Мінез бен мәдениет – бойдағы бар абырой айқын көрінетін екі негіз. Бір-бірінсіз орны толмайды. Білім аздық етеді – дарын керек. Бірақ наданның соры сол, ол өмірдегі бейімділігін, айналысар ісін, туған өлкедегі, достарының арасындағы алатын орнын білмейді.
Өнеге алуға болатын кісімен араласу.
Сен үшін достарыңмен араласу – білім мектебі, ал әңгімелесу – ұнамды іске үйрену болсын: достарыңа ұстаз ретінде қара және оқудан келер пайданы әңгімеден алар ләззатпен ұштастыр. Ақылдылардың достығы өзара пайдалы: әңгіме айтушы тыңдаушының мақтауын естіп, көңілі өседі, ал тыңдаушыға ақыл қосылады.
Өзіңді әрқашан қүрметтей білу.
Мұны оңаша кезіңде де сақта. Өз ұятың сенің ақтығыңның өлшемі болсын және өз шешіміңнің қаталдығы басқалардың пікірінен маңыздырақ. Адамдардың сөзінен қорқып жөнсіз нәрсе істеме, өз ақылыңның даусына құлақ сал. Өзіңді сыйлай біл, сонда саған Сенеканың қиялындағы ұстаз* керек болмайды (*Сенека, Адамгершілік хаттар).
Өзін-өзі тану.
Өз мінезіңді, ақылыңды, пікірлерің мен құштарлықтарыңды таны. Өзіңді танып болмайынша, өзіңе ие бола алмайсың. Бет үшін айна бар, ал көңіл түкпірін ештеңемен көруге болмайды; осы жерде өз парасатың саған көңіл айнасы болсын. Өзіңнің сыртқы әлпетің туралы ұмытуға болады, бірақ әрқашан жан жайсаңдығын естен шығарма, оны жақсарт, жетілдір. Өз парасатыңды, іс-әрекетке қабілеттілігіңді тексер; қызбалығыңды сына, жан тереңіне бойла, қабілеттеріңді екше.
Рух биіктігі.
Қаһарманның негізгі белгілерінің бірі, әйткені ол ұлылықты бәріне ғашық еткізеді: талғамға нәзіктік, жүрекке кеңдік, ойға шарықтау, мінезге ізгілік береді және кісіні ұлылыққа бейімдейді. Оны қайда болмасын бірден байқайсың; тіпті күншіл тағдыр қудалаған-ның өзінде ол жоғары өрлейді, мүмкіндігі шектеулі болса да, тілектері биік келеді. Ол – кең пейілдіктің, ізгіліктің және бар қаһармандықтың жұрт таныған бастауы.
Үш қасиет адамды керемет етеді.
Бұлар – ұлы жомарттықтың жоғарғы сыйлары: жемісті дарын, сұңғыла ақыл және нәзік талғам. Жақсы ойлап табу – ұлы артық-шылық, әбден ойластырып алу – одан да артық. Бұған жақсыны бағалай білуді қосу керек. Дарын омыртқада болмайды, әйтпесе ол өткір ойдан гөрі ыждағатқа көбірек ұқсар еді; дұрыс пікір – парасаттың жемісі. Жиырма жаста – сезім, отызда – дарын, қырықта ақыл басым болады. Сілеусіннің көзі сияқты сәуле төгіп тұратын ақылдар бар, тун неғұрлым қараңғы болса, олар соғұрлым жарқы-райды; әрқашан ең қолайлыны табатын бақыттылар болады, мұндайларға көп нәрсені жақсы жасаудың сәті түседі: бұл жемісті еңбек етуді сыйлайтын бақытты қасиет. Ал жақсы талғам адамның бүкіл өміріне көрік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |