ҚР Ғылым және жоғары білім министірлігі
Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті КеАҚ
Тақырыбы: Соғыстан кейінгі жылдары очерктерден құрастырылған жинақтар.
Орындаған: Төкенов Алмат
Тобы: КЯЛ-101
Тексерген:Айман Омарханқызы
ЖОСПАР:
Очерктердің қалыптасуы мен оқырман көңілінен алатын орыны.
Соғыстан кейінгі жылдардағы жазылған очерктер және басты мазмұны
Қортынды
Пайдаланылған әдебиеттер
1946-шы жылдар, яғни соғыстан кейінгі кезеңдерде қазақ жазба әдебиетінде ерекше орын алатын очерктер қалыптасып, жазыла бастады. Қиын-қыстау заманнан шыққан қарапайым оқырманға әдеби очерктер рухани демеу болды. Бірақ, біршама жазушыларымыздың қолына көрінбейтін кісен салынғанын ұмытпауымыз керек. Идеясы мен көркемдік жағынан ерекше болған, халық көңілінен орын алатын көптеген қаламгерлеріміздің шығармалары сол кездегі саяси ахуалға байланысты кітап беттерінен орын алалмай, әдебиет тарихынан жоғалып кеткендері де жетерлік. Жазған жазбалары үшін, қазақ еліне еңбегі сіңетін қаламгерлеріміздің бірі қудалауға ұшырап, екінші бірі ату жазасына кесіліп, тағы біреулері темір тордың тұтқынына айналды. Қиыншылықтан енді ғана көз ашқан қауым үшін очерктердің алатын орны ерекше болды. Сол арқылы қиын-қыстау шақта жаңа өмірге деген үміттері артты. Елі үшін еңбек еткен, ауыр заманда өмірін бәске тіккен адамдар үшін жазылған әдеби очерктерді оқыған оқырман қауымның өмірге дегін құлшыныстары арта түсті десекте болады.
Кейін келе салқын саясатты ызғары кеткеннен кейін тың игеруге байланысты очерктер көптеп жазыла бастады. Соғыстан нығайып, есейіп шыққан ақын-жазышылар көркем очерктің негізгі нысанасы етіп өмір, өмірді алға апарушы адамдар туралы жазды. Ол кездегі көркем очерктердің негізгі тақырыбы еңбек адамдарының қалыптасу процессі, өздерін өмірдің, дүниенің иесі деп таныған идеясы әр саладағы адамдардың образын бейнеледі. Баспасөз беттерінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сол кездегі идеологиялық жұмысқа мәдениет мәселелері, ғылым, бесжылдық жоспарларының орындалу жолындағы істері төл тақырыпқа айналды. Бұл кезеңде көркем очерк едәуір адым жасап, дәстүр тұтуға тұрарлық көркемдік табыстарға қол жеткізді. Соғыстан кейінгі кезеңде өздерінің ерен еңбегімен еленген Ыбырай Жақаев, Мұхтар Кітапбаев, Нәйла Базанова, Бәшіп Нұрмағамбетов, Түсіп Күзембаев, Қартабай Атшабаров, тағы басқалар туралы очерктер көптеп жазылып, бейбіт өмір, еңбек әуені мадақталды. Жұмағали Саинның "Бірінші рангалы кен директоры" очеркінің кейіпкері Түсіп Күзембаев - Қарағандының әйгілі шахтеры, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған танымал азамат. Екі заманның куәсі болған қаһарманды жазушының өмір тарихының кезеңдерін салыстырулар арқылы бере отырып, кешегі мен бүгінгінің айырмашылығын ажыратып берген тұстары ұтымды шыққан.
Қапан Сатыбалдиннің "Кетпенді адам" очеркі де тәуір, қатардағы күрішшіден колхоз председателіне дейін өскен Қашақбай Пірімовтің еңбек, өсу жолдарын сатылап, сабақтастыра баяндаған. Жазушы Қашақбай бейнесін: "Қашақбай топ жарып сөйлеп үйренген шешендердей көсіліп, құлшынып сөйледі. Бұлардың бәрі де күнде көріп жүрген адамдар. Бәрін де таниды. Әркімнің қылығы да, құлқы да оның алақанында. Қашақбай қара томпақ тілімен мақалдай сөйлеп, әркімнің өз қылығын бетіне былш-былш ұрғанда талай бастар төмен тұқырады, талай көздер жерге қарады" - деп сомдайды. Осы тұстан жан-жақты ұйымдастыру өнерімен танылып, соғыс уақытында тылдағы ауыр еңбек дәмін татқан, талай сәтсіздік, қиыншылықтарды бастан өткізген адам келе-келе барлық жағынан өскен кейіпкер бейнесімен әдемі түйін тапқан. Соғыстан кейінгі кезеңдегі көркем очерктердің идеясы кеңес адамдарының ержеткен, өзін-өзі өмір, дүниенің иесі деп таныған қаһармандар ретінде көрсетеді. Қарапайым адамдар өздерінің совхоз, колхоз өндіріс орындарына жауапкерлік, жанашырлық танытып отырған.
Қазыбек Сүлейменовтің "Сайрам даласында" атты очерк қаһарманы қарт Шермет әңгімесін, кеңесін "Біз", "Өзімізден" деп сөйлейді. Қарт кешегі мен бүгінгісін, бары мен жоғын салыстыра келе айналасындағы өмірмен тығыз араласып отырады. Шермет қарт жаңа салынып жатқан ауыл үйлеріне өз үлесін қосып, салысып, басы-қасында жүріп, бүкіл ауданның жай-жапсарын біліп, барлық жағдай жақсы болса деген үлкен тілек үстінде көрінеді. Бұл очерктен Сайрам даласындағы әрбір адам өз үйінің маңайынан, өмір ағымынан тыс қалмайды, жаңа өмірді жасауға, үздіксіз өсіп отыруға талпынған ілгері басып келе жатқан ауыл адамдары жан-жақты көрсетіледі. Осы жаңа адамдардың бейнесі соғыстан кейінгі очерктердің көбінен көрініп, дәуір очерктері туған. Тың игеру тақырыбына арналған көркем-публицистикалық шығармалардың ішінде Сафуан Шаймерденовтің “Алғашқы сәлем”, Сейтжан Омаровтың “Атбасар даласында”, “Қорғалжын алқабында”, “Тың түлектері”, Өтебай Қанахиннің “Құтты қоныс” очерктеріне қазақ халқының қонақжай мінезі, достық, ынтымақ, бірлік тақырыбы өзек болады.
Очеріктерді жазуда соғыс тақырыбы да ерекше қолға алынды. Сол кезеңдегі өзектітілігін жоғалтпаған оқиғалар қағазбеттеріне түсіріле бастады. Қазақ жауынгерлерінің майдандағы ерлігі, әсіресе, Мәскеуді қорғау кезінде 1941 жылдың күзінде Волоколамск тас жолы бойындағы ұрыста қазақстандық Панфиловшылар дивизиясының ерекше көзге түсуі қазақ әдебиетінің майдан тақырыбын жырлауына тың, мол мәліметтер берді. Қазақ ақындары Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдуллиннің, Төлеген Тоқтаровтың, Мартбек Мамраевтың, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметованың, тағы басқа панфиловшы 28 батырдың ерліктерін нақты деректерге сүйене жырлауға тырысты. Мұның өзі соғыс тақырыбын жалпылама жазбай, жеке адамның іс-әрекеті, ой парасаты, жеке басының сезім күйі арқылы көрсетуге бетбұрыс болды. Майдан өмірінің шындығын терең бейнелеуі, солдаттың ішкі сезім күйіне еркін де батыл үңіле алуы жағынан соғыстың ауыртпалығын бастан кешкен майдангер ақындардың шығармалары ерекше бағалы.Әдебиеттің шағын жанрларының қатарында дәстүрлі өлеңге қоса, публицистика ерекше көзге түсті. М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ә.Әбішевтің мақала түріндегі толғаныстары, әңгімелері мен очерктері халықты ерлік күреске үндеуде, майдан жауынгерлерінің батырлық істері мен тыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін жедел суреттеуде көрнекті қызмет атқарды. Майдангер жас жазушы Баубек Бұлқышевтің әскери публицистикасы («Заман, жастар, біздікі», «Жауыздық пен махаббат», «Өмір мен өлім туралы», «Мен өмір сүргім келеді», т.б.) жас жауынгердің жүрек тебіренісін бейнеледі. Туған елі мен жерін мейлінше беріле сүйген жас азаматтың отаншылдық сезімі де, дұшпанға деген кегі де, замандасына арнаған өмір туралы сыр толғаныстары да осы мақалаларда кең қойылды.Әскери тақырыптың әр алуан жағдайын драманың шағын үлгілері арқылы бейнелеуге Ш.Хұсайынов, Ә.Әбішев, Ғ.Мұстафин сияқты жазушылар қатысты. Олардың бір-екі актілі пьесалары колхоз, совхоз театрларында, көркемөнер үйірмелерінің сахналарында қойылып, елді қырағылыққа шақырды, дұшпанға өшпенділікке баулыды.Соғыстың соңғы жылдары қазақ әдебиеті біртіндеп көлемді жанрларға қарай бет бұрды. Майдан батырларына арналған поэмалар туды. Олардың көбінде соғыс шындығы жеке адамның ерлігі туралы әңгімелерге негізделіп көрсетілді, үлкен жинақтаушылық сипатқа ие бола алмады. Солардың ішінен Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы ғана өзінің идеялық-көркемдік қуатымен үздік орынға ие болды. Қасым онда заман батырының бейнесін, оның өлмес рухын, отты тұлғасын тың суреттермен бейнеледі. Осы кезеңнің аяғын ала М.Әуезовтің «Абай» (төрт томдық эпопеяның бірінші кітабы), Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ батыры», Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Ғ.Слановтың «Жанартау» атты романдары жарық көрді. М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, С. Мұқановтың, Ә.Әбішевтің, Ә.Тәжібаевтың, Ш.Хұсайыновтың жаңа, көп актілі пьесалары театр сахналарына шықты. Оларда әскери өмірмен бірге, қазақ халқының өткен өміріне, жаңа қоғам құру жолындағы күресіне арналған шығармалар да болды. Соғыс кезінің ұранына сәйкес халықтық ерлікті фольклорлық сюжеттер арқылы танытуға ұмтылыс та байқалды.
Ғабиден Мұстафиннің "Жезқазған" очеркі 1946 жылы жазылған, бірнеше бөлімнен тұрады. Жазушы очерктің бірінші бөлімінде ерте кездердегі Жезқазғанға ағылшын Нобель келіп, ақ шатырын құрып, әр жерден бірнеше шахта ашқанын Көшекбай қартты сөйлету арқылы баяндайды. Қылшылдаған жиырма бесінде Көшекбайдың ағылшын алпауыты Нобельдің қарауында өксіген өмір кешкенін, сол өмірдің бір күнін суреттеу арқылы жазады. Қаһарман өмірінің реалдық болмысын былай суреттейді: “- Бауырларым-ау – деп Көшекбай екеуін сүйемелдеп тұрғызды да, қапсыра құшты. Жел өтінде өз үстіндегі қырық жамау шоқпыт шапан әзір құрғақ болса да, панасы аз, бөстегі тоқтышақтың терісі ғана кеудені өкпек желден қорғап тұр. Өзге дене мұздап барады. Сұрапыл өкіре түседі. Көшекбайдың іші жылап сала берді бір кезде” - деп күнкөріс үшін жанталасқан, аласұрған қазақ жұмысшыларының өлмегеннің күнін көргені барынша әділ сипат тапқан. Очерктің келесі бөлімдері соғыстан кейінгі Жезқазған өңіріндегі шахталардың жайы туралы. Жазушы өзі шахтаға түсіп, Өмірхан сияқты инженерлер, Зейнолла, Балмұқан сияқты кеншілермен танысып, еңбектегі табыстары жайында сыр шертеді. Жезқазған кенінің сол кездегі тынысы, инженер Әнуар мен Өмірханның алға ұмтылысы, мыс өндірудің жаңа әдістерін меңгеруге талпыныстары, өмір, мәдениеттен де хабардар ғана емес, жақсы таныс екендігі туралы былай дейді: “Өмірхан бүгінше шахтаны басқарады. Үйіндегісінен шахтада болуы көп. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, жұмысшылармен көп сырласатын инженер. Әнуардан мұның өзгешелігі – қазақ көркем әдебиетімен жақсы таныс” - деп кейбір романдардан монологтарды да жатқа соғатынын айтады. Очерктің соңғы тарауын қазақтың көрнекті ғалымы, геолог Қаныш Сәтбаевтың есімімен байланыстырған жазушы Жезқазғанның өткен-кеткен тарихын, жарқын болашағын да осы ғұлама ғалыммен бірге шартарапқа кеткен даңқын, түсті металлургиясын, ұлт кадрларының сол кездегі жетістіктерін терең дәріптейді. Соғыстан кейінгі очерктерде суреттелетін оқиға, фактілер, адамдар образдары, олардың сипаттары отызыншы жылдардағы очерктерден мүлдем басқаша. Отызыншы жылдардағы шығармаларда қазақ тұрмысына енген өзгерістер, жаңалықтар, жаңа пайда болған социалистік қарым-қатынастар өткен өмірмен салыстырылып беріледі. Ал соғыстан кейінгі жылдардағы публицистикада сол күнгі шындықты, адамдардың рухани және материалдық байлықтарын суреттеу жағы басым.
Жұмысшы табының қараңғы жоқшылықтан өндірістің алдыңғы қатарындағы еңбеккерге айналуы отызыншы жылдардағы кейіпкерлерге жатса, 1945-1950 жылдардағы очерктерде тек қарапайым жұмысшының материалдық тұрмыс-жағдайы ғана емес, рухани жан дүниесі де ашылады. Очерк жанрының көркемдік жағынан бір адым ілгері дамығанын осыдан көруге болады.
1950-інші жылдардың басында дүниеге келген С.Шәймерденовтің "Қуаныш", Қ.Жармағамбетовтың "Бетпақдала дәптерінен", Ғ.Ормановтың "Жол" атты очерктік туындылары сол кезеңдегі ауыл шаруашылығы адамдарының қажырлы еңбегі мен тұрмысы жайлы.
Сафуан Шаймерденовтің "Қуаныш" очеркі Алматы облысы, Ұзынағаш селосында ашылған ауыл шаруашылығы турасында. Очерктің көркемдік бояуы оның идеясының тереңдігіне сай болып шыққан. Ондағы бөлек-бөлек эпизодтар мен кейіпкерлердің іс-әркеттері өзара қабыса байланысқан. Ұзынағаш селосындағы еңбек адамдарының жасампаздығы, егіншілік шаруашылығындағы қиыншылықтары шынайы суреттелген. Очерктегі Сәкен Тәнекеев, Николай Чукуров, Бейсекбаев, тағы басқа образдар ауыл шаруашылығында кездескен зор қиыншылықтармен күресте өсіп, шынығады. "Осы бір тым сүйкімді, бала кескінінде аздап безеу дағы, бұйра шашы, тез сөйлегіш, ашаң да жас жігітпен біз Алматыда кездескен едік. Таныса келе бірімізді-біріміз білетін де болып шыққанбыз. Ол 1952 жылы – Қазақ университетін көңілдегі жерден бітірген уақытта осы Жамбыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланған екен. Ол бізді ақжарқын да кішіпейілділігімен, қоғамшыл, істің жетістік, кемшілігін тез аңғарып, дұрыс баға бере алатындығымен, жас болса да ысылып іскерленіп қалғандығымен өзіне тартқан еді", - деп өмірге жаңа араласқан жас басшыға тән ынталық, байқағандарының бәріне тереңдеп үңілуге тырысатын мінезін суреттеген очеркші қайнаған ортада алуан түрлі адамдармен араласуда шынығып, ширыға түсіп, өмірді терең тануға талпынысын дұрыс қорытындылаған. С.Шәймерденов Тәнекеев бейнесінде соғыстан кейінгі кезеңдегі партия қызметкерлеріне тән сипаттарды типтендіруге тырысқан. Партия ісіне адалдық, отанға сүйіспеншілік, берілген қызметке жауапкершілік, моральдық тазалық - Сәкеннің бейнесінде көрініс тапқан және еңбектес жолдастары, жұмысшылардың да бойынан осы сипаттар көрінеді. Сәкен образын жазушы жеткілікті дәрежеде даралай алған, демек оны реалистік образ қатарына жатқызуға болады. Бұл шағын шығармадағы кейіпкерлер еңбек сүйгіштігімен, жайдары мінезімен, парасаттылығымен, үлгілі тұрмысымен тәуір дараланған.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңдегі шығармалардың қаһармандары соғыстағы еңбек майданында шыныққан адамдар туралы болып келді. Бұл кезең шығармаларындағы негізгі мотив - коммунизм орнату жайындағы бейбіт еңбек шынайы суреттелген. Бұл мотивтің суреттелуі әр очеркте әр түрлі, әрине, мұның негізі материалдық нақтылығы, очерктің оны зерттеу дәрежесі, жазушының көркемдік тәсілдерді пайдалану ерекшеліктеріне де байланысты. Соғыстан кейінгі жылдарда жазылған очерктердің басым көпшілігінде авторлар жұмысшы табының, өндірістің жекелеген озаттарының даңқты істерін көрсету арқылы бейнелейді. Мысалы, Ғ. Слановтың "Бесжылдық өрендері", Қ.Сыздықовтың "Құрметті шахтер", С. Омаровтың "Өмір еркесі", Ж.Саинның "Бірінші рангалы кен директоры" очерктерінде озық жұмысшылар портреттері жасалып беріп, олардың еңбек ету әдістері кеңінен суреттеледі. С. Омаровтың "Өмір еркесі" очеркі Ақмола ауыл шаруашылық машиналар жасайтын зауытының озат жұмысшысы Төлеутай Салменов туралы. Мұнда кейіпкерлердің еңбекке деген саналы көзқарасы, мінезіндегі кішіпейілділігі жан-жақты ашылады. Төлеутай өзінің отансүйгіштігі, ерен еңбегімен ғана емес, сонымен бірге рухани жан байлығымен, сол кездің жастарына үлгі боларлық қасиеттерімен өнеге етіледі.
Ж.Саинның "Бірінші рангалы кен директоры" очеркінің кейіпкері, республикаға танымал шахтер – Түсіп Күзембаев. Очерк негізінен автор мен кейіпкер арасында өрбіген әңгімеге құрылған. Түсіптің балалық шағындағы байлар мен ағылшын қожайындарының жалдауында өткен өмірі, кеңес заманындағы түбірлі өзгерістермен жарыстырыла суреттеліп, өткен мен бүгін салыстырылады, атақты шахтердің өмірі мен ісі қызғылықты. Кен өндірісінің арғы-бергі тарихына тоқталған жазушы фактілерді, болған оқиға іздерін де қаперге алып, оқиғалар, құбылыстарды да шынайы қабыстырған.
Ауыл шаруашылығы мен өндіріс, құрылыс очерктерінің соғыстан кейінгі жайы осындай. Жалпы очерк жазуды жол үстінде, қарбалас жұмыс арасында бір қалт еткенде сүйкей салатын, жазушылық өнерге қатысы жоқ елеусіз іс деп қарауға болмайды. Очеркте көзге көрінгеннің бәрін тізе бермейді, керісінше, бәріне тип боларлық көрініс пен образы, құбылыстары адам басына жинақтап, жетілдіріп көрсету міндетті.
Ғабдол Слановтың өндіріс тақырыбына арналған очерктерінің бірі "Атырау адамдары" деп аталады. Мұнда Гурьевтің бұрынғы жай-жапсарларына қоса, Доссор, Мазот, Ескене сияқты мұнайлы аймақтардың сол кезеңдегі өмірі, өзгерген бейнесі суреттеледі. Слесарь Жәңгір, мастер Әбіш Жығанақов, бұрғышы Есболат Жарасов образдарын еңбекте көрсеткен. Бірақ олардың жан дүниесі терең ашылмай, сипаттама берумен шектелген автор тек ақпаратты тізіп шыққан. Бастан-аяқ образдар іс-әрекеттерін сыдыртып өтіп, еңбек адамдарының не өмірі, не ісі кеңінен сөз болмағандықтан өмір шындығы терең бейнеленбей, үстірт шыққан.
«Үндістан очерктері» — Әуезовтің 1955 жылы Үндістанға барған сапары туралы шығармасы. Очерктің алғашқы жолдарында саяхаттың басталуы туралы сөз болады. Бұдан әрі дәстүрлі түрде, сапарнамадағы баяндау бір жүйелілікпен жалғасады. Мұнда екі әлемнің қатыстырылуы да қалыптасқан шарт: оның біріншісі - «мен» (сая- хатшы) және екіншісі - «мен» арқылы танылатын «сыртқы әлем». «Тәжмахал» тек аппақ мрамордан ғана сапынған. Іші ою нақыстармен көп безелген, тас кестелі кейбір әсем бөлімдерін безендіруге ақ мрамордан басқа 18 түрлі тастар қолданылған. Астыңғы платформасымен санағанда ең жоғары ұшпа басына шейін 78 метр деп мелшерленеді. «Тәжмахал» дүние жүзіндегі адам колымен тұрғызылған жеті ғажайып архитектура ескерткішінің біреуі саналады. Әуезовтің «Үндістан очерктері» атты кітабының жарыққа шығуы - әдебиетіміздегі елеулі құбылыс болған еді. Очерктің «Діндар қала Бенаресте», «Ескі Үндістанның ескі мұра мерзімдері», «Соңғы жаналықтар», «Қайтыс сапар», «Мушайра» сияқты жекелеген тараулары 1956 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Жазушы кейін бұл тарауларды толықтырып, 1958 жылы «Үндістан очерктері» деген атпен жеке кітап етіп, жарықка шығарды. Мұнан кейін бұл очерктер қаламгердің 12 томдық (2-кітап), 20 томдык шы- ғармалар жинағына (8-кітап) өзгеріссіз енгізілді.
Ы.Тныкиннің "Уақыттан озғандар" очеркі үш бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің тақырыбы ашылған және Жетісу өлкесінің өткен күні Балғаев Жұмағұл қарияның астарлы ой түйіндері арқылы берілген. Екі заманның куәгері Жұмағұл қария әңгімесі поезд ішінде өрбіп, темір жолда өмір бойы еңбек еткен қарияның көрген қиыншылықтарының жемісін бүгін көріп отырғаны жинақталып жеткізілген. "Ерлік істің елесі" бөлімінде де даңқты темір жол машинисі Мұхтар Қаптағаевтың еңбектегі тәсілдері, белестері, асулары ашылған. Бұл очерктегі теміржолшылардың бір-бірімен әңгімесі, диалогтары авторлық ремаркасыз-ақ сәтті шыққан. Диалогтарға артар жүктің ойдағыдай болып шығуы очеркистің жазушылық қасиеттерінде жатқаны да белгілі.
1947-1955 жылдардағы көркем очерктердің индустрияландыру мен жұмысшы тақырыбына арналғанына және сол кездегі ең күрделі тақырыптардың бәрі табысты түрде жазылғанына көзіміз жетті. Аз уақыттың ішінде Қазақстандағы өнеркәсіп дамуының көріністері, орын алуы заңды еді. Сол кезеңде очерк жанры өмір шындығын терең, мол қамтыды және оның тууы мынадай екі жағдайға байланысты болды. Біріншіден, қазақ жерінде болған үлкен өзгерістерге байланысты, екіншіден, ірі өндіріс орындарының көптеп салынуы. Алайда, бір айта кететін жай, 1945-1950 жылдары очерк әдебиеттің басқа салаларынан гөрі жедел өсіп, дамыды, яғни идеялық-көркемдік сапасы да сол күннің өскелең талабына жауап берерліктей дәрежеде болды деуге болады.
1980-90 жылдардағы ұтымды жазылған «Жолсапар» очеркі қатарына Әбсаттар Дербісәлиевтің «Мың бір түн елінде» (1986), Арғынбай Бекбосыновтың «Жетіқарақшысы жоқ аспан» (1991), Қайнар Олжайдың «Президент пырағы» (1994) еңбектерін ерекше атап өтуімізге болады. Әбсаттар Дербісәлиевтің «Мың бір түн еліндегі» «Африканың теңбіл аспаны», «Базарлы Бағдад» атты жолсапар очерктерінде Бағдад, Мосул, Рабат т.б. шаһарлар және тұрғындардың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тіршілік тынысы кеңінен суреттеледі.
Қорта келе қазақ әдибетінде очерктер жанрының алатын орыны ерекше. Очерктер жанры XX ғасырда жанданып, қазіргі күнге дейін өз өзектілігін жоғалпай келеді. Оның себебі оқырман мен жазушының арасындағы тығыз байланыс және шығармалардың халық көңілінен шыға білгені. Соғыстан кейінгі жылдағы очерктер әлі ел есінде.Соған қарап қазақ халқының қиыншылықтарымен нәубет заманның зардаптарын, батыр тұлғаларымыздің еліне сіңірген еңбектерін біле аламыз.Бұл өз кезегінде болашақ ұрпаққа рухани жігермен, қайтпас қайсарлық, мейірімділік пен еркіндік береді деп сенемін!
Пайдаланылған әдебиеттер:
Тоқсамбаева А.О Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қазақ әдебиеті
Бұлқышев Б. Заман біздікі. – Алматы: Жалын, 1990.
Сатыбалдин Қ. Таңдамалы шығармалар. 4-том. – Алматы: Жазушы,
. Мұстафин Ғ. Ой әуендері (Очерктер мен әңгімелер). 5-том. –Алматы
Жұртбаев Т. Замандасым, сырласым: [Очерктер]. – Алматы: - Қайнар.
Достарыңызбен бөлісу: |