«Қоғамдық сананы жаңғыртудың өзекті мәселелері»


Дәріс №12. Заманауи Қазақстандық мәдениет – рухани жаңғырудың тірегі



бет13/17
Дата24.04.2022
өлшемі1,38 Mb.
#140704
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
Байланысты:
система межд отнош, Бастауыш 5, Белль (Дисней) — Википедия, 9aa3ce5a0ff87098a5a0a1515fd9eba7, 99092cd84c83abcfac06dd9f7fc25a84
Дәріс №12. Заманауи Қазақстандық мәдениет – рухани жаңғырудың тірегі
Жоспар
1.Заманауи қазақстандық мәдениеттің өзіндік ерекшеліктері
2.Рухани жаңғыруды іске асырудағы қазіргі заманғы отандық мәдениет
4.Рухани жаңғыру кезеңіндегі қазақстандық мәдениетті өркендетудің бағдарлары

1.Қоғамдық ғылымдарда мәдениет ұғымына көптеген анықтамалар берілген. Соның барынша толығырақ және ғылыми қуымдастық қолдайтын формасы былайша айтылады: «Мәдениет дегеніміз – адамдар жасаған материалдық және рухани игіліктердің жиынтығы». Натура, яғни, табиғатқа жатпайтындардың барлығы мәдениет болып табылғандықтан, оны кейде «екінші табиғат» деп те атайды. Мәдениеттің негізгі екі түрі бар: материалдық және рухани. Ал аймақ бойынша: ұлттық және жалпыадамзаттық деп бөлінеді.


Ұлттық мәдениет белгілі бір этносқа тән болғанмен, сол мемлекетті мекендейтін басқа халықтар сол елдің мемлекетінің тұтас мәдениетін құрайды. Осыған орай, елімізде жергілікті ұлт қазақ халқы мәдениетін негізге алған қазақстандық мәдениеттің өзіндік бір үлгісі қалыптасты.
КСРО ыдырағаннан кейін, еліміз тәуелсіздік алып, мәдени дамудың екі бағытын ерікті түрде қолға алды. Біріншісі, ұлттық мәдениетті дамыту, екіншісі, жаһандану заманына сәйкес, дүниежүзілік мәдени сұхбаттастық кеңістігіне ену.
Ендеше, отандық заманауи мәдениеттің мынадай өзіндік ерекшеліктерін атап өтуімізге болады.Біріншіден, заманауи қазақстандық мәдениет уақыт бойынша екі тұрғыны қамтиды: тарихилық пен логикалықтың, дәстүршілдік пен жаңашылдықтың, өткен мен бүгінгінің бірлігі.
Тарихилық пен дәстүршілдік арнасы халқымыздың бүкіл тарихының өн бойына сіңірілген рухани саланы, атап айтқанда, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды, тіліміз бен дінімізді, ұлттық мораль мен саясатты, ағартушылық пен білімді т.б. Ал материалдық сала бойынша тарихи ескерткіштер, өнер жәдігерлерінің заттық бейнелерін қамтиды.
Жаңашылдық пен заманауилық құрылымында қазіргі кезеңдегі адамзат игіліктерінің жетістіктері, өркениет белгілері, жаһанданудың мәдени элементтері қамтамасыз етіледі.
Екеуінің үйлесімділігі мен кіріктірілген белгілері де қазіргі заманғы отандық мәдениеттен айшықты көрініс тауып келеді: үш тұғырлы тіл, тарихи мәдениет үлгілерін модернизациялау мен модификациялау, заманға лайықтау, өткен мен бүгіннің синтезделген өнер түрлері т.б.
Мәселен, музыкадағы фолькрокк, электронды домбыра – дәстүрлі музыкалық туындыларды модернизациялау т.б. Сәулет өнерінде – Астанадағы бәйтерек және барлық тарихи ескерткіштер, Елтаңба мен туымыздағы тарихи рәміздер т.б.
Екіншіден, отандық мәдениет әлемдік жаһандану заманындағы постмодернизм бағытындағы ұстанымдармен де орайласып отыр. Бүкіл ғылым, ақпараттар, өнер, әдебиет салаларының кейбір туындылары модернистік-постмодернистік сипат алып келеді. Мәселен, бейнелеу өнері туындыларындағы абстракционизм, кубизм, инсталляция, сюрреализм т.б. атап айтуға болады.
Үшіншіден, отандық мәдениет әлемдік мәдениеттің дамуымен орайласып, жалпыадамзаттық мәдени өлшемдер аясында өркендеп келеді. Ғылым дамуы мен интеллектуалдық, мораль мен этика, классикалық өнер формалары т.б. бүкіл әлемдік мәдениет аясында даму үстінде.
Төртіншіден, заманауи отандық мәдениеттің тағы бір ерекшелігі мемлекеттік қолдау арқылы өрістеу үстінде. Жарияланған мәдениет жылы, кинофильмдер мен мультфильмдерге, ғылым мен білім жобаларына бөлініп жатқан қаражаттар, көне тарихи жәдігерлер мен ескеркіштерді қайтадан реставрациялау т.б. осының айғағы.
Бесіншіден, аймақтық жаһандану бойынша, «түбі бір түркі елі» деген ұстаныммен тұтас түркі халықтарының мәдени сұхбаттастығы қолға алынған: әр түрлі фестивальдар, кокурстар т.б. өткізіліп келеді.
Алтыншыдан, КСРО дәуіріндегі атеизм салдарынан тиым салынған және қудалауға ұшыраған ислам діні бүгінгі таңда қанатын кеңге жайып, қолданылуы аясын кеңейтіп келеді, бірнеше мешіттер мен діни орындар бой көтерді.
2. Еліміздегі рухани жаңғыруды іске асырудың өзі таза руханиятқа ерекше көңіл бөлуді басшылыққа алады. Бұны Елбасы Н. Назарбаевтың өзі мақаласында былайша атап өткен болатын: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды».
Ғылым мен білімге, мәдениет пен өнерге баса назар аударып, одан әрі дамытуды мақсат еткен бұл стратегия тек экономика ғана емес, қоғамдық өмірдің рухани саласының да кешеуілдеп қалмауын негізге алады. Сондықтан, сәйкесінше, рухани мәдениет те рухани жаңғыру ұстанымдарына сүйене отырып, әрі қарай өркендеуге бет бұрып келеді. Рухани жаңғыру аясындағы мәдени туындылар да жаңаша серпін алуы тиіс. Атап айтқанда, біріншіден, үш тұғырлы тіл, оның ішінде қазақ тілін басымдылыққа ала отырып даму бағдары.
Қазақша мультфильмдер мен фильмдердің түсірілуі, ғылыми әдебиеттердің қазақ тіліне аударылуы, отандық авторлардың туындыларының шет тілдеріне аударылуы, ағылшын тілінің ерте мектеп жастағы балаларға да оқытылуы т.б.
Екіншіден, ұлттық код пен отаншылдыққа тәрбиелеуді негізгі алу және бұл арнаны одан әрі дамытуды қолға алу. Мәселен, тарихи кітаптар, тарихи фильмдердің шығарылуы жастардың бойында елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға игі ықпал ете алады. «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады»,-деп атап көрсеткен Елбасы ұлттық кодттың негізі оның тарихи тамырлары екендігі туралы пайымдаған болатын.
Үшіншіден, білімнің салтанатын негізгі алып даму. Осыдан бірнеше жыл бұрын оқылуға тиісті «100 кітап» белгіленген еді. Рухани жаңғыру саясатын жүзеге асыру қолға алынып отырған шақта, бұл бағдарламаны одан әрі өркендету де маңызды істердің бірі болып отыр. Үш тілділік, ағылшын тілінің курстарының ашылуы, жоғары оқу орындарындағы ағылшын тіліндегі пәндердің енгізілуі т.б. білім салтанатын негізгі алады.
Білім салтанатында, сонымен қатар мәдени туындыларды да игеру, сөйтіп көркемдік танымды, эрудицияны одан әрі кеңейту де сұранып тұрған заманауи қажеттілік.
Төртіншіден, мәдени туындылардың бәсекеге қабілеттілігін де басты назарда ұстау керек. Мәселен, қазақ кинолары әлемдік деңгейдегі конкурстарда биік белестерден табылып жүр. Осы бағыт өнер туындыларының сапасы мен мазмұнының тереңдігін, әлемдік туындылармен қатар тұруын, кейде олардан да басым болуын талап етеді. Бәсеке нарық заманындағы үдеріс. Сондықтан, бүгінгі таңда тек экономикалық қана емес, рухани-мәдени бәсекелестік те жаһандану заманындағы басты талаптардың бірі. Ғылымдағы бәсекелестік, ғылыми еңбектер мен ашылған жаңалықтардың әлемдік деңгейде болуы да осы рухани жаңғырудың аса маңызды буыны. Биылғы жылғы Астанада өткізілген ЭКСПО көрмесі, бір қырынан, еліміздегі өнертапқыштықтың, интеллекуалдылықтың, ғылыми жаңалықтардың бәсекелестігін қамтамасыз етуге арналды. «Бұл материалдық өнім ғана емес, соны­мен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін»,-деп атап өткен Н. Назарбаевтың мақаласындағы сөзі де осыны меңзейді.
«Цифрлы Қазақстан» физика, кибернетика, информатика ілімдерін одан әрі дамытуды талап етіп отыр. Сонымен қатар, барша қазақстандықтардың цифрлы өмірге бейімделу жауапкершілігін арттырады.
Рухани жаңғыру кезеңінде біздің дініміз және жалпы еліміздегі діни климат та конфессияаралық келісімділік аясында қызмет етуі тиіс. Діннің қоғамдағы қызметі мен ықпалы күрделі мәселелердің бірі болып саналады. Бұны әлемдегі діни экстремизм мен терроризмнен-ақ байқауға болады. Оның алдын алу шараларының бірі – дін аралық келесімділік пен діни төзімділікті сақтау және оны әрі қарай нығайту болып саналады. Сондай-ақ, дін рухани мәдениеттің маңызды салаларының бірі екендігі сөзсіз. Ендеше, діннің қоғамдағы орны мен ролін күшейту және оның игілікті тетіктерін қадағалап отыру маңызды шаралардың бірі деп айта аламыз.
Ұлттық болмысты өркендету мен ұлттық сана өрісін кеңейту мақсатында біз тарихилыққа көбірек көңіл аударуымыз керек. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, тіл мен діл, ұлттық этика мен ұлттық саясат т.б. ұлттық сананың бірегейленуінің негізгі тетіктері мен материалдары болып табылады. Біз ұлттық болмысты өркендетудің белгілі бір сатысына көтерілдік, бірақ оны әрі қарай өрістету ұлттық бірігейлікті нығайта түсуге қарай бет бұрып отырған қадам.
Сонымен қатар, жалпыадамзаттық мәдениет салаларының ұлттық форматтарын қалыптастыру мен оларды әрі қарай жандандыра түсу де рухани жаңғырудың үздіксіздігінің басты талаптарының бірі болып отыр: ғылымда, әсіресе, қоғамдық ғылымдардағы – этнопедагогика, этноспсихология, ұлттық философия т.б.; саясат пен экономикадағы – ұлттық саясат пен ұлттық экономика, өнер түрлеріндегі – ұлттық өнерлер; моральдегі – ұлттық мораль т.б.
Прагматизм мен рухани мәдениет кей жағдайда бір-біріне сәйкес келмеуі де ықтимал. Дегенмен, руханилық та нақтылықты, тиімділікті, нәтижені талап етеді. Мәселен, түсірілген кинофильмдер өзінің түсіру шығындарын қайтарап алуы керек, тек отандық кинотеатрларда ғана емес, шет елдерге сатылып, қаржы құюы тиіс.
3.Рухани жаңғыру негізінде отандық мәдениетті одан әрі өркендетудің де өзіндік бағдарлары бар. Бірінші, ұлттық мәдени қауіпсіздікті сақтау. Қауіпсіздік тек қана экономика мен саясатта ғана емес, рухани мәдениет арнасы үшін де қажетті құбылыс болып табылады. Ол үшін сын-қатерлердің адын алуымыз керек. Бұл мәселені де Н Назарбаев өзінің мақаласында былайша сауал ретінде тастайды: «Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгіле­рі­нің қандай қатері болуы мүмкін?».
Бұл дегеніміз әбір ұлт немесе мемлекет өзінің дербес даму жолын да жіті қадағалап, сақтап отыруы тиіс дегенді білдіреді. Мәселен, қазіргі әлемдегі идеологиялардың кей сәттерде жағымсыз тұстары байқалып қалады немесе біздің ұлттық құндылықтарымызға сай келмейтін идеялардың сіңірілуі. Мәселен, бір жыныстылардың заңдастырылуы, діни жат пиғылдық идея т.б. атап өтуге болады. Себебі, қазіргі отандық кеңістігімізде де еуропаландыру, америкаландыру, арабтандыру, т.б. әр түрлі идеологиялар тарап отыр. Міне, осы идеологиялардың ықпалдарын қабылдауда бізге сүзгі керек, бұл – ұлттық код арқылы жүзеге асатын құрылым.
Сонымен қатар, мультикультурализмнің, постмодерндендірудің жағымсыз жақтарының алдын алу да қауіпсіздік шаралары болып табылады. Мәселен, постмодернизмнің кейбір бағыттары біздің ұлттық діліміз мен дүниетанымызға сай келе бермейді.
Рухани жаңғыру аясында ұлттық мәдениетті дамыту ол бір сәткі акт емес, үздіксіз жүріп отыратын және болашаққа бой сермейтін үдеріс болып табылады. Даму мен өркендеу жаңғыруды, жаңаруды, модернизацияны, модификацияны, инновацияны керек етеді. Мәдениетіміздің одан әрі өркендеуінің басты бағдарларының бірі – ұлттық код. Ұлттық кодты негізге алып даму бірден-бір сенімді, адастырмайтын бағдар. Мәселен, Әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институты – халқымыздың тұрмыс тіршілігіндегі бихевиоризм қағидасы бойынша сүйеніліп жүрген; байқап көру – қателесуді, рухани-әлеуметтік тұрғыдан кері кетудің немесе адасудың алдын алып отыратын жалпылама канондық, барынша абсолютті өмірлік ұстаным ережелері мен ғұмыр кешудің нақты және тұтас бейнесі болып табылады және ұлттық трансцендентальді руханияттық императивтер жүйесіне айналады. Бұнда әуел бастан-ақ бәрінің жауабы нақты берілген, тығырықққа тірелгенде немесе «өмір сүрудің қай жолы дұрыс» деген сауал тасталғанда, ата-баба дәстүріне сүйеніп ғұмыр кешу ұстанымы мыңдаған жылдар бойғы тарихты құрайды. Себебі, ол бір күнде-ақ пайда болған, не мистикалық тұрғыдан тылсым күштер арқылы жіберілген бір сәттің туындысы емес, халықтың мыңдаған жылдар бойғы өмір сынағынан өткізілген, шыңдалған, жүйеленген, сұрыпталған, тиімсіздері мен қажетсіздері алынып тасталынған өмір сүрудің формуласы іспеттес айқын тұғырнамасы деп те айтуымызға болады. Демек, қайта-қайта өмір сынағынан өткізіліп, өміршең кейіпке енген, өзінің тиімділігі мен оңдылығын дәлелдеген, халықтың ділі мен дүниетанымына үндескен дала заңдарының стихиялық көрінісі.
Ал ұлттық код осы әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институтымен сабақтасады. Сондықтан ұлттық мәдени құндылықтарды одан әрі өрістету –маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Мысалы, осыдан, бірнеше жыл бұрын кеңестер Одағы дәуірінде біз музыка саласында көбіне орысша әндерді тыңдайтын болсақ, қазіргі таңда жас қазақ әншілерінің буынының пайда болуы мен олардың тек қазақша әндерді шырқауы үлкен серпіліс алып келді.
Осыған орай, біз рухани мәдениет аясындағы ұлттық рух негізінде әрі қарай дамытуды, аясын кеңейтуді сұранып тұрған салаларды атап өтуімізге болады.
Музыка саласында: домбырамен, қобызбен айтылатын халықтық әндер соңғы кездері өнер сахнасына сиректеу шығып отыр.
Қолөнер мен тігін өнерінде тігілген ұлттық киімдерді тұрмыстық өмірде де қолдану және оларды заманауи киім үлгілерімен комбинациялау да әрі қарай дами түсуі тиіс.
Архитектурада тарихи ғимараттар үлгісіндегі кешендерді тұрғызу. Оның кейбір белгілері бар, дегенмен, біз көп жағдайда классикалық және модерндік стильдерге көңіл аударамыз.
Кино өнері саласында тарихи кинолар мен мультфильмдерді одан әрі көбейте түсу және олардың сапалық-мазмұндық жақтарына көңіл аударып, әлемдік бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру.
Барлық өнер мен мәдениет мұраларында ұлттық нақыштардың қолданылу аясын кеңейту. Қазір тұрмыстық-техникалық бұйымдар елімізде өндіріліп, «Қазақстанда жасалған» деген белгімен таралып жатыр. Осы өнімдерде де ұлттық рәміздердің көріністері байқалып отырылуы тиіс.
Әдет-ғұрпымыздың арғы себебі белгісіз болып келе жатқан ішкі мағынасын ашып беру және оларды тұрмыста қолданудың қажеттіліктерін құру.
Рухани мәдениетті толықтай коммерциализациялауға болмайды. Дегенмен, нарықтық талаптарға сай кейбір мүмкін болатын салаларды нарықтық сұраныстарға сай ретке келтіріп отыру да болашақтағы мәдениет дамуындағы маңызды қадамдардың бірі болуы тиіс.
Ақпараттық технологиялық даму аясында олардың тетіктері мен қызметтерін жетік меңгеріп отыру, заман талабынан қалмау да адам санасының ашықтығы мен мәдени-тұрмыстық өмірге бейімделуінен туындайды.
Заман талабынан туындап отырған латын әліпбиіне көшуге дайындықты күшейту. Қазірден бастап, барлық ақпараттарды, әсіресе, оның жазба түрлерін бірте-бірте латынға ауыстыру.
Сананың ашықтығына сай біздің мәдениетіміз де барынша ашық болуы тиіс. Мәдениеттер сұхбаттастығы өзге халықтар мен ұлттардың мәдениеттерінің озық үлгілерін игеріп, біздің озық мәдени құндылықтарымызды әлемге тарату, бұл – еліміздің әлемге әйгіленуінің маңызды шарттарының бірі болып отыр. Оның бастамасы да жоқ емес. Мәселен, дәстүрлі тағамдарымыз: қымыз бен шұбат, қазы т.б. қазіргі таңда бүкіл әлемді мойындатқан. Сондай-ақ, бейнелеу өнеріміздегі, музыкадағы, қолөнердегі т.б. озық шедеврлерді де бірте-бірте әлемдік мәдени кеңістікке жариялау да келешектегі мәдени дамудың маңызды шарттарының бірі болмақ. Бүгінгі таңда спорт саласында, әсіресе, жекпе-жек сайыстарына негізделген түрлерінде Қазақстан әлемге танымал болып келеді. Осы беталысты одан әрі кеңейту де келешектегі мәдени-рухани дамудың талаптарының бірінен саналады.
Өркениетті дамыған 30 едің қатарына ену стратегиясы тек экономикалық салада ғана емес, сонымен қатар мәдени-рухани саланы қамтиды. Сондықтан да, отандық мәдениетіміз қашанда озық үлгілермен, әлемдік мәдени туындылармен бәсекелесетіндей болып дамуы тиіс. Мәселен, бүгінгі күнге дейін, мәдени және ғылыми озық туындылар бойынша берілетін әлемдік «Нобель сыйлығына» бірде бір қазақстандық ие бола алмай отыр.
Сұрақтар:
1. Мәдениет ұғымын қалай түсінесіз және оның түрлеін атаңыз
2. Рухани жаңғыруды іске асырудың бағыттары қандай
3. Отандық мәдениетті одан әрі өркендетудің өзіндік бағдарларын атаңыз
Әдебиеттер:
1.Рухани жаңғыру/ http://www.inform.kz/kz/elbasy-makalasy-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru_a3016293
2. Қ.Ж.Рахметов, А.Н. Болатова, З.Н.Исмағанбетова. Саясаттану. Оқу құралы. Алматы: «Өлке», 2005.-176 бет
3.Жукоцкий И. Основы современного гуманизма// Глобализация и гуманизация: культурно-историческое и политологическое измерение гуманистических традиций. Учебное пособие. Нижневартовск, 2005.-350с.
4.Кефели И.Ф. . Социальная природа глобализма//Перспективы человека в глобализирующемся мире / Под ред. Парцвания В.В. СПб.: Санкт-Петербургское философское общество, 2003
5.Назарбаев Ә.Н. Ұлттың ұлы мұраты жолында ұйысайық// Қазақ әдебиеті, № 23 (3079) 6-12 маусым, 2008ж .
6.Ғабитов Т.Х., Мүтәліпов ЖМ., ҚұлсариеваА.Т.Мәдениеттану: Жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған оқулық.-Алматы: Раритет, 2004.-416 бет




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет