1.4 Құс азықтандыру мөлшері мен мерзімдік азық үлестері Құстың тәуліктік азығындағы қоректік зат пен оның қуаттылығына қажеттілігі өз тіршілігіне және өнім беру қабілетіне байланысты.
Жалпы, аталған заттардың мөлшері құстың генетикалық ерекшелігіне, жасына, тірілей салмағына және жақсы азықтандырып, күтіп-бағуына тікелей қатысты.
Әрине, құс азықтандырғанда, оларды керек заттармен толық қанағаттан-дыру үшін дайындалған жемнің негізгі құрамына және оның қоректілік қабілетіне өте қатты кеңіл бөліну керек.
Құсқа дайындалған жемді негізінен екі түрге бөлуге болады. Біріншісіне – жем құрамында мал өнімдерінің қалдықтары көбірегін (яғни 4-5%), ал, екіншісіне – аздауын (2%) жатқызады.
Негізінде, бұл мал өнімдері қалдықтары ретінде, сүйек пен еттен дайындалған ұлпаларды (ұн) қолданады. Бірінші рецепте жем құрамына дәнді дақылдар ретінде жүгері, бидай немесе арпа кіреді. Жүгері – бұршақ құрама жемінің 30-40% жүгеріден, 10-15% бұршақ күнжарасынан тұрады.
Бидайлық кұрама жемнің 40% бидай және 10%-дан артығы жүгері болып келеді.
Протеині көп жем ретінде күнбағыс күнжарасы мен ет-сүйек-қауырсын ұлпасы көбірек колданылады.
Арпа құрама жемінің 30%-дан көбі арпа, ал 10% кейде жүгері болады, кейде болмайды.
Протеин көзі ретінде әлгінде аталған күнжара мен ұлпа пайдаланылады. Мал өнімдері қалдықтары жоқ немесе өте аз (2 түрлі құрама жемге жүгері, бидай және арпа пайдаланылады).
Құрамдары әртүрлі, бірақ жалпы қоректік заты мен қуат көлемі бірдей құрама жем құс өнімділігіне әрқалай әсер етеді. Оның үстіне 1 өлшем өндіруге қоректік зат шығыны да бірдей болмайды. Себебі жемнің қоректік заттарының қорытылуы мен сіңімділігі де әртүрлі. Сондықтан нашар қорытылатын қоспалары бар жем құрамына биологиялық белсенді зат қосу керек.
Егер де өндіріс жағдайында құстың жем жеуі төмендесе, онда тәуліктік азық құрамының қоректілігін күшейту керек.
«Құс жетпеген коректік заттын жемді неғұрлым көп жесе, соғұрлым жақсы толықтырады» - деген ұғым – теріс ұғым.
Оның үстіне тәуліктік жем мөлшерін 10%-дан артық көбейткен, өзін-өзі ақтамай, өнімнің өзіндік құнын арттырады.
Құстың салмағы, жұмыртқалағыштығы, жем жеуі қаншалықты жақсы қадағаланса, соншалықты дер кезінде құрама жем қоректілігіне өзгеріс енгізіп отыруға мүмкіндік туады.
Бірінші және екінші айналымдағы (күрігін басқаннан кейін) жұмыртқа-лауында жемнің қоректік зат мөлшері бірдей болады және олардың тәуліктік жем мөлшері тірілей салмақтарына және өнімділіктеріне қарай белгіленеді.
Жан-жақты теңестірілген толық тәуліктік азық үлесінде (рационында) құрама жеммен барлық құс түрін азықтандырудың әр басқа грамм есебімен жобалап алған мөлшерлері 2-кестеде берілген.
2-кесте. Толық тәуліктік азық үлесінің құрама жемімен құс азықтандырудың жобалап алынған мөлшері, г/тәу.
Құрама жем өндіру оның құрамының (рецептісінің) есебінен басталады.
Құс фабрикаларында азық қорын жасаудың үш түрлі жолы бар:
1. Толық тәуліктік азық үлесін дайындау үшін құрама жемді жем өндіруші зауыттан қажетінше әкеліп, қажет болса өз күшімен керегінше толықтыру;
2. Толық тәуліктік азық үлесі үшін құрама жем дайындау;
3. Толық тәуліктік азық үлесі үшін құрама жемді-протеинді-витаминді-минералды құнарлы азық – АВМЖ негізінде өз күшімен дайындау.
Рецепт есебін жасауға керек көрсеткіштер:
- құрама жемнің қоректілігіне қойылатын талаптар;
- құрама жем дайындауға пайдаланылатын шикізаттың тізімі мен саны;
- шикізаттың сапалық көрсеткіштері;
- құстың жасына қарай дайындалатын жемнің құрамына кіретін шикізат түрлерінің мөлшері;
- дайындалатын құрама жем көлемі.
Сонымен қатар, рецепт құрамының, есебін дайындағанда шикізаттың сол кездегі қоректілігі мен химиялық құрамы есепке алынады.
Пайдаланылатын шикізат сапасын өте мұқият тексеріп отыруды естен шығармау керек. Сондықтан, рецепт есебін жасаған кезде үнемі зертханалық зерттеулер нәтижесін пайдаланып отырған жөн.
Егер ондай мүмкіншілік болмаса кестеде берілген дайын көрсеткіштерді пайдалануға болады. Кестелік көрсеткіштер орташа статистика ретінде, әсіресе балық және ет-сүйек ұндарын салыстырмалы бағалаған кезде қажет.
Витаминдер мен микроэлементтерді қоспа жемнің (премикстің) рецептісіне қосу жолымен оның керсеткіштерінің үстіне (шикі протеин, амин қышқылы, кальций, фосфор, ауыспалы қуат) құрама жемнің жалпы қоректілік қасиетін құс қажетіне сай мөлшерлік деңгейге жеткізеді.
Премикстің сапасына сатушылар жауап береді, негізінде биологиялық белсенді заттар (0,25 мен 2,0) толық тәуліктік азық үлесінің аралығында болады.
Құсты дұрыс азықтандыру үшін және жем мөлшерін есептегенде оның қоректілік қуатына қарау керек. Негізгі қуат көзі – дәнді дақылдар мен майлар.
Жем кұрамының қуаттылығын жеткілікті деңгейге апару үшін жоғары калориялық азықтар (май, фосфат) пайдаланылады.
Жем құрамындағы қоректі заттар арқылы құс өз ағзасына қажет күш-қуат ала алатын болуы керек. Ол құс ағзасының сіңіру қабілетіне және қоректік қуат беретін заттардың мөлшеріне байланысты болып келеді.
Жемнің қуаттылығы Джоульмен (Дж) өлшенеді. Бір термохимиялық калория 4,184 Дж-ға тең.
Біздің тәжірибемізде жемнің қуаттылық мөлшері және құсқа алмасу қуатының қажеттілігі килоджоуль (КДж) мен килокалорияда (ккал) беріліп отыр. Құстың қуатқа деген жалпы кажеттілік мөлшері, оның тіршілігіне, қозғалысына, өнім беруіне шығындалатын қуаттырдың қосындысынан шығады.
Құстың қуатқа қажеттілігін оның 1 кг тірілей салмағына есептеп шығару қабылданған.
Теориялық және тәжірибелік есептерді құстың тірілей салмағын (ТС) 0,75 дәреже санына (кг 0,75) көбейтіп, зат алмасу шамасын табу арқылы шығарады. Барлық жылы қанды жануарлардың өз тіршілігіне қажет қуат мөлшері 1 кг зат алмасу шамасына орта есеппен 293 КДж (70 ккал) жұмсалатындығы дәлелденген.
Оны таза қуатқа (энергияға) жатқызып, мына формуламен анықтайды:
ТЭ=293 КДж х ТС (кг 0,75) мұндағы: ТЭ – таза энергия;
ТС – тірілей салмағы.
Құс денесінде зат алмасу процесі тез жүретіндігіне және дене қызуының сүтқоректілерге қарағанда жоғары екендігіне байланысты, олар тек тіршілік етуінің өзіне алмасатын қуатты (энергияны) көбірек керек етеді.
Таза қуатқа карағанда алмасатын қуат құсқа 18% артығырақ керек, яғни таза қуат алмасатын қуаттың 82%-ын құрайды. Алмасатын қуаттың көлемі 1 кг тірілей салмағына шаққанда құс жасына байланысты. Мысалы тауық балапанында ол 30-35 КДж-ге (7-8 ккал) тең, ал сақаларында 6-12 КДж-ден (1,5-3,0 ккал) аспайды. 1 дана жұмыртқаға мекиен 360 КДж (86 ккал) жұмсайды.
Құс тіршілігіне қажет алмасатын қуатты Скот формуласымен есептеп шығарады:
ТЭ=347 КДж х ТС (кг 0,75) мұндағы: ТЭ – таза энергия;
ТС – тірілей салмағы.
Мысалы тірілей салмағы 1,75 кг (ауыспалы салмағы 1,52 кг) тауықтың таза энергияға қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 527 КДж (347 КДж х 1,52) немесе 126 ккал/күн керек.
Таза энергия алмасатын қуаттың 82%-ын құрайтын болғандықтан алмасатын қуаттың өзі 644 КДж (527:0,82) немесе 154 ккал/күн болады.
Тауықтың қозғалу мүмкіндігіне қарай торда бағылатынына алмасатын қуатты 37%, ал жерде (еденде) бағылатынына – 50% өсіреді. Сондықтан торда ұстайтын тауықтарға 882 КДж (221 ккал) жалпы алмасатын қуат, ал еденде бағылатындарына – 996 КДж (230 ккал) керек.
Ал олардан өнім өндіру үшін тағы да қосымша қуат көзі керек болады. 1 дана жұмыртқа өндіру үшін тауыққа 360 КДж (86 ккал) қажет.
Қорыта айтқанда тауық тіршілігіне, жүріс-тұрысына және жұмыртқа өндіруіне торда ұстаған тауықтың әр басына тәулігіне 1242 КДж (296 ккал), ал еденде бағылғандарына – 1326 КДж (315 ккал) алмасатын қуат жұмсалады.