Осы қазақтың мақал, мәтелінің астарында, Абай айтқандай, бір кілтипан бар



Дата19.12.2016
өлшемі124,19 Kb.
#4114
ТҮЙІН

Осы қазақтың мақал, мәтелінің астарында, Абай айтқандай, бір кілтипан бар. Мәселенки, «Әкеге тартып ұл тумас, шешеге тартып қыз тумас», – дейді де, сол шындық үшін қымсынғандай, «игі еді» дегенді қосып қойып, «Әкеге тартып ұл туса игі еді, әке жолын қуса игі еді» – деп сөздің артын жұмсартып, сипақтата жөнеледі. Бұл өзінің ұрпағына өзінің көңілі толмаған атаның айтқаны ма, әлде, ұлынан көңілі қалған әкенің айтқаны ма. Жоқ, өмірінің екінтісі ауып, ақшамы үйіріле бастаған қамкөңіл қарияның аңсары ма? Кейде, осы заманның тілін біліп қалдық дейтін біздің өзімізге, құранды ежіктеп оқитындай ғана сауаты бар әкеміздің білгені мен түйгені бізден көп, әлдеқайда терең, данагөй, сол тәубешіл мейірімді жанның ақылы жетпей тұрғандай сезіледі. Сондайда, шынымен сол қара шалға тартып тусам ғой, орыны толмай жүрген талай өкінішке қалмас едім ғой – деп шарасызданатын сәттерім есіме түседі.

Мүмкін солай да шығар, бірақ, мен білгенде, қыздарды қайдам, ал әкеге де тартып, шешеге де тартып туған ұл болады және бар. Ол – өзіміздің жанымызда жүрген кәдімгі Жанболат, Жанболат Әуіпбаев. Жоқ, нағашысының сойында жүрген Жанболат Әуіпбаев емес, он жетіге толар толмаста қол алысып, қырық бес жыл бойы қолтықтасып келе жатқан жампоз Жанболат Әлиханұлының нақ өзі. Қырық жылдың ішінде Жанболатты есіме алғанда, онымен әзілдесіп тұрғанда, сыртынан көргенде, әсіресе, сұқ саусағын шошайтып қойып әңгіме айтқанда, менің көз алдымнан шынашақтай Әлихан қарияның бейнесі кеткен емес. Ал асықпай, оның асықпай жүретін кезі аз, пейілі түсіп мейірлене қалғанда жан дүниесінен Нұрша анамыздың жан жылуы шуақ шашып шыға келеді. Бәріміз де атамызға тартып туғамыз, немереміз өзімізден аумайды, сонда да Жанболаттың тартымында бір тартымдылық бар.

Мен осындай әсерге осыдан қырық жыл бөленіп, одан әлі де арыла алмай келемін. Алғашқы журналистік іссапар кез-келген жас қаламгердің есіңде ұзақ сақталатыны аян. Сол жолсапарды мен әкенің бауыры суымаған кезде Нарынқолдан бастаған едім. Сонда Жанболаттың сәлемін малданып үш күн Әлихан әкеміз бен Нұрша шешеміздің аялы алақанында еркелеп, аунап-қунап қалғаным бар. Сондағы қараша үйдің тәртіпті де қалыпты тіршілігі әлі де ұмытылған жоқ. Ол тіршілік маған – бір-бірін үнсіз түсініскен науша өмірдің жарасым тапқан бір сарынды үндес ырғағы сияқты көрінді. Өйткені, қос ғұмырдың сол бір қарапайым қоңыр тіршілігіне өмірдің барлық мағынасы мен мақсаты, жаратылысы мен жарасымы, әдеті мен әдебі сиып тұр еді. Таңғы сағат тура жетіде: «Балам, тұра ғой», – деген Нұрша анамыздың мейірімді дауысы естіледі. Қасымда самауырынның буы бұрқырап, дастархан сондай бір жарасымды қазақылықпен жайнап, жасаулы тұрады. Ананың епті мейірімі осындай-ақ болар. Шыны-аяқтың шылдыры емес, ерте тұрған екі дегдардың аяқ сыбдыры білінсеші. Өзгені былай қойғанда, екі-үш жас мөлшеріндегі «меншіктері» Ардақты да дыбыс шығармай киіндіріп, тар-тұйнақтай етіп томпитып қояды. «Сен әлі ұйықтап жатырмысың» – дегендей, әлде бір алыстағы жақын жандарының жылуын менен сезгендей құпия жымиыспен қарап тұрады. «Әуіпбаевтің жүзі мен жүрісінен бала мінезінің кетпегені осындай мейірімнен екен-ау. Епті басқан жеңіл жүрісі де тартқан-ақ екен. Тіпті ол мінезі мына Ардаққа да сіңіп қалыпты», – дей іштей қуланып, екеумізге ғана белгілі бір құпияны білетінімізді сездіргендей боп Ардақтың маңдайынан сипап сыртқа шыққанда, есік алдындағы ұста дүкенінен тық-тық еткен балғаның дыбысы естіледі.

Көріктегі көмір де қызара бөрте бастап қана тұрады. Бықсымайды, қоздап жанбайды, қызара бөртіп қана тұрады. Өріске қосатын малы бар ма, жоқ па, оған назар аудармаппын. Сонда да Әлихан ұста таңғы тіршілігін ұстаханасынан бастағаны анық. Мені көре салып көріктің көмейінің жан-жағын тиянақтай ысырып, қоламтасын көсеп, ысырып қойып: «Ә, балам, тұрдың ба», – деп үсті-басын қағып, үйге беттейді. Демек, Әлихан ақсақал таңғы алтыдан бастап менің оянуымды күтіп тұрған.

– Таң атпай баланың ұйқысын қашыра ма деп едім. Әйтеуір бүгін балғаның дыбысы естілмеді. Жақсы болды, – дейді Нұрша шешеміз.

Шәй үстінде қоянның көжегіндей сүп-сүйкімді әжесінің баласы Ардақ та апасының тізесіне жайғасады. Әлихан ұста кесесінің түбінен шөкімдей ұстап үнсіз қызыл күрең, ыстық шәйді сызылта сораптайды, Нұрша шешей бүгін мен аралайтын тау-тастың табиғатын, ескі аңыздарды, соған орай баяғыдағы бір өтіп кеткен оқиғаны әңгімелеп айта бастайды. Әйтеуір, Жабыр атты бұйратты жотаның жыры таусылмайды. Күндіз қойшыларды аралағанда сол әңгіменің пайдасы тиеді. Оларға жер мен ел тарихын білетін адам боп көрінемін. Дәл межелі мезетте шәй да аяқталады, көлік те келеді. Таң қалатыным, кешегі қойшылардың қорасындағы сарысуға шыланған аяқ киімім тап-таза боп жұтынып тұрады. Әрине, шешеміздің қолы тиген (Мына қызықты қараңыз, араға отыз жыл салып барып, өзім Дәмен, Төлеу, Миуа сияқты қыздардың бөлмесіне жиі барып жүріп, қолұстатқызған Ләззәт пен Жанболаттың үйіне үш ай паналағаным бар. Сонда, таңертең жұмысқа барарда аяқ киімім жалтырай жұтынып тұрады. Сөйтсем, мен есіктен кіріп төрге ұмтылғанда Жанболат аяқ киімді тазалап үлгереді екен).

Содан Нұрша шешеміз Ардағын жетелеп алып тура көлікке дейін шығарып салады. Бейне бір қоштасып тұрғандай, кешке келмейтін адам сияқтымын. Сол кезде әлгі дәлдік пен табиғат туралы әңгіменің әсерінен шыға алмай, кекілі желкілдеп жүрген Жанболаттың жетінші сыныпта жазған:

Сай-сала сағым басқан қыр, төбені,

Заңғардан далаға күн нұр төгеді.

Қоңылтақ қоңыр желі табиғаттың,

Қаңғып кеп жусандарға сүйенеді, –

деген өлеңі есіме түсіп, дәлдігі де, елгезектігі де, табиғатты сүйсіне мәнерлеп әңгімелеуі де анасына, яғни, нағашысына тартқан екен деген ой келеді.

Шындығында да, әке мен шешеге тартып туған ұл осындай-ақ болар. Жасы жасамыс, қыры сынбаған киім, мақпал қара қарабайырдай жылтырап тұратын туфли киеді, шәшін бір жағына жантайта тарайды – демесеңіз, Жанболаттың да тіршілігі тура осылай басталады. Таң атпай ұстаханасына – жазу бөлмесіне кіріп, кешегі түнгі он екіде қойған кітабі мен қағазының, қойған қаламсабының орыны ауыспағанын көріп, жылжыған орындықты орынына қойып, бір сипалақтап шығады да дәлізге беттейді. Ондағы өзінің де, қонағының да, негізінен үйінде үш айлап – жарты жылдап жататын Төлегеннің, Тұрлыбектің, Тұрсынның аяқкиімдерінің таза тұрғанына көз жіберіп, түнде қонған шаңы болса сүртіп, жуынып-шайынуға беттейді. Әрине, Ләззәт жұмысқа ерте кетсе, сол арада шәйді де қойып үлгереді. Дастархан жасалып болғанда: «Жә!..» – деп шәшін сипап қойып, баппен оятады. Содан кейін шәй үстінде бүгінгі өзінің, сенің жұмысыңның кестесін сағаттап бөліп, тура пәленбай сағатқа пәленбай минут қалғанда үйінен шығады, сені де жолға шығарып салады. Өзі ұстаханасына – редакциясына кетеді. Үйінде бір күн жат, бір жыл жат, не бес, он жылдан кейін қайтып кел, бәрібір, ол осы әдетінен жаңылмайды. Міне, бұл – әке-шешеден қалған тәлім. Әкесі Әлиханның үлгісі, шешесі Нұршаның әдебі.

Ал, қазақтың әлгі «әкеге тартып... шешеге тартып ... тумас» дейтіні қайда?!.

Міне, мен білетін қырық бес жылдан бері Жанболаттың Әлихан мен Нұршаның құйған қалыбынан шығып көрген кезін көрмеппін.

Әлқисса, әңгіменің басына қайырылып оралайық. Сонымен, Хан тәңірінің аңғары мен Жабырдың жоталарындағы қойшылардың ауылын аралап, қараңғы үйірілгенде, кейде одан да кеш тау-тасты аралап Әлихан әкеміз бен Нұрша шешеміздің үйіне қайтып ораламын. Аңғал жымиып Ардақ шығады алдымнан. Әрине, атасы мен әжесінің баласына «жуымаймын». Ардақтың мұрынымен жарыса пысылдап самауыр келеді. Міне, осы кезде Жанболаттың екінші тегі – ата тегі суыртпақталады. Шынашақтай ғана Әлихан әкеміздің саусақпен санағандай жыл мен жылын, күн мен күнін, сағат пен сағатын, минут пен минутын дәл түртіп көрсетіп айтқан әңгімесі басталады. Әсіресе, көшпелі гауһар туралы айтқанда, оның көзі де гауһарланып, жалынданып кететіні ғажап құбылыс! Жасында алтын шайқап, алмас шағып, гауһар теріп өскен машығын еске алғандағы, әсіресе, өмірінде бірінші рет көшпелі алтынды көргендегі және сусымалы құм гауһарын тергендегі хикаялары таңғажайып хикая еді. Тура сол сәтте көшпелі гауһар өзінің қолынан жаңа ғана сусып кеткендей беріле бейнелегенде, өңі нұрланып кететін. Содан кейін сәл саябырлап барып өзінің ұсталық өнерді қалай үйренгенін айта келіп, әңгіме көрікті тартқанда шығатын қызған көмірдің жалынына ауысқанда түсі тағы да құбылып сала береді. Сөйтсем, жалынның түсі де адамның өмірі сияқты қас-қағым сәттерге бөлінеді екен. Темірді балқытқанның бәрі жалын емес, жай қорытпаны ерітетін шоқ көрінеді. Әңгімені өзі де беріле айтады, енің де дымың шықпай беріле тыңдағаныңды ұнатады. Әлихан әкеміздің көмірдің жалыны туралы әңгімесіне қызыққаным сондай, адал да аңғал, ақкөңіл жездеміз Дүйсенбайдың Мақаншыдағы жабылып қалған ұстаханасын ашқызып, екі-үш күн жалынның өзгеру сәттерін қызықтағаным бар. Шындығында да «Сарыбелден сарғайып атқан таңның арайы», «кешке жақын қызарып батқан күннің шапағы», терістіктің шұғыласы мен кемпірқосақтың сағымы сияқты мың құбылып тұратын мың мезетке бөлінетін ғажайып әлем екен. Жалынның әр түсі әр нәрсені балқытуға арналады екен. Есімде сақтағаным, алдаспанды балқытатын жалынның түсі – көгілдір әрі мөлдір, әйнек сияқты бер жақтан қарағанда ар жағы көрініп тұратын жұп-жұқа (иә, жұқа) сағым сияқты болады екен. Алдаспанның сапасы сол сиқырлы көгілдір жалынды қызартпай, бозартпай, жалындатпай бір қалыпта пәленбай қас-қағым мезет тұрақты ұстап тұратын көрікшінің шеберлігіне байланысты екен. Бабына келгенде ғана темір қорытпасыз балқып, алмасқа, кем дегенде болатқа айналады екен. Ал алдаспанды суарудың өзі жатқан бір хикая көрінеді. Епті жігіт, жүйрік ат, кербез келіншектің керегі, міне, нақ осы айшықты мезетте екен!

Міне, мұндай қорытпасыз мінез, өзі де әңгімені қорытпасыз айтатын, сенің сөзіңді де беріле баяндайтын, Мекке мен Мәдинені аралап келгендегі ұлан ғайыр әсерін «үтір мен нүктеге» ғана сиғызатын Жанболатта да бар. Әкесінің нағыз өзі, аумайды-ау, шіркін, аумайды. Бозөкпе кезінен қызықты, хикаялы кітаптарға құмар боп өскен, «Капитан гранттың балалары», «Қаһарман капитан», «Робинзон Крузо», «Сүлеймен патшаның кеніші», «Жора», «Том сойердің басынан кешкендері», «Могиканның соңғы тұяғы», «Дерсу Узала», «Менің атым – Қожа» сияқты шытырманды шығармаларды сүйсіне әңгімелейтін бозбала Жанболат, солар туралы айтқанда, оның өзі мұхиттың астына сапар шегіп келгендей, аралда жалғыз қалғандай, зәңгілермен бірге қазына іздегендей, үндістер мен манжулерге тәржімәші болғандай күй кешеді. Ал «Қожа дегеніңіз қазір Талдықорғанда мұғалім екен, ана «Балалық шаққа саяхаттағы» пәленбай дегеніңіз Нарынқолдағы малақайының құлағы салпаңдап жүретін кәдімгі пәленбай деген шал» екен. Өзі көзімен көріпті. Осы екі аралықта Цвейг, По, Моэм, Дойл, Сименон қосылып кетеді. Ал біз оқыған классиктердің шығармаларының оқиғалары жер бауырлап жататын. Кітапханаға барар жолда, қайтар жолда айтылатын бұл әңгімелер әдімгідей көңіл сергітір тастайтын.

Бірінші курста араб тілінің әліпбиін меңгерген соң «жиеннің» – Шәйімнің Айтуғанының жетектеуімен кітапхананың сирек қорына барып, «Айқап», «Қазақ», «Таң», «Әйел теңдігі» (онда «Ақбілектің» бірінші бөлімі жарияланған), «Ақ жол» сияқты басылымдарды парақтаймыз. «Қыр баласының», Жүсіпбектің, Мағжанның, Міржақыптың шығармаларын оқимыз. Екінші курсқа көшкенде Жанболат сирек қорға сирек баратын болды. Бір жолы Мағжанның «Шал» деген өлеңін көшіріп алып, дәріс үстінде оқу бере қойдым. Іле тура сол өлеңнің қасына: «Жұртбаев! Менің осы тінтінектегенімде жетеді. Бұл менің қолым емес екен. Мен басқа жолды таңдадым. Өлеңді де, прозаны да қойдым. Енді бұл тақырып туралы менің басымды қатырма. Әуіпбаев» – деп жазып жіберіпті. Ішім тыз ете қалды. Өйткені, оның мектепте, алғашқы курстарда жазған әңгімелерінде сондай бір табиғи қарабайырлық (натурализм) пен өршілдік (романтизм) жымдасып тұратын.

Жанболат, көркем шындықтың емес, өмірлік шындықтың өршіл қаламгерінің жолын таңдап алды және ол тақырыпты қапысыз игерді. Жанболаттың қызықты тағдырлар иесі туралы жазғандарын тамсана оқып, қаламгерлік жолды таңдаған қазіргі ересек тарқан журналистердің санының өзі бір бетті толтыратындай болды. Егерде, ұлының орынына қажыға әкесі барып келсе, Әлихан әкеміздің әңгімесі де көңілдің көрігінде әбден пісіп, тура ұлының жазғанындай, «Үтір» мен «Нүктедей» ғана «Жақшалы» (жолжазбаларының тақырыбы) түйін боп шығар еді. Баяндау мәнері сондай жеңіл әрі түйінді, әрі нақ, артық-ауыс қортпаның барлығы күлдікке айналған, саф болат қана. Шіркін, көңіл үшін болса да, ішінде бір тамшы көркем қиял болсашы. Тіпті алтынның өзінде мыңның бір бөлшегіндей темір болады екен. Ал, әкелі-балалы екеуінің сөзі найзағайға суарылған болат сияқты. Мұны, «түйін» дейді ұсталардың тілінде. Сол түйіннің бірі – ұстаның ұлы Жанболат. Атының өзін де: «жан, болат» деп, мағынасымен алғанда, «түйін» деп қойғаны да сондықтан болса керек. Ал нағыз көгілдір жалынға тап болғанда болат та жанады екен. Ондай сәулелі болаттың жанғанын көрген ұстада арман болмаса керек. Әлихан ұста темірдің де, өз жанының да болатының жанғанын көрген ұста.

Ұстаның дүкеніндегі әр дүңгіршек пен үңгіршектің, тауша мен тоспаның өз міндеті бар. Көлденең жатқан темірді алып қабырғаға сүйеп қоюға, оң жақтағы балға мен сол жақтағы қысқаштың орынын ауыстыруға болмайды. Өйткені ол ұзақ жылдар бойы қалыптасқан қатаң тәртіпке негізделген дәстүрлі тәртіп. Мысалы, Жанболаттың алдындағы екі қарындаштың орынын ауыстырып, өзін оқшаулау алып барып сөзге тартыңызшы. Оның құлағы – сізде, көзі – әлгі қарындаштан кетпейді. Ебін тауып: «Қазір» – деп жүгіріп барып қарындашты бұрынғы қалпына қойып, көңілін орнына түсіріп барып: «Ал, айта беріңіз...» – деп қасыңызға келеді. Сондай-ақ, жыл мезгіліне, ұсталық ыңғайға, жарыққа, темірді салқын не суытып балқытуға байланысты қалыптасқан қағидаттар бар. Өйткені қысты күні болат семесер соқпайды. Ауаның құрамы басқа, суыту қиын. Сондықтан да ұста үшін мезгілдің де мезгілі бар

Міне, ұста әкенің тіршілік харекетіне бейімделген Жанболаттың да «меншікті мезгіл мерзімдері» бар. Маусымның ортан белінен асқанда Әуіпбаевті қаладан да, даладан да іздеп сандалудың қажеті жоқ. Сәске кезінде Хантәңірдің алқымындағы Қайшы сайының көмейіне барып, басына орамал шыт байлаған, не қағаз қалпағы бар, мүйізіне шөп үйген шыбыт сияқты кекіл шашы үрпиген, шалғымен шалғынды ұстарадай қырып бара жатқан қайыс қараны көрсеңіз болды, арқасынан қағып жөн сұраңыз. Қырық жыл бойы естіп, сіңісті болған жай ғой, Жанболаттың жөнін мен де жатқа айтып бере аламын: Сонымен... жыл сайын әкесі мамыр айында Қайшының сайына барып, өзіне тиесілі бәйекке қазық қағып келіпті. Арбаның құрсауын бекітіп, шентемірін бекітіп, қамытып көрмеп, күпшегін жөндеп, дөңгелегін майлап, дәртесін түзеп аулаға қаңтарып қойыпты. Содан кейін қора қопсысын тазартып, ескі сағдарды шығарып, шарбақтарын түзетіп, ішін сыпырып, шөпқорасын дайындап, қақпаның қиуын келтіріп қойыпты. Маусым басталғанда арқанның үзігін жалғап, аша мен күректі саптап, шалғыны қайрап, жүзін жанып, босағаға ілір қойыпты. Содан кейін Қайшыға барып бәйекті шолып қайтыпты, шөп бас жарып, піске екен. Пәленбай шалғы салыпты, Түгенбай ертең бармақ екен. Екі күн болды, шалғының ілулі тұрғанына. Көлік те дайын екен... Осы хабарды Нұрша шешесінен ести сала, саусағын санап отырып пәленбай күнге рұқсат сұрап, кейде демалыс алып, келіп қалғаны осы екен. Таулы аймақта шөп қат болады. Сондықтан да кемпір-шалдың сүт пен қатығын ажырататын жалғыз сиырдың қыстық азығын қамдауға кірісіп жатқан беті осы. Енді шөпті пәлен күні шауып бітіреді, пәлен күн кептіреді, пәлен уақыт тасиды, пәлен күні шөпқораға маялайды, пәлен күні отынға барады, пәлен күні қарағай кеседі, пәлен күні отын жарады, пәлен күні ... бітеді. Сосын «ух» деп демалып, пәлен күні қалаға қайтады. Асығыс. Уақыт аз. Үлгеру керек.

Осыдан қырық жыл бұрын мен көрген Жанболаттың осы «жөн-жоба дәстүрі» күні кешеге дейін үзілген жоқ. Жанболаттың бойына шыр бітпейтіні де сол «шалғышылығы» шығар. Зады, таулы жердің күлгін шуағы термен араласқан терісін бұлшық етімен қосып қақтап, сүрлеп, қазақша айтқанда, бір түйір артық майын шыжғырып жіберетін болуы керек. Жұрт Жанболатты жұмсақ адам деп түсінеді. Жоқ, мүлдем олай емес. Оны өз дегенінен жаза бастыру мүмкін емес. Жаза басса – әке дәстүрін бұзады. Ал ондайға Жанболат деген шарболат бармайды.

«Есейіп кетсе де» жетімдік жараспайтын адамдар болады. Сондай жетімдік жараспайтын жанның бірі де Жанболат. Нұрша шешеміз дүниеден қайтқанда кәдімгідей жүдеп, үрпиіп қалды. Қария қалаға көшпейді. Жайлы үйге ауыспайды. Сол мен көрген үйдің отын қыздың асыл түйіні Аққағаз апайымыз түтетіп отыр. Біз Аққағаз апайға қалай үйірсек болсақ, Жанболат та менің апайым Айымханның сүйкімді бауыры болды. Өмір ғой, өзі де сексеннен асса да таңертең ерте келіп ағасының ұстаханасының есігін ашып, ауласын қағыстырып, қас-қабағын күзеткен Әлиханның туған інісі Бақытжан дегдар ғана ағасының қас-қабағын бағып жүреді екен. Әлихан ағасы сексеннен асқан қарт інісі Бақытжанды жұмсайды. Ол дедек қағып жүгіре жөнеледі. Сөйтіп, бір біріне медеу боп күн өткізеді. Бұл да дәстүр. Ата дәстүр. «Жұмсау» демекші, Жанболаттың да «жұмсалғысы» келіп тұрады. Алмағайып кезеңде М.Әуезов мұражайының жұмыс қарбаласы көбейіп, естеліктерді құрастырып, аудару, редакциялау қиынға соғып жатқанын көріп: «Жә, Жұртбаев! Келісіп алайық. Кейін сөз болып жүрмесін. Мен саған ана шаруаны, мына шаруаны бітіріп берейін. Соған риза боласың», – деп бел шешіп кірісіп кеткені бар. Қиналып жүргенімді көріп, қол үшін бергені шығар. Бірақ өзге де достар бар емеспе еді. Олар қайда дегізбегенінің өзі қаншалық. Бұл енді атасы Бақытжаннан жұғысты болған мінез болса керек. Дәстүрі қалыптасқан тек деген осы.

Ардақ пен Айнұр да, менімен құрдасы Дидахметтің Дәулетінен бетер қалжыңдасып, маған лайық ене таңдап жүрген Елдос та сол түйіннің бір талшығы. Сол түйінді сабақтап отырған Ләззәт күн сайын таңертең: «Осындай жігітті маған тауып берген апамнан айналайын», – деп Жанболаттың қиық кекілінен сыйпап оятатын көрінеді. Мен кейде: «Бір бөлмедегі төрт қыздың ішінен сені таңдап Жанболатқа қосқан мені неге айналмайсың», – деп бұртиямын. «Ойбай-ау, Жанболат саған күйеу жолдас болып, есесін қайырды ғой», – дейді Ләззәт сүйіктісінің сөзін сөйлеп. Қалай дегенмен де қалауын тауып қиыстырған өздерінің бақыт несібесі ғой. Айтпақшы, менің өзімнің туған әкем Құдакелді екеумізге Ләззаттың атасы Омар әулетінің дәмін татуға тағдырдың өзі бұйыртқан сияқты. Елудің есігін аттаған кезде Ләззәтпен шәй үстінде әңгімелесіп отырып: «Менің әкем отыз екінші жылы Алматының түрмесінен қашып шығып, тағы да қолға түскенде әуеліде Қарақолдағы «Қызыл әскер» лагеріне қамалыпты. Содан кейін Өкпетінің баурайындағы «Омардың күнгейі» деген қыстақтағы лагерге ауыстырылып, бір қыс жатыпты. Сонда...», – дегенімде, Ләззат: «Ой, ол мені үлкен атамның аты, бұрын «Омар күнгейі» дейтін. Қазір «Омар қыстауы» дейді. Менің ата қыстуым сол. Өзі сенің дәмің ежелден біздің үйден бұйырған екен ғой», – дегені. Тағдырдың мұндайда қисындыратын қисыны болады екен-ау. «Біздің әулетке ежелден сендердің дәмдерің бұйырылған екен. Қой, әкем бір қыс дәм татқан үйден мен бір түнеп кетіп қалсам, дәстүр бұзғандық болар», – деп алғаш Астанаға келгенде табандап үш ай жатып, үш ай бойы Ләззәтқа ас әзірлетіп, Әуіпбаевқа «туфлиімді тазалатқаным» бар. Сөйтіп, әкемнің түрмеде тата алмаған дәмін мен татып жүрмін. Сондықтан ондай «тегін ырыздықтың» еншісінен жуық арада бас тарта қоймайтын шығармын. Ең бастысы: Жанболаттың жан ырыздығы – жазғандарын оқудан кенже қалмасам екен, соның дәмі бұзылмаса екен деп тілеймін.

Қысқартып айтқанда, қазақтың мәтелі қалай құбылтса да, әкеге де, шешеге де тартып туған ұл болады және бар. Ол – Нұрша шешеміз бен Әлихан әкеміздің адал, қоспасыз таза әрі елгезек, әрі салмақты түйіні, қазақтың сөз өнерінің түйіні Жанболат Әлиханұлы Әуіпбаев. Біз, онымен бірге қырық үш жылдан бері иық сүйесіп өмір сүргенімізді дәтке қуат санаймыз. Бірде құрдасым Сауытбек: «Осы сен сескенетін не бар?», – деп қалғаны. Мен: «Жанболаттан қатты қорқамын», – дедім. «Қалай? Неге?», – деді таңданып. Мен: «Оның ары тым таза. Мен ары таза адамдардан қатты қорқамын. Өйткені байқамай дақ түсіріп алуым мүмкін-ғой», – дедім. «Оның шындық», – деді Сауытбек. Ол – арына дақ түсірмей келе жатқан ожданы таза азамат. Жанболаттың осы қасиетінің өзі де, жазғаны да бір қазаққа үлгі боларлық түйін – деген сөзбен тәмсілімді аяқтаймын.


Тұрсын ЖҰРТБАЙ.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет