Нүкте, үтір, қос нүкте, сұрақ белгісі, леп белгісі



Дата26.08.2017
өлшемі281,63 Kb.
түріСабақ
Тақырыбы:

Тема: Нүкте, үтір, қос нүкте, сұрақ белгісі, леп белгісі

Сабақтың мақсаты:

Цель занятия:

Білімділік: студенттердің   тыныс белгілері туралы  түсінігін кеңейту, теориялық білімдерін практикамен ұштастыру.

Дамытушылық: ізденімпаздық қасиетін қалыптастыру, шығармашылыққа баулу, тіл байлығын жетілдіру.

Тәрбиелік: студенттерді адамгершілікке, ізеттілікке, әдептіліке, шапшаңдыққа тәрбиелеу

Күтілетін нәтижесі: пунктуация тақырыбын қаншалықты меңгергендігін байқай отырып, білім сапасын жетілдіру.

Түйінді идея: Тыныс белгілерін жетік меңгерудің студенттердің білім деңгейінің артуына тигізер әсері мол.

Негізгі ұғымдар:

Основные понятия: нүкте, үтір, қос нүкте, сұрақ белгісі, леп белгісі

Сабақтың әдістемелік жағынан қамтамасыз етілуі:

Методическое обеспечение: кестелер, постер, қима қағаздар, аудиожазба

Сабақтың типі:

Тип занятия: жаңа сабақты меңгерту

Сабақтың әдіс-тәсілдері:

Методы и приемы: сұрақ-жауап, түсіндіру, баяндау, талдау, СТО технологиясының элементтері («домино» ойыны, «иә, жоқ» әдісі т.б.)
Сабақ жоспары:

План занятия:

I. Ұйымдастыру кезеңі

Организационный момент.

Амандасу


Студенттер назарын сабаққа аудару

Әр топтан бір студент өз жылы лебізін білдіреді.



II. Студенттердің білімдерін тексеру

Проверка знаний студентов.

Студенттер арасында психологиялық  ахуал туғызу

Топты 3-ке бөлу. Студенттерге ? белгісі, ! белгісі,  .  нүкте белгісі бар қағаздар таратылады. Студенттер әр тыныс белгісін таңдай отырып, үш топқа бөлу.

Психологиялық анықтама:

  Сұрақ белгісін таңдаған студенттер алдына мақсат қоймас бұрын бұл әрекетімнің нәтижесі қаншалықты жетістікті болады деген сұрақты өзіне жиі қояды. Бастаған ісінің нәтижелі болған, болмағанына қарамастан соңына дейін жеткізуге тырысады.

  Леп белгісін таңдаған студенттер өз істеріне мейлінше сенімді, қызуқанды, сонымен қатар, алдына қойған мақсатқа қол жеткізе білетін жандар.

  Нүктені таңдаған студенттер сабырлы, өзгенің ойын тыңдай отырып, өзін де тыңдата біледі. Бастаған жұмысы көбіне жетістікті болады.

«Домино» ойыны

Шарты: берілген сөздерден сөйлем құрау

Тіл білімінде, жазуға, жүйесі, шартты белгілер, тән, пунктуация



Пунктуация - тіл білімінде жазуға тән шартты белгілер жүйесі.
III. Жаңа материалды оқыту

Изучение нового материала.

- Балалар, ендеше бүгін біз қандай мәселелерді қарастырамыз?

- Тыныс белгілері.

- Дұрыс. Ендеше, бүгінгі тақырып: «Нүкте, үтір, қос нүкте, сұрақ белгісі, леп белгісі»



- Жаңа сабақты біз үш тоқа бөлініп, меңгереміз. Ендеше, топтардың дәріс бойынша тапсырмалары
І топ. 1. Пунктуацияның қолданылу тарихына шолу жасап, кластер құрайды.

ІІ топ. 2. Тыныс белгінің түрлері және оларды дұрыс қолдана білуіне постер жасайды.

ІІІ топ. 3. Пунктуация ережелері туралы кесте жасайды.
Дәріс жоспары:

1. Пунктуацияның қолданылу тарихы

2. Тыныс белгінің түрлері және оларды дұрыс қолдана білуі

3. Пунктуация ережелері

1. Пунктуацияның қолданылу тарихы

Пунктуация жазуда қолданылатын тыныс белгілерінің құрамын атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналарын және оларды қолдану ережелерін зерттейді. Пунктуация – латынның «пунктум» деген сөзінен алынған. Пунктумның мағынасы – нүкте. Қазіргі уақытта пунктуация тіл білімінің тыныс белгілері туралы, оларды қолдану ережелері ілім деген мағынаны білдіреді. Тіл дыбыстарының таңбалары сияқты, тыныс белгілері де графикалық шартты белгі болып табылады. Бірақ шартты белгі болғандарымен, атқаратын қызметтері жағынан да, қолданылатын орындары жағынан да бұл – екі бөлек категория. Әріп сөздің және оның формасының жеке дыбыстарын таңбалайды. Сондықтан ол - сөздің бір бөлшегі, жеке бір элементі болып есептеледі, де лексика мен морфологияға байланысты болады, яғни әрбір жеке сөзде қолданылады. Ал тыныс белгісі олай емес. Ол жеке дыбыс түгіл, тұтас сөзбен де беруге болмайтын күрделі ұғымды білдіреді. Мағыналарының күрделілігі жағынан алғанда, тыныс белгілері жазу тілінің көнерек заманында қолданылған пиктографиялық немесе идеографиялық белгілер тәріздес. Қолдану орны жағынан алғанда, тыныс белгілері, әріп сияқты, сөзде емес, сөйлеуде, сөйлемде қолданылады. Сөйлеудің, сөйлемнің қандай бөлшектерден құралғандығын, оларды қандай ырғақпен, қандай мәнермен, қандай сазбен оқу керектігін, қай жерде үзіліс, қай жерде кідіріс барлығын байқату қызметін атқарады. Сондықтан пунктуация сөйлеуге, сөйлемге, яғни синтаксиске, байланысты қолданылатын категория болып табылады.

Пунктуация, емле сияқты, дұрыс жазудың, жазылғанды дұрыс оқып, дұрыс түсінудің құралы. Пунктуация жазылған мәтіннің мазмұнын, негізгі ойды дұрыс түсінуге, оны мәнерлеп оқуға мүмкіндік жасайды. «Пунктуацияның негізгі қызметі – сөйлемді жазуда ойды беруге қатысты бөліктерге бөлуді нұсқау», - дейді Сергей Ивановия Абакумов. Яғни пунктуация тілдің басқа элементтері сияқты жазуда ойды дұрыс беруге қызмет етеді. Пунктуацияны игеру – адамның сауаттылық мәдениетін арттырады.

Пунктуация – адамдар арасында қатынас құралы қызметін атқаратын жазу тілінің маңызды бір саласы. Сондықтан жалпы тіл, қала берді жазу тілі сияқты, пунктуация да жалпы халықтық болып табылады. Оны қолдануда болсын, оқып тануда болсын жалпы халық таныған заң, ережелер басшылыққа алынуға тиіс. Егер ол жазу практикасында орныққан, көпшілікке танылған заң, ережелерге сай болмай, теріс қолданылса, оқуды, түсінуді жеңілдету былай тұрсын, қайта оны қиындатады, теріс ұғымның, теріс түсініктің тууына себепші болады. Жазғанды, айтқан ойды басқалар қалай қабылдайды дегенді әр уақытта естен шығармаған жөн. Сөздерді дұрыс орналастырып айтпасақ, тыныс белгілерімен дұрыс бөліп жазбасақ, айтайын деген ойың теріс беріледі.



Алғашқыда тыныс белгілері жазылған пікірді әр түрлі мәнді бөлшектерге бөліп тұру функциясында ғана қолданылған. Сонымен бірге, олар түр-тұрпаты жағынан да, қызметі жағынан да қазіргі тыныс белгілерінен өзгеше болған. Орыс тілі пунктуациясын зерттеген ғалымдар орыс тілінің қолжазба түрінде сақталған ертеректегі жазу нұсқаларында сөйлеудің әрбір мағыналы бөлшектерінен кейін, көбінесе жеке сөздерден кейін, нүкте немесе бірнеше нүктеден құралған ромбик, қос нүкте тәріздес түрлі белгілердің қойылғандықтарын және олардың өздері де белгілі бір заңға, ережеге негізделмей, еркін қолданылатындықтарын айтады. Дәл осы тәріздес жағдай түркі тілдерінің көне замандардан қалған жазу ескерткіштерінде де кездеседі.

Біздің жыл санауымыздың V-VІІ ғасырлары шамасында жазылып сақталған Орхон-Енисей жазулары деп аталатын ескерткіштердің кейбіреулерінде әр сөзден кейін қос нүкте тәрізді белгі қойылса, кейбіреулерінен кейін төрт нүктеден құралған ромбик тәрізді белгі қойылып отырған. Ал араб әрпімен жазылып сақталған ертеректегі қиссаларда, дастандарда өлең жолдары арасына қойылған, тіліміздегі қазіргі графикалық белгілердің бірде-біріне ұқсамайтын түрлі белгілер кездеседі. Бұл жағдайлар тыныс белгілерінің бастапқы функциясы сөйлеуді тек әр түрлі мәнді бөлшектерге бөлу ғана болғандығын, бөлуші белгілердің түр-тұрпат жағынан қазіргі белгілерден өзгеше болғандығын байқатады. Қазіргі заманда тілдерде кездесетін тыныс белгілеріне тән тағы бір қасиет – олардың интернационалдығы. Тыныс белгілері түр-тұрпаты жағынан да, мағыналары мен функциялары жағынан да тілдердің басым көпшілігінде біркелкі болып келеді.



Қазақ тілінің пунктуациясы кенжелеп туып, кеш дамыды. Октябрь революциясына дейін белгілі бір жүйеге келтірілген, көпшілікке танылған пунктуациялық заң, ережелер болған жоқ. Ол уақыт үшін пунктуациялық ережелердің болмауының өзі де табиғи нәрсе еді. Өйткені тыныс белгісі баспасөз үшін керек. Ал пунктуацияның тууына, оның дамуына ең бірінші қажеттілік болып табылатын баспасөз Қазақстанда тек совет дәуірінде ғана етек алып дами алды. Респуликамызда баспасөздің дамуы, оның бүкіл халық илігіне айналып, жазу мәдениетінің, сауаттылықтың шешуші бір саласы болып табылатын пунктуация мәселесін ғылыми негізде қалыптастырып реттеу міндетін қойды. Қазақ тілінің қазіргі графикасында, баспасөз тәжірибесінде ғылыми негізде қалыптасып орныққан, тұрақты жүйеге келтірілген әрқайсысының қолданылатын орындары, атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналары айқындалған тыныс белгілері бар. Құрамы, атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналары жағынан қаза тілі графикасындағы тыныс белгілерінің басқа тілдерде қолданылатын тыныс белгілерінен ешқандай өзгешелігі жоқ. Яғни тыныс белгілеріне тән интернационалдық қасиет қазақ тілі графикасында да берік сақталған. Қазақ тілінің пунктуациялық жүйесі мен негіздері орыс тілінің пунктуациялық үлгілерін басшылыққа алу арқылы қалыптасты. Орыс пунктуациясының жалпы теориялық жағынан танылуы ертеден басталды. Жазуларында ешбір тыныс белгісінің қолданбайтын халық та бар дей келіп, Лука Никифорович Харитонов оған қытай, араб, монғол тілдерін жатқызған. Жазуда тыныс белгілерінің алғашқы элементтері болмаса, қалыптасқан таңбалар жүйесі де, оларды қолдану заңдары да болмаған еді. Түркі тілдерінің бұрынғы ерекшеліктерінде тыныс белгісі таңбасының алғашқы элементтері кездеседі. Ол кездегі бар белгілер көбінесе тыныс белгісі қызметінен гөрі бір сөзді екінші сөзден айыру қызметін атқарған. Қазақ тілінде шыққан алғашқы баспасөзіміздің бірі «Дала уалаяты» газетінің (1888-1902) тұңғыш шыға бастаған жылдарындағы нөмірлерінде де тыныс белгілерінің ешқайсысы қойылмайды. Кейде ұзақ күрделі ой немесе бір күрделі пікір біткенін білдіру үшін, екінші ой жаңа жолдан басталып жазылды. Бірақ ол абзацтар сөйлемдерді бір-бірінен ажыратуға себін аз тигізді. Тыныс белгілері қолданылмағандықтан, бас әріп болмағандықтан кейбір жазылған жолдарды ұғу, түсіну өте қиындық келтірді. Бертін келе, 1894 жылдан бастап, газет кейбір сөйлемдердің жігін ажыратуға әредік сызықша (-), әр түрлі жұлдызшалар (*) сияқты шартты таңбаларды қолданады. Ондай жұлдызшалар сөйлемнің біткенін, дауыс үзілісін білдіретін тыныстық белгілер болғанға ұқсайды. Пікіріміз дәлелді болу үшін, газеттен үзінді келтірейік: «Байан ауылдық қазақ орыслары қазақлардың үстінан көб арыз бирады бізлерді қазақлар қағыб соғыб күн көрсатбайды диб – бұлармин сөйласіб китсак қазақлар ұры қазақлар залым қазақлар атұрдағыштар диб айта бастайды* бұған қарағанда қазақ мин қазақ орыслар бірүн бірі күндиб жау боб жатыр диб ойлауға болады оларда рас айтсақ мұндай нарсе болмаса керек* біз қазақлар қазақ орысларды жик көрмайміз жаңғызақ біздир өтірук жаладан ақтануға үмит итіб ойлаймыз ақ іс барча іслардан жоғары болса керек ғой диб* арамызда жаман айыбсыз адам жоқ диб таңбаймыз». Жалпы әрбір тыныс белгісінің өзінің қолданылу, пайда болу тарихы бар.

Дүниежүзінде тұңғыш рет үтір белгісі (кіші тыныс белгісі) кітап бетінде XV ғасыр мен XVI ғасырдың арасында пайда болды. Оны алғаш рет кітапқа енгізген венецияның атақты баспаханашысы Альт Мануций еді. Бұл уақытқа дейін кітаптарды тек қана екі тыныс белгісі – нүкте мен қос нүкте ғана қойылады екен. Кітап соңына мазмұн жазуды да алғаш енгізген Мануций еді. Ол сонымен бірге кітаптың ірі әріппен терілген алғашқы бетін кітап дүкенінің маңдайшасына іліп қояды екен. Бұл дүние жүзіндегі алғашқы кітап жарнамасы еді».

Профессор Сергей Ефимович Маловтың айтуынша, түріктердің Енисей жазуында қос нүкте – нүкте және тыныс белгісі есебінде жұмсалған. Арғы кездерді былай қойғанның өзінде беріректе жазылған түркі тілдеріндегі арабша басылып шыққан кейбір кітаптардың өзінен бірде-бір тыныс белгісін кездестіре алмаймыз. Михаил Борисович Терентьевтің айтуынша, тыныс белгілері XIX ғасыр кезінде парсы тілінде де болмаған. Қазақтың араб әліппесіне негізделген жазу кезіндегі кейбір кітаптарда да ешбір тыныс белгісі қойылмай жазылады. XIX ғасырда шыққан түркі тілдері грамматикаларында тыныс белгілерінің элементі пайда бола бастағанын аңғаруға болады. Мәселен, профессор А.Қазембектің 1839 жылы шыққан «Түрік-татар тілі грамматикасының» 35-бетінде бір жұлдызша, 34 және 46 - беттетінде екі жерде сызықша қойылған. Ал 1869 жылы шыққан «Алтай тілі грамматикасында» тыныс белгілерінің бірсыпырасы кездеседі және олар бірсыдырғы орынды қойылған.

Академик Василий Васильевич Радловтың 1870 жылы шыққан «Образцы народной литературы тюрских наречий» деген еңбегінде тыныс белгілерінің бірсыпыра түрі кездеседі. Бірақ олар жүйелі түрде қалыптаспаған.



1915 жылы шыққан «Жазу қағидалары» деген кітапшада тыныс белгілерінің қолданылуы туралы ережелер берілген. Онда тыныс белгілерінің жеті түрі ғана аталып, олардың әрқайсысына берілген ережелерге мысалдар келтірілген. Леп белгісі «дауыс ишараты» деп, сызықша мен жақша және көп нүкте «ишарат» деп, тырнақша «екі ишарат» деп аталады. Бұл келтірілген мысалдардан XIX ғасырда және XX ғасырдың басында түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде баспадан шыққан кітаптарда тыныс белгілері дұрыс, жүйелі түрде қолданылмаса да, таңбалардың элементі мен оларды пайдаланудың алғашқы тәжірибесі көріне бастағанын аңғартады, екіншіден, қазақ тілі пунктуациясы жүйелі, ғылыми негізде Ұлы Қазан социалистік революциясынан кейін ғана орыс тілі пунктуациясы үлгісін басшылыққа ала отырып, қалыптаса бастады.

Сонымен, қазіргі қазақ тілінде пунктуация мәселелерінің зерттелу тарихын баяндағанда, тыныс белгілері жөнінде жазылған азды-көпті еңбектерді негізгі үш салаға бөліп қарауға тура келеді: тыныс белгілері туралы жазылған жеке мақалалар; тыныс белгілерінің мектеп оқушыларына арналған оқулықтарда баяндалуы; тыныс белгілеріне арналған жеке кітапшалар және олардың жетістік жақтары мен кемшіліктері.

«Тіл құралы» 1925 жылғы басылым, Қызылорда, қазақстан мемлекеттік баспаханасы, 3-ші тіл танытқыш кітап. Бұл еңбекте ғалым жазуға керекті қосымша белгілер мен тыныс белгілерінің жалпы ережелерін ұсынады. А.Байтұрсынұлы: «Кіші сызықша «-» (тіркестіру белгісі) біріншіден, бір сөз бен екінші сөз тіркесетін орындарда қойылатын белгі, бүтін бір сөз қылып айтылатын орындарда қолданылады (қос сөздерде). Мысалы: ер-тұрман, сауыт-сайман,әке-шеше. Екіншіден, сөздің бір бөлімін екінші бөліміне тіркестіру керек болған орындарда қойылады, ондай тіркестіру көбінңнесе тасымал кезінде қолданылады. Және де сөздің жалғауымен арасына демеулік шылау келіп қосылғанда тіркестіру белгісі қойылады. Үлкен сызықша «––» (жұмақтау белгісі) белгісі шашыраңқы ұғымдарды жалпыландырып, теңелерлік нәрселерді теңеп, балап айтылатын орындарда қойылады. Мысалы: жолбарыс – жыртқыш. Ноқат (нүкте) «.» (ұлы тыныс) белгісі біріншіден әбден біткен ойлы сөйлемдердің соңынан қойылады. Екіншіден, мақала, кітап басының атауларынан кейін қойылады. Үшіншіден, қысқартқан сөздің соңынан қойылады. Үтірлі ноқат (нүктелі үтір) «;» (орта тыныс) белгісі сөйлемдердің ішкі жақындығы күшті болған жерде, сыйысулы құрмалас сөйлемдердің баяндауыштары демеулермен құраспай, алды-алдына тұрған жана да қастарында тұрлаусыз сөйлем болған орында қойылады. Теріс үтір «,» (кіші тыныс) бұратана сөздерді бөлек шығару үшін, сыйласу сөйлемдердің біріңғай мүшелерінің арасына, бағыныңқы сөйлемнің жігін басыңқы сөйлемнен айыру үшін, лепті сөйлемдерде одағайдан кейін, бір сөз немесе сөйлем қайта-қайта айтылған орындарда қойылады.

қазақ тілінің тыныс белгілері жөнінде жазылған еңбектердің бірі – Шора Самғалиұлы Сарыбаевтың сөйлемде үтірдің жазылатын орындары туралы шағын мақаласы. Автор бұл мақаласында оқушылар тыныс белгілерін дұрыс қоя білмейді, оның себебі қазақ тіліндегі интонациялық қалыптың бір ізбен өріс алып кете алмағандығынан деп көрсетеді. Автордың тыныс белгілерін қоя білуде интонацияның рөлін бағалауы, әрине дұрыс. Дегенмен, автор мұнда тыныс белгілерін тек интонацияға ғана байланыстырып қарап, мәселені бір жақты шешеді, интонация пунктуациялық негіздердің бір түрі ғана екені ескерілмейді.

Тыныс белгілері жөнінде Сағи Жиенбаевтың шағын көлемді екі мақаласы бар. Оның екеуі де «Тыныс белгілері» деп аталады. Автор бірінші мақаласында жалпы тыныс белгілерінің маңызына тоқтала келіп, үтірдің қойылатын орындары туралы ережелер береді. С.Жиенбаев «Тыныс белгілері» деп аталатын екінші мақаласында бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша, төл сөз бен бөгде сөз, бірыңғай мүшелерден соң немесе бұрын қолданылатын жалпылауыш сөздің тыныс белгілерінің кейбір мәселелеріне тоқталады. Мәулен Балақайұлы Балақаевтың «Сауатты жазудың негізгі шарты – тыныс белгілерін дұрыс пайдалану» деген мақаласында тыныс белгілерін дұрыс қоюдың негізгі грамматикалық құрылыс және дауыс ырғағы делінеді. Алайда, автор бұл дұрыс пірікірін тереңдетіп, нақты дәлелдемеген. Мақалада сұрау мен леп белгілерінің қойылатын екі жағдайы ғана сөз етіледі. Қазақ тілі пунктуациясы жөнінде мақала жазған авторлардың бірі – Әмеди Хасенов. Тілші-ғалым өз еңбектерінде қазақ тілі пунктуациясының қалыптасуында бірнеше ғасырлық тарихы бар, замандар бойы сұрыпталып, қалыптасу дәуірін басынан кешірген орыс тілі пунктуациясының орасан зор роль атқарғанын дұрыс көрсетеді. Еңбекте сөйлемнің оңашаланған мүшелері, қыстырма сөздермен сөйлемдер және бұл категорияларды бір-бірінен ажырата білу, оларға қолданылатын тыныс белгілері жөнінде айтылады.

Тыныс белгілерінің зерттелу тарихын сөз еткенде, тағы бір көңіл бөлетін нәрсе – осы тақырыпқа арналып жазылған төмендегі жеке кітапшалар: Сағи Жиенбаевтың «Сөйлемнің тыныс белгілері», Ахмеди Ысқақұлы Ысқақов пен Әмеди Хасеновтың «Тыныс белгілері», Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықова мен Қ.Неталиеваның «Тыныс белгілері ережелері» Фатима Мұсабекованың «Жай сөйлемнің пунктуациясының негіздері», Фатима Мұсабекованың «Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы».


2. Тыныс белгінің түрлері және оларды дұрыс қолдана білу

Әрбір тыныс белгісі – сөйлемнің мағынасын айқындаушы көрсеткіш. Сондықтан бір тыныс белгісінің орнына екінші тыныс белгісін қоя салсақ, бір сөйлемнен әлденеше мағына ұғынылатынын түсіну керек. Тіпті кейбір оңашаланған айқындауыш мүшесі бар сөйлемдегі сөйлемдегі айқындауышты үтірмен бөліп жазсақ, оны қарсылықты жалғаулықсыз салалас деп қалуға болады. Мысалы: Халықтың қалап ұсынған кандидаттары – әр түрлі мамандықтың адамдары – ірі ғалымдар мен өндіріс жаңашылдары, жазушылар мен жұмысшылар, тоқымашылар мен академиктер. Демек, әрбір тыныс белгісі – әр сөздің, әрбір сөйлемнің мағыналарын дәлелдеп дұрыс түсіндіруші шартты белгі, олай болса, аяқталған ойды білдіретін тілдің бір бүтін бөлшегі сөйлем болса, ол бір сөзден де, бірнеше сөзден де құралады. Сөйлем арқылы адам өзінің айтайын деген пікірін екінші біреуге ауызша не жазбаша түрде жеткізеді. Сөйлем сазына қарай қойылатын тыныс белгілері сөйлемдегі айтылатын оймен тығыз байланысты болады. Тіліміздегі тыныс белгілері сан жағынан онша көп болмағандарымен, мағыналары, қолданылатын орындары жағынан алуан түрлі болып келеді. Енді солардың әрқайсысның түрлері мен мағыналарына, атқаратын қызметтеріне тоқталайық. Сөйлем соңында келетін тыныс белгілері біршама аяқталған ойды білдіретін жай немесе құрмалас сөйлемдерден кейін олардың мағыналарына, айтылу саздарына қарай нүкте, сұрау, леп белгілерінің бірі қойылады. Сондықтан тыныс белгілерінің бұл үш түрі сөйлем соңында келетін белгілер деп аталады. Сөйлем келетін белгілердің әрқайсысы, негізінен екі түрлі мағынада екі түрлі функцияда қолданылады: біріншісі – сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп көрсету, екіншісі – сөйлемнің қандай мақсатта, қандай мағынада айтылатындығын байқату. Бұл екеуі – сөйлем соңында қолданылатын тыныс белгілерінің қай-қайсыларының да ең негізгі мағыналары мен функциялары. Сонымен бірге, олардың әрқайсысының кейде сөйлем ішінде тұрып та атқаратын қосымша функциялары мен қосымша мағыналары болады. Оларға өз орнында тоқталамыз:



1. Нүкте. Нүкте, біріншіден, сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп тұрса, екіншіден, ол сөйлемнің хабарлы сөйлем екендігін байқатады. Мысалы, Жанат – осы үйдің ер жеткен жалғыз баласы. Ұлы да, қызы да қадірлі қонағы да бір өзі. Шаршап шыққанға ұқсайды. Тіл қатпастан қарақат көзін анасына бір, Бейсенге бір төңкере салмақпен қарады да, үлкен бөлмеде ерсілі-қарсылы жүре берді. Айсыз ашық аспан. Жұлдыздар сайрап тұр. Тымырсық аяздағы тымық әуені сіміре, Жақып күндегі әдетімен аулын аралап келеді. (Ғ.Мұстафин). Бұл мысалды жай сөйлем де құрмалас сөйлем де бар. Олардың барлығы да хабарлау, баяндау, суреттеу түрінде айтылған. Бірақ нүкте әрдайым хабарлау, баяндау, суреттеу түрінде айтылған сөйлемдерден кейін ғана қойылып отырмайды, солармен қатар, ерекше екпінсіз айтылған бұйрықты сөйлемдерден, жауап алу үшін айтылмаған, бірақ сұраулық мәні бар сөйлемдерден кейін де қойылады. Мысалы: Қазір аттаныңдар да, күн батқанша қайтып оралыңдар. Малқардың келіні еркімен отыр ма, зорлықпен отыр ма оңашалап сұраңдар. Егер зорлықпен отырса, күйеуімен қосып, осында алып келіңдер. (Ғ.Мұстафин). Сөйлем соңында келетін тыныс белгілерінің қай-қайсылары болса да, сөйлемнің құрылысына қарай қойылмайтыны сияқты, нүкте қоюда да сөйлемнің құрылыс ерекшіліктері ескерілмейді, тек мағыналық жағы, айтылу сазы ескеріледі. Сондықтан нүктемен бөлінетін сөйлем құрылысы жағынан алуан түрлі (жалаң, жайылма, толымды, толымсыз, жай, құрмалас т.б.) бола беруі мүмкін.

Сөйлемнің аяқталғандығының және оның мағыналық ерекшелігінің көрсеткіші болы – нүктенің ең негізгі функциясы. Бірақ осы негізгі функциясымен қатар, оның қосымша функциясы да бар.

Олар мыналар:

а) Драмалық шығырмаларда әркімнің сөзінің алдында сол сөздің иесі болып табылатын кейіпкердің аты-жөні келтіріледі де, олардан кейін әрдайым нүкте қойылады. Мысалы:

Ғ а н ш и н. Алдындағы қашқын, артындағылары қуғыншылар, ә?

Қ а д и ш а. Қашқан екеу ғой.

М ұ р а т. Қысқасы, бұл, тегі, сыртқы ел драмасының бір сахнасы ғой өзі. (М.Әуезов).



Драмалық шығармаларда оның кейбір жақтарын актерлерге түсіндіру мақсатымен автор тарапынан берілетін ремарка деп аталатын ескертпелер болады. Ондай ескертпелер кейіпкерлер аттарынан кейін тұруы да, оған берілген сөз ішінде тұруы да мүмкін. Егер ремарка кейіпкер атынан кейін берілсе, нүкте кейіпкер атынан кейін қойылмайды, жақшамен қоршалған ремаркадан кейін қойылады. Мысалы:

М ұ р а т (бинкольмен қарап). Тоқтай қал. Мынауың не қылған серуен?

Қ а д и ш а (о да қарап). Артындағы шаңның молын байқаймысың? (М.Әуезов). Егер ремарка кейіпкер сөйлемдерінің арасында келсе, оның тыныс белгісі кейіпкер сөйлеміне байланыссыз, дербес болады да, ол жақшаның ішінде тұрады. Мысалы:

М ұ р а т. Е, Садық, сен бе едің? (Жарқынға.) Сенің атың кім?

М ұ р а т (халыққа). Не әзәрләктерің бар, не айтасыңдар? (Үн жоқ.) Қарсысыңдар ма, әлде? (Үн жоқ.) Қарсы болсаңдар оларыңды айт. (М.Әуезов). Егер ремарка кейіпкердің бір сөйлемінің ішінде келсе, ол нүктемен бөлінбейді, тек жақшамен қоршалады. Мысалы:

С а д ы қ. Мен оған (Жарқын кеткен жаққа қарап) көрсетермін.



ә) Санай көрсетілген ой тәртібін, ой қатарын білдіру үшін қолданылатын пункттік цифрлардан, әріптерден кейін нүкте қойылады. Бірақ онда әр пункттің аяқталған сөйлемдер болып тұруы шарт. Мысалы: 1. Тізбектеліп бір ұғымды білдіретін бірнеше зат есімдер. 2. Тізбектеліп бір ұғымды білдіретін зат есім мен көмекші есім. 3. Күрделі сан есімдер. 4. Зат есім мен есімшенің тізбегі. 5. Заттық мағынадағы түрлі қос сөздер т.б. («Қазақ тілі грамматикасы».)

б) Кейбір сөздердің шартты түрде қысқартылып жазылған графикалық белгілерінен кейін нүкте қойылады. Мысалы: Ж.Жабаев, А.Құнанбаев, Тург., Мұст., «Х. М.» журналы, т.б., с. с., т.т. Бұл мысалда Жамбыл, Абай, Тургенев, Мұстафин, «Халық мұғалімі», тағы басқа, тағы сол сияқты, тағы тағылар деген сөздер қысқартылып беріледі де, олардан кейін нүкте қойылып отырылған. Бірақ тіліміздегі қалыпты қысқарған сөздер мен қысқартылып алынған ұзындық, ауырлық және көлем өлшеулерінен кейін нүкте қойылмайды. Мысалы: МТС, совхоз, пединститут, КазПИ, 50 м, 20 кг, л.

2. Сұрау белгісі. Сұрау белгісі де негізгі екі түрлі мағынада, екі түрлі функцияда қолданылады: біріншіден, сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп тұрады, екіншіден сөйлемнің мағыналық жағынан сұраулы екендігін аңғартады. Мысалы: Әлде мені сабаққа жаңа түскен бала деймісің? Бұдан он бес жыл бұрын кім сенің үйіңе ат басын бұрып еді? Ал бүгін бұрған екен, осынша көкуің не? (Ғ.Мұстафин). Нүкте сияқты, сұрау белгісі де сөйлемнің құрылысына қарай қойылмайды. Сондықтан сұрау белгісі қойылатын сөйлем толымды, толымсыз, жай я құрмалас т.б. болып келе береді. Кейде сөйлем бірыңғай сұраулы ғана болмай, оның үстіне лепті мағынада болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда сұрау белгісіне қабаттаса леп белгісі де қойылады, яғни екі түрлі белгі тіркесе қолданылады. Мысалы: – Мұрның құрғыр пысылдаған, не іздеп кетті екен, ә?! – Е, үйтіп жібермек пе едің?! – Бетім-ау, өмірі екеуі шай деспей, келіп, бұнысы несі?! Бұл мысалдағы сөйлемдердің ешқайсысы да таза, жалаң сұрау емес, сұрауға қосымша оларда реніш, кею, таңдану, ашу, кекету бар. Сондықтан мұндай сөйлемдерден кейін тек сұрау белгісін ғана қою жеткіліксіз. Сұрау белгісінің жоғарыда аталған негізгі екі түрлі функциясымен қатар, кейбір қосымша функциялары да бар. Жазушы біреудің еңбегінен келтірген цитатаның кейбір сөзінен кейін жақша ішіне сұрау белгісін қоятыны болады. Мұндай жағдайда сұрау белгісі автордың цитата иесінің сөзіне түсінбегенін, оның дұрыстығына күмәнданатынын немесе «мұнысы несі» дегенін білдіреді. Мысалы: Екатерина Ивановна отыра қалып, рояльдің баспаларын қос қолдап басып-басып жіберді; онан кейін іле-шала (?) бар пәрменімен тағы басып жіберді. (Т.Ахтанов). Цитата иесінен кейінің әбден тіліміздегі іле-шала деген сөзді іле-шыға теріс қолдануының түсініксіздігін байқату және оның солай бұрмаланып қолдануының дұрыстығына өзінің күмәнданатындығын білдіру үшін, іле-шыға дегеннен кейін жақша ішіне сұрау белгісін қойған.

3. Леп белгісі. Леп белгісі лепті мағынада айтылған қуанышты, күйінішті, өкінішті, қорқынышты, өктем бұйрықты, тілекті, таңдануды, түңілуді, үндеуді, кекесінді, қарғысты сөйлемдерден кейін қойылады. Сөйлем соңында қойылатын басқа да тыныс белгілері сияқты, леп белгісі де негізгі екі түрлі мағынада, екі функцияда қолданылады. Оның бірінші мағынасы мен бірінші функциясы – сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп тұрса, екінші мағынасы мен екінші функциясы – сөйлемнің лепті сөйлем екендігін білдіру. Мысалы: Жеңіл барып, ауыр қайт! Жеңіліп барып, жеңіп қайт! Рақмет, достарым, айтқандарың келсін! Қазанқап Шәкенге қосып отряд әкелсе де, тобыңды жазба! Бермейміз! Тәукені! Не көрсек те, бір көреміз! Пай-пай, сенің дегбірсізің-ай! Түсінсеңші! Шолпан, қайт! Түс, алдыма! Құдай берді қолға! Асықта басың қалғыр-ай, қаңсытты-ау! Ұстап қана берсеңдерші біреуің! (Ғ.Мұстафин). Леп белгісі қойылатын сөйлемдер құрылысы жағынан алуан түрлі болады: ол бірнеше жай сөйлемнен құралған құрмалас сөйлем болуы да, оқшауланып айтылған жеке бір қаратпа немесе одағай сөз болуы да мүмкін. Леп белгісі лептікпен қатар азды-көпті сұраулық та мағынасы бар сөйлемдерде сұрау белгісімен қабаттаса да қолданылады. Сұрау белгісі сияқты, леп белгісі де кейде төл сөздің кейбір сөзінен кейін жақша ішіне алынып қолданылатыны болады. Ондай леп белгілері автордың цитата иесінің сөзіне таңданатынын, оған өзінің қосылмайтынын немесе оқушының назарын аударғысы келетінін байқатады. Мысалы: «Өзі аса ірі. Екі тізесі аттың екі құлағын қағып (!) келеді. Жалмұрат кірпігі жыпылықтап, бөксе жағы қыпылық қағып (!), жер шұқылап қалды. Балықшылар жарыла (!) күлді. Оның сөзіне Федоров та ылығып (!) қалған сияқты» - деп жазады Ә.Нүрпейсов. (Жұлдыз журналынан).
3. Пунктуация ережелері

Сөйлем ішінде қолданылатын тыныс тыныс белгілерінің атқаратын негізгі қызметі –сөйлемнің құрамын, оның қандай бөлшектерден құралатындығын, ол бөлшектердің бір-бірімен мағыналық және синтаксистік қатынастарын байқату. Солай болғанмен, сөйлем ішінде қолданылатын тыныс белгілері түр-тұрпаты жағынан да, мағыналары мен функциялары жағынан да алуан түрлі. Енді солардың әрқайсысына жеке тоқталайық:



Үтір. Үтір – тыныс белгілері ішіндегі функцияға ең бір бай белгі Бұл жай сөйлемдерді бір-бірімен бөлу үшін де, сөйлемдегі сөздерді немесе сөз тіркестерін бір-бірінен бөлі үшін де қолданылады. Үтірдің қолданылатын орындары мен атқаратын қызметтері төмендегідей:

а) Үтір құрмалас құрамындағы жай сөйлемдерді бір-бірінен бөліп көрсету үшін қолданылады. Мысалы: Абай, Әбіштер келгенде, ауыр ойда отыр еді. (М.Әуезов).

ә) Үтір сөйлемнің бірыңғай мүшелерін бір-бірінен бөліп тұрады. Мысалы: Аңға Байжан, Самарқан, Дәулет үшеуі ғана шықты. Экскаваторлар, комбайнда, грейдерлер аз күнде каналдың арнасы жүретін жерлерді жыртып тастады. (С.Мұқанов).

б) Үтір қаратпа сөзді сөйлемнің басқа мүшелерінен бөліп тұрады. Мысалы: Арылма, өлең, арыла. Домбырам, күйден жаңылма» (Жамбыл).

в) Үтір қыстырма сөзді сөйлемнің басқа мүшелерінен бөліп тұрада. Мысалы: Жабайдың айтуынша, көп уақыттан бері бұл өзеннің аса бір мол тасуы екен. (С.Мұқанов). Бүгін де кешкі шайдан кейін, Ұлжанның қозғауы бойынша, кеше бітпей қалған әңгімесіне кірісті (М.Әуезов).

г) Үтір одағай сөзді сөйлемнің басқа мүшелерінен бөлу үшін қолданылады. Мысалы: Ойбай, Шықаң мәселені қабырғасынан қойды ғой! (Ғ.Мұстафин). Е, ол белгілі ғой! Жә, әлгілер қайда кетті, жаным- ау?! (Ғ.Мүсірепов).

д) Үтір сілтеу, мақұлдау, келіспеу мәнінде айтылатын кейбір оқшау сөздерден кейін қойылады. Мысалы: Иә, айта беріңіз. Жоқ, мен сізге ештеме де айтпаймын. Қазір, міне, бүгінгі жүрісті өзі билеген Дәрмен Әбішті сол ауылдың үстінен байқаусызда түсірген кісі болды. (М.Әуезов).

е) Үтір оңашаланған мүшені сөйлемнің басқа мүшелерінен бөліп тұру үшін қолданылады. Мысалы: Абай соңғы күндерде, әсіресе осы соңғы түнде, өзіне бұрын дағдылы болмаған бір халде. Жақын жерде, көгелды бұлақ басында, жеті-сегіз үйлі ауыл отыр екен. (М.Әуезов).

ж) Үтір хабарлы сөйлем түрінде айтылған төл сөзден кейін, автор сөзінің алдында қойылады. Мысалы: «Таулы жер бұлақсыз, сулы жер құрақсыз болмас», – дейді халық мақалы.

Қос нүкте. Қос нүкте мынадай орындарда қолданылады:

а) Соңғы жай сөйлемі алдыңғы жай сөйлемдегі пікірді талдап, саралап ашып түсіндіретін құрмалас сөйлемнің жай сөйлемдері арасына қойылады. Мысалы: Кісі Қызылорда елінің екі ісіне қайран қалады: бірі – кетпен шабу, бірі – егін ору. (С.Мұқанов).

ә) Бірыңғай мүшелер алдында келген жалпылауыш сөзден кейін қойылады. Мысалы: Мұстафаның оларға қолданған шаралары мыналар: байталдың төрт сирағы төрт жылқы, денесі бір жылқы, – барлығы бес жылқы. (С.Мұқанов).

б) Төл сөзден бұрын келген автор сөзінен кейін қолданылады. Мысалы: Шалабайдың бойынан табылған документ, құралдарға қарап отырып: – Қағаздағы аты жөніңіз басқа екен ғой? – деді Аман. – Аман біздің ауылдың мөрін кім басқан?


Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1) Сыздық Р.Қазақ тілінің анықтағышы. Астана, 2000ж.

2) Мұсабекова Ф. Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы. Алматы, 1991ж.

3) Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілінің грамматикасы. Алматы, 1971ж.

4) Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы, 2003ж.

5) Орфографиялық сөздік. Алматы, 1988, 2003, 2007


Әр топ өз жұмыстарын қорғайды.
IV. Тақырыптың негізі ұғымдарын бекіту бойынша жұмыс

Работа по закреплению основных понятий темы.

Мәтінмен жұмыс

І топ. Қарамен жазылған сөйлемге синтаксистік талдау жаса.

Кімде-кім хикмат білімін оқып үйренуге кіріссе, ол ең алдымен жас болуы, ниеті дұрыс, әдепті, қайырымды адам болуы керек. Ондай кісі адамдарға мейірімді, таза, адал болуы, азғын қылықтардан: күнә, қиянат, зұлымдық пен аярлықтан таза болуы тиіс. Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойламауы қажет. Білімді кәсіп, өнер етіп алмауы керек, әрі оны мал-дүние табу құралы етіп жібермеуі қажет. Кімде-кім мұны керісінше істейтін болса, онда ол кезбояушы саналады.Жалған ақша -таза ақша боп есептел-мейтіні сияқты, жалған сөзде ешқашан мән болмайды. Егер мінез-құлқы біз айтқандай емес, теріс мінезді кісі болса, ол ешқашанда ғалымдар қатарына қосылмайды. Сондай-ақ, адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты.Кімде-кім өзін өз дәрежесіен жоғары көтермек болса, ондай адамнын, өсу жолына тосқауыл койылады.

Әбу Насыр әл-Фараби
ІІ топ. Тыныс белгілерін қойыңыздар, тыныс белгілерінің қойылу себептерін түсіндіріңіздер

Отыз бірінші қарасөз

Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі - көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші - ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе - күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.



Абай Құнанбаев

ІІІ топ. Кім туралы, не жайында? Өлең жолдарын қалпына келтіріңіздер.

Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,

Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.

Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,

Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.

Жүрген жанның артында .....,

Етікші өлсе,................................

Бір бай өлсе, ..............................,

Жүйрік елсе,...............................!

Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,

Сау қалғанның көбісі ертең бітер.

Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,

Жүйріктің айтқан сөзі................
Жауабы: Хакім Абайға

Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,

Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.

Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,

Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.

Жүрген жанның артында ізі қалар,

Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.

Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,

Жүйрік елсе, артында сөзі қалар!

Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,

Сау қалғанның көбісі ертең бітер.

Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,

Жүйріктің айтқан сөзі көпке кетер.

М.Жұмабаев



- Үш мәтінде қандай ортақ мәселе байланыстырып тұр?

- Бұл мәтіндерде білім, тәрбие

- Ендеше, бұл мәселелер ата-бабамыздың ықылым заманнан бері толғандырғаны белгілі. Қазіргі уақытта да бұл мәселелер өзекті.

«Иә, жоқ» жауабын беріңіз.

1.  Пунктуация жазу тіліне қызмет етпейді. (ЖОҚ)

2. Драмалық шығармада ремарка жақшаға алынады. (ИӘ)

3.  Егер тыныс белгілері дұрыс қойылмаса, мәтінді оқу қиын.(ИӘ)

4.  Нүкте, сұрау белгісі, леп белгісі сөйлемнің соңына қойылады. (ИӘ)

5. Үтір, қос нүкте, жақша, тырнақша, сызықша ерекшелеуші қызмет атқарады. (ИӘ)

6. Тыныс белгілерін сөйлемнің құрылымдық ерекшеліктеріне сүйеніп қою мағыналық принципке жатады. (ИӘ)

7. Айтылуға тиісті ой айтылмай қалғанда, үтір қойылады. (ИӘ)

8. Қос сөздерге сызықша қойылады. (ЖОҚ)

Тыныс белгілері арналған жұмбақтар шешу

1. Күрделі ойды көремін,


Сөйлем, сөзді бөлемін.

Болмаса егер үтірлер,


Жүйелі ой-пікірлер
Жетпейді де анық боп,
Жаңылысар халық көп.

Мен құрмалас сөйлемді


Ажыратам кейде енді.
Жөнсіз жерге түспеймін,
Қыруар іс істеймін (үтір)

2. Жағаласып тұрмаймын,


Ойды толық тыңдаймын.

Сауаты бар әр адам


Шығармайды санадан.
Ой біткенше бағамын,
Сосын орын табамын.

Жан-жағыңа алақтап,


Кітаптарды парақтап,
Қазір оқып шық, мейлі,
Менсіз ойың бітпейді (нүкте)
3. Тосын тиер құлаққа
Неше түрлі сұраққа
Үңіліп мен қаламын,
Нақты жауап аламын.

«Қанша?», «Нешеу?», «Неше?» деп,


Толықтаймын еселеп.
«Қандай?», «Қай?» деп жан-жақты
Анықтаймын әр затты.

Әр нәрсенің бар шегі,


Білгің келген нәрсені
Сұраған жөн басқадан,
Шықпау үшін масқараң (сұрақ белгісі)
4. Санаңа тез жеткім кеп,
Сөйлеймін мен екпіндеп.
Жай сөйлеу жоқ дағдымда,
Мағына да бар мұнда.

Қуанып не жынданып,


Қайғырып не мұңданып
Сөйлегенге леп берем,
Үнсіздікті жек көрем!

Нүкте үстінде тік тұрып,


Мықтылықты ұқтырып,
Шіренемін мен бүгін,
Сондай «тентек» белгімін! (леп белгісі)

5. Атын қойып автордың,


Жазсаң ойды тапқыр бір,
Мысал үшін бұл былай:
«Ұлы ұстаз Ыбырай:
«Кел, балалар, оқылық», –
Деді оқуға шақырып».

Үйрен тыныс белгісін,


Алға басар сонда ісің.
Ұққың келсе мұны дәл,
Ережесін біліп ал (қос нүкте)

ІІ. «Құнарлы ой»

І топ.


Нүктенің қойылатын орындары

Мысалы

Хабарлы сөйлемнен кейін




Жай, лепсіз айтылған бұйрық, тілек мәнді сөйлемдерден кейін




Цифр не әріптер арқылы санамаланып айтылған сөйлемдерден кейін




Санамалы нөмірді белгілейтін айшықсыз қолданылған цифр не әріптен кейін




Драмалық шығармалардағы әр кейіпкердің атынан кейін




Кейіпкердің сөзіне қатысы жоқ, автордың түсінігі ретінде айтылған ремаркадан кейін




Бас әріптерінен не басқы буынынан қысқартылып алынған адам, кітап, газет, журнал, шығарма аттарынан кейін




Тағысын тағы, тағы сондайлар, тағы басқа деген сөздер қысқартылып алынғанда




Жақшаның алдындағы сөйлем аяқталып, тыныс белгілерінің бірі қойылса, қыстырма сөйлемнен кейін жақшаның ішінен нүкте қойылады



ІІ топ.


Үтірдің қойылатын орындары

Бірыңғай

сөйлем


мүшелерінің

арасы


Қаратпа, одағай сөздерден кейін

Қыстырма сөздерден кейін

Оңашаланған

айқындауыш

сөйлемдерден

кейін


Құрмаластағы

жай


сөйлемдердің

аражігінде




















Қос нүктенің қойылатын орындары

Бірыңғай мүшелердің алдынан келген жалпылауыш не жалпылауыш мәнді сөзден кейін




Жалғаулықсыз салаласқан жай сөйлемдердің алдыңғысының мағынасы соңғы жай сөйлемдер арқылы айқындалса




Төл сөздің алдынан келген автор сөзінен кейін




Әрі қарай санамалап кететін бірыңғай сөздердің, сөйлемдердің алдынан келетін жалпылауыш мәнді сөйлемнен кейін




Бірыңғай мүшелерден бұрын келген мысалы, атап айтқанда деген қыстырма сөздерден кейін



ІІІ топ.




Сұраулы

сөйлемдерден

кейін


Бірыңғай жеке сөздер не сөз тіркестері сұрау интонациясымен айтылғанда

Жауап қайтаруды тілейтін, таза сұраулық мәні бар, амандасқанда айтылатын толық сөйлемдерден кейін

Сөйлемдегі бір сөздің мәні екіұшты болып, күмән тудырғанда жақшаға алынады














Леп белгінің қойылатын орындары

Лепті

сөйлемде


рден

кейін


Ұран, үндеу мәнді сөйлемдер ден кейін

Одағай,

қаратпа сөз

сөйлем

басында


келіп,

көтеріңкі

дауыспен

айтылса


Бұйрық, тілек,

өтініш


мәніндегі

бұйрықты


сөйлемнен

кейін


Ішінде сұраулы

сөйлем жасайтын

элементтері

бар, бірақ

ерекше бір

сезіммен


айтылған

сөйлемдерден

кейін


Ма, ме, ба, бе, па, пе шылаулары бар,

сәлемдескенде

айтылатын

сөйлемдерден

кейін




















«Сен-маған, мен – саған» әдісі бойынша бүгінгі өткен тақырып бойынша сұрақтар дайындайды.


Кері байланыс

«Бес саусақ» әдісі

Бас бармақ – басты мәселе. Бүгін сабақта ең құнды мәселе қандай болды?

Балалы үйрек – бірлесу. Мен топта/жұпта қалай жұмыс жасадым? Кімге көмек бердім? Кімді риза жасадым? Кім маған көмек берді?

Ортан терек – ойлану. Мен бүгін қандай жаңа білім мен тәжірибе алдым?

Шылдыр шүмек – шынайылық. Сабақ маған ұнады ма? Неліктен?

Кішкентай бөбек – көңіл-күй ахуалы. Мен сабақта өзімді қалайша сезіндім? 



Алақан – алға ұмтылу. Жұмысты жақсарту үшін не жасау керек? Білімімді қалайша толықтырам? 

V. Үй тапсырмасын беру

Задание на дом. Пукнтуацияға арналған еңбектерге шолу жасау
Каталог: uploads -> doc -> 0a36
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0a36 -> Сабақ барысы: Ұйымдастыру кезеңі: Сабақтың мақсатын айту
0a36 -> Сабақ технология Күні: 10. 12. 16ж 15. 12. 16ж Сыныбы 9 а,ә,б Қатысқандар саны
0a36 -> Әрбие отбасынан басталады Тәрбие сағаты


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу