Құстарды торда бағып-күту гигиенасы. Балапандар ме ересек құстарды торда ұстайтын қораларда өсіру жер алаңын неғұрлым тиімді пайдалануға, өндірістік қоралардың қажеттігін 3-3,5 кемітуге, ауыр жұмыстарды механикаландыруға, балапандарды өсірудің маусымдылығын болдырмауға, оларды ауруға ұшыратпауға, су құбырының, канализацияның, электр жүйесінің ұзындығын едәуір кемітуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі құрылысқа жұмсалатын қаржыны кемітеді және ұс шаруашылық тауарлылығын арттырады, экологияны жақсартады.
Құстарды торда бағып-күтуге арналған қораның жеке залдары және қосалқы қора бөліктері болады. Топтасқан және жеке-жеке торларға бөлінген залдар арнаулы стандартты батареялармен жабдықталады.
Жұмыртқалайтын мекиендерді торда бағып-күту үшін өнеркәсіп орны арнайы батарея комплексін әзірлеп шығарады. Бұл батареялардың көлем мөлшері торлардың типі мен конструкциясына байланысты. Торлы батареялардың құрамында жем берілетін арнаулы оттық, жем-шөп таратқыш, мөлшерлегіш, науа, жұмыртқаларды түсіретін лотоктар және жұмыртқа жинайтын қол арбалар, тордағы құс саңғырығын жинайтын тасымалдау қондырғысы бар. Торлар қабат-қабат орналастырылады. Торлы батареялар ұзыннан-ұзақ немесе қосарлап, жарыстыра орналастырылады. Бұларды арасынан жүріп өтетін жолдың ені 0,8 м-ден кем болмайды. Әр жастағы балапандар тобы бір-бірінен оңаша торлы батареяларда бағып күтіледі. Торлы батареяларға азық бункер, азық таратқыштар, минералды азық берілетін астаулар, аспалы науалар, саңғырық салынатын қорап және құс саңғырығын жинап шығаратын штангалы транспортерлер кіреді. Жабдықтарды басқару ісі автоматтандырылған.
Етке арнап өсірілетін 1 күннен 70 күнге дейінгі балапандарды батареялы торларда 20 балапаннан, яғни еденнің 1 м2 көлеміне 12 балапан орналастыру есебімен, серуенге шығатын алаңы жоқ қорада бағып күтеді. Секцияларды жем салатын оттықпен, су беретін науамен жеткілікті етіп жабдықтайды. Сонымен қатар мұндай балапандарды еденге төсеніш пайдаланып өсіру тиімді деп танылуда.
Құс қоралары пешпен немесе бір орталықтан келетін ыстық сумен, ыстық бумен, ауамен және электр қуатымен жылытылады. Жергілікті жылытқыш ретінде қалқанды құрылғылар, жылытқыштар қосымша қолданылады, ал соңғы уақытта инфрақызыл сәулелі қондырғылар қолданылады. Балапандарды торларда бағып-күтетін қораларда механикаландырылған ағында желдеткіш-термен ұштастырылған ауамен жылыту жолын қолданған тиімді болады.
Құс қораларында таза ауаны механикалық жолмен беріп тұратын табиғи және жасанды желдеткіш болу алдын ала көзделеді. Желдеткіш арқылы келетін ауаны мөлшері құстың тірілей салмағының 1 кг-на балапандар үшін 1,2-1,5 м3 болуы тиіс, ал ересек құстарға – 1 м3, ет үшін бордақыланатын балапандарға – 5 м3 жазда, қыста – 1,5-2 м3 көлемде болуы керек. Құс қоралары табиғи түрде терезе арқылы желдетіледі, яғни терезе жақтауына кере тартылған матадан ауа кіріп тұрады, мұнда өтпе жел болмауы тиіс. Жылытылатын құс қораларында от жағылатын қондырғылардың дұрыс-бұрыстығын бақылап, балапандарды уландыратын иісті газды болдырмайтын желдеткіш жүйесінің жұмысты жақсы атқару жағын бақылап отырған жөн. Механикалық желдеткіш балапандарды торда бағып-күтетін қораларға, инкубаторлардағы құс соятын цехтарға,сондай-ақ құс еденде бағып-күтілетін қораларға орнатылады.
Барлық жастағы құстарды бағып-күтетін қораларда және олардың бағытына қарай (бройлерді қоспағанда) табиғи жарық болуы тиіс. Терезелерді қораның алдыңғы жағынан шығарып, еденнен 30-40 см жоғары орнату керек. Терезе орнының кеңдігі сол қорада еденге жарықты толық түсіріп тұратындай болуы шарт. Мүмкіндігінше терезеге металдан жасалған тор құрылуы тиіс. Құс бордақылайтын және сойылатын цехтарда канализация жүргізіледі. Сондай-ақ құстарды торларда бағып-күтетін қораларда үнемі су үзілмей ағып науадан суды және еденді, жабдықтар мен торларды жуғанда ағатын жуынды суды басқа жаққа бұрып кететін канализация жүргізіледі. Су ағып тұратын науасы жоқ, құс қораларда канализация болмайды.