Образ. «Образ» деген сөз әдебиетте негізінде екі түрлі қолданылады. Бірінші, көркем сөз мағынасында, екінші адам образы тип мағынасында



бет2/2
Дата30.12.2021
өлшемі20,74 Kb.
#106836
1   2
Байланысты:
ОБРАЗ қтә Жұмалиев

Әдеби мінез (литературный характер) жайшылықтағы мінезден анағұрлым терең, анағұрлым кең. Жайшылықта біз біреуді жеңіл мінезді не салмақты, ауыр мінезді кісі дейміз. Мұның негізінде де бір адамды екінші адамнан айыру, жекелеу жатыр, бірақ ол толық емес, адам мінезінің тек бір-ақ жағын көрсетеді.

Көркем әдебиеттегі жеке адамға тән мінез: адамның мінез-құлқын, нанымын, сенімін, ой-пікірін, өмірге көзқарасын, психологиясын, күйініш-сүйінішін, басқаларға қарым-қатысын, сөздік қорын, тіпті оны қолданудағы ерекшеліктеріне шейін қамтиды. Осылардың бәрін бір адамның бойына сыярлық сипат етіп шебер суреттеудін негізінде сол адамның бейнесі, образы, айнаға түскен сәуледей, біздің көз алдымызда тұрады. Осыны образ не адам образы деп атаймыз.

Жазушылар жеке адамға тән мінездерді жасағанда адамның өмір жолдарын, іс-әрекеттерін баяндайды, сол арқылы оның мінезінің қалай қалыптасқандығын елестетеді. Жақсы не жаман мінез бір күннің не бір жылдың ісі емес, талай жыл, талайғы өмір соқпақтарының нәтижесі екендігін аңғартады. Көркем шығармадағы кейбір әдеби мінездің қалыптасуы өмірдің, өз ортасының әсерімен біртіндеп өсе келе мүсінделуі де, кейбірі белгілі қайшылықтардан кейін ғана қалыптасуы да мүмкін. Шығарманы ой көзімен оқыған кісіге мұны аңғару қиын емес.

М.О.Әуезовтің «Абай» романындағы Құнанбайды алсақ, жазушы оның мінезінің сан алуан жақтарын суреттейді. Құнанбай қатыгез, мейірімсіз, бекінгеніне берік, ойланған мақсатын орындамай тынбайтын бірбет, сұмдықты әріден ойлайтын зымиян, басынан бақайшағына шейін ескілікке берілген кертартпа; сонымен қатар ол ойлы, ақылды; қимылдың, істің адамы, сөзге шешен, тілге жүйрік, қолы ашық мырза. Қысқасы, оның мінезінің сан алуан жақтары бар. Әйтсе де солардың ішінен, ең бірінші орындағы, ерекше көзге түсіп, мәңгілік есте қалатын мінездері – қаттылық, мейірімсіздік, ел тізгінін өз қолында ұстауға шебер, әккілік, әріден ойлайтын зымияндық, беріктік. Оның мінездерінің басқа жақтары сол негізгі мінезін толықтыра түсетін, көмекшілік қана жұмыстар атқарады.

Жазушы Абайдың әр алуан мінез-құлықтарын сипаттап, оның мінезінің ішінен адамгершілік, жаңашылдық, демократтық, патриоттық, мейірбандық, ойшылдықтарды оған тән негізгі мінез, сипаттар деп бірінші орынға қояды. Оқушыларының есінде берік сақталатын да Абай мінездерінің осы жақтары.

Образдарды топқа бөлу. Шын мәніндегі көркем шығарма – өмір сәулесі. Қоғамдық өмірде адам баласы бір-бірімен қарым-қатыста, тіршілік үшін күрес-тартыста болатындығы белгілі қағида. Бірақ өмірдің барлық жағын бір шығармада түгел қамтуға мүмкіндігі жоқ, сондықтан жазушылар өздерінің шығармаларында өмірдің бір құбылысын таңдап алады да, белгілі бір адамдардың араларындағы қарым-қатыс, күрес-тартыстар етіп суреттейді. Сол тартыс, қарым-қатынастардың түріне қарай, көркем шығармаға қатысушы образдар – кейіпкерлер негізінде екі топқа бөлінеді. Оларды іс-әрекет, амал-қылықтарына қарай ұнамды, ұнамсыз топтар деп атаймыз. Шығармада адам баласын жақсылыққа, прогреске үндеп, тұрмысын жеңілдету, жақсарту үшін күресушілерді ұнамды топқа, олардың игілікті істеріне бөгет жасап, қарсы күресушілерді ұнамсыз топқа жатқызамыз. Бұ-лардың екеуінің де оқушы жұртшылық үшін мәні бар. Алдыңғылардың үлкен идеал, асқан ерлік істерін көріп сүйінсек, соңғылардың ездік, болашағы жоқ, сұм, сұрқия, жауыздық іс-әрекетін көріп жерінеміз. Мысалы, С.Мұқановтың «Ботакөз» романын алсақ, онда суреттелетін оқиға 1913 жылдан басталады да, 1916 жылғы халық көтерілісін, 1917 жылғы февраль революциясын, совдептің құрылуын, Ұлы Октябрь революциясына большевик партиясының басшылығымен жүргізілген әзірлікті, революцияға қарсы Сибирь казак атамандарының, алашорда үкіметімен күресін, бүліншіліктерін көрсете келіп, романды социалистік ұлы революцияның жеңуімен, ақтарды қуған қызыл армия, Амантай бастаған партизан отрядының елге келуімен аяқтайды.

Роман оқиғасының негізінде тарихи шындық жатса да, жазушы тарихи фактілерді тізіп қана қоймай, белгілі бір адамдардың арасындағы қарым-қатынас, күрес-тартыстарға құрады. Қатысушылар негізінде екі топқа бөлінеді: бірінші топтың бас қаһармандары: Асқар, Ботакөз, Амантай, Кузнецов, Булатовтар; екінші топқа: Итбай, А.Кулаков, Кошкин, Сарыбас, Мадияр, Базархандар жатады.

Кейбір көркем шығармада қатысушылардың аз болуы, солардың ішінен де, екі жағынан екі адамды алып, барлық тартысты сол екі адамның айналасына құруы, басқалары бас қаһармандардың іс-әрекет, мінез-қимылдарын толықтыру үшін ғана шығармаға енгізілуі мүмкін.

Қысқасы, көркем шығармада бір кейіпкердің істері, екінші кейіпкердегі олқылықтарды толықтыра түседі. Көркем шығармаларға талдау бергенде бұл жайттарды біз әрдайым есте сақтауымыз қажет.

Әдеби типтердің мәні. Дүние жүзінің әдебиетіне көз салсақ, үздік, шебер жасалған және талай ғасырлардан бері ұмытылмай келе жатқан тип – образ аз емес. Грек мифологиясындағы Прометей, Антейлер күні бүгінге шейін үлгілі, тамаша шебер жасалынған образдардың бірі саналады.

Грек ертегісі бойынша қатал тәңір Зевстің тыйым салуына қарамастан, Гефестің көрігінен адам баласына от ұрлап беріп, оларды искусствоға, ғылымға, егін егу, мал қолдану, малдың күштерін қалай пайдалану тағы басқа да адам тұрмыстарын жақсартудың бірінші рет әр алуан жолдарын көрсеткен Прометейді қатал тәңір Зевс қатты жазалап, жартасқа кеудесінен, қол-аяғынан шегелеп керіп қояды. Сонда да Прометей Зевске бас имейді. Өзімен дос тәңірлері, өзіндей алыптар (титандар) келіп, Зевстің айтқанын жасап, ауыр азабыңнан құтыл деп қаншама жалынса да, Прометей өзінің адам баласына жақсылық жасауын ең ізгілік іс деп ұғады да, бетінен қайтпайды. Жылдар, ғасырлар бойы жан түршігерлік азап көріп жатса да, Зевстің түбіне жететін баласының кімнен туатынын біле тұрып, ол қанша сұраса да айтпайды; сен ылғи жауыздық жасай бере алмайсың, тәңірлердің тәңірі болу. Өкімің жойылады деп Прометей Зевске үрей туғызады. Прометейдің азабын ауырлату үшін Зевс алып қарақұсқа күнбе-күн оның бауырын жұлдырып жегізеді. Күндіз жеп кеткен бауырдың орнына түнде бауыр қайта бітеді. Алып қарақұс Прометейге жан түршігерлік ауыр азапты бір күн емес, жылдар, ғасырлар бойы көрсетеді. Бірақ қанша қиналып, қанша ауыр азап көрсе де, Прометей шыдайды. Зевске құл болудан гөрі, жан шошырлық азаптарын ол артық санайды.

Сөйтіп, грек ертегісі адам баласының игілігі, алға басуы үшін күрескен, ол үшін қара күштерден қатал соққы, ауыр азаптар шексе де, алған бетінен қайтпаған және бұл іске солай болатұғынын біле тұрып, саналы түрде кіріскен Прометейдің тамаша образын жасады. Прометей образы – мейірбандық, беріктік, жауыздыққа жаны қастық, көпшілік үшін қандай қиыншылыққа болсын төзе білушіліктің тамаша үлгісі болды.

Зұлымдық, жауыздық иелерімен, дәулер, мыстандар мен қаһрмандардың ерлік күрестерін суреттейтін қазақтың да сандаған ертегілері бар. Солардың ішінен, мысал үшін, «Ер Төстікті» алалық.

Ер Төстік қара күш иесі емес, оның барлық қасиеті нар тәуекел жүректілігінде, қиыншылыққа төзімділігінде. Малды қыстан аман сақтап қалу үшін табиғаттың дүлей, мылқау күшімен күресіп, елінен, жұртынан адасып кеткен ағаларын жалғыз іздеп шыққан жас Ер Төстік талай азапты шегіп оларды тапқаннан кейін де, сан алуан бөгеттерге кездеседі. Жердің, үсті ғана емес, астына да түсіп кетіп, бұрынғыдан әлдеқайда қиын жағдайларға ұшырайды. Адам баласына тек қана жауыздық, зиян ойлайтын Бекторы, Темір, Шойынқұлақ, мыстан, дәу тәрізді жаулармен белдескен тартыстарда Ер Төстік жеңіп шығады.

Ертегінің негізгі идеясы – мылқау табиғаттың өлі сырын ашып, мәлімсіз, жасырын күштерін өздеріне бағындырсақ деген халықтың оптимистік тілек, мүддесін қамтушылық болғандықтан, оның жауыз иелері – пері, жын, мыстандар қаншама күшті болса да, ақыры оларды Ер Төстікке жеңгізеді. Оның күші жетпейтін жағдайларда әртүрлі өнер иелері, қиял арқылы жасал-ған адамдарды көмекке әкеледі: жел жетпес жүйрік, жеті қабат жер астындағыны еститін саққұлақ, қиядағыны көзі шалатын көреген, екі қолына екі тауды көтеріп, біріне-бірін соғыстырып ойнайтын алып, т.б. Ер Төстікке жер астында кездесіп, оның қиындықты, бөгеттерді жеңіп шығуына көмектеседі.

Қандай ауыр жағдайда, қандай қиыншылықта өмір сүрсе де, халық –оптимист. Табиғаттың, мылқау күштерін жеңіп, оны өздеріне бағындыруда жақсылықты алдан күтіп, болашақта осылай болуы керек деп қиял етеді де және оған өздері нық сенеді. Міне, мұның тәрбиелік мәні – қиындық, бөгеттерді жеңіп шығудағы халықтың оптимистік сенімін көрсетуінде.

Ауыз әдебиетінің кешірек туған түрлерінде шығармалардың оқиғасы да, қаһармандардың күрестері де анағұрлым тұжырымды, шындыққа жақындай түседі. Қазақтың не басқа елдердің эпостық жырларын алсақ, оларда өз елі, өз отанын басқалардың шабуылынан қорғау күресі негізгі мәселе болып суреттеледі.

Ел қорғау санасы ерте оянып, өзінің азаматтық міндеті халқына жұмсалуын жастай сезінген батыр ұл бүкіл өмірін жорықта өткізеді. Эпостық жырларда олар қиыншылық көрсе де, төзімді, өз Отаны үшін елімізге де, жеңуге де әзір, халықтық адал ұлдары болып суреттеледі.

Жазба әдебиеттердің нұсқаларында тәрбиелік мәні зор тамаша шебер жасалған ұнамды образдардың талай үлгілерін табуға болады. Олардың көбі өмір құбылысының әр алуан жағына үңіле қарап қандай мәселе болсын терең толғап, кеңінен шешуге тырысады. Абайдың «Ескендір» поэмасын алсақ, Аристотель мен Ескендір (А.Македонский) патшаны бір-біріне қарама-қарсы қою арқылы әділдік пен жауыздықты шендестіріп, қан құмарлық, ашкөздікті әділдікке жеңдіреді. Ақыл иесі, дана, адамгершілікті, тыныштық-бейбітшілікті қолдайтын Аристотель образын көріп біз сүйінсек, адам өлімін түкке санамайтын шапқыншы бейнесіндегі Ескендірден жерінеміз.

Көркем образдардың қоғамдық, тәрбиелік мәнін сөз еткенде, әңгіме тек ұнамды образдар туралы ғана деп түсіну жеткіліксіз. Әрине, қаһарман ерлік, тамаша әділдік, адал сүйіспеншілік, патриоттық, ақылды, айлакерліктерді бейнелейтін және олардың барлығы адам баласы көпшілігінің игілігі үшін істелетін, ұнамды образдың іс-амал, мінез-құлықын көріп, біз де сондай болғымыз келеді. Адал ниет, идеясына берік, жаны сұлу кейіпкер әрдайым ой-сезімімізге жақсы әсерлерін тигізіп, өмірімізге жетекші тәрізденеді.



Өмірдегі жаман мінез-құлықтарды қамтитын ұнамсыз образдың – типтің үлкен мәні бар. Жалқаулық, еріншектік, бойкүйездікті бейнелейтін Обломов образы, мақтаншақтың ең жоғарғы түрін аңғартатын Ноздрев, сараңдықтың қыртысы айналған түрін меңзейтін Плюшкин, жұмыртқадан жүн қырыққан ұсақтық, пайдакүнемдік, ездікті бейнелейтін Чичиков; күні өткенін сезбейтін көр көздік, даңғой, құр кеуделіктің образы Дон-Кихоттардың іс-әрекеттері тәрізді жаман мінездерден біз қашамыз. Ешбір есі дұрыс адам не Обломов, не Плюшкин, не Дон-Кихот болғысы келмейді.

Жақсы мінез, жақсы іс-амалдардан үлгі алудың мәні зор десек, жаман мінез, жаман іс-әрекеттен оқушыларын безіндірудің де өзінше мәні болатындығы сөзсіз.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет