http://www.adebiet.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6846&Itemid=23
Жаялықша жалпиған, жарқанатша қалқиған, жермен-жексен шым қора, бейнеуі жоқ сұм қора. Шым қорада - жер үйде, желпіндірмес кор үйде, арса-арса болып сүйегі, қалақтай болып иегі, жаңқадай жоқ жақ еттен, саусақтары шілбиіп, көлеңкедей кілбиіп, бұ жатқан қай аруақ?
Әлсін-әлсін демігіп, тық-тық еткен жөтелі өңменіңнен өткендей, алма еріні кезеріп Бетпақ кезіп кеткендей, кимешегі қолқылдап қуыршаққа тіккендей, сатпақ-сатпақ жастығы жастық емес кетпендей, сар төсек боп сарғайып - бұ жатқаның қай әйел?
Білмесеңіз айтайын - Күнікей ғой бұ жатқан.
Күзден жатқан Күнікей - жазға жетті ілініп: күндері ғой, жан шіркін, үзілмейтін созылып.
Көктем күні күледі, күліп еді - жер түледі. Түлегені емес пе ақ кебінін сыпырып, көк торғынға бөленді. Қызыл-жасыл, ақ-көкшіл бейне кілем түріндей, гүлдер гүл-гүл жанады, күлкілдеген гүл-жапырақ, сағымданған күлім бел терезеден көз салса, Күнікейдің көңіліне жазылмас жара салады.
Аһ, дариға, дариға! Күнікей сау боп жүрер ме еді! Қырдан тезек терер ме еді! Қырдан қия кезер ме еді! Шырқап әнге салар ма еді! Әнге салса, ол бітіп, қапқа қары талар ма еді!..
Жалғыз әйнек жаман үй, төсеніші - жалаң ши. Жаман шидің төр жағы - ала сырмақ текемет, текеметте - Күнікей, жалғыз әйнек түбінде. Алты көзден үшеу жоқ, лақтар ойнап сындырған. Қалғаны аман қалсын деп, әйнекті жүдә жұлдырған. Күн жылыда не керек? Бала-шаға, қозы-лақ жол қып алды әйнекті. Лақ ойнақтап көрпеге, жығып кетеді шәйнекті. Шәйнекте шалап сусын бар, шалабын қорғап Күнікей айтып қояды: "Шай"!- деп те. Ойнақтаған құлдыр лақ - шай дегенді біле ме? Лақ қарғыса әйнектен, запы болған Күнікей, қолын созады шәйнекке.
Күнікейдің серігі - әйнектен ескен жел болады. Күнікей жалғыз жатқанда, қозы-лақ пен қарлығаш - бейне бір дүйім ел болады. Ауыл-үйден Күнікейге келушілер кем болады. Қашан жатқан Күнікей? Қашан өлген Күнікей? Қашанғы көңілін сұрарсың? Соған қарап отыр ма? Шаруасы бар әркімнің.
Оқта-текте Күнікейге бір айналып, кіші үйдегі Айдарлым келеді.
- Айдарлым-ау, жап-жас боп аяуды қайдан білесің? Мүшелге жаңа жеттің ғой... Айналайын өзіңнен! Сусының бар ма, апатай?.. Қалайсың деген сөзіңнен!.. Сен болмасаң, қарағым!..- деп қояды Күнікей, деміге сөйлеп ентігіп. , Айдарлым кетсе, Күнікей жалғыз жатады күркілдеп:- Уһ... алла-ай!..- деп күңкілдеп.
Күнікейдің серігі - әйнектен ескен жел болады. Күнікей жалғыз жатқанда қос қарлығаш ел болады.
Түйірлеп тасып топырақ, қыл-қыбыр, шөп-шар, жанырақ, біріне-бірі жапсырып, қос қарлығаш қалбаңдап, ұя орнатты дөңбекке: балалап, өсіп-еңбекке. Жалығу жоқ шіркінде: жаралғандай еңбекке. Күнікей жатыр бақылап, қарлығаштың өнерін жатқандай-ақ көрмекке.
Қарлығашта дамыл жоқ: есі-дерті ұясы, бірі кетсе, бірі кеп, ақ қанаты дірілдеп, қос құйрығын қалақ қып, құртымтай боп құнтиып, бұғып қана қылтиып ұясына жатады. Зайыбы ұя басқанда, байы жүреді бәйек боп: әлсін-әлсін келгіштеп, жарының жайын білгіштеп.
Қарлығаш екеш қарлығаш бір-біріне қайырылғыш, бірін-бірі сыйлағыш. Адамзатқа не болды? Күнікейден безгендей, Күнікей мәңгі өлгендей, суық топырақ көмгендей, Айдарлымнан өзгесі шетінен түге үмытып.
Баласы қайда Күнікейдің "апалап" бір уақ келетін? Жұбайы қайда Күнікейдің, қияметтік жолдасы? Күнікей бүйтіп жатқанда, жастық қойып басына, қолынан сусын беретін? Ауылы қайда Күнікейдің, келіп-кетіп жүретін?
Жалғыз перзент демесең, аулы да бар он шақты үй, байы да бар соқталдай, бауыры да бар байының - немерелес әмеңгер. Күнікей сауда үйінен, үйірімен шықпайтын, өңшең қортық кеген кез.
Бар болса, олар қайда жүр, бірі басын көрсетпей? Ауылды қойшы, ауыл ғой, жайшылықта бауыр ғой. Байы қайда Күнікейдің? Қосағы бүйтіп жатқанда, қолының ұшын бір бермей, жанына жақын бір келмей?
Келмек тұрып сұнқа адым, шұлық жамап қаңғып жүр, қатқан бар деп қай үйде - көкше түтін аңдып жүр, жамауменен жан сақтап, қара басын қамдап жүр.
Қамдағаны құрысын! Күнікейдін көзі тіріде бір қатынмен сөз байлап, алуға соны оңтайлап, төртті-бесті қараның бір-екеуін беруге, бүгін-ертең қам қып жүр.
Күнікейдің көзі төрт, көкірегі жанған өрт. Бәрінен де жанына Батып жаткан осы дерт.
Ауыл-аймақ, абысын, не жақыны-алысы, не тамыры-танысы, не алған серігі, жеті жылғы жолдасы - бәрі бірдей безгендей, Күнікей сонша не жазды?
Не жазғанын бейбақтың мен айтайын, жігіттер, құлағыңды сала бер, көкейіңе ұнаса, мәнісіне қана бер.
Достарыңызбен бөлісу: |