ДОС ЖҮРЕГІ
Дос жүрегі – шар айна,
Сылтауыңа қарай ма,
Бүлдіріп алма қалайда,
Кір шалдырма, жарай ма!
Шимайланса шар айна,
Дақ түсірер шырайға.
Абайла, бауырым, абайла!
Дос жүрегі – бал бұлақ,
Жанарды тартар жалтырап.
Сырлары жатар сылдырап,
Түкірме оған сен бірақ.
Кәусарымен қандырар
Келгеніңде қалжырап.
Абайла, бауырым, абайла!
Дос жүрегі – домбыра,
Тиегін тап та мың бұра.
Құлақтың құрышын қандыра
Сыңғыра дей бер, сыңғыра.
Мелшиген тақтай болмасын,
Сындыра көрме, сындыра.
Абайла, бауырым, абайла!
Дос жүрегі – кең дала,
Шексіз ғой деп ойлама,
Шетсіз ғой деп ойлама,
Ретсіз: «Өй!» – деп қорлама.
Кең дала болар тар дала,
Досыңа қалсаң бұлдана.
Абайла, бауырым, абайла!
Дос жүрегі – балапан,
Алақан керек, алақан.
Жылылық керек және оған
Жүрегіңнен тараған.
Жетіліп сонда балапан
Тоятын тілер даладан.
Абайла, бауырым, абайла!
Дос жүрегі – қия-шың,
Қырандар салар ұясын.
Ер жігітке бұ да сын,
Ерінбесең шығасың –
Күн астында тұрасың,
Күніңді кімге қиясың!
Абайла, бауырым, абайла! ( Ахметов Ә. Екімыңжылдық дала жыры. / Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы: “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 2000. – 752 бет. )
ТАҢ
Төгіл, шуақ!
Даланың көркін құрап.
Желмен ойнап желбіре,
желпін, құрақ!
Жұмыр Жердің жүрегін дүрсілдетіп
Жүгіріңдер, еркін жел,
еркін бұлақ!
Суы - сылқым даланың,
Бұлты – сылаң.
Бәрі ғажап өлкеде бұлқысын ән!
Құстар әнін тыңдатып
үй тұсынан,
Алма бақтар оянсын ұйқысынан!
Таңның нұры!
Ай жүзін жасырасың.
Төгіл!
Жарық үміттер жасымасын.
Ақ сәуледен тәж киіп басына шың,
Алтын шапақ далаға шашырасын!
Адамдарды таңдантып, мәңгі ойлантып,
Ұшқан құстай зулайды, самғайды уақыт.
Мына шексіз ғаламда
ӨЗ ДАЛАҢ мен ӨЗ ОТАНЫҢ болғаны қандай бақыт!
ТАҢ келеді.
Бойында қанша нұр бар!
Өз Еліңдей ел болмас Жер шарында.
Отандастар!
ОТАННЫҢ жаңа Таңын
Ерте оянып, қуанып қарсы алыңдар!
ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ! (Ахметова К.//Жұлдыз, № 5, 2011)
Достарыңызбен бөлісу: |