«Қоғамдық сананы жаңғыртудың өзекті мәселелері»


Дәріс №14. Жаңа гуманитарлық білім және болашақ ұлт зиялысы



бет16/18
Дата24.10.2023
өлшемі1,38 Mb.
#188127
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
Байланысты:
« о амды сананы жа ыртуды зекті м селелері»

Дәріс №14. Жаңа гуманитарлық білім және болашақ ұлт зиялысы
Жоспар
1. Қазіргі гуманитарлық білім саласының басым бағыттары
2. Болашақ ұлт зиялыларын қалыптастырудағы гуманитарлық білімнің маңызы
3. 100 жаңа оқулық: алғашқы нәтижелер
1.Қазіргі әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, яғни экономикалық, технологиялық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басуда. Жаңа технологиялық қалып, біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертетіндігін Елбасымыз «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында атап өтіп, төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі бүкіл жаңғырудың негізі - адам капиталы екендігін баса айтқанын білісіздер.
Қазіргі төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде ғалам қарыштап дамуда, әлемдегі экономиканың, өндірістің, адамзаттың ақыл-ойының дамуы ерекше дей келе, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген бағдарламалық мақаласында алты үлкен жобаны атады. Сол жобалардың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы.
Президент аталмыш жоба бойынша бірінші­ден, тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасау, екіншіден, алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты қазақ тіліне аудару, үшіншіден, осы бағытта Ұлттық аударма бюросын құру жұмыстарына кірісуді тапсырды. «Ең алдымен, – деді Елбасы, – жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз. Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз. Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауы­мыз керек. Бұл – мемлекеттің міндеті. Үкімет мұны аудармашы мамандармен қамтамасыз ету, авторлық құқық, оқу-әдістемелік бағдарламалар мен профессорлық-оқытушылық құрамды белгілеу сияқты жайттарды ескере отырып, кешенді түрде шешуі керек». Бұның бәрі қоғамдағы толғағы жеткен, шешімі табылмай келе жатқан мәселелер екені белгілі. Соңғы жылдары еліміз индустриалдық-инновациялық дамуға басымдық беруге байланысты жоғары оқу орындары гуманитарлық ғылымдарға жүрдім-бардым қарай бастаған болатын. Көптеген ЖОО-ларда тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану сияқты дербес гуманитарлық салалар «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасына» біріктіріліп, гуманитарлық пәндердің сағатын қысқарту, мәні мен маңызын төмендетуге жол берілді. Тіпті «Қазақстан тарихы мектепте оқытылады, енді оны жоғары оқу орындарында қайталап оқытудың керегі жоқ» деген желеумен «Қазақстан тарихы» кафедралары жабылды.
Енді, міне, Елбасының тікелей көңіл бөлуі нәтижесінде жоғары білім саласында жіберілген осындай олқылықтарды жөндеу қолға алынуда. Кез келген адам ең алдымен қоғамның мүшесі. Техник, механик, математик, физик, химик және т.б. мамандық иелері қоғамда қауымдасып өмір сүреді, бірлесіп еңбек етеді, қоғам дамуы үшін ғылыммен айналысып ізденеді. Ал сол қоғамда өмір сүрудің қыр-сырын гуманитарлық ғылымдар оқытып-үйретеді.
Елбасымыз ұсынған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы да уақыт талабынан туындап отыр. Жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті боламыз десек, әлемдік деңгейдегі ең озық оқулықтардан, ғылыми әдебиеттерден білім алған абзал. Біз әлі күнге дейін көбінесе орыс тіліндегі шетелдік әдебиеттерді қолданамыз. Бұл қазақ тілінің ғылым тіліне айналуын тежейді, орыс тіліне деген тәуелділікті арттырады. Егер қазақ тілін дамытамыз, білім мен ғылым тіліне айналдырамыз десек шет тілдеріндегі оқулықтар мен ғылыми әдебиеттердегі маңызды ақпаратты түпнұсқадан ала білуіміз қажет. Шынайы рухани жаңғыру сол кезде жүзеге асады.
Жаңа гуманитарлық білім дегенде, Елбасының мақаласында ғылымның жеті бағыты атады. Ол философия, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, тарих, филология және саясаттану. Бұлардың қай-қайсысы да адамның жеке тұлға және маман ретінде қалыптасуына зор ықпал ететін білім салалары. Олар қоғамдағы азаматтық ұстаным, моралдық құндылық, ар-ождан негіздерін қалайды. Адамның өзіне, айналасына, елге деген көзқарасын қалыптастырады. Біз дүние жүзіндегі ғылым мен білімнің мазмұнына жол ашу арқылы ілгері дамыған қоғамдардағы осындай көзқарас және ұстанымды қалыптастырудың құралдарымен жақын танысуға мүмкіндік алдық. Мақсат – ол білімді айна-қатесіз көшіріп алып, соған илану емес. Біз әлемнің қалай ойлап, нені құнды, нені дұрыс, нені бұрыс деп білетінін ескере отырып, өз бағытымызды анықтауда қателеспей, өзіміздің қазақстандық жолымыздан жаңылмауымыз қажет.
Білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау – болашаққа жасалатын ең басты бағдар дейтін болсақ, әлемдегі таңдаулы 100 оқулықты Ұлы дала елінің тілінде сөйлету әрине құптарлық дүние болды.
Аталмыш жобаның әлемдегі таңдаулы оқулықтарды қазақ тіліне аударып, оқу үрдісіне енгізіп, ең бастысы жастардың гуманитарлық салаға деген қызығушылығын арттыра түсетіні белгілі. Бұл ұлттық болмысымызды сақтап қана қоймай, одан әрі дамыта отырып, әлемдік өркениет көшіне ілесудің алғышарттары.
Жаңа оқулықтар арқылы біз қазақ аудиторияларындағы талқының мазмұны мен деңгейін көтереміз. Сол арқылы жалпы гуманитарлық білімнің мазмұны мен сапасы мүлде жаңа деңгейге шығуы тиіс. Өйткені әлемдік гуманитарлық ғылым қазақ тіліне мұндай көлемде ешқашан аударылған емес. Енді бұл оқулықтарды ертең оқу бағдарламасына қалай енгіземіз? Осыған орай оқытушылардың жұмысы қалай өзгеруі керек? Қазақы интеллектуалды, гуманитарлық ғылыми орта, оқытушылар мен студенттер бұл жобаға өздерінің күнделікті өміріне, ертеңіне тікелей қатысы бар мүмкіндік деп қарауы керек.
Жобаны іске асыру арқылы, қазақ тілін дамытып, гуманитарлық салалар бойынша оқитын студенттердің заман талабына сай білім алуына жағдай жасалынады. Біздің оқу орындарындағы білім беру мазмұны мен академиялық талқы деңгейі әлемнің іргелі ғылыми орталықтарының деңгейіне шығады.
Кеңестер заманында гуманитарлық ғылымдар, қоғамның саяси-идеологиялық құралы болғаны белгілі. Зиялы ортаның көзқарастары мен құндылықтарына ықпалы зор осы білім салалары, бізде әлі күнге дейін ескі сарыннан арыла қойған жоқ. Жоғары оқу орындарындағы студенттердің 70 пайызы қазақ тілінде оқиды деп қуанамыз, ал олардың не оқып жүргендеріне енді ғана ден қоя бастаған сияқтымыз. Мұның сыртында, бұл оқулықтар қазақ тіліндегі гуманитарлық біліммен бірге қазақ тілінің өзін де өрге тартатын бастама деп білуіміз керек.
Жоба аясында көтерілген тағы бір мәселені айта кету орынды. Соңғы жылдары жоғары оқу орындарында гуманитарлық ғылымдарға көзқарас өзгеріп, оқу жоспарларындағы тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану сияқты дербес салалар оңтайландыруға ұшыраған болатын. Бұл үрдіс гуманитарлық пәндердің оқу сағатын қысқартуға, олардың мәні мен маңызын төмендетуге әсерін тигізгені жасырын емес. Осыған байланысты ғалымдар мен оқытушылардың арасында көңіл толмаушылық та орын алып келді. Елбасының гуманитарлық білімге қатысты осы тікелей бастамасы жоғары білім саласындағы аталған олқылықтардың орнын толтыратын болады. Өйткені жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуда гуманитарлық білімдердің алатын орны зор. Ол үшін шет тілдердегі жоғары сапалы оқулықтар мен ғылыми әдебиеттердегі маңызды ақпаратты түпнұсқадан алу қажет.
Жоба барысында 800 ден аса оқулықтар тізімі жасалып, «Ұлттық аударма бюросы» алдыңғы қатарлы ЖОО-мен бірлесе отырып, алғашқы 18 оқулық аударылып, баспадан шығарды. Енді әрбір оқулық 10 000 дана таратылыммен басылып, еліміздің барлық оқу орындарына тегін таратылатын болады.
Аударылған оқулықтарды таңдауда «Ең алдымен, оқулық дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы 100 университеттің бағдарламысында болуы, Екіншіден, бұл оқулықтар кемінде үш рет баспа жүзін көруі тиіс болған. Ал таңдап алынған оқулықтардың алды он рет қайта басылып шыққан екен. Үшіншіден, соңғы үш жылда оқулық студенттер үшін де, оқытушы мамандарға да қажетті, таптырмас оқу құралы болуы керек. Демек заманауи талаптарға сай болмаса, ол оқулықтың қажеті шамалы деген сөз.
Елбасы үнемі атап көрсетіп жүргендей, аудармашылар, жаңа терминдерге балама іздеуде қарабайырлыққа ұрынбай; ұғымдар мен түсініктерді халықаралық ғылыми және кәсіби лексикадан алшақтатпай, мағыналық сәйкестігін сақтай отырып мазмұнға нұқсан келтірмей, грамматикалық құрылымдарды мейлінше жеңілдетуге баса назар аударылғандығын айтады.
Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Демек бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қол жетімді болады. Алдағы уақытта Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады.
Оқулықтар гуманитарлық саланың жоғарыда аталған философия, әлеуметтану, психология, дінтану, мәдениеттану, тіл білімі, антропология, экономика, менеджмент және кәсіпкерлік бағыттарын қамтыған.
Бұл кітаптар әлемнің 42 елінде, 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 миллионнан асқан екен. Мұндай оқулықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында аударып, тегін тарату – әрине әлемде баламасы жоқ тәжірибе. Бұл деңгейдегі бір оқулықты құрастырып, баспаға дайындау құны 500 мыңнан 3 миллион долларға дейін жетеді екен. Сондықтан да оқулықтардың бағасы әдетте өте жоғары. Мәселен, профессор Мэнкьюдің «Экономикс» атты оқулығын америкалық студенттер 280 долларға сатып алатын көрінеді. Енді бізде осы оқулықтар үш форматта таралуы негізінде көпшілікке қол жетімді болады.
Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналады. Жарық көрген 18 оқулыққа тоқтала кетсек, Философия саласы бойынша 4 оқулық, Әлеуметтану бойынша 2 оқулық, Психология бойынша 3 оқулық, Экономика бойынша 1 оқулық, Кәсіпкерлік бойынша 1 оқулық, менеджмент бойынша1 оқулық, Дінтану бойынша 1оқулық, Лингвистика бойынша 2 оқулық, Антропология бойынша 1 оқулық, Медия бойынша 1, Инновация бойынша 1 оқулық: Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция». оқулығы қазақ тіліне аударылған.
Н. Назарбаев «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған кітапты таныстыру рәсіміне қатысып, рәсім соңында Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырма берді. Соның ішінде, Елбасы үштілділік қағидатын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, биыл бірнеше шетелдік оқулықты орыс тіліне де аудару мәселесін қарастыруды тапсырды.
Бұл жобаны іске асыру бірқатар аса маңызды әрі жүйелі мәселені шешуге жол ашады.
1. Гуманитарлық бағыт бойынша әлемнің 100 үздік оқулығы қазақ тіліне аударылады. Сол арқылы тілдің дамуына аса қажетті ғылыми мазмұн мен лексика дамиды.
2. Гуманитарлық салалар бойынша оқитын студенттердің заман талабына сай білім алуына жағдай жасалады. Біздің оқу орындарындағы мазмұн және академиялық талқы деңгейі әлемнің ілгері ғылыми орталықтарының деңгейіне шығады.
3. Аса ауқымды аударма жобасы қазақстандық аударма мектебінің күшейіп, жетілуіне жағдай жасайды. Аудармашы мамандар, ғалымдар мен оқытушылардың жаңа негізде жұмыс істеуіне алғышарт болады.
Іріктелген оқулықтарды аудару жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындары мен 120-дан аса маман қатысуда. Қазіргі уақытта аударма жұмысы жалғасуда. Мәтіндер бірнеше лек әдеби және ғылыми редакциядан өтуде. Жоспарға сай, бұл оқулықтар алдағы жылы басылып, ЖОО-на жеткізіледі. 2018 оқу жылынан бастап аударылған оқулықтар жоғары білім беру жүйесіне енгізу басталды.
Сұрақтар:
1. Қазіргі гуманитарлық білім саласының басым бағыттарына түсінік беріңіз
2. Жаңа гуманитарлық білім туралы түсінік
3. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қандай тапсырмалар берілді
4. «Ұлттық аударма бюросы» алдыңғы қатарлы ЖОО-мен бірлесе отырып неше оқулықтар аударылды
Әдебиеттер:
1. Аташ Б.М. Арынов Ж. М. Қазақтың салт дәстүрі мен әдет ғұрпы. Қазақ журналы №9 156, қараша 2017 ж., 34-35 бб.
2. Джекебаева М. Еркіндік пен жауапкершіліктің өзара байланысы. Монография. – Алматы, Қазақ университеті, 2015. – 176 б.
3. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өр-кендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы // Жукешов Қ. Асанбекова Г. Адам. Қоғам. Құқық. – Алматы: Мектеп, 2005. – 204 б.
4. Әбдіқасымов Р., Бөлеев Қ., Бөлеева Л.Қ. Ұлттық тәлім-тәрбие. Дайындық курсының бағдарламасы. – Ж., 1993.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет