қаласындағы Құрлыс техникумында оқып бітірген соң өз ауылы «Алғабас» совхозында құрылыс мастері болып қызмет істеді.

Кейін Жорға совхозында (ХХІІІ парт съезд атындағы) аға прораб болып жоғарылатылған.

1988-1995 жылдары Шұбартау ауданының орталығы Баршатаста құрылған «кристалл» құрлыс кооперативінде аға прораб болып істеді.

2005-2011 жылға дейін Астана қаласындағы Суретшілер Одағында құрылыс бөлімін басқарды.

2012 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысындағы Николаев кен байыту фабрикасында аға мастер болып қызмет атқаруда. Жанұясында әйелі Сәулеш екеуі екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіруде.

Әлібек Шаяхметов –айтыскер ақын. Көптеген өлеңдері газет беттерінде жарияланғанмен жеке кітап болып басылмаған.

2012 жылдан бері ШҚО-дағы Шемонайха қаласында тұрады. Ауыл туралы осы кітапқа Әлібектің екі арнау өлеңін кіргізіп отырмын.

Арнау
Кенелген бүгіні күн тамашаға,

Біреуге дос, біреуге сыйлас аға.

Адамдарға қуаныш бақыт сыйлап,

Дәрігер тұрады ажалмен арашаға.


Сәтті күн бәрімізге міне бүгін,

Дос туыс қуаныштан қаққан күлім.

Берейін өлеңменен мен суреттеп,

Дәрігердің еңбегінің бірақ күнін.


Кеселді жеңіп әже ерледі ғой,

Әрине ол да дәрігер еңбегі ғой.

Айналайын ғұмырлы бол дегені,

Дәрігерге оның таққан ордені ғой.


Апырмай құтыңдаған қалпын қара,

Қарт әке қуанғанда бейне бала.

Ағытылып жүректен алғыс сөзі,

Бақытқа кенеліп тұр жеке дара.


Қызғалдақ бір шаңырақтың өмір сәні,

Қиналды-ау бір сұлудың ғазиз жаны.

Дүниеге жас сәбиін алып келіп,

Тамаша жас ананың жымиғаны.


Ерекше бесік әлди сымбатымен,

Бүлдіршін жас сәбидің тұлғасымен.

Мына өмірдің есігін алғаш ашып,

Айтады алғысын ол іңгәсімен.


Тартпаған бұрын өмір тауқыметін,

Жас жігіт жүрген күліп ауылда еркін.

Дәрігердің қолын қысып ұзағырақ,

Айтады шын жүректен рахметін.


Осындай істері бар әбігерлі,

Ақ желеңді жандардың зор еңбегі.

Құттықтаймын емдеуші дәрігерді,

Медсестра, қарындастар нәзік үнді.

Күлкісімен емдейтін жанымызды,

Ағайлар мен апайлар жаны жайсаң,

Құттықтаймын әр күні бәріңізді.

1987 жыл.

Арнау

(Нәстілек Сәменбетовке)
Еңбек еткен алғысқа бөленеді,

Кезіндегі істеріңіз ерен еді.

Ұмытпай әлі күнге жүреді айтып,

Бұлдағы халқымыздың елегені.


Еңбегін талай ердің жандырдыңыз,

Талайына атақ-данқ алдырдыңыз.

Пошта үйі, қос дүкен осы ауылда,

Мәдениет ошағын салдырдыңыз.


Ал, Нәке! Құтты болсын 60-ыңыз,

Жайлы өтсін әр жазыңыз, әр қысыңыз.

Осы ауылға сіңірген еңбегі зор,

Таусылмайтын айтар сізге алғысымыз.


60-та тағы қайта жасарыңыз,

Келешекте ел ағасы атаныңыз.

Таратасыз шежірені жүйеменен,

Жайылсын шар тарапқа атағыңыз.


Өміріңіз күн болсын күлімдеген,

Тойыңыз тойға ұлассын дүрілдеген.

Ағайын-туыс жиналып келе берсін,

Құттықтап сізді туған күніңізбен.

Сізге Алла ырыс берсін ортаймайтын,

Денсулық қуат берсін қартаймайтын.

Ұлықпандай ұрпағыңмен мың жасағын,

Жас берсін сіздің әулет сан тойлайтын.

2001 жыл.
Шаяхметов Айдарбек Ержанханұлы
Айдар Шаяхметов – 1970 жылы 12 маусымда Семей облысы, Шұбартау ауданы, Малкелді ауылында туған.

1977-1987 жылдар аралығында осы туған ауылында орта мектепте оқып бітірген. Қой өсіруші комсомол жастар бригадасында еңбек жолын бастаған. Әскери борышын өтеген.

Әскерден келген соң Семейдегі М.Әуезов атындағы унивеситетті гуманитарық факультетіне оқуға түсіп құқық және экономика мамандығы бойынша бітіріп шыққан.

2010 жылдан Шемонайха қаласындағы темір жол бекетінде қарауыл бастығы қызметін атқарады.

Айдар – бір жанұядан шыққан әкелі-балалы ақындардың жалғасы. Мына төмендегі Астана туралы өлеңін Астананы көрмей тұрып, ойша елестетіп отырып жазған.

АСТАНА – қазақ елінің мәні
Бабалардың арманы,

Еліміздің қорғаны.

Талғамымен Елбасы,

Астанамыз орнады.


Қазағымның жерінде,

Сарыарқаның төрінде.

Сәулетті биік құрылысын,

Төрткүл дүние көруде.


Көк аспанмен таласқан,

Сәулеті оның жарасқан.

Бәйтерегің мызғымас,

Достығыма жол ашқан.


Береке мен бірліктің,

Ынтымақты тірліктің.

Ұйытқысына айналған,

Осы күнді шын күттім.


Жасыл орман желегің,

Ақ қайың мен терегің.

Дархан далам – жер ана,

Таусылмасын берерің.


Уақытың кешегі,

Тағдырыңды шешеді.

Туған күнді ғұмырлы,

Ұзақ болсын деседі.


Үлгі болсын басқаға,

Тез көркейген жас қала.

Күннен-күнге гүлденіп,

Жайқала бер Астана!


Бестай Таукенов!
1949 жылы наурыз айында Семей облысы, Шұбартау ауданы, Малкелді ауылы, Сары өзенінің бойындағы «Бесбұлақ» жайлауында туған.

1956 жылы «Алғабас» орталау мектебінің сегіз жылдығына барып, 1964 жылы бітірген, кейін орта білімді сырттай оқып алған. Еңбек жолын туған ауылында әкесіне көмекші шопан болып бастаған. 1965-1967 ж.ж. әскер қатарында болып, борышын өтеген, Аудан орталығы Баршатаста шоферлық оқу оқып, жүргізуші мамандығын алған. Туған ауылында өмір бойы жүргізуші, көмекші, шопан-бақташы және жеке отар бағып, шопан болып істеген. Бестай ақын. Шығарған өлеңдері туған жерге, балаларына, немере жиендеріне өсиет ретінде арналған, кітап болып жарыққа шықпаған, жанұялы, әйелі Нүргүл екеуі 6 бала өсіріп, немере жиен сүйген ардақты ата-ана.

Бестай 2002 жылы 53 жасында қайтыс болды. 1996 ауылда алғашқы шаруа қожалығын құрып, қой мен жылқы және ірі-қара малын өсіріп, ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қосқан адам. Бүгінде оның бұл ісін балалары Есентай мен Мұратай, Кәдіржан үшеуі жалғастырып дамытуда.

Ұлдары мен келіндері Есентай – Нүргүл, Мұратай – Айжан, Кәдіржан – Әсем Малкелдіде, Генерал мен Нұрсұлу Астанада, Құралай мен Ғалымжан, Рауан мен Әсемгүл Малкелді мен Байқошқарда тұрады. Немерелері: Тоқтар, Нұртай, Ералы, Елдар, Нұрай, Ақбота, Асылай, Мейрамбек. Жиендері: Шалқар, Айдын, Ерназар, Айназ, Бекназар, Тасқын мектеп оқушылары және балабақшада.



Өсиет
Балаларым – базарым, жан балапан,

Міне бүгін батады күн, сен жаңа таң.

Күніңді дұрыс батыр мен құсамай,

Ойланбай батырыппын мен есалаң.


Балаларым – базарым, тағы айтарым,

Ұғыңдар кімге болсын ажал барын.

Ата-анаң қатар өлсе өкінбеңдер,

Бір болсын ел-жұртыңмен назарларың.


Ел-әке, халық –анаң, ауыл-ағаң,

Қорғайды жанған оттан лауылдаған.

Көршіңмен жақын қонған сыйласа біл,

Қайырымды қайыр жоқ бауырлардан.


Ешқашан ұмытпаңдар аруақты,

Күтіңдер содан нұрлы күн шуақты.

Бір бидай тауып алсаң бағыштап же,

Береді сонда саған күш – қуатты.


Сүйсеңдер өтіріксіз адалдықты,

Сыйлық жоқ тірі жанға одан мықты.

Бірулер таудай бақыт берем десе,

Сатпаңдар айырбастап адалдықты.



Қасиетті өлке
Еңкенің даласына малыңды бақ,

Жатады кешке жақын мал мамырлап.

Тапсырып мал мен жанды тәңіріңе,

Алаңсыз кең көсіліп ұйқыда жат.


Кеп қалса аңдыған жау ойрандаған,

Қорғайды шоқпар алып Байжан бабам.

Қажы атам қыр басында күзетте тұр,

Ешқандай жау өткізбей маңайынан.


Тұрады сырттай байқап кәрі батыр,

Қамқоршы қара шалым әне жатыр.

Жау түгіл өрт өте алмас маңайынан,

Айналып орнаса да заман ақыр.


Бұл маңның аруақты атырабы,

Көңілге шаттық әнін шақырады.

Айналдым қасиетті өлкеңізден,

Жаласа май татыған топырағы.


Бұларды сүйеу көрген баласымын,

Жасымнан арман қуып аласұрдым.

Қабыл ғып тілегімді тәуба алса,

Маңайға жетсе жатып қарашығым.


Шалқарға
Арнайын бір ауыз сөз жиеніме,

Алғашқы шыққан гүлім сүйегіме.

Ер жетсін есейген соң жөнін табар,

Әзірге құр алданыш етемінде.


Көзіңнен айналайын жайраңдаған,

Даусыңнан аталап бір айқайлаған.

Алдай бер ата-апалап алданыш боп,

Бәрі бір бермейді ғой Найман маған.



Әлия Құсайынқызы Мұхаметжанова
7-сәуірде 1957 жылы Өскемен аумағына қарасты Тарбағатай Қарасу ауылында қарапайым еңбек адамдарының жан ұясында дүниеге келген.

1965 жылы мектеп табалдырығын аттап, жақсы ұстаздардан білім нәрімен сусындап, өмірге қанат қағады.

Әлия Тарбағатайдың қызы, Шұбартаудың келіні, Малкелдіде жұбайы Жұмахан екеуі ширек ғасырдан бері жанұялы, бес бала тәрбиелеп өсіріп келеді. Әлия мектепте оқыған кезінен өлең жаза бастаған. Өлеңдері әр кездері газет беттерінде жарияланған.

2010 жылы Әлияның «Тарбағатай – бесігім, Шұбартау – өрісім» - кітабы жарыққа шыққан.

Жұмахан мен Әлия 2012 жылдан бері балаларымен Алматы қаласында тұрады.

Бесігім мен Өрісім
Сәби болып аштым өмір есігін,

Алтай тауы, Тарбағатай –бесігім.

Туған да бір Алланың берген сыйы,

Өмірде жан бітірген иесің!


Өрісім Шұбартау – арқа басым,

Отау тіккен ауылым – Алғабасым.

Киелі жер, шабытым сенен шықты,

Ырыс, байлық өзіңнен тарқамасын.


Айналайын екі елім, қанат берген,

Бабалардың аруағы талант берген.

Тарбағатай, Шұбартау тірегімсің,

Болашақтың ауылы тілегімсің.

Тірегімсің, тілегімсің, жүрегімсің,

Елім-жұртым, мына мені білемісің!


Киелі жер
Кең дала сахараның шөліндей бір,

Шабыт алып кеудемде көсілді жыр.

Семейді, Шұбартауды Абай жерін,

Айтшы деп көкейіме төгілді нұр.


Ардақ тұт ақсақалың арқа басын,

Аяулы ауылым сен – Алғабасым.

Ұрпақтар келешегі ел-жұртымның,

Той – думан, қызық жиын тарқамасын.


Қадірлеген ұлы ақындар Семей жерін,

Қазақ елі бүгін міне, сен ерледің.

Ата-бабаң, ғасырлар куә болған,

Ұрпақтарың өсіп келед сенерлерің.


Айналайын Семейім- Абай елі,

Шәкерім, Мұхтар атаң туған бәрі.

Атағы жырға айналған сыр дастаным,

Бір өзіңе киелі жер жыр бастадым.


Қасиетті қазақ жері несібеңнен,

Дәм татып талай ақын өсіп-өнген,

Сырың мол ашылмаған, тарқамаған,

Ән мен жыр арнап саған көсілем мен!


Жаңа ғасыр
Күндер өтті алға зулап жасырын,

Келіп –кетіп жылдар жылжып ақырын.

Артта қалды дүбір толы жүз жылдық,

Қарсы аламыз жаңа заман ғасырын.


Жиырма бірінші ғасыр келді бүгін той,

Шықсын бүгін көкейдегі арман, ой.

Жаңа жылым, жаңа ғасыр сыры мол,

Бақыт жылы жүректегі жырың ол.


Қасиетті қазақ елім-дархан ел,

Табиғаты екі мыңның асқар бел.

Бұл ғасырды көрген елім арман дер,

Бұлт шалмасын, аман болсын аспан –жер.


Қуанады заңғар тауым, ну орман,

Жеттік міне, екі мыңға бұл да арман.

Асқар тауым, шалқар көлім құт қонған,

Бар әлемге ғасыр жылы жыр болған.


Жас өренім, ұрпағым, қанаттаншы жасыма,

Жаңа ғасыр, жаңа заман келді міне асыға.

Халқым менің, ешкімге енді бас ұрма,

Аяғыңды нық бас жарқын ғасырға!


Төкенұлы Рақыман (Сапарғазы)
1949 жылы мамырда Семей облысы, Шұбартау ауданы, «Алғабас» колхозында (қазіргі Малгелді ауылы) Құлықбай өзенінің бойында туған.

1957 жылы «Алғабас» сегіз жылдық мектебінің табалдырығын аттап, 1965 жылы сегізінші каласты бітірген. Орта мектепті аудан орталығы Баршатастағы С.М.Киров атындағы орта мектепте 1968 жылы бітірген.

1968 жылы Баршатастан шоферлық курсын бітіріп, өз ауылы «Алғабас» совхозынан еңбек жолын бастаған.

1969-1971 жылдары номері 66041 әскери бөлімінде борышын өтеп келіп, туған жерден еңбек жолын жалғастырған.

Жанұялы, әйелі Бақыт, қызы Зада мен ұлы Қанат, келіні Күлзира және немерелері Құткелді, Ерсайынмен бірге Малкелдіде тұрады. 2012 жылдан бері зейнеткер, ауыл ақсақалдарының бірі.

Рақыман – ақын, өлеңдері жарыққа шыққан.



Туған жер
Туған жерді жырлаймын шын жүректен,

Алыс кетсем, сағындырып мені жүдеткен.

Ақ бесігім болып тербетілген жайлауым,

Балалықтың өткіздім өзіңде ыстық қайнарын.


Отанымның кіндігі болған- туған жерім,

Отанымның бірлігі болған – туған елім.

Егіз біздер бір анадан туғандай,

Кіндік кесіп, белді бекем буғандай.


Ойлағанда туған жерді көңілім езілген,

Жұпар иісті таза ауаны емізген.

Бірге жатсам қойнауыңда арман жоқ,

Орнында тұрса туған ауы, көңіл тоқ.


Раев Мағауия
1939 жылы Қытай халық Республикасында туған, 1962 жылы Қазақстанға ата мекеніне оралған.

Ақын, драматург. Өмірін Семей обылысы, Шұбартау ауданы, Малгелді ауылында еңбек етіп, осы өңірдің әр жеріне, азаматтарына жыр арнаған. Жергілікті композитор Қанат Исағалиевтің әндеріне жазылған «Шұбартау вальсі», «Жаз айы», «Жас шопандарға» т.б өлеңдері аудан, облыс көлемінде халық арасына кең тараған. Өзінің кітабын шығарып үлгермеді. Мақалалары мен өлеңдері аудандық «Жаңа өмір» газетінде жарияланып тұрған.

Мағауияның ұлы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Қайрат Раев 1996 жылы «Сағым ғұмыр» атты әкесінің өлең жыр жинақтарын кітап етіп шағарып, жұртшылық игілігіне жаратты.

Мағауияның апа-жездесі Нұрбану Раева мен Нұрсағат Кемпірбаевтар да осы Малгелдіде атақты, орденді шопан болып еңбек ектен, ел құрметіне бөленген жандар.

Раев Мағауия 1982 жылы Малгелдіде қайтыс болған.
Шұбартау
Сарарқаның жазира бөктерінде,

Бүгінгі Шұбартауды кеп көрдіңбе!?

Жол бойы Шағаладай сәнді үйлермен,

Дала көркі жарасып кеткен мүлде.


Гүденген аумағына қарай беріп,

Нұр еміп, шуақ сүйген арайлы елмін.

Қол жеткен табысыма шаттанамын,

Бес жылдық биігінде талай белдің.


Жерім бар бетегелі гүлге оранған,

Ерім бар, мақтан етер жүлде алған.

Шұғылалы дәуірде өркен жайды,

Сан ғасыр бабаларым қуған арман.


Бақытымның бастауын таптым бірден,

Қойнауым толы қорғасын, алтын іргем.

Бүгінімнен ертеңім салтанатты,

Шұбартаулық қазақпын шалқып жүрген.


Балама
Долы дауыл, қарлы боран алмайтыным,

Мен бармаған биіктерге самғайтұғын.

Сен менің қанатымсың болашаққа,

Арманымды апарып жайғайтұғын.


Өмір жүгін арқалап тартар алға,

Сен менің Қайратымсың шаршағанда.

Меніменен отан егіз ұқсаң балам,

Бақыт үшін күрескейсің барша адамға.



Қажырлы Шопан

(«Алғабас» совхозының аға шопаны Нұрсағат Кемпірбаевқа

арнаймын)
Алысып асау қыспенен,

Бел шешіп аттан түспеген.

Жайланып түстік ішпеген,

Қажырлы қайрат күшпенен.

Өнімді жұмыс істеген,

Қысыңды жеңіп қылталап,

Көктемге жетті Нұрсағат!
Ызғарлы аязға қаратпай,

Қойларын күйлі арытпай.

Боранның қырын дарытпай,

Отарға ық болды алыптай.

Бір қойды шығын берме тек,

Осылай күресті жалықпай,

Сезіммен, төзіммен күн санап,

Көктемге жетті Нұрсағат!


«Директор, управ, мамандар,

Ақылшы азамат адамдар,

Көделі жусанды далам бар.

Жел өтпес таулы панам бар.

Қаһарлы қысыңа қанбасам,

Солардың арқасы жараңдар»!

Дегенде жүзіңнен нұр тарап,

Отарын өргізді Нұрсағат!


Басшы айтты:

«Бақ саған қонады,

Қотанға қозы толады.

Жоспарлы жібек жүн болады,

Етті де жоғары орындап,

Нұрсағат тағы да озады».

Тұрар ек жеңісті қырқаны ап,

Көп болса осындай Нұрсағат.


Шопан ойға шомғанда

(«Алғабас совхозының аға шопаны

Манекин Базартайға

арнаймын»)


«Қойларым менің – даланың сансыз жұлдызы,

Қойларым менің – құрғақтың жүндес құндызы.

Қойларым менің, байлық пен ырыс ұйытқысы,

Көркі осы тауларымның шың-құзы.


Бетті қарып алай-дүлей ақпанда,

Кең далада боран билеп жатқанда.

Ақ жаңбырдай жоталардан ары асып,

Жаңарған ай әлде қашан батқанда.


Келе жатам қойларымды қарайлап,

Ұйтқып соғып тұлан тұтып тұр аймақ.

Алды артыма үңілемін баспалап,

Тың тындаймын ат жалына құлап қап.


Қабырғасы көрінгенде қораның,

Бел шешкендей тыныққандай боламын.

Бораны да батырлыққа баулиды,

Біздің жақтың мынау аппақ даланың.


Мен малшымын, басқа ештеңе тілемен,

Қой арыса, жауар күндей түнерем.

Шүйгін тапсам мерейленіп кетемін,

Көкірегімде күмбірлейді жыр-өлең.


Осалдыққа, енжарлыққа төзер кім,

Табысыңды ауызына алсын кезекшің.

Малың аман өріс теуіп жатқанда,

Ойға шомып отырғанға не жетсін».

Шопан ағай осылай сыр шертеді.

Нұрға толы бүгінінен ертеңі.


Амантайға
Көз алдымда ер жетіп ең,

Абырой – бақ тәжің болып.

Көз алдымда мерт болдың сен,

Бір биікте жазым болып.


Бір ауылдың шырағы едің,

Неге өштің тым ерте.

Бір атаның шырағы едің,

Өмірің болды тым келте.


Ел жұртың жүр еңіреген,

Кең дүние тарылды.

Қалай, қайтып жұбатамыз,

Анам менен жас жарыңды.


Жас сәбиің жұбанар ма,

Алыс сапар шекті десек.

Уақыт емдеп қуанар ма,

Шерге толы бұл көкірек.


Самғап ұшар қанатым ай,

Қоштасуға еттің мәжбүр.

Қатал еді тағдырың ай,

Аза тұтты егіліп күн.


Амантай Баяндин – осы Малкелдінің тумасы, ауылында қой өсіруші комсомол-жастар бригадасында еңбек етіп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған, кейін жоғары білімді мал дәрігері болған, кенеттен жол апатынан қайтыс болған азамат.

Мыңбай Рәш
Мыңбай Рәш – ауылдан шыққан ақындар туралы жазғандарымды осы ағамыздың том-том кітаптары басылып шыққандықтан өзінің жиені ғалым, тарихшы, Малкелдінің тумасы Қасымбаев Жанұзақтың (1941-2004 жж) қазасына арнаған өлеңмен аяқтағанды жөн көрдім.

Еркенің елең еткен ермектерін,

Ғұмырдың татып өскен кермектерін.

Әкенің алақаны түске кірмей,

Тұр менің көз алдымда ер жеткенің.
От басын ойсыратқан тосын жайды,

Білуші ем төккен анаң жасын қайғы.

Армандай күрсініп бір қоюшы едің,

Майданға кеткен әкең Қасымбайды.


Қасымбай қан майданнан оралмады,

Бір сені көру еді бар арманы.

Әкеңді қайсар анаң жоқтатқан жоқ,

Ол барда ешбір бөгет бола алмады.


Ұлт жанды ғұлама боп танылдың сен,

Таланттар тарапынан табылдың сен.

Қазақтың тарихына келген кезде,

Тасқындай буырқана ағылдың сен.


Тап болып оқыс тағдыр қапасына,

Туыстары жоқтау айтқан ботасына.

Шіркін-ай мірт тарихшы Қасымбаев,

Жетпістің шықпай кетті-ау жотасына.


Жә... мен де осыменен тоқталайын,

Бақиға кім озбайды деп қалайын.

Соңына мол мұрасын сыйлап кеткен,

Жанұзақ мәңгі тірі, беу-ағайын.

27.11.2004 жыл.
Сылдырлайды қоңыру үні

(Кеңесқали Ерғали

Боранғалиұлы жас ақын)
Сылдырлайды қоңырау үні бүгінде,

Қобалжу басып, жүрегім дүрсіл қағып бір.

Ақырғы жылмен қоштасып кетіп барамын,

Уақыт та міне, сырғып өтіп кетіпті, білмеппін.


Кеше ғана келіп едік мектепке,

Бүлдіршін едік, қолыма да гүл шоқ.

Ұстаздар менімен танысқан,

Міне, сол бір кездер-ай шіркін табысқан!


Келмеске кетіп барады міне сол күнде,

Он бір жыл өтіп кетіпті білмеппіз.

Жанымда сірә қалғаны маған он бір жылдың,

Ұстаздардың берген білімін ақтасам.


Сенімнен шығып, көңілін шіркін таба алсақ,

Арман жоқ бізде осы күнде.

Дүниені шарлап айналып өтсем де,

Әр ұстаздың сөзі қымбат қашан да.


Жанымда сақтаймын мына өзіңді,

Тірегім менің достарым.

Жүрегімнен өлең бастадым.

Дүрсілдеген жүректе.


Өзіңмен қимастық мынау сезіммен,

Қоштасып кетіп барамыз,

Аяулы мектеп өзіңмен.
Қош, енді, қош бол мектебім!

(Кеңесқали Ерғали Боранғалиұлы жас ақын)
Ең алғаш келген мектепке,

Әлі есімде сол кездер.

Ұстазды көрдім бұл күнде,

Әліппені ұстатқан.


Алғашқы әріп үйреткен,

Шеризатқызы Гүлмира.

Мың алғыс сізге әр қаншан,

Әріптерді үйреткен.


Ұлымын Боранғалидың,

Кеңесқали немересі.

Тараған маған ақындық,

Төлеуғали атамнан.


Ізін қуып қашанда,

Өшірмеймін бүгінде.

Жырымды жырлап өтейін,

Туған жердің төсіне.


Қош, енді қош бол мектебім!

Болашаққа бастап өтермін.

Ұмытпаймын мен бүгін,

Ұшқан ұя мектебім.

Мақтаныш қып өтермін,

Есімжанов мектебін.



Ұстаздар әулеті.
Абай:

«Ұстаздық ұлы құрмет, себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді».

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы жақсы ұстаздан болады».

А.Байтұрсынұлы:

«Мектептің жаны мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп Һәм сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы деген сөзге лайықты ұстаздарының ұлы сенімін ақтағаны».

«Алғабас» орта мектебінен білім алған түлектер осы Малгелді ауылының тумалары, еліміздің астанасы Алматы қаласындағы іргелі жоғары оқу орындарынан Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институты мен Қазақ мемлекеттік университетінен білім алған бүгінде бір-бір шаңырақтың шырағын жаққан ата-ана шәкірт тәрбиелеп шығарған ардақты ұстаздар Собыхантегі, Бірталаевтар әулетінен шыққан ағайынды ұстаздарды құрметпен атауға болады.

1.Бірталаева Майра Нұрланқызы (1945-2004 ж.ж.)

Алматы облысы, Жаркент қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте химия-биология пәнінің мұғалімі болған, ҚР білім беру ісінің үздігі. Ы.Алтынсарин атындағы медалдің иегері.

2.Бірталаева Сауле Нұрланқызы (1950-2004 ж.ж.)

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы Гуманитарлық колледжінде тарих пәнінің жоғары санатты оқытушы болып қызмет атқарған. ҚР білім беру ісінің үздігі «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. ІХ лицей қласстарға арналған Қазақстан тарихы пәнінен авторлық оқу бағдарламасын құрастырған.



3. Бірталаева Бақытжан Нұрланқызы – 1962 жылы туған. Аягөз қаласындағы №6 жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің жоғары санатты мұғалімі. Аудан, облыс, білім басқармасының громоталарымен марапатталған.

4.Бірталаева Салтанат Тілеутайқызы -1962 жылы туған. Т.Есімжанов атындағы жалпы білім беретін орта мектепте КММ-да тарих, құқық пәнінің жоғары санатты мұғалімі. Аудан, облыс, Республикалық көлемінде іс-тәжірибесі таратылған. Өлкетану деректерін тарих сабағында оқыту туралы авторлық бағдарлама құрастырған. Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институты арқылы 9-11 сынып оқушыларына арналған құқық пәнінен терминалогиялық сөздік кітапшасы шығарылған.

5. Бірталаева Үкіжан Нұрланқызы – 1958 жылы туған. Алматы облысы, Жаркент ауданы, Көктал ауылында мектеп лицейдің жоғары санатты мұғалімі. ҚР Білім беру ісінің үздігі.

6. Бірталаев Ерлан Қадырұлы -1965 жылы туған. Мамандығы химик. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық университетінің химия-биология кафедрасында аға оқытушы. Қ.Р. Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

7. Бірталаева Сандуғаш Қадырқызы – 1967 жылы туған. Мамандығы – биолог. Алматы қаласындағы №41 мектепте педагог- социолог қызметін атқарады.

8. Бірталаев Саян Қадырұлы – 1968 жылы туған. Мамандығы дене тәрбиесінің мұғалімі. Алматы қалалық педагог кадрлар біліктілігін жетілдіру және қайта даярлау институты дене тәрбиесі және спорт орталығының жетекшісі, бас маман қызметін атқарады. ҚР Білім және Ғылым министірлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

9. Бірталева Мерует Кәдірбекқызы – 1982 жылы туған. Дарынды балаларға арналған Республикалық физика-математика мектебін, қыздар педагогика университетін үздік бітірген. Тіл маманы. Алматы қаласындағы аралас мектепте қазақ тілі, орыс тілі пәндерінен сабақ береді.

Бірталаевтар әулетіндегі аға-апайларынан үлгі алып, жолын қуған ең жас ұстаз, Республикалық ғылыми практикалық конференцияларға қатысып, бірнеше рет жүлде алған.

Ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин: «Мен қазір жақсы оқушыны дүниедегінің бәрінен де қымбат көремін, халық мектептері үшін ең керектісі де оқытушысы, тамаша педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды» - деп, ұстаздың мектеп арқылы қоғамдағы орнын құрметпен ардақтаған.

Ауылдан шыққан қажылар:


  1. Аққұйрық қажы Мәні ұлы – ХІХ – ғасырдың аяғында қажылыққа барған. Зираты Малкелді ауылында.

  2. Райыс қажы Әлсейтұлы – ХІХ – ғасырдың екінші жартысында қажылыққа барған.

  3. Трайыс қыжы Райысұлы – ХІХ- ғасырдың басында қажылыққа барған. Ұрпақтары Малкелдіде тұрады.

  4. Уақбай қажы Өскенбайұлы – ХІХ – ғасырдың аяғында қажылыққа барған. Зираты Малгелді өзенінің бойында «Орта Қора» деген жерде.

  5. Жұмагелді қажы Мәмбетейұлы – ХІХ – ғасырдың аяғында қажылыққа барған. Қажылық сапарда қайтыс болған, сүйегі теңізде.

  6. Ошақбай қажы Келдібекұлы –ХІХ – ғасырдың басында қажылыққа барған.

  7. Шоманов Тұрсынхан қажы – 2007 жылы қажылыққа барған. Семей қаласы, Шахаман ауылында тұрады.

  8. Атығаев Қайырбек қажы – 2004 жылы қажылыққа барған. Алматы қаласында тұрады.

  9. Тәуірбаева Светлана қажы Жұматайқызы – 2012 жылы қажылыққа барған. Малгелді ауылында тұрады.

  10. Мақанбаев Кәрімғали қажы – 2010 жылы қажылыққа бараған. Алматы қаласында тұрады.

  11. Шойынбай қажы Мүсірепұлы – ХІХ – ғасырдың соңында қажылыққа барған.

  12. Ұлы қажы Ермекұлы Шрайымбеков – 2010 жылы қажылыққа барған. Семей қаласында тұрады.


Сейітқали қызы Зубайда
1951 жылы туған. Зубайданың үлкен әкесі Керей – Нұралы – Әлдеке мен Молдеке бірге туысады. Совет заманында Сейітқали Молдеке ұлы оқу оқып, қызмет істеп Семейден Қызылорда, Қарақалпақстанда өмір сүреді. Сол кеткеннен Семейге Шұбартауға оралмай, Ұлы Отан соғысында және Жапон соғысына қатынасып, 1946 жылы елге оралған. Үйленіп, бала-шағалы болып, Қызылорданың Тамды ауданында өмір сүрген.

Сейітқали қыздары Клара мен Зубайда және Асхат Хамидоллаұлы үшеуі 50 жылда 2013 ж. Шұбартауға Малкелдіге келіп, Әділ мен Мүзән, Қалдыбек пен Гүнар туыстары мен қауышып, ата бабаларына құран оқытып қайтып еді, Мүзән мен Гүлнардың анасы Мүштәри Сейітқали мен бірге туысады. Клара – адам дәрігері, Алматыда. Зубайда – ақын, Астанада тұрады. Ата қонысын сағынып келген ақын қарындасымыздың жүрекжарды өлеңін және Ақай қызы Нұрзияның өлеңін беріп отырмын.


Алғабастағы бауырыма
Алғабаста жасайтұғын бауырларым,

Шалғай екен ауданнан ауылдарың.

Аңсап біздер, келдік ата-жұрттағы.

Білгеннен соң туған-туыс жұрт барын.


Молдекенің қызы болған Мүштәриі,

Ізінен ерген іні жалғыз- Сейітқалиі.

Айырылуға тура келген бір кезде,

Аударылған заман болып, сан қилы.


Әкем туған Алғабастың топырағы,

Шет жүрсек те, тәтем мұнда отырады.

Мүзәнтайын ержеттіріп, ұзатып,

Тойын көру бауырыма бұйырмапты.


Сол тәтешім Әділімен қосылған,

Отау құрып, бала сүйген ұл-қыздан.

Келін алып, қыз ұзатып екеуі,

Немерелер сүйген екен үлгілі.


Ырсалды мен Жақсыбек,

Мүштәри мен Толепбек.

Мүзәнтай мен Гүлнәрім,

Мәпелепті, екі үйі бөлмепті.


Айрылған соң ата-анадан екеуі,

Паналапты аға тұтып, аналары тәтесі.

Санақия, Нұрзамия- текті тәтелері,

Мейірімді екен, бауырмал көкелері.


Жігіттің сұлтанындай жезделері,

Қадыр-Әділ ұйқасып, кез келгені.

Пана болып, қыздарға-ізіндегі,

Адал ниет, тасып тұр- жүзіндегі.

Қалдыбек пен Қымбат – Серікжан күйеулері,

Жақсылықпен қайын жұртқа сүйеулер.

Жұпар-Гүлнар, Анар-Динар қыздары,

Алақанға салып- сыйлап мәпелер.


Тәтешімнің көрдім міне – Ордасын,

Есіл мен Ләйләні Алла қолдасын.

Қабыл, Асыл, Ақыл немересі сау болсын,

Қызда туып, келін ұрпақ жалғасын.


Елу жылда жолықтық- ау сағынып,

Қалды деймін, алтын көпір – салынып.

Біздер келдік жолдар енді ашылып,

Әділ жезде, жүр тәтемді біздің елге апарып.


Дәм бұйырып, елу жылда көрістік,

Өтті өмір, қызық-қиын күн кештік.

Бауыр жолы өзгеше бір- үндестік,

Сағынышпен жүрек сыздап – кездестік.



Қош келдіңіз, бауырларым
Қадамдарың құтты болсын туыстарым,

Бір тұтас өқпе, жүрек бауырларым.

Бәрімізді қуанышпен табыстырған,

Асхатжан мен бір Аллаға ризамын.


Жүрегім жарылардай кімді іздейді?

Бахи болған Әділжан келсе дейді.

Шіркін-ай, ондай күндер қайда маған,

Пейіштен орын, Жәннәт болғай жаның.


Туыс-туған Мүзәнің мен Әділің,

Ас беріп батасын алды, Қорық ауылының.

Қол жайып, дұға оқыды балаларың,

Риза болсын рухы бабалардың.


«Алланың нұры жаусын» - деген,

Елден жақсы бата алып.

Ризашылық білдіріп бүкіл халық,

Аман-есен жүрсінші ұрпақтарың.


Мүштәриге ұқсаған – Кларашым,

Түсірді еске апамның түр-тұлғасын.

Сары алтындай жарқырап – Зубайдашым,

Өлең жазып, сыр шертті –Бауырласым.


Ақ баталар періштенің құлағына шалынсын,

Аруақ қолдап, Алла өзі қорғасын.

Аман жетіп ауылына бауырлар,

Қыдыр ата болсын деймін жолдасың!


Малкелді ауылы, Ақай қызы Нұрзәмия

08.05.2013 жыл

Ел ардақтылары мен ауыл атақтылары
1.Байғотан би: - (Бабаң) Аманбайұлы руы Жастабан Керей-Бегімбет - Қосай Рысбетек – Майемер – Аманбай.

Байғотан би ел ішінде Бабаң аталып кеткен қасиетті, көріпкел, әулие, шешен адам. Бекназар – Қосай еліне Жобалай – Томан билерден кейін билігін жүргізген атақты би, ел басқарған адам. Бабаңнан Мыңжасар деген жалғыз ұл туады. Мыңжасардан: Қуандық, Нүрбай, Сыбанбай атты үш ұл туады. Бабаңның осы үш немерелерінен өсіп-өнген ұрпақтары Қазақстанның түпір-түпкірінде, соны ішінде Семей, Шұбартау өңірін мекендейді.

Бабаң айтыпты деген ұлағатты сөздер ел аузында көп сақталған.

Өз руының жерін:

«Теріскейім – Шыңғыстау,

Күңгейім – Көкше теңіз.

Шығысымда – Ақшатау,

Батысымда – Көкшетау» деп, шекарасын жер аттарымен белгілеген.

Орыс деректерінде патшаға жазылған марапаттау туралы қағаздарына Байғотан Аманбай ұлы 1770-1865 жж. аралығында өмір сүрген деп көрсетілген. Күмбез зираты Малкелдіде 1998 жылы жаңартылған.



2.Байқұда балуан: Байқұда Өстеке ұлы –Керей – Жастабан-Бегімбет-Қосайдан тарайтын Байназар табынан шыққан атақты балуан, алып күш иесі болған адам.

Аңыз бойынша Байқұда су ішемін деп үлкен апан құдыққа түсіп кеткен түйені шығарған күш иесі.

Енді бір ел аузындағы әңгімеде Ұлы Абай Байқұданы Керей елінен алғызып, Семей қаласындағы шет елден келген цирк балуанымен күрестіреді. Екі жақ балуандары бірін-бірі жазым етсе де құн дауламайтын болып келіседі.

Байқұданы цирк балуаны ә дегенде – ақ құлақ шекеден ұрып жіберіпті. Басы айналып, құлағы шыңылдап, құлауға шақ қалып барып, тез есін жинап, аруақ шақырып, қарсыласына тап беріп, жамбасқа ала, екі аяғын көктен келтіре алып ұрып, кеудесіне міне кетіпті. Қызына айғайлаған көптің ішінен Абай: - Әй, Байқұда! Кеңірдегін суырып ал, құны төленген – деп айқайлаған екен. Байқұда астындағы мініп жүрген айғырын, жолбарыс жарып кеткен өгізді де арқалап көтеріп әкеліпті. Жолбарысты да өлтіріпті.

Байқұда Өстекеұлы 1868-1929 ж.ж. өмір сүрген. Зираты Балхаш көлінің теріскейіндегі «Майқамыс» деген жерде. Байқұда көтерген тас та сонда.

3. Ахметжан балуан: Ахметжан Домбайұлы – 1890 жылы Семей губерниясы, Қарқаралы ауданы, Дағанды болысында туған.

Жас күнінде Қоянды жәрменкесінде, 1922 жылы керей Демесін байдың баласының асында күреске түсіп жүлде алған балуан адам.

1930 жылдардан бастап Семей облысы, Шұбартау ауданы, Малкелді ауылында колхозшы, кеңшарда шопан болып еңбек еткен.

1962 жылы Малкелдіде қайтыс болған. Ұрпақтары Шұбартауда, Балхашта тұрады.



4.Омар Каймолдин: 1903 жылы (құжат бойынша 1910 ж.) Семей губерниясы, Қарқаралы дуаны, Дағанды болысында туған. 1918 жылы Семей қаласындағы бастауыш приходская мектебінде, 4 жыл педтехникумында оқыған. 1927 жылы КазПИ-дің толық курсын тәмәмдаған. 1933 жылы Алматыда Ғылыми-зерттеу институтын ашып, өзі басшылық еткен. 1934 жылдан қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы 10 жылға, 1949 жылы тағы да жалған жаламен 10 жылға бас бостандығынан айрылды.

1956 жылы ақталып қамаудан босайды. Сол жылы Алматыға келіп Мұқыр ауданында орта мектепке мұғалім болып орналасады. Осы жерден Қаныш Сатпаев оны Алматыға шақыртып алып химия ғылыми-зерттеу институтына орналастырады.

Каймолдин Омар – КСРО, Қазақ ССР-нің көптеген медальдарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталып, бірнеше құрметті ғылыми атақтардың иегері болды. КСРО-ның озат мәдинет қызметкері, Каз.ССР-нің оқу ағарту ісінің үздігі. Академик ғалым. Өмірінің соңғы жылдарын Аламтыдағы Ұлт аспаптары музейінде істеген. 2011 жылы Алматыда қайтыс болды.

4.Тілеш Шойынбаев: Шойынбаев Тлеуқажы Жанайұлы (1907-1999) Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Дағанды болысында 10 ауылында туған. 1923-1926 жылдары балалар үйінде тәрбиеленіп, 1927 жылы Семей педтехникумына түсіп, 1931 жылы тәмәмдаған. Шұбартауға оралып, аудандық кеңестің хатшысы болған.

1931-1932 ж.ж. Алматы қаласында өлкелік комсомол комитетінің хатшысы болған. 1932-1933 ж.ж. Ташкентте Орта Азиялық жоғары оқу орнында оқыған, 1934-1935 ж.ж. «Нарком-Земде» секретариат меңгерушісі болған.

1939 жылы Алматы мұғалімдер институтын тәмәмдаған. 1941-1944 ж.ж. балық шаруашылығында бөлім бастығы, оған қосымша Абай атындағы КазПИ-де оқытушы болған. ҚазПИ-дің тарих факультетін бітірген, 1946 жылдан Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих ғылыми зерттеу институтында 20 жыл ғылыми хатшы, бөлім бастығы, директордың орынбасары. 1966-1994 ж.ж. Абай атындағы КазПИ-де кафедра меңгерушісі қызметін атқарған.

1947 жылы кандидаттық дисертация, 1961 жылы докторлық дисертация қорғаған.



6.Кәрім Ыбыраев: 1910 жылы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Дағанды болысында туған. Ауыл молдасынан сауат ашқан. 1928-1930 жылдары Ленинград қаласында университетінің шығыс факультетінде оқып жүргенде байдың баласы деп оқудан шеттетілген. 1931 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің Медицина факультетіне түсіп, 1936 жылы Алматы дәрігерлер институтының емдеу бөлімін тәмәмдаған.

Солтүстік Қазақстан облысының Қызыл Ту ауданында дәрігер болып, дәрігерлік пункт аурухана ашады, сол аурухананың бас дәрігері болады. 1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында болып, Москва, Сталинград майдандарына, Польшаны азат етуге қатысып, Ұлы Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған. 1947 жылдары Венада, Монғолияда болып, елге оралған. Медицина қызметінің подполковнигі, 1947 жылы Алматы мединститутында ассисант, 1961 жылы кандидаттық дисертация қоғаған, 1963 жылдан доцент «Қызыл жұлдыз», «Қызыл ту» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. 1980 жылы 23-қаңтарда қайтыс болған. Алматыда жерленген.



7.Айтқазы Серғазин: 1918 жылы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Дағанды болысы, 10 – ауылда туған.

Қазақ совет радиологі, медицина ғылымының докторы (1967 ж.), профессор (1968 ж.).

1942 жылы Алматы медицина институтын бітірген. Ол Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін Алматы облысы Балхаш, Шле, Қаратал аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарған. 1961 жылы Алматы Медицина институтының рентгенология және радиологтар ғылыми қоғамы төрағасының орынбасары болған. «Қызыл жұлдыз» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. 1980 жылы Алматы қаласында қайтыс болған. Ұрпақтары Алматыда тұрады.

8.Қадылжан Қаймолдин: 1919 жылы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Дағанды болысында туған. 1935-1937 ж.ж. Алматы теміржол техникумында оқып, 1941 жылы Алматыдағы Қазақтың Мемлекеттік Университетінің физика-математика факультетін тәмәмдап, еңбек жолын Алматының обылыстық партия комитетінде бастады. 1941-1945 жж Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1947 жылы Алматы облыстық білім беру басқармасында басшылық етеді, көп жылдар партия-кеңес органдарында лауазымды қызыметтер атқарған.

1953 жылы мамандығы бойынша Қазақ политехникалық институтына кіші ғылыми қызметкер болып тағайындалып, сегіз жыл жоғары математика кафедрасының меңгерушісі болған. 1961 жылы ғылыми кандидаты диссертациясын қорғап, ғылым кандидаты атағын алған. Доцент. Қаймолдин Кадылжан 1992 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.

9.Қашымәшім ұста: Қашымәшім Тобықты ұлы – 1879-1952 жылдары өмір сүрген. Бекназар Қосайға белгілі ұста, шебер, зергер адам.

Қашымәшім насыбай шақшасы Әбдірәсіл серіде болған, Серкенің мүйізінен жасалып, күміспен өрнектелген бұл шақшаның бір бетінде түнгі аспан көріністері ай, жеті қарақшы және үркер суеттеліп, екінші бетінде «Әбдірәсілге Қашымәшімнен» және «Көрсе қызарға берілмесін» - деген сөздер күміспен ойылып жазылған.

Мұхтар Мағауин «Шамышқала Бердіқожа батыр» - деген мақаласында. («Жұлдыз» №10. 2000 ж.).

Қашымәшім осы елдегі атақты, зергер - ұста, атын атамай, дархан дейтін яғни, ұсталардың ұстасы, шеберлердің шебері, ғаламат әңгімешіл, тұнған шежіре - деп жазады.

Қашымәшім Қосай Майемер аталығынан, ұрпақтары Қазақстанда, Шұбартауда тұрады.

1952 жылы Малгелдіде қайтыс болған, зираты сол жерде.

Туып өскен жері- қазіргі ШҚО Аягөз ауданы, Шұбартау өңірі, Малкелді ауылы.

10.Дармырза ұста: Дармырза Тілеуберді ұлы 1879 жылы туып, 1961 жылы өзінің туған жерінде Семей облысы, Шұбартау ауданы, Баршатаста қайтыс болған.

Руы – Жастанбай Керей – Бекназар – Құдайберді – Майбасар – Матақ табынан шыққан атақы ұста, зергер, сөзге шешен адам болған. Советтік қызыл саясаттың кесірінен 25 жылға «халық жауы» болып сотталып, оның 2 жылы 8 айын айдауда болып, елге оралған. Дармырза айтыпты деген сөздер халық арасында тарап кеткен. Совет заманында «өтірік айта алмайтындар бір ауыз шындыққа – екі ауыз өтірік қосып ырбитып жібергенше, екі ауыз шындықа – бір ауыз өтірік қосып жылмитып жібермей ме» - депті.

Дармырза жасаған күміс ертоқым, сүйектен ойға ағаш төсек, т.б. бұйымдар мен зергерлік заттар Алматы, Семей, қалаларының мұражайларында болған. Кейбір бұйымдары ұрпақтарында сақталған.

Зираты Баршатаста «Дармырза» аталып кеткен бұрынғы аты «Қос арал» деген жерде. Ұрпақтары: ұлы Дүкенбай мен немересі Балтабек Малкелді ауылында орта мектепті ұзақ жылдар басқарған ұстаз-мұғалімдер.



11. Атығай ұста: Атығай Байжомарт ұлы – 1892 жылы Бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы дуаны, Дағанды болысында туған. Атақты ұста, өте шебер зергер адам болған. Атығай ұста – керей Жастабанның Қосай аталығының Маймер табынан шыққан күйщі сызбызғышы және осы музыка аспаптарын өзі жасайтын шебер. Атығай ұста жасаған зергерлік бұйымдар мен заттар Алматы мен Семей қалаларының музейлерінде сақталған.

Атығай ұрпақтары: балалары Қайырбек пен Әділбек те дарынды шебер адамдар. Қайырбек – жоғары білімді құрылысшы инженер, Шұбартаудағы Жобалай би, Байғотан би, Нұралы батыр мазарларының жобасын жасап, салдырып ат салысқан азамат.

Әділбек – композитор, ұстаз, дарынды күйші.

Атығай немерелері: Қайырбек ұлы Базарбек филология ғылымдарының кандидаты. Әділбек ұлы Нұрлан – тарих ғылымдарының кандидаты.

Атығай ұста 1991 жылы қайтыс болған, ғасыр жасаған адам. Керей – Қосайдан шыққан Байжігіт күйшінің отызға тарта күйін музыка зерттеушілеріне жазғызып, кейінгі ұрпаққа жеткізуші адам.

12.Әкімжан Мақанбаев: 1889 жылы Семей губерниясы, Қарқаралы дуаны, Дағанды болысында туған. Жастайынан еңбекке араласып, ұйымдастыру қабілеті өте жоғары, еңбекқор азамат болған.

Совет үкіметі орнаған жылдары 1930-1937 жж аралығындағы алғашқы мойын серік, артель және колхоз шарушылығын ұйымдастыруда туған жері Шұбартаудағы Малкелдіде белсенді қызмет атқарған, алғашқы колхоз басшыларының бірі.

Советтік қызыл саясаттың иелерінен 1937-1938 ж.ж. репресияға ұшырап, атылып кеткен. Малкелді ауылында Арпабай, Бекболсын және Құлықбай қораларының ортасында «Әкімжан өзегі» деген жер бар. Ұрпақ қалмаған, жерленген жері белгісіз.

13.Шәйкен Кәріпбаев: 1907 жылы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Дағанды болысында туған. Совет заманында 1930-1940 жылдары Семей облысы, Шұбартау ауданы «Алғабас» колхозында еңбек еткен, мүше болған.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда әскер қатарына алынып, майдандарда соғысқа қатынасып, жараланып елге оралған.

1945-1995 жылдары «Алғабас» колхозында басқарма бастығы болып, ауыл шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосқан азамат.

Майдандағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбектері бағаланып 2- дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Қазақ ССР-і, облыстық, аудандық, партия-кеңес органдарының Құрмет грамоталарымен, мақтау қағаздарымен марапатталған.

Шәйкен ақсақал ұрпақ өсірген, елге үлгі болған адам.

1987 жылы Малкелдіде қайтыс болған. Ұрпақатры Қазақстанның түкпір-түкпірінде және Шұбартауда тұрады.



14.Блок Шәйкенов: 1940 жылы Семей облысы, Шұбартау ауданы, Малкелді ауылында туған. 1957 жылы Баршатастағы орта мектепті күміс медальмен бітірген. 1962 жылы Семейдің зоотехникалық – мал дәрігерлік институтын тәмәмдаған. Еңбек жолын ШҚО Ұлан ауданының «Қара өзек» совхозында бас маман болып бастаған. 1964 жылы Семей зоотехникалық – мал дәрігерлік институтына ассистент болып, сол жылы Қазақстан Ғылым Академиясының «зоология» ғылыми-зерттеу институтына аспирантураға түсіп, осы институтта кіші, аға жетекші ғылыми қызметкер міндеттерін атқараған.

1995 жылдан осы уақытқа дейін со институтың лаборатория меңгерушісі.

1969 жылы биология ғылымдарының кандидаты, 1995 жылы докторлық ғылыми атағын қорғаған. Паразитология және биология саласы бойынша 120 ғылыми еңбектері, 3 монографиясы жарық көрген. Бұл еңбектері шетелдерде басылған.

Қазіргі кезде АҚШ, Англия, Ирландия, Түркия, Швейцария, Дания, Жапония, Қытай ғалымдарымен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуде. Шайкенов Блок адамға қауіпті биологиялық аурулардың Қазақстандағы бірден бір маманы, Алматы қаласында тұрады.



15.Нұрзия Кәріпбаева: Кәріпбаева Нұрзия Шәйкен қызы – 1941 жылы Малкелді ауылында туған. Орта мектепті бітірген соң Семей педагогикалық инстутын тәмәмдаған. Биолгия ғылымдарының кандидаты. Семей қаласының жоғарғы оқу орындарында ұстаздық қызмет істеген. Семей қаласында тұрады.

16.Жанұзақ Қасымбаев: Семей облысы, Шұбартау ауданы, Баршатас ауылында 1941 жылы туған. 1959 жылы Баршатастағы орта мектепті бітірген. Семей қаласындағы музыка училишесін оқып бітірген соң Алматы қаласындағы Ұлттық университетінің тарих факултетіне түсіп, (1961-1965 ж.ж.) оқып бітірген.

1965-1967 ж.ж. Талғар қаласындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болды. 1967 жылы Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы пединститутына оқытушы болып орналасып, өмірінің соңына дейін қызмет істеді, аға оқытушы, доцент (1973 ж.) профессор (1984 ж.) кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Тарих ғылымының кандидаты – 1970 ж., тарих ғылымының докторы – 1983 ж. атақтарын қорғаған.

Екі ғылым докторы, 32 ғылым кандидатын дайындап шығарған. 468 еңбегі баспасөзде жарық көрген, ізденіс үстіндегі зерттеуші - ғалым.

1990 жылы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкері» құрметті атағы берілсе, 1999 жылы «Парасат» орденімен марапатталған. 2004 жылы Алматыда қайтыс болған.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   49




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет