Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»



бет233/292
Дата05.02.2022
өлшемі6,93 Mb.
#4779
түріБағдарламасы
1   ...   229   230   231   232   233   234   235   236   ...   292

БӘЙТЕРЕК


://www.adebiet.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=8573&Itemid=23


Кеше күн қып-қызыл боп, аса жалқын бояуды армансыз жағынып, батыс жақ жер-көкті тұтастыра өртеп, ырымы жаман болып еді, Шаруа әлденеге жорығандай, жүрегі лоблып, қырда ұзағырақ жүріп қалған; баяғыда - соғыс басталарда да, дәл осындай алқызыл кештің куәсі болып еді, бірақ кейінгі күннің байып батуын өңкей жақсылыққа жорып жүрді; биесінен айырылған жылы да, сонау бір ай жауын жаумай құрғақшылық болғанда да, міне, дәл осындай қан қызыл аспанды көрмегені рас; ал күннің бүгінгі сыңайы әлденендей сезік тастады шаршап соғар жүрекке; мүмкін, ертеңгі күн ашық болар деп еді - бұлтты болды; ең сүмдығы: Ескі ауыл мен Жаңа ауылдың екі ортасындағы Көктөбеде өсіп тұрар бәйтеректі әлдекім жығып әкетіпті; бір-ақ күнде жығып, "ДТ-54" тракторымен сүйреп әкетіпті; жылдар бойына сырласары да, мұндасары да - жапанда өскен жалғыз терек, басқаны қайдам, Шаруаның "қарайғанда не қалды, қамыс қалдысы" еді; қабырғасы қайысып, тірлігінің қиюы қашқандай болса, тағы да осы бәйтерекке құрыстанған арқасын сүйеп, төрткүл дүниедегі айқай-сүреңнің бәрін ұмытып, өз-өзінен мұң сағынып, шыңырау ойдың сұп-суық құдығына сусар еді; жуан да соқталы тамырлары білем-білем тарамыстанып, қара жерді қауып жатқан осына асқақ ағаштың бұтақтары иір-иір, әрі сүйекті де қуатты, мың жыл дауыл соқса да миземейтін көк соққан тентек бітім; көктемде кешеулеу бүрлеп, күз туа кешеуіл сарғаятын; ал теке тіресе біткен быжырқай бұтақтардың өзі-ақ бақта сидия осетін қарағаштан әлдеқайда әлді, әлдеқайда жасылға байтын; ал жел соқса, осынау сүйекті бұтақтар ілгерінді-кейінді итініп шайқалақтамай, сіресіп тұратын; ал, алақандай-алақандай жапырақтары төңкеріліп түсіп, желмен желбірер еді; төңкеріліп түсіп, желмен желбіреген жапырақтардың әрқайсысы күн нұрымен шағылысқанда, бәйтеректің тұла бойы күміске шомылар еді; ал әр жапырақ бебеу қаға дірілдегенде, көп дауыстанған қытықшыл әсем үн шығарып, осы үн мынау дүрия даланың ендігі қалған жалғыз жоқшысына, жалғыз жыршысына айналар еді; ал айдалада асқақ өскен бәйтеректің желді күнгі суылы жеңіс күйін шертіп, мәңгі маздақ өмір шаттығын мадақтағандай еді; Шаруа анда-санда жаяулап келіп, осы үнді, осы күйді тыңдап қайтатын; тыңдаған сайын жүрегін шым-шымдаған мұңлықты сезім билеп, өзінің әлі күнге тірі жүргені есіне енді ғана түскендей, сағым жортқан туған жеріне көз сата ұзақ телміретін; өліп, қайта тірілген халдегі Шаруа табиғаттың қапияда килігер сұрапыл опаттарына ырық бермей, оқыстан туып, оқыстан өлер мәңгі тірі бәйтеректен тым болмағанда бір бұтағының қуатын бере гөр деп жалбарынар білем; бірақ бұл жазғанның көрер таң, кешер ғұмыр жібі тағы да, тағы да екі аяқтылар санасына жалғанғанын сезе бермейтін; сезе бермейтіні адамдардың бәрі өзі іспетті ақ көңіл, жаны жаз деп ойлағаннан шығар, пенденің пейілін қойып, ағаш екеш ағаш та бір-біріне ұқсамақ емес, ендеше, жапандағы жалғыз терек тағдыр мен уақыт құлы - даланың маңдайына сыйса да, адамдар көңіліне сыя алған жоқ, сүйел болып қадалған екен -жан тапсырды; ертеңгі күні осына кепті Шаруа кимесіне кім кепіл, өзі берген жанды өзі алады да табиғат ием! Соны-мен бәйтеректен айрылдық; байғұсты жыға алмай, мыжғылап ұзақ қинаған екен; "Дружба" деп аталатын механиқалы арамен алты құлаш ағашты шыр айналдыра кесіп, балтамен ой жағынан тамақтапты; әбден мейізденіп қалған теректен ұшқан шыңылтыр жаңқалар жайрап жатыр; соншалық ауыр денемен гүрс құлағанда, қайсыбір бұтақтары қара жерге қарс кіріп кетсе, қос трактор сүйреп өткен жолында сабағынан мезгілсіз үзілген жапыраққа толы жосылған із қалыпты; ең ғажабы: иесінен айрылған теректің түбінен быршып-быршып жып-жылымшы су шығып, қара сүмек терге ме, ботадай боздаған көздің жасына ма шомып жатыр; ең сұмдығы: терек түбін жалаңаштап үш елідей қалың қабықты ерінбей-жадықпай аршып кеткен екен; бұл түпті-тұқиянымен құртпақ ниеті білем; Шаруаның қатты қайран қалғаны осы жайт-тын; бірақ көпті көрген көне шал үйінен балшық езіп әкеліп, тұмшалап тұрып салып тастады; келесі жылы көктемде қайта оралса, бәйтеректің томары сол өзі сылаған қалпында тұр екен де, дәл түбінен көк өрім шыбықтар қылтиып, өнген; Шаруа шалқып жатқан салқар жазық, ойпат-қыраттардың ақ-жасыл көйлегін қайта киген мәз тірлігін әзірге ғана байқаған; байқаса, о да қайта туған, қайта жасарған, сонадай-дан мен мұндалап тұрар бейтеректен айырылған құстар былтыр қалдырған ұясын іздеп, көгілдір аспанда шарқ ұрады; Шаруаның коңіл құсы қоса ұшып, ұя салар бәйтеректі және көксегендей; енді бір туар, енді бір жасасар жасыл өмірді сағынғандай; көксе, сағын, бәрі бекер; артында жосылып қалған із де жоқ, көктеп шығар түбір жоқ, қаңсып өткен қайран жылдар-ай; "Сап-сап көңілім, - деді Шаруа сонсоң, - сандала берме, өкінішті күндерім көп болғанымен, өксіп отер жылдарым болған жоқ; құдай қыршыннан қиылғаннан сақтасын; бір өмір өлгенмен, бір өмір тумақ, күзде қуарып түскен жапырақ көктемде қайта когермек емес, ескінің орны жаңанікі, бәйтеректің түбірінен жас өскін көктепті, соның тілеуін тілейін, болмасқа бордай езіліп қайтеміз, жаратқан ием жас ғұмырды жарылқағай; қош, ғасырлар куәсі бәйтерек, қош! Мен сені сағынармын, саянды сағынармын, желді күнгі әсем әніңді сағынармын, ескі көз, кәрі досым едің, артыңа ұрпағыңды қалдырдың да бақилыққа көз жұмдың; сені мен ғана емес, алыстан арып-ашып келер жолаушы, басыңды пана тұтар құстар, бәрінен бұрын қара жер сағынар, сарғая күтер, бірақ сен оралмайсың, сен жоқсың; артыңда қалған жас шыбықтың қабырғасы қатқанша, мен де бұл дүниеден аттанармын; ең аяныштысы сол - менен ұрпаққа қалмады; қалған - қарғыс атқан соғыс жалмады; - қалған -күнбатысқа аттанды, өлі қайтқан жоқ; мен оны әр күн сайын сенің түбіңнен келіп тосар едім; өйткені сенің түбіңнен аттандырған едім; мүмкін, барған жағыңнан көре қалсаң, сәлем айт! "Әкең өлі тірі де, күрең биесінен айрылған де, жалғыз аяқ жол жоғалған де, әбден алжыған де, екі көзі төрт болып, жанары солған де, күн қызарып батса болды, зәре-құты қалмайды де, жуықта бір түс көріпті де, түсінде жаман іс көріпті де - жалы қан-қан ақ боз атқа мініп жүр екенсің де, өлі де жауыңмен жағаласып жүр екенсің де, бес уақыт намазында қолына тасбиық алып тілейтіні, сары уайым жұтып жүдейтіні - бейбітшілік те; "Бәріне де сен кінәлі, ей, Адам", - де, сондықтан азып, жүдеген де, тағдыр әбден жүндеген де, айт, бәрін айта бар, бәйтерек, айта бар!".
Ал түбірден көктеген жас өскін жеңімпаз жарапазанын шырқап тұрған.
Ер екеніңді білейін, құлаған бәйтеректі тірілтіп көрші!





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   229   230   231   232   233   234   235   236   ...   292




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет