Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»



бет58/292
Дата05.02.2022
өлшемі6,93 Mb.
#4779
түріБағдарламасы
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   292
ӨМІРБАЯН
Қымбатты ұлым!
Мен әрқашан да өзімнің ата-тегім туралы мәліметтер жинақтағанды жақсы көретінмін. Сен, бәлкім, екеуміздің Англияда бірге болған кезімізде менің отбасылық құндылықтарды қалай іздестіргенімді, осыған бола саяхатымды түгелдей сарп қылғанымды ұмытпаған да боларсың. Менің өмірімнің өзіңе белгісіз жақтарын танып-білу саған да қызықсыз болмас деп топшылап, басқа ештеңеге алаңдамайтын бірнеше аптаның рахатын алдын ала түйсініп, үстелге отырдым да, осы хатты жазуға кірістім. Мені қолыма қалам ұстауға итермелеген одан басқа да бірнеше себеп бар. Мен ауқатты және ерекше текті отбасынан шықпасам да, менің өмірімнің алғашқы жылдары кедейшілік пен белгісіздікте өтсе де, мен ақыры сәулет-дәулетке және аз-маз атаққа қол жеткіздім. Сәттілік менің жас шағымнан бастап, тіпті өмірімнің кейінгі кезеңінде де айнымайтын серігім болды, сондықтан үрім-бұтағым менің осы жетістіктерге қалайша қол жеткізгенім жайында және қандай құдіреттің көмегімен осынша табыстанғаным туралы білгісі келуі де ғажап емес. Кім біледі, мүмкін олардың әйтеуір біреуі кенеттен осынджай жағдайларға тап келгенде маған еліктеп, жол табатын болар?!
Ең алдымен қоғам мінберіне өзімнің іскер адам ретінде шыға бастағаным туралы айтпас бұрын мен саған өзімнің сол тұстағы ойлау дағдым, қағидаларым мен моральдық ережелерім туралы әңгімелегім келеді, сен олардың менің өмірімдегі келешек оқиғаларға қаншалықты әсер еткенін түсінсең екен деймін.
Өзім оқыған кітаптардан кездестірген моральдық ізгіліктердің тізбелерінен мен олардың азды-көпті санын таптым, алуандаған жазушылар идеялардың көп және аз тобын бір атауға біріктіріпті. Мәселен, ұстамдылықты кейбіреулер шамалап ішіп-жеуге әкеліп тіреді, ал басқалары осы ұғымның аясын рахаттану атаулыны, желпініп-желігуді, ыңғайға жығыла кетуді, жан немесе тән құштарлығын, тіпті сараңдық пен мансапқұмарлықты шектеуге дейін кеңейтті. Мен көп түрлі идеяға аз ғана атау беретін керісіншеліктен қашып, әр атаумен үндес санаулы идеяларға көп атау қолданғанды жөн көрдім. Маған сол уақытта қажетті немесе қалаулы болып көрінген ізгілік ұғымдарын он үш атаумен таңбалап, әр атауға қандай мағына жинақтайтынымды көрсететін қысқаша тағлымдармен бірге ұсындым:
1. Бірқалыптылық – Асты қатты тойғанша жеме, шарапты мас болғанша ішпе.
2. Үндеместік - Өзгеге немесе өзіңе пайда әкелетін нәрсені ғана айт, бос әңгімелерден аулақ бол.
3. Тәртіп сақтау - Әрбір затыңның өз орыны болсын, әр істі өз уақытында тындыр.
4. Шешімшілдік - Өзің істеуге тиісті нәрсені міндетті түрде орында; өзің ойға алған істі дереу аяғына дейін апар.
5. Ұқыптылық – Ақшаңды өзіңе және өзгеге пайда әкелетін жайттарға жұмса, яғни ысырапшыл болма.
6. Ынталылық – Уақытыңды босқа өлтірме, әр уақытта пайдалы нәрсемен шұғылдан, керек емес іс-әрекеттен бас тарт.
7. Шынайылық -Алдама, ойларың таза және әділ болсын, әңгімелескенде де осы ережені ұстан.
8. Әділдік – Ешкімге әділетсіз іс-әрекетпен немесе жақсылық жасау мүмкіндігін құр жіберіп залал келтірме, жақсылық жасау – парызың.
9. Ұстамдылық – Шектен шығудан сақтан; өзің орынды деп санағаныңша, реніш сезімін әділетсіз негізде туындаудан тізгінде.
10. Тазалықсүйгіштік - Өз тәніңді таза ұста; киімің мен үйіңнің кіршіксіз тазалығын қадағала.
11. Сабырлылық – Түкке тұрмайтын нәрселерге бола уайымдама және әдепкі немесе шарасыз оқиғалар сылтауымен әуреленбе.
12. Пәктік – Жыныстық қатынасқа жиі емес, денсаулық үшін немесе ұрпақ өрбіту мақсатында түс, ешқашан мұны есіңді жоғалтқанша, күшіңді сарыққанша немесе өзің мен өзгені абыройдан ада қылатындай жасама.
13. Бойсұну – Иисус пен Сократқа елікте.
Менің осы ізгілікті ұғымдарға дағдылануды меңгергім келді; осы мақсатта мен бірден бәрінің соңына түсемін деп бөлініп-жарылмай, белгілі бір уақыт аралығында тек бір белгіге көңіл бөлейін деп шештім; соңғы нәтижеде барлық он үш ізгі қасиетті бойыма дарытқанша біреуін жақсы игеріп болғаннан кейіе екіншісіне ауысып отырмақпын. Пифагордың «Алтын өлең» жинағындағы ақыл-кеңестерге сәйкес күнделікті өзіңді-өзің тексеру қажеттлігін мойындай отырып, мен ол тексеруді қалай жүргізудің келесі тәсілін ойлап таптым.
Мен арнайы кітапша аштым да, оның бір-бір бетін ізгілік ұғымдарының әрқайсысына арнадым. Әрбір бетті қызыл сиямен әлеміштеп, әр аптаның жеті күніне сәйкес бағандар түздім, әр қатар аптаның әрбір күнінің бас әріптерімен белгіленді. Содан кейін он үш көлденең қызыл сызықтар жүргізіп, әр жолдың басталуын ізгілік атауларының бастапқы әріптерімен таңбаладым. Осылайша бағанға сәйкес тармақталатын әрбір жолда мен тексеру талабына сай бір тәулікте атқарылған ізгілікті істерге нұқсан келтіретін әр жағдаятты қара қосарлы айқышпен белгілеп отырдым. Менің басты назарға алғаным – апта ауқымында межеленген ізгілік міндеттемелерін берілген ретімен орындау. Міне, осылайша мен өз күнделігімдегі жолдарды айқыштардан бірте-бірте айыра тазартып, оның беттерінен ізгіліктенудегі төл табыстарымды зор қанағаттану сезімімен көремін. Ең соңында осындай ізгілік тәрбиесінің бірнеше мектебінен өтіп, он үш апталық күн сайынғы өзіңді-өзің тексеру нәтижесінен кейін жақсылықтар жаңбырымен жуылып-шайылған жан сарайына ұқсас таза кітапшаны көру бақытына ие боламын.
Осы еңбекте мен келесі ойымды түсіндіріп, әрі қарай дамытқым келеді: кемшін қылықтар оларға тыйым салынғандықтан зиянды емес, шын мәнінде зиянды болғандықтан да оларға тыйым салынған. Адам табиғатынан тікелей туындатып барып, мен осы түсініктемені түздім. Егер әрбір адам осы жалғаннан бақытты болып өтуді қаласа, ол ізгі ниеттілер қатарында жақсылық жасауға мүдделі болуы шарт. Мен жастардың көзін мына ақиқатқа жеткізуге талпынсам деймін: кедей адамды бақытқа бөлейтін адалдық пен шынайылықтан асқан ұнамды ұлық қасиеттер жоқ. Өйткені, әлемнің әр алабынан әрқашан адал орындаушыларға мұқтаж бай саудагерлер, текті адамдар, мемлекеттер мен билеушілер көптеп табылады, ал адал адамдар өте сирек кездеседі.
(Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. - Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2008. 4-том: Жаңа дәуірдегі педагогикалық ойлар (ХVІІ-ХVІІІ ғғ.)/Жетекшісі Қалиева К.М.- 384 бет. 250-256 - беттер.)




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   292




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет