ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ ДІН ТАҚЫРЫБЫ
Балтабаева Г.С. – ф.ғ.к., доцент м.а. (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)
Қазіргі қазақ прозасындағы көңіл аударар келісті мәселенің бірі тұмшаланып келген дін тақырыптарының көрініс табуы. Мәселен, Алла тағалаға бас ию мен Мұхамед пайғамбардың (с.а.с), сахабалардың өмірі мен ізгілікті істерін арқау еткен көркем шығармалар бір шоғыр. Ұзақ жылдар үстемдік еткен кеңестік жүйенің тұсында мұсылмашылдықты дәріптеу, пайғамбарлар өмірінен мөлтек сыр шерту екінің қолынан келе бермейтін дүние еді. Бұған, біріншіден социалистік қоғамда үстемдік құрған атеистік тәрбиенің ықпалы болса, екіншіден қалам тартып жазғысы келгенімен мұсылмандық сауаты, мағлұматы аз болғандықтан, ал үшіншіден бұл тақырыпқа бел шешіп кірісу үшін исламдық діні берік, мұсылмандық махаббатқа толы үлкен жүрек иесі болуы шарт еді. Бұл өзі көзге көрінбейтін, жүрекпен ғана сезілетін жайт. Сондықтан да поэзиямен салыстырғанда прозада бұл тақырыпқа қалам сермеу анағұрлым күрделі болатын. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас!» деп ұлы Абай жырлап кеткендей мұсылмандық сауаты, даярлығы бар болғанымен Аллаға, Мұхамед пайғамбарымыздың атын дәріптеп, құрметтеп жазған шығармалар санаулы-ақ. Сонау алаш боздақтарының әдебиетінен М. Жұмабаевтың «Пайғамбар» өлеңін алсақ, оның өзі аударма түрінде көз қылып жазылған өлең. Ал, бертінге қарай ойыссақ, алдымен кеңестік жүйе кезінде астармен жазылған Ғ. Мүсіреповтің «Ана жыры» мен Ғ.Мүсіреповтің «Әзіреілмен сұхбат» әңгімелеріне соқпай өту мүмкін емес.
Тәуелсіздік кезіндегі қазақ прозасындағы А. Кемелбаеваның «Ғибадат» /1, 104/ әңгімесі де Исламдық тақырыпқа өзіндік тұрғыдан келуімен ерекшеленеді. «Асыл пана Алланың нығметтері есепсіз болатын» – бұл әңгіменің лейтмотиві осы: Аллаға мадақ пен Жаратушы Иеге деген шексіз махаббат. «Ғибадат» – адам баласының құдайды қалай іздеп тапқаны туралы әңгіме, шынайы құлшылық, сүйіспеншілік. Мұнда ислам дінінің негізгі қағидалары сақталады. Адамзаттың жаратылысы туралы ойлар қасиетті Құранда бар шындыққа қиғаш келмейді. Мұсылман дінінде Алла тағаланың 99 көркем есімі бар. Автор Алланы «Асылпана» деп атаса, Құрандағы сүрелердің басталуында бар сөз: аса мейірімді, рақымды Алла. Аллашылдық идеясы қалай ашылады? Қазақтың өз аңыздарынан алынған идеяны автор шебер пайдаланады. Ол исі мұсылманға ортақ тажал туралы ой. Ақырзаман болғанда жер бетіне тажал шығып, тіршілік атаулыны жалмап қояды. Ақырзаман азан даусы естілмегенде болады. Әңгімедегі жасөспірім қыз баланың ауылда намаз оқитын кемпір-шал азайған сайын шошынатыны туралы ой бұл гуманизм мұраттарын биік қоятын үлкен әдебиеттің өз еншісі. Егер осы бір көркем ойдың түбін қазса, мәңгүрттікке қарама-қарсы ұлы идеяның тап өзі болып шығар еді. Бұл кейінгі көркем прозада сирек кездесетін құбылыс. Әдебиеттанушылар мен философтардың терең зерттеуін қажет ететін таңғажайып бір мезет осы.Әңгіме мәтіні тіпті діни трактатқа ұқсап тұратын тұстары мол. Автор ислам дінін шала білетіндерден емес. Себебі діннің ғылыми негізі көркем прозада сақталады, долбар мен жаңсақтық жоқ. Адам санасы мен психологиясы туралы терең иірімдер бар. Ал әңгіменің Құран сүрелерінің аяттарымен аяқталуы дүниежүзілік әдебиетке тән тәсіл. Атап айтқанда Лев Толстойдың «Воскресеньие» атты романында (1889-1899 ж., өмірінің соңғы кезеңінде жазылған ірі шығармаларының бірі) Евангелие – Інжілмен аяқталу бар.
«Айгүлдің прозасын оқығанда, оны әдебиетші адамның жазғаны бірден білініп отырады. Айгүл Кемелбаева қазақша жазса да, қазақ топырағының исін шығарып тұрып жазса да, шетелдік прозаны керемет меңгергендігі байқалады. Джойс, Кафка, Прусты былай қоғанда, қазіргі модернистік, постмодернистік ортада жүрген жазушылармен таныс екендігі білінеді. Неліктен? Жаңағы Тұрсынжан сияқты Айгүл де әдеби тәсілдерді жетік меңгере отырып, бәрібір, жазушы ретінде жазады. Айгүл өз туындыларына саналы түрде еуропалық мифтік есімдерді де кіргізіп, отырады. Оны әңгімесінің атына қояды, не әңгіменің ішінде жүреді. Бұл эксперимент болғанымен, өте сәтті пайдаланылған амал. Өйткені, дүниежүзілік әдебиетті біле отырып, сол деңгейде ойлана отырып, қазақша стильдік тәсілдерді дүниеге әкелуде» /2, 361/.
Исламдық сарын аталмыш автордың «Тобылғы сай» атты әңгімесіне де етене тән. Ұлы дене бәрін аңдауы құдайшылдық идеясы. Бұл әңгімедегі «әңгіме ішіндегі әңгіме» тәсілімен берілетін төрт әңгіменің түпкі ой, сарыны да осы құдайдың құдіретін ұлықтау болып табылады. Алмұрт ағашы өмір ағашы туралы аңыздың желісіне сәйкес. Бұл фәниде киелі заттар болатын себебі, оны Алла жаратқаннан деп түйіндейді автор. Ал «Мұнара» атты романның тұтас сюжетін Аллаға деген сенімі мен көмкерген.
А.Кемелбаеваның «Тобылғысай» /1, 87/ әңгімесіндегі исламдық сарын мүлде бөлек. Бұл әңгіменің сипаттары: «Нәресте жер жүзін анасындай аймалап, жарылқап тастайды» – күнге теңестірілген. Әңгіме кейіпкері Бижан − ауыл жігіті. Ол терең сайлардан шөп шабады. Адам мен табиғат үндестігі тұнып тұр. Әңгіме идеясы туған жердің қасиет-киесі адамды жамандықтан қорғап қалуы, ұлы жатарушының пенде атаулының ғана емес, тіршілік атаулының қорғаны екендігін еске салуы. Ол қазақ халқының өзіне тән өмір философиясымен астасып жатыр.
«Беймәлім ұлы дене адам ұланын күтіп жатқандай, көзінің астымен әр қимылын бағып, бұға қалғанға ұқсайды. Көзге мұқтаж емес, бірақ көреді, одан таса жер жоқ.
Ауасы балдай даланың шегірткесі шырылдауық, құсы сайрауық болған соң, ұлы дене һәм сергек, қауіпшіл, һәм кінәмшіл қарауыл екенін ұғыну қиын емес. Табиғатты меңіреу деп қабылдау адасқанды жарға жығады» – бұл Құран сүрелеріндегі аяттардан алшақ кетпейді. Исламда Алланың өзіне тән көру, есту қабілеттері бар, ол көрнеуді де, көмескіні де көреді делінген. «Сондайда көкек шақырады сайдан. ... уызы кеппеген мынау момақан тыныштықтың астарында асқан мейірім құпия сырдай, тұңғиық судай тұнып тұрғаны» – аят басы «Аса мейірімді, рақымды Аллатағаланың атымен бастаймын» – деп басталады. Бижан шөп шапқан кез құдайдың мейірін жан-тәнімен сезінген кез. «Адам ұлы игілігін еңбектен табады сонда». «Айнала сүттей ұйып, арайлы дүние жарқырап жатады», «»Үлкен әтеш ұшып жеткенде әлдебір ұлы сағынышқа елтіп, дарқан даланың қасиетті түгіне аунайды» – ұлы сағынышты жан-жануар тек Жаратушы Аллатағаласына сезінері сөзсіз.
Әңгіме ішіндегі әңгіме «Тобылғысайдың» жанрлық ерекшелігі. «Рассказ в рассказе» немесе «Обрамляющий рассказ» деп аталған классикалық әдебиетте, Рабле, Диккенс, Гоголь, Пушкин сынды алыптар сүйіп қолданған тәсілді автор таңдап алған. Бұл әңгімені 4 шағын әңгіме көмкерген, олар бір-бірін идеялық жағынан толықтырады. «Жезтырнақ» – қазақтың өз мифологиясынан алынған. Идеясы: құдайдан таса жер жоқ бұл жалғанда. «Қақпаншы» – бұл да қазақтың ауыз әдебиеті. Идеясы: құдайсыз қурай да сынбайды. «Кірпі» – қазақтың ұлттық мінезі. Бижан кірпіні асықша иіріп, ордан тысқа лақтырып, құтқарып жібереді. Қазақ баласының дүниетанымы «Алмұртта» бар: Бижан Алмұртты тауып алғанына сүйінші сұрайды. Аллаға сыйыну, өмірсүйгіштік бұл әңгіменің күллі негізі, тіні, рухы. Аллаға құлшылық пен Алланы сүю негізгі пафосы. «Алмұрт» - расында астарлы түрде айтқанда «Древо жизни». Мифтік ағаш. Өмір мұраты қандай қиыншылықта болса да оның жемістерін теріп адал еңбекпен теріп жеу. Бижан образы сол асыл мұратты ұлықтайды.
Қаламгердің «Қияда» әңгімесінің кейіпкері қиялдан тумағанын, өмірде болған адам екенін анық көрсетеді. Деректі дүниені көркем прозаға айналдыру автордың басты міндеті болғанға ұқсайды. Әңгімедегі шежіре деректер де бұл ойды растайды. Қазақтың этногенездік болмысы бұл прозада айқын. Ұлттық дүниетаным Сарыарқаның қырларында жөңкілген қалың жылқыдай жосылады. Бұл әңгіме несімен құнды? Мұнда нағыз қазақтың образы бар. Түсіпхан өлгенде ауылы 40 күн жоқтау айтуы салт-дәстүрді мықты сақтайтын елдің анық дерегі. Әңгімеде ажал тақырыбы құдайшылдық сеніммен берілген. Сырғауыл тиелген арбаның астында бір түн басылып жатқан жас жігіт Алласын қарғамайды, себебі жақсылық тек Алладан, жамандық адамның өзінен деп дүние таниды. Ажал тақырыбы мұнда ерекше бір мистикалық қуатпен берілгені сонша, кезінде символизм рухымен Мағжан жырлаған «Мені де өлім, әлдиле» – идеясы 2005 жылдан бастап қазақ әдебиетінде кенет тың күшпен көбейіп кеткені нақ осы әңгіменің әсерінен десек болар. Әсіресе, жас жазушылардың әңгімелерінде өлім тақырыбын құштарлана жазу белең алды. Асылында өлім әдебиеттің о бастан ең негізгі тақырыбы.
«Қияда» – бұл әңгіменің жанрлық басты ерекшелігі жоқтаумен аяқталуында. Проза поэзиямен көмкеріледі. Үлкен әдебиетте мұндай көркемдік ерекшелік айрықша бағалы. Абай қазақтың ұлттық қасиетін айтқанда ең әуелі осы өлең, жырға тым бейімдігін айтады: «Өлеңменен жер қойнына кірер денең». Түсіпхан бейнесі ұмытылмастай сомдалған, себебі ол шындықтан шыққан бейне. Жоқтау жырлары әңгімеде ұлттың өзінің импровизациялық қасиетін мол ашады. Ахмет Байтұрсынов бастырған қазақтың 33 (33 шамасы) жоқтау жырларындағы үлгіден бөлек. Суырып салып, қайғы қысқан ет жақын туыстардың құсалы жүрегінен, бауырды зарлап жоқтаған жылау арқылы төгіледі. Бұл әңгіменің эмоциональды табиғатын күшейтіп жібереді. Бұл әңгімені басқа прозаға ұқсатпай, оқшаулап тұрған да осы бір жоқтау жырлары, автор көне мәдениеттен бар тылсым жанрды жаңғырта білген. Әңгімеде романтикалық прозаға тән теңеулер айшықты.
Ал исламдық мотивтерден құрылған туындылар басынан бастап интермәтінді болып келеді, алайда, бұл жерде исламдық мәтінге сюжеттік мотивтермен леймотивтерді қалыптастыратын әдеби реминисценциялар, аллюзиялар қабаттастырылатыны мәлім болып отыр.
ӘДЕБИЕТТЕР
Кемелбаева А. Тобылғысай. – Астана. Елорда, 2001. – 120 б.
Ісімақова А. Асыл сөздің теориясы. – Алматы. Таңбалы. – 374 б.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада қазіргі қазақ прозасында кездесетін ислам мотивтері қарастырылады.
РЕЗЮМЕ
В статье автор рассматривает тему ислама в современной казахской прозе.
ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК ІЗДЕНІСТЕР
Бегманова Б.С. – ф.ғ.к., доцент м.а. (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)
Поэзия әлемінде қалам тербеген әр ақынға өзінің жүріп өткен өмір жолы, «тар жол, тайғақ кешуі», мұңы, сыры, туған топырағы әсер етеді. Ақынға туған жердің табиғаты, орман су, тоғайлары, үп еткен самалы, жусанды белі, ерке желі, бораны мен құйыны, бәрі-бәрі ақынның көкірек көзінен қағыс қалмайды. Шашасына шаң жұқпаған шынайы талант иелері сөзбен жеткізе алмайтын осындай асыл қасиеттер анасының құрсағынан бойларына дарып туады. Сонау балғын кездегі жіңішке ғана соқпақ бара-бара болашақтағы бірнеше мың ғасырларға ұласатын дара жолға айналады. Жайшылықта көзге көрінбейтін әлдебір құбылысты ақын тылсым бір құпия құдіреттің күшімен алыста отырып-ақ сезінеді. Ол халқы қуанса қуанады, қайғырса қайғырады.
Қазақ халқының бойындағы ұлттық сипат, ұлттық нақыш, ұлттық бояуды 60-70 жылдарғы поэзиядан да кездестіруге болады. Поэзияда әр ақын халықтық сипатты өзіндік стиль ерекшелігімен, ырғақ, ұйқас өрімімен, өзіндік соны соқпағымен жырлады. 60-70 жылдар поэзиясы жайлы белгілі зерттеуші ғалым С.Қирабаев: «Бұл дәуірді лирикалық поэзияның жаңару, сілкіну кезеңі десе де болғандай. Жаңа адам бойындағы тың сапаларды аша отырып, лирика да рухани өсті, пафосын жетілдірді, өлең мәдениетін көтерді» деп баға береді. 60-70 жылдары поэзияда халықтық сипат, ұлттық нақыш, ұлттық қасиетті өзіндік ерекшелігімен жырлай білген ақындардың бірі – Ж. Нәжімеденов. Ақын талантының тереңдігімен қазақ халқының біртуар ұл-қыздары – Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Динаның көңіл толқытар, жаныңды әсем сазға бөлейтін күйлері жыр жолдарында суретті сөзге айналды. Әуезді үнді сөз өнеріне айналдыруы Ж. Нәжімеденовтің ақындық шеберлігі. Халық арасына кеңінен танымал күйшілердің жан тебірентер күйін ақын талдап, таразылап барып, өлең жолдарына айналдырды. Құрманғазының «Қайран шешем» күйіндегі сезім айна-қатесіз күйшінің көңіліндегі ойындай сөз маржанымен суреттеледі. Ж.Нәжімеденов күйшінің көңіліндегі құпия қалтарысын дәл басып, сезім пернесін жыр жолына айналдыруда шеберлік танытады. Ана үшін бала әр уақытта перзент. Құрманғазы күйші де анасының аналық мейіріміне жауап ретінде «Қайран шешем» күйін толғауы да сондықтан. Ал, ақын Жұмекен Нәжімеденов сол күйді өлең жолдарында:
Не көрсеттім мен саған?
Азапты ойдан өзге не?
Көріп едің, анажан,
Мен секілді «кезбеден»
Әр күн сайын басыңа бір уайым тосылды,
Әр түн сайын шашыңа бір уыс ақ қосылды
деп сөз өрнегімен төгеді.
Ақын, анасының баласы үшін әр күн сайын тартатын азабын кейіпкер тілімен «қайран шешем, аяулы анам» деп тебіренте бейнелейді. Жыр жолдарына айналған күйдің, мазмұны қайғы-мұңға толы болғанымен, ақын кейіпкер тілімен анасына дем бере, «Қайғырма, ана, серттемін – бал берсе де айныман» деп жігер бере сөйлетеді. Бұл тек күйші қайғысы ғана емес, сол замандағы барша халықтың мұңы, барша ананың зары. Ақын сол мұң-зарды өлең жолдарына айналдыра жырлауда шеберлік танытады.
Ал «Адай» күйін бейнелеген ақын жырынан қазақтың ұлттық қасиетін тануға болады.
Екі ішек: бірі бостау, қатты бірі,
Бес саусақ беретіндей ат дүбірін.
Күйшінің қатты ішекте қайраты өсіп,
Екінші бостау ішекте ақты мұңы.
Күйші домбыра үнімен көп жылқы дүрмегінің көсіле шапқан шабысын бейнелесе, енді бірде көңіл-күйі босап, мұңға батқан халықтың бейнесін көрсетеді. Бір сәт халықтың қайраты мен мұңы арпалысып жатқандай. Өлең бойынан жігерлі әрекет арпалыс, тартыс-күресті танисыз. Күйші халық мұңын, халық қайратын айтады. Көк ала дүрмек болып аққан ағысты, шаңқылдап ұшқан шағала – құстың үнін, «ең соңғы жармасқаның жұлынғандай» арпалыс – өмірді ақын:
Әйтеуір ала-тарғыл бұл көріністі
Ұқпайсың не шаттанып, не мұңайып
деп бейнелейді.
Бірде шаттықтан, бірде мұңнан тұратын бұл өмірді ақын ала тарғыл деп өте әдемі теңеумен сипаттайды.
Ақын Ж. Нәжімеденов күйшінің басқа да күйлерінен қазақтың кең пейілді дархандығын, ұлттық қадір-қасиетін, ұлттық сипатын танып, оны өлең жолдарында шеберлікпен суреттей білген. Ақынның бұл қасиетін зерттеуші ғалым Қ. Юсупов: «Жұмекен – күйші-ақын. Ол өзінің бұл ерекшелігін шығармашылығында ұтымды пайдаланған. Оның күйшілігі қазақ әдебиетінің бағы болды десек, артық айтқандық болмас. Әдебиетте күй сазының мазмұнын беруге талпынушылық көптен бар, бірақ дәл Жұмекендей әр саздың тамырын сезе жазу сирек кездесетін құбылыс» деп бағалайды. Ж. Нәжімеденовтің күйді өлең сөзімен көңіл-күйін дәл басып айта білуі ерекше қасиет.
Халқымыздың атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық аспаптарымыздың бірі – домбыра.
Ақын М. Мақатаев:
Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам сен болмасаң,
Өнердің не екенін де білмес едім
деп жырлайды.
Домбыра – қазақтың киелі затының бірі. Домбыра көмейінен төгілген күй адам жанының нәзік қылдарын шертіп, жан-дүниесін қозғайды. Ақынның «мазасыз жүрегімнің өзімісің» деп жырлауы сондықтан. Домбыраның үні ақын жүрегімен үндес болуы да қазақы дара мінезге тән қасиет.
Домбыраның көмейінен төгілген күйді ақын Қ. Мырзалиев былай суреттейді:
О, құдірет, о, ғажап!
Отырмын мен қасында:
Бүкіл өнер бармақтың ілулі тұр басында!
Күйшінің өнер тамған саусағы мен көңіл шуағы бірігіп, одан көңіл толқытар күй төгілуде. Осы қасиетті дәл таныған ақын «О, құдірет, о, ғажап» сөздерімен өлеңнің өн бойын аша түскен. Өлең жолдарына гипербола тәсілін қолдана отырып оның әсерін арттыра түседі. «Үннен шілтер тоқыған» саусақтың құдіреттілігі сол домбыраның шанағынан әуен емес, тыңдаушысына сұлу да, сырбаз аққу ұшқандай әсер береді. Көңіліңнің кірі ашылып, жан-дүниең жасарып, басқаша бір сезімде боласың. Күмбірлеген күймен бірге көкірегіңе әсем бір нұр құйылғандай.
Мүмкін емес тыңдауың елжіремей, балқымай,
Сөзбен жазбай тарихын,
күймен жазған халқым-ай!
Халқының тарихын күйден таныған ақынның өлең өрнегімен өрілген жырлары да күймен бірдей әсер берері анық.
60-70 жылдардағы халықтық сипаттың бір түрін ақын Қ. Мырзалиев поэзиясынан да кездестіруге болады. Қ. Мырзалиевтің ақындық ерекшелігінің бірі – аз сөзбен көп мағына бере алатындығында. Өлең жолдарында кездесетін орынды теңеулері, бейнелеуі, кейіптеуі ақын ойының ұшқырлығын, өзіндік өрнегі мен тапқырлығын танытады.
Атадан балаға жалғасып келе жатқан шопандық кәсіп те ақындар жырында өте шебер суреттеледі. Мінсе көлігі, кисе киімі болған малды «қазақтың малы – ырысы, малы – бағы» деп өскен халық атадан қалған ала таяғын қасиет тұтып, ата-баба жолымен кәсібін жалғастырған. Малдың жағдайымен қыс қыстауға, жаз жайлауға көшу бұрынғыдан жалғасып келе жатқан салт. Қ. Мырзалиев осы салт-дәстүрдің жақсы мен жаман қасиеттерін зерделей келіп:
Бір жаманы – тынымсыз көше берген,
Бір жақсысы – қимаған даланы кең
деп жырлайды.
Сахарадай кең пейілді халықтың кең даланы қимауы да жарасымды. Табиғаттағы бар әсемдік, сұлулық қазақтың бойынан табылғандай. Ақынның «көшіп-қонуды құмнан алған секілді» деп жырлауы сондықтан.
Сонымен қатар, ақын қазақ халқының өр мінезділігін де жыр жолдарында әдемі суреттейді. Қонысына жау шапса да, көрші қонған жақын ағайынмен сөзге келіп қалса да, қуаңшылық болса да халқымыз қанына сіңген әдетпен қоныс ауыстырып отырғаны тарихымыздан белгілі. Ақын қазақ халқының бойындағы осы қасиетті мінезінің тектілігіне балап:
Біздей халық жоқ жолды мол таптаған,
Сонда да бабам тура жол таппаған!
Ақын халықтың басынан қиыншылықты көп өткізсе де бақытқа барар жол таппағанына налиды, бар қиыншылықтарды жан-жүрегімен сезініп, ақынның нәзік жаны да туған халқымен бірге қиналады.
«Малда – бақыт, малда – құт» дейтін шопанның малдың барлық қасиетін жете меңгергендігін ақын Қ. Мырзалиев «Шопан» атты өлеңінде:
Елең етіп,
Адасқан қозыларды
Енесіндей таниды дауысынан
деп жырласа, М. Мақатаев:
Түк көрмеген түлейдей… малды ұра ма?!
Жоғал былай, торсықтай салбырама!
Серке емес, сен өзің де сескенесің,
Сен қылмаған ерлікті мал қыла ма?!
деп қазақ халқының малды кие тұтатын қасиетін ашып көрсетеді. Арқалы ақын көпті көрген көне көз қарт бейнесі арқылы тәрбиелік мәні зор ой тастайды.
Ақын М. Мақатаевтың бір ерекшелігі қазақы малшылық кәсіпкершілікті жыл мезгілдерімен байланыстыра жырлауында. «Жаз болса, жорға мініп жайтақтаған» малшының мінезін жаздың жайлылығымен байланыстыра жырласа, «Күз болса, қойшы жаны жай таппайды» екен. Көктемде барлық жер-дүние жаңарып, тіршілік атаулының бәріне жан бітетін кез. Малшы қауымына бұл мезгіл де өзіндік қасиетімен ерекше.
Сабылып келді міне, сәуір айы,
Сәуір айы – қазақтың тәуір айы.
Табиғаттың тылсым күші мен шаруа тіршілігін тікелей байланыстыра жырлап тың ойларымен поэзияға өзіндік өрнегін салады.
Қазақ халқының ерекше қасиеті – жорамалдық мінезін ақын Мұқағали Мақатаев:
Сәуір айы-малшыға сары уайым,
Малмен бірге бағады ауа райын
деп өзіндік өрнегімен түйіндесе, ақын Қ. Мырзалиев қарт шопанның тәжірибелігін:
Ауа-райын оқиды ол келер күннің
Шыбын-шіркей, шымалдың қылығынан
деп басқаша қырынан танытады. Қарт шопанның «малмен бірге бағатын ауа-райының» мінезін әр ақын өзіндік қолтаңбасымен, өлеңдегі өзіндік сара жолымен, теңеу, кейіптеу тәсілдерінің өзгешілігімен көрсетеді.
Қазақтың ұлттық қасиетін, халықтық сипатын, ұлттық мінезін танытатын өлеңдер Қ. Мырзалиев жырларында көптеп кездеседі. Әр өлең жолдары белгілі бір ырғаққа құрылып, сөз мағыналылығымен ерекшеленіп, ата-баба тарихын, қазақы мінезділікті танытады.
Қазаққа дала керек, ғарыш керек,
Керемет кеңдік керек, алыс керек.
Шайқасса – қоян емес, – барыс керек,
Жүйрігін сынау үшін – жарыс керек.
Білегін білеу үшін – сайыс керек,
Ән салса – аспан толар дауыс керек!
Жүйрік ат, құмай-тазы, қыран құс, қазақ осы үшеуін де қастерлеген халық. Жүйрік аттың жүйріктігін сынау үшін жарыс керек екен, керемет кеңдік керек екен. Ақын «керемет» сөзі арқылы өлең жолын әсірелеп, жай ғана кеңдіктен ажырата бейнелеп отыр. Күштілігін сынауда қоян мен барысты теңеуі де ақын тапқырлығын танытады. Қоян халқымызға қорқақтығымен танылған аң. Ақын өлең жолына қоянды әдейі қосқан. Яғни, халықтың күшін қорқақпен емес, жүректі жолбарыспен шайқасқанда сынағанды қалайды. Осы жолдар арқылы халқымыздың ұлттық мінезінің осал еместігін де танытады.
Қорыта айтқанда, 60-70 жылдар поэзиясында қалам тербеген ақын жырларында салт-дәстүрді, қазақы тұрмыс-тіршілікті суреттейтін, сол ұлттық бейнені сомдау арқылы халықтық сипатты танытатын көріністер поэзияда айқын бейнеленген.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Жүнісбекова К.Ә. Абайділданов поэзиясындағы көркемдік ізденістер: Филол. ғыл. канд. дис. – Алматы, 2004. – 140 б.
2 Мақатаев М. Аққудың қанатына жазылған жыр. – Алматы: Шартарап, 2001. – 352 б.
3 Негимов С. Өлең өрімі. – Алматы: Ғылым, 1980. – 136 б.
4 Нәжімеденов Ж. Мезгіл әуендері. – Алматы: Жазушы, 1968. – 112 б.
5 Мырзалиев Қ. Көкейкесті. – Алматы: Атамұра, 2003. – 280 б.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада қазақ поэзиясы ақындарының көркемдік ізденістері қарастырылады.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматриваются художественные поиски поэтов казахской поэзии.
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ: ТАРИХИ ТҰЛҒА ЖӘНЕ КӨРКЕМ ОБРАЗ
Бейсембаева Г. – оқытушы (Алматы қ-сы, Құрлық әскерлерінің Әскери институты)
«Айығар соғыс өрті, жылдар өтер, Ер халық ер ұланын жырлап өтер», – деп ақындарымыз айтқандай адамзат тарихында, халық жадында мәңгі өшпес із қалдырған Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ ұл-қыздарының көзсіз ерліктері мен қаһармандық істері ұрпақтан-ұрпаққа ұдайы жырлана берері сөзсіз.
Қазақ тарихында елін, жерін қорғаған талай қаһарман тұлғалар, яғни батырлар дүниеден өтті. Олардың есімі еш уақытта халық санасынан өшкен емес. Халық өз батырларын мадақтай білді. Олар жайында көптеген аңыз- әңгімелер, жырлар жазылды. Ғасырдан-ғасырға, ауыздан-ауызға жырланып жеткен жыр, әңгімелерде сол кезеңнің тарихы, батырлардың ерліктері сөз болды. Абылай, Бөгенбай, Қабанбай, Қасым, Кенесары, Наурызбай, Ағыбай Сырым, Исатай сынды батырлар туған топырақта Бауыржан Момышұлы дүниеге келді. Осындай қасиетті топырақтан шыққан, ата-баба дәстүрін ұстанған Бауыржан да қаһармандығымен көптің ортасынан жеке даралана білді.
Бауыржан Момышұлын тарихи тұлға дейміз. Өйткені ол кісінің есімі Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігімен бүкіл Кеңес Одағына танылды.
Бауыржан кім? Ол – даңқты, қаһарман. Сұрапыл Ұлы Отан соғысы басталысымен 316-атқыштар (кейіннен 8-гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанды. Москва түбіндегі немістермен болған ұрыстарға қатысты. Панфилов атындағы 8-гвардия дивизиясының батальон, полк командирі болды, соғыстың соңғы жылдарында (1944-45) осы дивизияны басқарды. Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен, тапқырлығымен және жеке басының ерен ерлігімен көзге түсіп, атақ-даңқы аңызға айналды.
Бауыржан Момышұлы Бас штабтың академиясын бітірген бірінші қазақ. Соғыс өнерінің тактикасы мен стратегиясын жетік меңгерген қорғаныс теоретигі, елі үшін жанын аямай күрескен патриот, жақсылыққа жаны құмар азамат.
Ол «Еңбек қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Ал, Кеңес Одағының Батыры атағы өмірден өткеннен кейін берілді. Әрине өкінішті, Москва үшін бір қадам артқа шегінбей, өмірі қыл үстінде тұрса да аянбады. Оның бұл ерлігі мақтауға да, мақтануға да тұрарлық.
Б. Момышұлы атақты да, мадақты да мансап тұтқан адам емес, ол елі, жері үшін күресті, қаһарман ерлік көрсетті. Оның бұл ерлігі халықтың санасынан өшпестей орын алды. Халықтың ойында, көңілінде өшпестей шырақ болып жану, Кеңес Одағының Батыры деген аттан да биік әрі мәртебелі еді.
Табиғат берген, ата-ананың қанымен келген Бауыржан болмысы тек адалдықты, шыншылдықты, өжеттілікті қажет етті. Қабағы қатулы, өңі сұсты, өткір көзді, кең жауырынды, зор үнді, қалың мұртты болып келген сыртқы пішіні қатқыл, суық көрінгенмен жүрегі нәзік, ниеті таза, адал, кең адам. Бұл – өмірдегі Бауыржан Момышұлының нақты келбеті.
Бауыржан – жазушы. 1956 жылы әскери борышын өтеп, құрметті демалысқа шыққаннан кейін, қаһарман батыр қолына басқа қару алды. Ол өмір шындығын, өзінің көргенін, келер ұрпаққа өсиет айтар даналық сөздерін мирас ету үшін қаруды қаламға алмастырды. Әрине бұл оңай бола қойған жоқ. Дегенмен де, алдына мақсат қоя білетін адам діттегеніне жетері сөзсіз. Осы тұрғыда Б.Момышұлы қазақ әдебиетіне жаңа жанр, яғни соғыс әдебиеті деген жанрды енгізді. Оның қаламынан бірнеше еңбектер жарық көрді. Мәселен «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», «Москва үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдандағы кездесулер», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Ел басына күн туса», «Ұшқан ұя» деген дүниелері әскери, өмірбаяндық жайттарды арқау етіп, патриоттық рухты, адалдықты, ерлікті ту еткен шығармалар.
Генерал Петр Вершигоров оның жазғандарын бағалай келіп, былай деген еді: «Бауыржанның соғыстағы ерлігі бізге мәлім. Ал жазушы болып ол екінші рет ерлік жасады. Бұл екі ерлігі менің ойымша теңдесі жоқ ерлік». Рас, оның артында қалған баға жетпес мұрасы бүкіл бір ұрпақтың елін, жерін қадірлеуге, бағалауға, тәрбиелеуге жетерлік десек артық емес. Оның кітаптарының бірінші бетін ашқанда, тұнып тұрған ізгілік, адамгершілік құндылықтардың сипатын көргенде оны жазған автор туралы ой ойламау мүмкін емес. Жүсіп Баласағұн «Халықты қаламмен басқар» дегендей халыққа құнарлы сөз, әділ, өміршең дүниелер қажет. Бұл рухани байлықты шынайы жазушылар ғана бере алады. Бауыржан жазған туындылар осындай құндылықтарымен ерекшеленеді. Бұл мақсатта Б.Момышұлы өзіне тиесілі елі мен келешек ұрпақ алдындағы міндетін адал өтей алды деуге болады.
Б. Момышұлы еңбектерін орыс, қазақ тілінде бірдей жазды және де бұл туындылары көптеген тілдерге аударылды. Бауыржан шығармаларында жасандылық, қоспа, болжам жоқ, сұрапыл соғыс шындығы ақ қағазға алқынған тынысымен, ақиқат шындығымен шынайы түскен. Көркем сөз уақытқа, өсіп келе жатқан жеткіншектерге ескерткіш. Соның ішінде Ұлы Отан соғысына арналған әдебиеттен қан майданды кешкен қаһарман тұлғалардың бейнесін, ерлігін, өмір шындығын көреміз. Сондықтан Б. Момышұлының әр сөзбен салған ою өрнегі ескерткіш болып қалмақ.
Жазушы Шерхан Мұртаза айтқандай: «Біз Бауыржанды тек батыр деп танимыз, ал ол тұнып тұрған ақыл». Әрине, Б.Момышұлы халық ауыз әдебиетінен нәр алды, орыс, әлем әдебиетінен сусынданды, өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татты. Өмір мектебі оны кемеңгерлікке жетеледі. Бауыржан өмірі тамсануға емес, тануға зәру. Оның өмірлік тәжірибесі, шығармашылық мұрасы рухани байлық. Бауыржан елін шын сүйген азамат. Сондықтан да халықтың оған деген ықыласы шексіз. Оның еңбектері патриоттық рухта тәрбиелейтін туындылар.
Бауыржан – көркем бейне. Момышұлының қаһармандық ерлігі туралы белгілі орыс жазушысы А. Бек «Волоколамское шоссе» повесін жазды. ӘНұршайықов «Ақиқат пен аңыз» роман-диологиясын жариялады. «Қазақфильм» киностудиясы «Ел басына күн туса» көркемфильмін түсірді. Москва академиялық драма театры Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды. Осы аталмыш туынды авторлары өмір шындығы мен көркем шындықты бір-бірімен жымдастырып, жігін білдірмей үйлестіре білген. Ондағы образдар мен суреттелген оқиғалар, мінездер мен қимыл- әрекеттер расында да өмірде дәл солай болғандығына шүбәсіз сендіреді.
Белгілі жазушы, соғыс ардагері Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романын жазуда, оның басты кейіпкері қаһарман Бауыржанның бейнесін суреттеу үшін көп ізденді. Ол жайында жазушы көп айтты да, жазды да. Сондағы жазушының мына бір сөзі көңіл аударарлық: «Мен саған материалмын, оны қалай, қайтып жазамын десең де еркің. Аты жөнімді де өзгертуіңе болады. Бірақ Ұлы Отан соғысының шындығы сол қалпында қалсын деген» /1, 184-186/. Көркем дүние болғандықтан оған жазушының алып қосары да көп болмақ. Ә.Нұршайықовтың өзі қан майданды басынан кешірді. Сондықтан оның шындықтан алшақ кетпесіне Б.Момышұлы сенгендіктен орынды талап қоя білді. Оның өзінің өмірлік ұстанымы шындық еді. «Аңыз бен ақиқат» романында Бауыржанның нағыз реалистік бейнесі жасалды. Бұл шығарма өзінің көркемдігімен де тарихилығымен де оқырманды өзіне баурап алған туынды.
Сонымен қатар Бауыржан Момышұлының ерлігі жайында қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов «Намыс гвардиясы» деген пьеса жазды.
Ұлы Отан соғысы басталысымен-ақ М. Әуезовтің тыл мен майдан тақырыбына арналған мақала, очерктері баспасөз бетінде жиі көріне бастады. Келе-келе Ұлы Отан соғысы туралы көлемді шығарма жазу мақсатын алдына қойды. Алдына орасан зор мақсат қойған жазушыны қызықтырған тақырып 1941 жылы Москва түбіндегі үлкен шайқаста қазақстандық 8-гвардия дивизиясының бүкіл әлемді дүр сілкіндірген ерлігі болатын. Майдан хабарын жіті қадағалап, қажетті деректер көзін жинастыруға кіріседі. Осы тұста жазушының Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллинмен хат жазысуы да жиілейді. Бауыржанның «Отан соғысын тақырып етіп еңбек етемін. Ол еңбекті атүсті емес, әбден терең мағына-мәнісіне түсініп, біліп алып бастаймын деген ниетіңіз, талабыңыз мені өте қуантады» /2, 326/ – деген хатынан жазушы ниетін қостаған пікірін көруге болады.
«Намыс гвардиясы» М. Әуезов пен Ә. Әбішевтің бірігіп жазғандары, ол сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланып, сахнада қойылды. Соғыс тақырыбын жазу үшін, көрерменге әсерлі болу үшін майдан көрінісін шынайы бейнелеу де Ә. Әбішев Б. Момышұлымен майдан шебінде жолығып, ой бөліскен. Оны Б. Момышұлының мына хатынан көруге болады: «Әрине «Намыс гвардиясының» жазылып шыққаны өте қуанышты, бірақ менің қаупім Әлжаппар осыдан жинап алған материалдарға толық түсініп, оларды Сізге айтып бере алды ма екен? Пьесаның фундаменті құмнан болып жүрмесе еді деген қорқыныш қой» /3, 328/.
«Намыс гвардиясының» бір үзіндісімен танысып шыққан Баукең тағы бір хатында: «Құрманбек жаңа ғана келіп, қолына «СҚ» газетінің 230 номерін оқып беріп отыр, басын, аяғын әлі көргеніміз жоқ. Сондықтан пьесаға толық талқыланған пікірімізді айта алмаймыз. Сөйтсе де ортасын көріп отырып, мынаны айту қажет:
– Тырысып-ақ, шын ықылас қойып жазған екенсіз, немістерді Сіздің... шебер көркемдігіңіздей емес, майдан жағдайын азырақ білгендіктен, көрмегендіктен майдалы-ірі болуы мүмкін. Амандық болса оларды да оқып шыққан соң толық жаза жатармыз» /4, 329/ – деп өзінің алғашқы әсерінен алған пікірін блдіреді.
Мұхтар Әуезов өз шығармасының бас кейіпкері ретінде суреттелген Бауыржан Момышұлымен 1943 жылы желтоқсан айында танысқан. Пьесада М. Әуезов бас кейіпкерін Намысұлы Бақытжан деп атаған. Жазушы қан майдандағы соғыс көрінісіне көркемдік бояу бергенмен Момышұлының мінез-құлқын дәл жеткізгендей. Оны пьесаның мына бір жерінен көруге болады:
«Намысұлы: Ендеше мен Отанымның жауына қарсы осы майданға не алып келдім, немен келдім? Партияның таза тәрбиесін алып келдім, жауға деген жиреніш, Отанды сүйген жүректі ғана әкелдім. Әскери білім, ысылған тәжірибе әкелгенім жоқ қой.
Панфилов: Оны кім түгендеп әкепті? Бәріміз де осы соғыстың әр сағатынан, әр қыспағынан оқып-тоқып келе жатқан жоқпыз ба?
Намысұлы: Бәсе, ендігі ойым: әкелмегенім есеп емес. Өлсем де соны табуым керек, жетуім шарт. Менің сыным сол болу керек деймін» /5, 38/.
Бұл жерде бас кейіпкердің ұрыс алаңына келгенде тәжірибе жинап келген әскери адам емес, жүректі адам екендігін көреміз. Отанын жаудан қорғауда үлкен азаматтық танытқандығын байқауға болады. Пьесада Панфилов Бақытжанды қайта батальон командирі етіп тағайындап, оған берілген тапсырма жауды Москваға өткізбеу еді. Сондағы екеуінің арасындағы диалог мынадай болып келеді:
«Панфилов: Біз сырласып болдық. Енді бұйрықты тыңда. Мезгіл ауыр, хал қатер. Қазіргі осы жүріп жатқан соғыстан бастап бізге үлкен соққы түйілді. Бүгінгі, ертеңгі күндер жаудың бізді басып-жаншып Москваға өтеміз деген күні, сенің полкың, соның ішінде сенің батальоның зор қатердің алдында тұр. Мың жүректің бір жерден соғатын кезі жеткені осы. Не дейсің осыған?
Намысұлы: Осы айтқаныңызға бар қайратым құрбан.
Панфилов: Ендеше, батальон рубежін не болса да, ертең кешке дейін үстіңнен жау өткізбей ұстап тұрамысың?
Намысұлы: Сізше маған келетін жаудың күші неше есе артық болуы мүмкін?
Панфилов: Сенің батальоныңа жаудың бір танковый полкы шабуыл жасауы мүмкін.
Намысұлы (ұзақ пауза). Онда өткізбеймін деп айта алмаймын. Бірақ бір адым шегінбеске ант етемін?» /6, 45/.
Бұндай антты тек қана өзіне-өзі сенімді, Отан үшін от кешуге дайын өр тұлғалы батыр ғана айта алады. Бұл жерде жазушы Б. Момышұлының нақты бейнесін бере алған. Өйткені Б.Момышұлы сөздің емес, істің адамы екенін осы М.Әуезов суреттеп отырған Москва үшін шайқаста дәлелдеді. Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Бұны Бауыржанның жасаған ерліктерінен көруге болады.
М. Әуезовтің бұл пьесасы жазылғаннан кейін театр сахнасынан түскен жоқ деуге болады. Оған сол кезеңдегі газет беттерінде жарық көрген мақалалар айғақ. Мәселен «Социалистік Қазақстан» газетінде бұл пьеса жайында біраз пікірлер айтылды. Газеттің 1942 жылы 29 қарашада жарық көрген санында А. Лекеровтің «Жеңіске шақырады» деген мақаласы жарық көрді. Сонда «Пьесада жауынгерлерге үлгі боларлықтай күшті образдар, келелі оқиғалар бар. Бүгінгі таңдағы моторлы соғыстың айла тәсілдерін меңгерген Панфилов сияқты даңқты генералдың кесек тұлғасын жазушылар шебер бере білген. Сол сияқты командирлік қабілеті зор Намысұлының образы да күшті шыққан» деген.
Театр сахнасынан түспеген бұл спектакльге: «Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең таңдаулы спектакль ретінде қазақ театрының тарихына кірді. Алты жыл бойына ол спектакль сахнадан түспеді. Жеңіс күнінде, жеңімпаздар Қазақстанға оралған күні де спектакльді көрермендер тағы да өзгеше ыстық ықыласпен қабылдады» /7, 34/ – деген лайықты бағасы берілді.
Пьесада Бауыржан Момышұлы мен қатар біраз белгілі адамдардың да прототиптерін көруге болады. Ол пьесада суреттелетін Айбаров Қайсар – Кеңес Одағының батыры, автоматчик Төлеген Тоқтаров. Ғалиев Мейрам деп сомдалған кейіпкер соғыстан кейінгі белгілі ғалым, жазушы болған Мәлік Ғабдуллин.
Әрине бұл пьесадағы оқиға шындыққа қаншалық жақын екендігін кезінде Бауыржан Момышұлы өзі тиесілі бағасын берген болар, ал көркемдік тұрғысынан келгенде өте ұтымды шыққан пьеса.
Жалпы Б. Момышұлының бейнесі көркем шығармаға сұранып тұрған образ. Кезінде ол жайында көптеген өлеңдер, поэмалар, очерк, мақала, пьеса, романдар жазылды. Әлі де жазыла бермек.
Сонымен қатар тағы айта кететін нәрсе өзінің қайталанбас жауынгерлік ерліктерімен, жазушылық шеберлігімен көрінген батыр Бауыржанның ел аузында сақталып қалған қанатты сөздері бар. Бұл сөздердің беретін мағынасы өте терең және тәрбиелі. Бұл сөздерді ішінара бірнеше тақырыптарға бөліп қарастыруға болады:
Ерлік-батырлық тақырыбына қатысты айтылған сөздер: Батыр батыр емес, батырларды бастаған батыр. Ежелден ер тілегі ел тілегі. Адал ұл ер боп туса ел тірегі. Сын ерді шыңдайды, қорқақты қинайды. Көзсіздік батырлық емес, есерсоқтық.
Адамның мінез құлқына байланысты айтқандары: Ақкөңіл деген нәрсенің екі түрі бар: аңғал ақкөңіл, ақылды ақкөңіл. Жалтақтардың көбі ақымақ, әкімқұмар келеді. Қостай берушілік әлсіздік. Адал болмай азаматпын демегін.Сабырлық алдында дұшпан сасады, сабырсыздан береке қашады.
Отан тақырыбына қатысты: Өз елін, ұлтын сыйламау, онымен мақтанбау ол сатқындық.. Отанға ана ретінде қара, халық үшін еңбек ет. Отан үшін отқа түс – күймейсің! Сатқынның отаны жоқ. Батыр отансыз, халықсыз болмайды.
Даңқты батырымыздың бұл сөздері әр қайсымыздың жадымызда сақталып, келер ұрпақтың санасына сіңетін асыл қазыналы сөздер.
«Ұрыста өмір ешкімге сыйға берілмейді, жеңіп алынады» деп Б. Момышұлы өзі айтқандай, оның халқының сүйіспеншілігіне бөленген абыройы, ерлігі, даңқы, атағы оңай келген сый емес, бұның барлығы жеңіспен келген құрмет.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Ерлік шежіресі жалғаса бермек // Жұлдыз, №5. – 1985.
2 М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 21 том. – А., 2005.
3 Сонда.
4 Сонда.
5 Сонда.
6 Сонда.
7 Қазақ театрының тарихы. – А., 1978. – 2 том.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматриваются личные качества и особенности Б. Момышулы, его художественный образ в военной прозе.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада Б. Момышұлының тұлғалық қасиеті мен ерекшеліктері және Б.Момышұлы көркем образ ретінде қарастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |