Әлеуметтік педагогтің қиын балалармен жұмыс жүргізу әдістері
Философия және Саясаттану факультеті, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы, әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының 3-курс студенті
Нұрқасымбаева Ж.Н.
Ғылыми жетекші: п.ғ.д, доцент Әрінова Б.А.
E:mail: nurqasymbaeva.zhanar@mail.ru
Аңдатпа: Автор бұл мақалада «қиын бала» ұғымына сипаттама береді. Сонымен қатар, қиын баланы тәрбиелеу әдістеріне берген анықтамаларды саралай отырып, олармен жүргізілетін әдістерге тоқталады. Қиын балалармен жұмыс жүргізудегі әлеуметтік педагогтің әдістерін талдайды.
Кілттік сөздер: Әлеуметтік педагог, «қиын бала», әдіс, тәрбие әдістері, имаго әдісі.
Бүгінгі таңда болып жатқан әр түрлі қоғамдық-әлеуметтік мәселелер жасөспірімдердің тәрбиесіне ықпал етіп, қиын балалар санының өсуіне әкеліп отыр. Бұл мәселенің өзектілігі күннен-күнге балалар арасында нашақорлықтың белең алуы, ішімдікке салыну, адам өлтіру, ұрлық жасау сияқты жағымсыз іс-әрекеттердің күрт өсуі болып табылады. Баланың жүріс-тұрысындағы ауытқушылықтың себептеріне қоғамда болып жатқан жағдайларды жатқызуға болады. Олар: қоғамдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайлардың тұрақсыздығы, жастардың құндылық бағдарының өзгеруі, отбасындағы қолайсыз жағдайлар мен тұрмыс-тіршілігінің төмендігі, бала тәрбиесіне аз назар аудару, ата-ананың жұмысбастылығы, отбасының ажырасу салдары.
Атақты педагог А.С.Макаренко: «Бала тәрбиесі – біздің өміріміздің ең маңызды бөлігі. Біздің балаларымыз – мемлекетіміздің, сондай-ақ күллі әлемнің болашақ азаматтары. Олар – болашақ ана мен әке, олар да өз балаларының тәрбиешісі болады. Сол себепті де, жақсы ата-ана болып ер жетулері керек. Біздің балаларымыз – бұл біздің қарттық шағымыз. Дұрыс тәрбие – бақытты қарттыққа әкеледі, ал бұрыс тәрбие – біздің көз жасымыз, қайғы-мұңымыз, басқа адамдар алдындағы, мемлекетіміздің алдындағы кінәміз»-, деп, [1] айтпақшы, балаларға дұрыс тәлім-тәрбие беруге жан-жақты ат салысуымыз керек. Бүгінгі таңда «қиын баланы» қоғам талабына сай, жан-жақты дамыған, рухани жетілген азамат ретінде қайта тәрбиелеу мәселесі жиі қозғалып, түрлі зерттеулерге түрткі болып отыр. «Қиын балаларды» қайта тәрбиелеу психологтардың, педагогтардың, соның ішінде әлеуметтік педагогтардың басты міндеттерінің бірі болып табылады. Аталған мәселені шешу барысында түрлі ғалымдардың қиын балаларды тәрбиелеу мақсатында қолданатын әдіс-тәсілдерін зерттеп, ішіндегі ең тиімді, оң нәтиже беретінін ұсыну көзделеді. Осы орайда әлеуметтік педагогтың балаларды рухани-адамгершілік тәрбиелеуде, оларды қоғамға бейімдеуде алатын орны ерекше екенін, әдіс-тәсілдерінің тиімділігін тілге тиек еткім келді.
Әлеуметтік педагог – әртүрлі әлеуметтік-мәдени ортада балалармен тәрбие жұмысын ұйымдастырушы маман. Әлеуметтік педагог жеке тұлғаның психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері, оның қызығушылықтары мен қажеттіліктерін, мінез-құлқындағы ауытқуды анықтай отырып, оны қоршаған микроортаны зерттейді және балаға уақытында әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетеді.[2]
Әлеуметтік педагог әдістер арқылы баланың санасына, сезіміне, жүріс-тұрысына, сондай-ақ оны қоршаған әлеуметтік ортасына мақсатқа бағытталған түрде әсер ете алады.
Әдіс – көздеген мақсатқа жетудің тәсілі, тәртіпке келтірген қызмет жүйесі. Зерттелетін нәрсенің ойша нұсқасын жасау үшін қажетті таным құралы. [2]
В.В.Трифонов зерттеулерінде «қиын оқушы — бұл күнделікті педагогикалық әсерге көне бермейтін, өзіне үнемі қосымша уақыт бөліп қарауды, мұғалімнің ерік-жігерін, күшін, қажырлы педагогикалық еңбегін қажетсінетін оқушы». Ал, Г.А.Фортунатовтың зерттеулерінде «қиын балаларға» үлгермеушілер мен тәрбие ықпалына көнбейтін балаларды және психикалық бұзылудан жапа шеккендерді жатқызады. [3]
А.С.Макаренко баланың бұзық болғанына өзі емес, педагогикалық әдістер кінәлі екенін айтқан болатын. Сол себепті де, қиын балаларды тәрбиелеу үшін тиімді тәрбие әдістерін қолдана білуіміз керек. Тәрбие әдістері — ересектер мен балалар арасындағы қоғамдық қарым-қатынастардан туындаған тәрбиелік әрекеттестік тәсілдерінің жиынтығы. [4]
Қиын балалармен жұмыс жасау барысында арнайы әдістермен қатар жалпы педагогикалық әдіс-тәсілдер де қолданылады.
Жалпы педагогикада ғалымдар ұсынған тәрбиелеу әдістерінің алуан түрлі тізбегі бар (Н.И.Болдырев, Н.К.Гончаров, Т.А.Ильина, И.Т.огородников, Г.И.Щукина ж.т.б). Соның ішінде Л.В.Байбородов пен М.И.Рожков ұсынған кешенді әдістерді қиын бала тәрбиесінде қолдану өнімдірек. [5;140б] Олар тәрбиелеудің дәстүрлі әдістерін бала бойындағы жағымды тұлғалық сапаларды дамыту тәсілі ретінде қарастырады. Педагогикалық әсер ету тәрбиеленушінің бойында өзін-өзі тәрбиелеуге, жақсы жаққа өзгеруге, дұрыс әрекет жасауға қажеттілік пен ынтасын туғызуы керек. Л.В.Байбородов пен М.И.Рожков бала дамуының маңызды аймақтарын өзгертуге бағытталған келесі бинарлы әдістерді ұсынған:
Сендіру мен өзін-өзі сендіру (зияткерлік аймақ);
Ынталандыру (мативациялық қажеттілік аймақ);
Көндіру мен өзін-өзі көндіру (эмоционалды аймақ);
Талап пен жаттығу (еріктік аймақ);
Түзету мен өзін-өзі түзету (өзін-өзі реттеу аймағы);
Тәрбиелік жағдаяттар мен әлеуметтік сынақтар (пәндік-практикалық аймақ). [5;141б] Осы аталған әдістердің ішінде: сендіру әдісі – баланың санасына ғана әсер етіп қоймай, сонымен қатар мінез-құлқы мен іс-әрекетіне ықпал етеді. Классикалық педагогикада ынталандыру әдістері ретінде мадақтау мен жазалау әдістері де қолданылады. Мадақтау әдісі – баланың тәртібі мен іс-әрекетін бағалау арқылы педагогикалық ықпал ету. Мадақтау әдісі арқылы бала өзінің іс-әрекетінің дұрыстығына сенімі артып, жағымды қасиеттерін шыңдай түседі. Жақсы іс-әрекеттерге итермелеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Демек, баланың жағымды қасиеттерін дамыту үшін мадақтау әдісін қолданған жөн. Жазалау әдісі – баланың теріс іс-әрекетінің дұрыс еместігін ұғындыру, өзі мен өзгелердің алдында ұят сезімін тудыру мақсатын көздейтін педагогикалық ықпал ету. Жазалау баланың өзіне емес, оның іс-әрекетіне бағытталауы тиіс, сонымен қатар педагог объективті және әділ болуы керек. А.С.Макаренко қиын балаларды тәрбиелеу барысында жазалау әдісін бір минут та педагогикалық тиімді әдіс деп санамағанын айтады. Сол себепті, бұл әдісті нәтижеге жетуге көмектесетіне сенімді болғанда ғана, дұрыс бағытта қолданған жөн.
Көндіру әдісі – баланың бойында сезімін басқаруға, эмоционалды жәй-күйін түсінуге қажет дағдыларды қалыптастыруға бағытталған ықпал ету.
Талап қою мен жаттығу әдістері арқылы мақсатқа жету барысындағы қиындықтарды жеңе білуге, өзкүші мен мүмкіндіктеріне сенуге, өзін-өзі басқаруға үйретуге болады.
Тәрбиелік жағдаяттар арқылы тәрбиелеуде тәрбиеленушілерге мәселе беріледі де, тәрбиеленуші сол мәселеден шығудың өзіндік жолдары мен әдіс-тәсілдерін ұсынады. Нәтижесінде балада әлеуметтік тәжірибе мен дағдылар қалыптасады.
Түзету әдісі – баланың жүріс-тұрысын, өзгелерге деген қарым-қатынасын түзетуге бағытталған ықпал етудің түрі. Бұл әдіс баланың іс-әрекеттері мен әлеуметтік нормаларды салыстыру, іс-әрекеттерінің салдарын талдау, жағымды үлгі көрсету арқылы жүзеге асады.
Атақты ғалым А.И.Кочетов балалар мен жасөспірімдердің бойындағы ауытқыған мінез-құлықты түзетуге бағытталған әдістердің 4 тобын ұсынды:
Жағымсыз жүріс-тұрысты жоюға бағытталған әдіс: «жарылу» әдісі мен қайта құру әдісі.
Сана-сезімі мен мотивациялық аймағын қайта құру: Баланың жағымды, жағымсыз қасиеттерін талдау; Сана-сезімін қайта бағыттау; Қайта сендіру; Жағымсыз қылықтардың салдарын болжау;
Өмірлік тәжірибесін қайта құру: тыйым салу, шектеу, қайта оқыту мен басқаға көңілін ауыстыру;
Жағымсыз жүріс-тұрысты жою мен жағымды жүріс-тұрысқа ынталандыру:Мадақтау, жазалау, жарыстыру, келешекке бағыттау; [5;145б]
Бала тәрбиесінде ізгілікті педагог Ш.А.Амонашвили: «Біз жаны мейірімді адам болуымыз керек, балаларды қандай болса сол күйінде жақсы көруіміз керек»,-деген ұранды басшылыққа алады. Оның ойынша, балаға қабілеттері мен таланттарын жетілдіруге үлкендердің махаббаты мен қолдауы көмектеседі.
А.С.Макаренко қиын, қаңғыбас, кәмелетке толмаған қылмыскерлерден шыншыл, тәртіпті, еңбек сүйгіш азаматтарды тәрбиелеп шыққаны мәлім. Оның қаңғыбас балаларды тәрбиелеу әдістерінің құпиясы – балаға құрметпен, адамгершілікпен қарауында жатыр. Ол: «Балаға сыйластықпен қарап, сенім арту керек, көбірек талаптар қоя білу керек. Балалар іс-әрекетсіз бос жүрмеуі керек, әйтпесе олар жаман әдеттерге бой алдырып, тез бұзылады»,-деп, ұжым арқылы балаларды тәрбиелеп шыққан.
1966 г. И. Е. Вольперт енгізген «Имаго» әдісі – түзету мақсатында баланың белгілі бір бейнелер кешенін жүзеге асыруын жаттықтыру. [6] Бұл әдісті қолдану барысында педагог балаға күнде 2 сағат көлемінде идеалды «Мен» бейнесінде жүруге нұсқау береді. Күніне 1 сағаттан қоса отырып, 3 айға дейін жалғасады. Идеалды «Мен» бейнесі біртіндеп күнделікті әдетке айналып, алға қойылған мақсат жүзеге асады. Бұл әдістің артықшылығы ойын түрінде, қысқа мерзім ішінде, балаға жеңіл түрде жүргізілетіндігінде.
Жоғарыдағы әдістерге талдау жасай келе, қиын балаларды қайта тәрбиелеуде әлеуметтік педагогтің жұмысында мынадай әдістерді де қолдануға болады деп санаймыз: Олар:
Сенім мен сендіру әдісі. Яғни, балаға сенім білдіру, жарқын болашағы бар екеніне сендіру.
«Имаго» әдісі;
Дұрыс талап қоя білу;
Ар-ұятын ояту;
Тәрбиелік жағдаяттар мен үлгілерді ұсыну әдісі;
Өмірлік тәжірибелерін қайта құру әдісі;
Көндіру мен өзін-өзі көндіру әдісі.
Осы аталған әдістерді қиын балалармен жұмыс жүргізу барысында қолдану арқылы олардың жүріс-тұрыс әдебі мен құндылық бағдарын дұрыс арнаға бұруға, қазіргі қоғам талабына сай тәрбиелеуге болады. Сонымен қатар, қиын бала санын қысқарта отырып, қоғамдағы теріс әрекеттердің азаюына септігін тигізеді деген ойдамыз.
Қайта тәрбиелеу педагогтың күш-жігерін, қажырлы еңбегін қажет ететін күрделі үдеріс. Қиын баланы тәрбиелеуде тек бір әдіске шектелмей, түрлі әдістер кешенін пайдаланған кезде ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Макаренко А.С. Том 4. Педагогические работы 1936-1939. (Педагогические сочинения в восьми томах)- М.: Директ-Медиа, 2014. – С. 97.
Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Педагогика / О 74 Жалпы редакциясын басқарған экономика ғылымдарының докторы, профессор Е.Арын - Павлодар: "ЭКО" ҒӨФ. 2006. - 482 б.
Серкебаев, Қ. «Қиын балаларға көмек.» «Ұлағат» журналы, 1998–2006/1 аралығы.
Жантану атауларының түсіндірме сөздігі. — Алматы: "Сөздік-Словарь", 2006. - 384 бет.
Гонеев А.Д. Работа учителя с трудными подростками :учеб.пособие для студ.высших учеб.заведений /А.Д.Гонеев, Л.В.Годовникова. – М.: Издательский центр «Академия», 2008. – 240 с.
Осипова А.А. Общая психокоррекция. Учебное пособие. - М.: Сфера, 2002.- С.263.
Достарыңызбен бөлісу: |