Послание Президента Республики Казахстан Н.Назарбаева народу Казахстана. 28 февраля 2007 г.
28.02.2007
Послания народу Казахстана
Новый Казахстан в новом мире
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!
Тәуелсіздікке қолымыз жеткен алғашқы күннен бастап Сіздер мен біздер барлық қажыр-жігерімізді жұмсап, еңсесін асқақтатқан Жаңа Қазақстан барған сайын нық сеніммен алға басып келеді. Дамудың өзі таңдаған даңғылына түскен еліміздің атағы шартарапқа таралып, әлемдік қоғамдастықтың алдындағы абыройы да жылдан жылға артып отыр.
Біз экономикамыз бен мемлекеттігіміздің берік іргетасын қаладық. Қазақстанның алдағы дамуы, кемел келешегі экономикалық, әлеуметтік, саяси және әкімшілік тұрғыда жан-жақты сараланып, түбегейлі жаңа кезеңге батыл қадам бастық.
Бүгін мен Сіздерге еліміздің және қоғамымыздың алдағы дамуы жайындағы пайымымды баяндамақпын. Ойға алғанымызды орындау Қазақстанның шын мәнінде тарихи ауқымдағы аршынды самғау жасауына мүмкіндік берері сөзсіз.
Бүгінгі әңгіме еліміздің әлемдегі бәсекелестікке қабілетті елу елдің санатына қарай жасайтын қарышты қадамдары туралы болмақ. Бұл жайында алдыңғы Жолдауда да айтылған еді.
Ал бүгінгі күні сол мұратымызға қалай жету керек, соның қандай шаралары бар, әр басшы қызметкерлерімен,әсіресе билікте жүрген адамдар не істеу керек, сол жайында айтамыз.
Естерінізде болар, 1997 жылы Сіздер мен ұсынған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі дамуының Стратегиясын қолдадыңыздар. Онда біздің қоғамымыздың кемел келешегі мен мемлекетіміздің ұлық мұраты баяндалғаны мәлім.
Бұл әлі де толыққанды даму жолына түсіп үлгермеген жас тәуелсіз мемлекеттің ұлы таңдауы болатын. Сол кезде осы Стратегия турасында талай күмән-күдіктің болғаны да маған белгілі.
Сол заманда еңсемізді толып жатқан әлеуметтік-экономикалық проблемалардың зілбатпан ауыртпалығы басып, қолымызда егеменді даму мен либералдық реформалардың азын-аулақ алғашқы тәжірибесі ғана болғанын өздеріңіз білесіздер.
Сонда, осыдан он жыл бұрын жасаған таңдауымызда біз жаңылысқан жоқпыз. Ол дұрыс тандау болғанын уақыт бізге дәлелдеді.
Дәл осы уақыттан бастап, Қазақстан нарық экономикасы теоремасы мен демократиялық даму ақиқаттарының тар жол, тайғақ кешуінен тайсалмай өтіп, алған бағытынан таймай алға басты.
Біз мүлде жаңа экономикалық жүйенің, демократиялық құқылық мемлекеттің іргетасын нық қалап, осы заманғы қоғамдық институттарды нығайтып, өмірдің сапасы мен ұстындарын да өзгерте білдік.
Біз ішкі тұрақтылыққа, дамудың әлеуметтік іргесінің беріктігіне қол жеткізіп, өңірдегі ең еңселі экономиканы сомдадық. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың өңірдегі геосаяси тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді мүлтіксіз атқаратын толық құқылы әрі жауапты мүшесінің тұғырына көтерілді.
Біз үшінші деңгейлі мемлекеттердің қалпында қалғанымыз жоқ. Өткен он жыл ішіндегі жұмысымыздың ең басты нәтижесі де, міне, осы.
Ендігі жерде алдағы он жылдықта атқаруға тиіс жұмысымызды айқындау үшін келдім.
Бұл он жыл дегеніміз, 2030 жылдың Стратегиясын он жылың биыл тәмамдап, ендігі он жылда не істеуіміз керек? Бірақ бұл он жылдың ішінде үш жылдық, бес жылдық жоспарларымыз болады.
Біз екі мыңыншы жылға қарағанда жалпы ішкі өнімді 2010 жылы екі есе көтереміз деп айтқан болатынбыз. Сол мақсатымызға, аманшылық болса, келесі жылдарда жеткелі отырмыз, екі жыл бұрын.
Бұл көздеген мақсатымыз да, экономикалық өсудің көлденең тартар көрсеткіші де емес, бұл - қазақстандықтардың тұрмысын жақсарта берудің қолымызда бар нақты мүмкіндігі.
Өткен жылдары, оны өздеріңіз де білесіздер, біз өміріміздің сапасын айтарлықтай жақсарта түскен көптеген аса маңызды әлеуметтік міндеттерді шеше білдік.
Біз жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерінің стипендияларын өсірдік, оларға білім алу гранттары мен кредиттер бердік. Бюджет саласының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысын үнемі көтеріп келеміз. Аз қамтылған отбасыларына 18 жасқа толмаған балалары үшін ай сайынғы жәрдемақылар, ал көп балалы аналарға арнайы мемлекеттік жәрдемақылар төлеудеміз. Балалар мен жасөспірімдердің белгілі бір зәру топтарын дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету мәселесі де шешілуде.
Жыл сайын зейнеткерлік жәрдемақылардың мөлшері де үстеме арттырылып келеді. Бұрынғы еңбек өтіліне байланысты зейнетақылық төлемдерді сараланған түрде өсіру жүзеге асырылды. Бұл бір миллионнан астам адамды қамтыды. Сонымен қатар әлді құрылымдар ардагерлерінің зейнетақылары көбейтілді. Барлық зейнетақылық және әлеуметтік төлемдер уақтылы – тиісті айында төленіп келеді.
Осының барлығы экономикамыздың жеткен жетістігі. Қарқындап өсуіміз, мемлекеттің күш-қуаты мен қаражатының бар болғандығынан, табысты елдің байлығын Қазақстан халқына беріп отырмыз деп айта аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |