Тәңіріне сиынбаған адамның тілегі қабыл болмайды. Тәңірісі құрамаса, ешкімнің бәрі екеу болмайды. Тәңірі пендесінің маңдайына не жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп, өлмейді. Өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның кетсе, ол қайтып келмейді.
Ажал уақыты жетпейінше, ешкім де өлмес. Өлген адам тірілмес. Ер жігітке қара таудай мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес. Көңілі пасық ерде дәулет болмас.
Менмен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді. Өзіңнен тумаса ұл өгей: қаншама бағып, қаққанмен ол саған ұл болмайды. Ер жетіп, ат жалын тартып мінген соң өз жөніне кетеді, бәлки ол тәрбиеленген адамға көрдім-білдім деген сөзді де айтпас.
Жат баланы қанша сақтасаң да ұл болмас. Ол ішіп-жер, киер де кетер, бірақ көрдім демес. Мыңғырған мал жиғанмен адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамайды.
Жол қиындығын көрмеген, жабы мінген жігітке Қап тауының арғымағын мінгізуден пайда жоқ. Су тарам-тарам болып қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды.
Адам ішпес ащы судың жылға қуып ақпағаны жақсы. Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып, тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді. Өтірік сөз өрге баспайды.
*** *** ***
Әйел төрт түрлі болады. Оның бірі - ниеті қураған әйел, екіншісі - ынсапсыз әйел, үшіншісі - үйдің құты болған әйел, төртіншісі - кесір әйел. Әйел біткеннің ең жаманы осы.
Отбасының құты (тірегі) болған әйел даладан бір қонақ келсе, үйінде ері болмаса да, оған сусын беріп, бар дәмін алдына қояды, сыйлап аттандырып салады. Бұлар - Айша мен Фатимадан бата алған әйелдер. Хан ием, мұндай әйелдер өссе де көп емес, бәлки аз. Сіздің ошағыңызға да сондай әйел кез болсын.
Одан соңғысы - ынсапсыз, қанағатсыз әйел. Ондай әйел таңертең төсегінен тұрып, беті-қолын жумастан тоғыз тоқаштың бәрін аударыстырып, ең тәуірін таңдап жейді, аузын томпайтады, бір шелек айранды басына көтеріп, қарынды қампитады, содан соң маңдайын сабалап, жылана бастайды да: «Қараң қалғыр, осы күйше мен қайдан душар болдым. Бір күн қарным тойып ас ішпедім, жүзіме күлкі келмеді, аяғыма ілген кебісім болмады, бетімнан перде түспеді. Ерім өліп басқаға тисем, бағым ашылар еді, сол үмітім өшпесін», - дейді. Хан ием, ондай әйел мың болса да, өсіп-өнбесін, сіздің ошағыңызға кез бола көрмесін.
Одан соңғысын салақ әйел дейміз. Ондай әйел төсегінен тұрған соң беті-қолын жуады, үйдің ол шеті мен бұл шетіне қарайды да, күбіні абыл-құбыл пісіп, көрпе-төсегін жинайды. Содан соң «шуу!» - деп ауыл кезіп, түс қайта үйіне оралады. Келсе үйі ұрланған, қазан-аяғын ит жалаған, бие-бұзау сүйкеніп, үйдің қорадағы байлаулы қалған сиыры мөңірейді. Келе сала әйел көршілеріне барып, шаптыға бастайды: «Ау, қыздар-ау, Зылихам, Зүбайрам, Руғейдам, бикештерім. Уа, азамат туған жігіт-желеңдерім, Айна-Мәлік, Құтлы-Мәлік қайда едіңдер? Ойбай-ау, үйім құлап қалыпты, түнде қайда жатамыз? Мені ерігіп жүр дедіңдер ме? Зәру жұмыс болған соң кетіп едім ғой. Үйіме неге көз қырын салмадыңдар? «Көрші ақысы - Тәңір ақысы деген қайда? - деп, безек қағады. Хан ием, ондай әйел мың болса да өсіп-өнбесін, сіздің ошағыңызға кез болмасын.
Ең соңғысы - адам тілін алмайтын кесір (қырсық) әйел. Үйге түзден бір ұятты қонақ келіп, ері оған: «Орныңнан тұрып, нан әкел, желік, қонағың да жесін» - десе, әйелі еріне: «Үйде піскен нан жоқ», - дейді. «Барыңды бер», десе, әйелі: «Не сандалып отырсың, үйіңнің әлдеқашан қу молаға айналғанын білмейсің бе? Үйде ұн жоқ, диірменге кеткен түйе қайтқан жоқ, оның не әкелері белгісіз. Дастарханымды жемесе, берерім жоқ», - деп бармағын көрсетеді, еріне сыртын беріп, дастарханды кісі алдына лақтырып тастайды. Ондай әйелге мың сөз айтсаң, соның бәріне жауап қатады, бірақ ерінің айтқанын құлаққа ілмейді. Ондай әйелді Нұх пайғамбардың көз жасынан пайда болғандар дейміз. Хан ием, сізді Алла осындай әйелдерден сақтасын, ондай әйел сіздің ошағыңызға кез болмасын». (Қорқыт ата кітабы. Алматы, «Жазушы», 1986, 7-10- беттер)
Достарыңызбен бөлісу: |