«Қоғамдық сананы жаңғыртудың өзекті мәселелері»


Дәріс №11. Жалпыұлттық қасиетті орындар және тарихпен тәрбиелеу



бет12/17
Дата24.04.2022
өлшемі1,38 Mb.
#140704
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
Байланысты:
система межд отнош, Бастауыш 5, Белль (Дисней) — Википедия, 9aa3ce5a0ff87098a5a0a1515fd9eba7, 99092cd84c83abcfac06dd9f7fc25a84
Дәріс №11. Жалпыұлттық қасиетті орындар және тарихпен тәрбиелеу
Жоспар
1.Сакралды география: мәні мен құрылымы
2.Жалпыұлттық қасиетті орындардың тарихи сананы жаңғыртудағы маңызы және отансүйгіштікке тәрбиелеудегі рөлі
3. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының қасиетті орындары

Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қоғамдық сананы заманауи биікке көтеруге септесетін алты жоба ұсынылғаны белгілі. Соның төртіншісі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Бұл жобаны жүзеге асырудың мақсаты – халықтың ұлттық бірегейлігін және құндылықтарын бекемдеу, жат идеологияға төтеп беретін қалқанды орнықтыру.


Cакралды сөзінің түп-төркіні латын тілінде жатыр. Еуропалықтар осынау ұғым-түсінікпен өздері ерекше қастерлеген діни, тіпті мистикалық құбылыстарды, күнде көріп жүрген нақты дүниеден өзгеше болмысты, иррационалды дүниені, нысандарды ұлықтаған екен. Күні бүгін де бастапқы мағынасын сақтап келеді. Тап осы себепті дін атаулыны апиын ретінде қабылдаған кеңестік билік сакралды география теориясы мен практикасының адымын аштырмай, жөргегінде тұншықтырды.
Қазақ халқы сакралды сөзін естімей тұрып-ақ дінді ғана емес, бүкіл қоршаған ортаны қастерлеудің классикалық қағидаларын қалыптастыра алды. Адамдардың күнделікті өміріне қатысты тыйымдарымыздың өзі мән-мағынасы жағынан қастерлеудің сакралды деңгейіне жете-қабыл. Мәселен, табалдырықта тұруға, босағаны керуге, малды ұруға, молаға қарай жүгіруге болмайтынын қатаң бақылауы шаңырақты, мал-жанды, әруақтарды - екі дүниені де ерекше құрметтегеніміздің дәлелі ғой. Сакралды география философиясының түпкөз дегені де – осы.
Қазақтың сакралды әлемге қатысты ұстанымына сәйкес тілдік қоры да қалыптасты. Солардың ішінде үш сөздің мәні мен миссиясы айрықша көзге түседі. Ол сөздер – әулиелі, киелі, қасиетті. Әрқайсын талдауға бір-бір кітап арнаса, артықтық етпейді. Ал біздер осы орайда қысқасынан қайырып, «әулиелі», «киелі» ұғым-түсінігіне ғана тоқталғанды жөн көрдік.
«Әулие» - қазақ тіліне арабтан енген сөз. Түп жаратушының досы, адамды дұрыс жолдан адастырмаушы дегенді білдіреді. Ендеше, «Әулие», «Әулиелі» сөздері тек дінге, діни сакралды географияға қатысты мағынада қолданылуы керек. 
«Киелі» сөзінің мән-мағынасы өте күрделі. Халқымыз осы ұғыммен зорлық-зомбылыққа, әділетсіздікке қарсылығын, адамның, табиғаттың, қоғамның арасындағы жарасымдылық пен үйлесімділікті сақтауға құштарлығын білдірген. Жүгірген аңның, ұшқан құстың, жер мен судың, ерекше қасиетке ие адамның киесі ұрады деуімен қоғамдық-саяси, рухани, экологиялық, әлеуметтік тұрақтылықты, ынтымақ пен ықпалдастықты бәрінен жоғары қоя алған. Батыс тарихнамасында әлі күнге дейін өмір сүріп келе жатқан қате тұжырымды – көшпелілер өркениеттен тыс қалған, олар соғысқұмар, отырықшыларға тыныштық бермеген тәрізді пайымдарды жоққа шығара алғанын да білуіміз керек.
«Әулиелі», «Киелі» ұғым- түсінігінен туындайтын қазақ әлемінің, оның ішінде тарихының да гуманистік және жасампаз әлеуетін өзімізге де, өзгеге де түсіндірудің маңызы зор. Бодандықтағы үш ғасырға жуық уақыт ішінде әулиелі, киелі жерлеріміз аз бүлдірілген жоқ. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек.
Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.
Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы», деген ой-түйіндер, біріншіден, ұлттық кодымыздың тынысын кеңейтуді көздейді, екіншіден, мәдени, ғылыми, ономастикалық, т.б. міндеттерімізді тиянақтап тұр, үшіншіден, ең бастысы – қазақ қазақ қалпында ғана жаһандық бәсекеге төтеп бере алатынын еш бүкпесіз жайып салды. Турасын айтқанда, тәуелсіздіктің ғұмырын ұзартып, «Мәңгілік Елге» айналу үшін, Үшінші жаңғыру үшін бізге қазақ болып қалғаннан басқа жол жоқ.
Мақалада сакралды география ұғымы қазақы қос сөзбен – қасиетті, киелі ұғымдарын қолданумен ашылған. Осыдан-ақ төл тарихымыз бен өркениетіміз жаһандық үдерістен, ақыл-ой бәсекесінен тыс тұрмағанын байқауға болады. Президент көрсеткен бағыт-бағдардың мәні мен мазмұнына бойлау үшін қоғамдық-гуманитарлық ғылым иелері зор теориялық, методологиялық мүмкіндік пен пайымдарды туындатуы керек. Сонда өзімізді өзіміздің тануымыз, рухани жаңғыруымыз сапалы жаңа биікке көтерілері сөзсіз.
Танымдық тұрғыдан және уақыттық шегі бойынша сакралды жерлерге нені жатқызуға болады? Біздің ойымызша, олар төрт топтан тұрады: біріншісі – ислам діні келгенге дейінгі арғы қазақтардың салт-дәстүрі мен ритуалдары орындалған, әлі де орындалатын жерлер. Мәселен, Наурыз мейрамы қарсаңында Маңғыстаудағы Оқпантауда алау жағу дәстүрі бар. Ал, Әз Наурыздың тарихы Исламнан әріде жатыр. Ол жерді қалайша сакралды, қастерлі емес дей аламыз.
Екіншісі – ислам дініне байланысты қоғамдық салада берік орныққан нысандар. Бұл орайда ежелден белгілілері мен кейбір пысықайлардың өз пайдасы үшін аяқ астынан ойлап тапқан нысандарды шатастырмау керек. Сакралды нысандардың аталған екі тобын «әулиелі жерлер» атауымен ерекшелегенді жөн санаймын. Әулие араб тілінен кірген сөз әрі діни мағынада қолданылады. Еуропа мен Азияның тоғысында орналасқандықтан Қазақстан діндер мен мәдениеттердің, түрлі өркениеттердің ықпалдастығын бастан өткерді. Біз үшін екі рухани құндылықтың парқы мен нарқы алабөтен. Олар – тәңірішілдік пен ислам. Осы екеуіне қатысты жерлердің, нысандардың, ескерткіштердің болмыс-бітімін анықтап, ғылыми бекемдейтін сәт келді. Отар өлкеге айналғанға дейінгі дәуірлерден жеткен жат діндер мен діни ағымдар мұрасын сакралды география мәртебесімен ұлықтаудың реті жоқ.
Үшіншісі – ұлы тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты сакралды жерлер. Айталық, 2012 жылы Астанада, биылғы 31 мамырда Алматыда ашаршылық құрбандарына ескерткіш ашылды. Қазірдің өзінде олар жас пен кәрінің тәу ететін құндылығына айналуда. Бұл топқа кіретін нысандарды «қасиетті жерлер» терминімен ұлықтауды ұсынамын.
Төртіншісі – тылсым сырлары ғылыми талданбаған, бірақ адамға, оның денсаулығына пайдалы немесе зиянды әсері күдік-күмән тудырмайтын жерлер. Бұларды «киелі жерлер» десек, қателесе қоймаспыз.
Сакралды география мәдени-генетикалық кодты сақтауға қызмет ететінін ескерсек және олар тарихи-мәдени ескерткіштердің шағын ғана бөлігін (10 пайызға жетер-жетпес шамасында) құрайтын болғандықтан әулиелі, қасиетті, киелі жерлерді рухани жаңғырудағы маңызы бойынша екі деңгейден тұратын вертикалды құрылымға жіктеуге негіз бар. Бірінші деңгейдегі құрылымға жалпыұлттық сакралды нысандар кіреді. Шартты түрде «базалық сакралды құндылық» деп айдарлауға болады. Екінші деңгейдегі құрылымды жаһандық сакралды нысандар құрайды. Мүмкін бұларды «топ-сакралдық» деуге болатын шығар. 
Сакралды нысандар адамдарды ұлтына, жынысына, руына, тайпасына қарай алаламай, өзіне тартып тұрады, оларға жақсылық сыйлайды, алдағы күнге сенімін арттырады.
Қазақстандасакралды жерлер, нысандар баршылық. Алдымен осылардың мемлекеттік тізімін жасау керек. Мемлекеттік тізімге енгендеріне музей немесе музейдің бөлімі мәртебесін берсе, сақталуы мен пайдалы әсер коэфициенті әлдеқайда артар еді. Қалай болғанда да сакралды нысандар тарихи-мәдени ескерткіштердің ең құндысы екенін қоғамдық санаға сіңіруіміз қажет. Келесі міндет – мәртебесін анықтау. Осы сұраққа Президент мақаласындағы: «мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түркістан немесе Алтай – ұлттық немесе құрлықтыққана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар», деген жолдар толық жауап беріп тұр.Ең маңыздысы – әрқайсына қатысты байтақ зерттеу жүргізіп, аңыз, хикаяларын, деректерін жинау. Арнайы ғылыми-зерттеу институтын ашса, артықтық етпес еді. Сакралды жерлердің картасын жасау, экспедициялар ұйымдастыру, мұрағаттар мен кітапханалардан деректер жинау, оларды ғылыми нәтижеге айналдыру, біріншіден, ғалымдар мен мамандарды ортақ мақсатқа жегуді, екіншіден, уақытты, үшіншіден, мол қаражатты талап етеді. Әзірге тиісті министрліктер адами капиталмен жұмыс істеуде, жер-жерден тізімдер алынып, нақтылануда, атқарылатын іс-шаралардың кешені мен реті анықталуда. БАҚ-тардың белсенділігі жоғары. Біздің ойымызша, үлкен шаруа келер жылы басталады. 2018 жылдың аяғына қарай жекелеген облыстардағы сакралды жерлер жайлы іргелі кітаптар мен телематериалдар дестесі дүниеге келсе, оқу құралдары жазылса, нұр үстіне нұр дер едік.
Сакралды жерлерге қатысты жұмыстарды (жол салу, қонақ үй тұрғызу, қираған нысандарды реставрациялау мен реконструкциялау, ономастикалық шешімдерді рәсімдеу,т.б.) қолдан келгенше бір мезгілде жүргізген жөн. Туристік бағыттарды біліктілікпен тиянақтаудың маңызы зор. Жол азабын жоймай, туристің келуінен дәмету – адасудың басы. Сакралды жерлер туризмі ақша ғана әкелмейді, жаңа жұмыс орындарын да ашады. Білетіндердің айтуынша, әрбір турист жеті адамды жұмыспен қамтиды екен. Қастерлі рухани құндылықтарды ұлықтаудың соңғы нүктесі арнайы заң қабылдаумен қойылатынынан үміттіміз.
Сакралды жерлер «ақтаңдақтардан» ада емес. Соларды жою – ұлттық тарихты қалың көпшілікке жеткізудің пәрменді тетігі. Әзірге Қызылорда облысындағы Бегім ана мұнарасын, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ақсүмбені, Қостанай облысындағы Мұғалім көлін рухани құндылық ретінде әркім мойындай бермейді. Тарихи тұлға Бегім ана, шыққан тегі жайлы әр жылдары Ә. Марғұлан, Ә. Кекілбай, А. Сейдімбек, Ә.Жәмішев, И. Жақанов, І. Мыңбай, т.б. азаматтар зерттеулерін жариялады, аңыз-әңгімелер жинады құнды-құнды ұсыныстарын алға тартты. Жалпыұлттық мән берілмегендіктен, өкінішке орай, осы сакралды нысан көпшілікке танымал емес.
Жасампаз әлеуеті рухани жаңғыру үдерісіне толық жегілмеген сакралды нысандар бар. Соның бірі – Шиелі ауданы аумағындағы Оқшы ата кешені. Дерек бойынша, мұнда Асан ата, Есабыз, Қыш ата, Ғайып ата, 19 ғасыр тұлғалары – Бала би, Досбол датқа сүйектері жатыр. Жергілікті әкімшілік пен ғалымдар қолға алса, әулиелі – киелі кешенді осы заманға сай абаттандырып, туризм, білім, тәрбие ошағына айналдыруға болар еді. Жалпы, Қызылорда облысының мекендері теміржол бойын қуалай орналасқан географиясы сакралды географияны ұлықтауға, кәдеге жаратуға сұранып тұр.
Сакралды жер – ұлттық құбылыс. Оның ақиқатын, тылсым сырын ашу үшін бірінші кезекте халықтың, биліктің, тұлғаның, яғни тарихты түзушілердің барша өмірі мен қаракеті неден күш алатынын, қайда табан тіреп тұрғанын анықтау қажет. Империялық биікке көтерілген испан, ағылшын, орыс, француз қауымы үшін материалдық өндіріс, табыс, соғыс маңызды болса, отар немесе аграрлық қауымға тарих дөңгелегін айналдыруға басқа өлшем бар. Ұлы дала елінің тарихын көктей шола отырып, оның мазмұны мен ерекшеліктерін анықтаған, тарихи оқиғаға, үдеріске, тіпті тұлғаға тұғыр, базис болған нағыз түпжаратушыдай үш байлықтан ажырамау керек екеніне иландық. Бірінші тұғырлы байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет. Осылардың қайсын алсақ та, рухани жаңғырумен, ұлттық кодпен, тіпті ономастикамен ажырағысыз байланысы бар.
Ұлы даладағылардың антропологиясы, шаруашылығы, өмір салты, алыс-жақын елдермен қарым-қатынасы, ономастикасы жерімен, соған байлаулы табиғи-географиялық факторлармен анықталды. Сакралды географияның да негізі – жер. Әрі-беріден кейін, жоғарыда айтылған әулиелі, киелі, қасиетті сакралды географияның біріншісі – жер.
Арғықазақтарды біріктірген, тұтастырған, ел болуға жетелеген, бүгінгі Қазақстан мен қазақ халқының болашағын анықтаушы жерден кейінгі құдірет – тіл. Бізді қыпшақ, моңғол, ноғай атандырмаған, Қазақ елі, қазақ атандырған, Айша бибіні – Айша бибі, Түркістанды – Түркістан атандырған өндіріс тәсілі емес, билеушінің жарлығы да емес, ол – тіл.
Тарихқа тұғыр болған қастерлі жер мен тіл тарихты түзбейді. Олар – тарихтың куәгерлері. Осы куәгерлерді археология, терминология, ономастика, түркология, салыстырмалы саясаттану, этнология, антропология ғылымдары тұрғысынан зерттеумен, сөйлетумен, түсінумен, сәйкестік пен бірегейлігімізді танумен бұрынғы мен бүгінгінің сабақтастығын ұғынамыз. Тарихқа тазғзым дегеніміз – ол ең алдымен жерге және тілге, сакралды географияға тағзым деген сөз.
Өкінішке орай, еліміздің жер-су атауларында әрісі – отарлық, берісі – тоталитарлық дәуірлердің ізі сайрап жатыр. Тұтас елді мекендер «Алексеевка», «Николаевка», «Покровка», «Октябрь», «Осакаровка» атауынан арылған жоқ. Бұлардың басым бөлігі – коммунистік идеологияның мұрасы. Демек, Елбасымыздың мақаласындағы: «тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді», деген қағиданы басшылыққа алумен коммунистік елестен біржолата қол үзгеніміз жөн. Кезінде Кремльдің бас қиялшысы орыс тіліне тезірек көшу коммунизмді тезірек орнатудың шарты екенін қоғамдық санаға тықпалаған екен. Империялық ұлт мүддесіне адал басшы басқаша сөйлеуі мүмкін де емес. Енді қазақтың мүддесі сөйлейтін уақыт туды. Тәуелсіздігімізді әлем мойындаған шақта рухани жаңғырудағы, қоғамдық санадағы, ономастикадағы ұлттық, мемлекеттік мүддемізді басымдықпен алға шығарып, сакралды жерлерімізді әліппеде ұлықтаудан Заң күшімен қорғауға дейін қисынды жүйелей алсақ, ешкім қазақты ұлтшылдықпен айыптай алмайтынына кәміл сенемін.
Сакралды нысандардың біршамасы елді мекендерден жырақ жатыр. Ертең соларға апаратын жол, жол бойына әлеуметтік инфрақұрылым түсері сөзсіз. Салынатын жол мен инфрақұрылымға жоба шағынан дұрыс ономастикалық атау беруді қадағаламасақ, мысалы, Нысанбай жыраудың басына, Ақтау бекінісіне,Астанадағы пантеонға апаратын жол немесе нысан «Новый Абай», «Семь бочек», «Синема Сити» аталып шыға келуі бек мүмкін.
Сакралды нысандардың мекен-жайы, яғни адресі көп мәселеден хабар береді. Ойымыз түсінікті болу үшін бір ғана мысал келтірейік. Алматыда «Ғылым ордасы» бар. Ол – кешегі ғылым академиясының бас ғимараты. Мұнда кезінде Қ. Сәтбаев, М. Әуезов, Ә. Марғұлан, А. Жұбанов, т.б. тұлғалар еңбек еткен. Сөз жоқ, сакралды, қасиетті мекен. Бірақ ол Шевченко көшесінің бойында тұр. Есесіне Марғұлан көшесі қаланың шет жағына ығысып кеткен. Керісінше болуы керек еді.
Қысқасы, сакралды нысанды қоршаған елді мекендер атауы, жер-су ономастикасы – бәрі ұлттық-тарихи реңкпен ерекшеленгені абзал.
Сакралды жерлер атауларын қоғамдық санада төл тарихымызбен ажырағысыз байланыста орнықтыру арқылы қазақстандық патриотизмнің іргетасы – жерге, тілге, мемлекетке құрметімізді нығайтамыз. Бұл қазақ жеріне көзін тігіп жүрген басқаларға да сабақ болғанына қоса, ұлттық тіліміздің мәртебесін, мемлекетшіл санамыздың деңгейін арттырары сөзсіз.
Рухани жаңғыру биыл жарияланған Үшінші жаңғыруымыздың құрамдас бөлігі болып табылады. Оның түп көздегені – ұлттық кодымызды қорғай отырып, бәсекеге қабілеттігімізді шыңдау және ең дамыған 30 елдің қатарына ену.Бұл істің жанашыры да, жоқтаушысы да музейлер. Ұлттық музей құрамында сакралды Қазақстан орталығының ашылуы әсте кездейсоқтық емес. Музейлер көненің көзін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші ғана емес, әрбір қазақстандықтың санасын прагматизммен сусындататын, ашықтығын қамтамасыз ететін, ұлттық мәдениетті бекемдейтін, білім салтанатына септесетін, эволюциялық дамуды бәсекелік қабілетпен көмкеретін құтты мекен.Сакралды география музейлерді, музейлер сакралды географияны айналып өтуі мүмкін емес.
2.Жалпыұлттық қасиетті орындардың тарихи сананы жаңғыртудағы маңызы және отансүйгіштікке тәрбиелеудегі рөлі.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев Ұлытау төріндегі сұхбатында халқымызда арғы-бергі тарихы жөнінде келелі әңгіме қозғай келе: «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң де, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң-Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең-қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң-Алтын Орданың Хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң-Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп. Дегенмен Ұлытаудың орны басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді» деп, атап көрсете отырып, халқымыздың сан ғасырлық тарихында өзіндік айшықты орны бар тарихи киелі, қасиетті орындардың ерекше мәнге ие екендігіне тоқталумен бірге, бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесіндегі алар орнына айрықша маңыз беріп өтеді. Ұлан байтақ жеріміздің қасиетті тарихи орындары жөніндегі Елбасының құнды пікірлері қазіргі таңда қоғамымызда қызу талқыланумен бірге оны іске асыру жөнінде ауқымды шаралар атқарылып жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өз жалғасын тапты. Елбасы: «Жергілікті нысандар мен мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ –жалпы ұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болды, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деген еді.
Міне сондықтан да, бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың қатарына республика аумағындағы қасиетті, киелі орындарды анықтау және тағзымдық, тағлымдық жұмыстарды кеңінен жүргізу арқылы рухани құндылықтарды қалыптастыру болып отыр. Бұл жұмыстарды жүргізу барысында біз басты мәселенің ара жігін дұрыс ажыратып, мақсатын айқын түсінуіміз керек. Ең басты жұмыс еліміздегі қасиетті орындарды анықтап, оларды алдымызға қойған мақсатты, абыройлы жұмыстарға ұтымды және тиімді пайдалану болып табылады. Яғни бізге қажеттісі «сиынып-табынатын» орындар емес, жастарымыздың бойына отаншылдың рух беретін, тәлім мен тәрбие беретін, тарихи санасын жаңғыртатын қасиетті орындар.
Еліміздің әр аймағында орналасқан қасиетті орындардың терең мазмұнды тарихы бар. Олар ата-бабаларымыздың материалдық өнері болуымен қатар, рухани өмірінің де айнасы іспеттес өткен кезеңімен бүгінгі уақыттың тарихи жәдігері, аралық кезеңді байланыстырушы қоғамыздың рухани-мәдени өмірінің кешенді жүйесін құрап отырған бойтұмары ретінде айрықша орын алады. Сонымен қатар, біздің кеше ғана пайда болған халық еместігімізді білдіретін ауыздан-ауызға жеткен бай тарихымыз, шежіреміз, ғасырдан-ғасырларға - үндесіп келе жатқан бай ауыз-әдебиетіміз болса, соның екінші саласы көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын тарихымыздың көрнекті куәгері қасиетті тарихи орындар болып табылады.
Елбасы бағдарламалық мақаласында: «Біз-ұланғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған» деп жазады. Иә шынында да көне дәуірден бері келе жатқан қазақ топырағында «Қасиетті», «Киелі» орындардың әрқайсысының өзіні тән ұғымы мен түсінігі және құндылығы болды. Ежелгі грек авторының жазбасынан бізге жеткен әпсанада былай дейді:« Парсылардың патшасы Дари Сақтардың жеріне басып кіргенде, Сақтар олармен бетпе-бет келіп шайқаспай, жан-жақтан соққы беріп, шегініп кетіп отырған екен». Сонда Парсылар Сақтарға елші жіберіп: « бұларың не, неге ашық майданда тұрақтап тұрып соғыспайсыңдар дегенде, Сақтар біздің даламыз кең, бізде тұрақтап тұрып соғысып қорғайтын қала жоқ, біздің бұл соғыс тәсіліміз, егер бізді табандап тұрып соғыссын десеңдер, біздің ата – бабаларымыз жатқан молаларға тиісіп көріңдер, сонда біздің кім екенімізді, қалай табандап тұрып соғысатынымызды көресіңдер» деген екен дейді. Ежелгі ата – бабаларымыз Сақтар үшін олардың ата – бабалары жатқан қорымдардан асқан қасиетті-киелі орын болған жоқ. Олар үшін табандап тұрып соғысты ата-баба қорымдары қасиетті – киелі орындар болды.
Сол Сақтардың ұрпағы Қазақ халқының бұрыннан келе жатқан дәстүрі бойынша қасиетті – киелі орындар арқылы жас буынды патриоттыққа тәрбиелеп, олардың санасын халықтың бай тарихымен ұштастырып, тегі мықты жұрттың ұрпағы екендігін бойларына сіңіріп тәрбиелеу, бұрынғы дәуірден жалғасып келе жатқан үрдіс. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан « Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер» атты еңбегінде «Ел билеген қолбасылардың мүсіндері әрі үлкен, әрі ауыр, әрі сәнді, оның үстіне сапалы тастардан жасалған. Бірақ бұларда қисынсыз асыра суреттеу, не фантазия сілемі жоқ, тарихи заманның мүсіншілері сол кезде жасаған адамдардың өз бейнесін жасауға, оның өзіне тән ерекшеліктерін көрсетуге тырысқан», деп жазды.
Елбасы Халықтың санасына «жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын» сіңірудегі алдымызда тұрған кешенді жұмыстар жөнінде: «Идеяның түркі көрнекті Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Яссауи мавзелейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет Ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді», деп атап көрсетеді. Олай болса, қазақ даласының әр аймағында орналасқан қасиетті-киелі тарихи орындар несімен құнды, ұлттық сананы жаңғыртудағы маңызы мен рөлі қандай деген сұрақтарды да қарастырғанымыз жөн.
Көнеден біздің дәуірімізге жеткен қазақ топырағындағы ең ежелгі тарихи ескерткіш, киелі орынға «Арыстан баб» кесенесі жатады. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында орналасқан Арыстан баб кесенесі дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмеден құралған. Ертеден келе жатқан әпсана бойынша Арыстан баб – Мұхаммед пайғамбардың сахабасы деп айтылады. Қазақ топырағында дін таратып, бала оқытқан. Кесененің ең көне бөлігі кабірхана. Қабір үстіне алғашқы белгі XII ғасырдың қойылған. Мазар XIV ғасырда бір рет, XX ғасырдың басында екінші рет жөндеуден өтіп, қызыл кірпішпен салынған. Кесене жанындағы құдықтан бірнеше ғасыр бойы су үзілмей келеді. Кесененің ішіндегі төргі бөлмеде Арыстан баб, кіреберісте Қарға баб, Лашын баб деген екі шәкірті жатыр. Арыстан баб кесенесі - орта ғасырдағы озық құрылыстың бірі. Рухани орталық. Кесене байырғы тарих пен ежелгі өнер түйіскен жәдігер. Бүгінгі күні мыңдағын мұсылмандар мінәжат ететін қасиетті орын, ежелгі сәулет ескерткіші болып табылады.
Республикамызда ірі тарихи інжу маржанның бірі – тарихи мұра, киелі орын Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – Орталық Азиядағы ең көне және сәулеті озық құрылыстың бірі.Құрылысы толық аяқталмаса да, ою-өрнегі ерекше шеберлікпен салынған. Түркістан аты – Қожа Ахмет Яссауи есімімен егіз ұғым. Ахмет Яссауи Сайранда дүниеге келіп, 17 жасынан кейін Түркістанда тұрған. Осында дін жағына түсіп, рухани өнер үйренеді. Дін таратты. Ғылым-біліммен айналысты. Ақынның «Диуани хикмет» еңбегі мұсылман әлеміндегі ең құнды мұралардың біріне жатады. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің құрылысы 1393 жылдан 1405 жылдардың арасында Әмір Темірдің бұйрығымен салынған. Кесене оңтүстік – шығыстан солтүстік – батысқа қарай созылып жатыр. Ені – 46, ұзындығы – 65 метрге жетеді. Биіктігі – 37 метр. Орталық Азиядағы сәулет өнерінде болмаған шатыр жабу әдісі қолданылған. Жалпы саны 35 бөлме бар. Кесененің жоғары жақтауында көгілдір қышпен өрнектелген әртүрлі жазу кездеседі. Тарихи кешеннің кіндігі – Қожа Ахмет Яссауиге қойылған құлпытас. Кесененің әрбір кірпіші қолдан құйылған. Сапасы өте жоғары. Мұнда қазақтың 21 ханы, 9 сұлтан, 16 би, 52 батыр жерленген. Кесенені тайқазансыз елестету қиын. Алып қазан 1399 жылы, Түркістан маңындағы Қарнақ деген жерде, сирек кездесетін жеті асыл металдың қоспасынан құйылған. Қазанның салмағы – 2 тонна. Сыйымдығы – 3 мың литр. Көне тарихтан сыр шертетін тағы бір жәдігер – жер асты Қылует мешіті. Күн көзі түспейтін жабық нысан. Құрылыстың ең көне бөлігі – ғар бөлмесі. Жалғыз адам сиятын ұядай бөлме. Қожа Ахмет бабамыз 63 жастан кейін өзіне арнап салдырған. Жер бетінен 4 метр тереңдікте. Жалпы саны мұнда 18 бөлме бар. Жамағатхана, мешіт, асхана, шаруашылыққа арналған шағын бөлмелерден тұрады. Бұндағы сәулет құрылысының тағы бір кереметі осыдан V ғасыр бұрын салынған шығыс моншасы. Әуелде, Қожа Ахмет бабаның басына тәу етіп келушілерге арнап тұрғызыпты. Кейін бүкіл халық пайдаланған. Тоғыз бөлмеден тұратын моншаның табаны жылып, жылу ұзақ уақыт сақталады. Мұндай, озық технология орта ғасырларда өте сирек болған.
Қазақ жеріндегі киелі орындардың бірі – Бекет ата мешіті. Бекет ата Мырзағұлұлы ( 1750 – 1813) – батыр, әулие, ағартушы, сәулетші. Жастайынан оқу – білімге құмар, ерекше дарынды парасатты болған. Хорезмдегі Пақыржан қажыдан оқыған. Маңғыстау, Атырау, Үстірт аймағында медресе – мешіттер салып, халқын сауаттандыруға көп күш жұмсаған. Бекет ата – жер асты ғимараттарын қашап жасаудың ежелгі дәстүрін дамытқан сәулетші әрі шебер. Елінің тәуелсіздігі үшін шайқасқан батыр, қолбасшы болған. Оның ақыл – кеңесімен жергілікті халық сыртқы шапқыншылықтардан аман қалып отырған. Білімдарлығы, абыздығы мен көріпкелдік қасиеттері үшін елі оны көзі тірісінде қастерлеп, қадыр тұтқан. Іс-әрекеті мен қадір – қасиеті аңызға айналған Бекет ата Маңғыстауда, Оғыландыдағы өз мешітіне жерленген.
Республика аумағында орналасқан көптеген тарихи орындардың Тәуелсіздік жылдары мән – маңызы бұрынғыдан да артып, тарихи және рухани байлықты сақтау, сананы жаңғырту, бағытындағы жұмыстарды жүргізуде рөлі арта түсті.
Жалпыұлттық қасиетті орындар санатына көнеден жеткен тарихи ескерткіштер мен киелі орындар ғана кірмейді. Оның қатарында халқымыздың басына күн түскен ауыр кезеңдердегі батыр бабаларымыздың елін, жерін қорғауда жауымен жан алысып, жан беріскен, яғни ірі тарихи шайқастар өткен тарихи орындардың орны ерекше. Тарихқа зер салып қарасақ, 1643 жылы болған атақты «Орбұлақ шайқасын» неге қасиетті орындар санатына жатқызбасқа. Жәңгір хан тұтқиылдан тап берген жоңғар басқыншыларына аз әскерімен қарсы тұрып, қалың жаудың жолын бөгеп, кері шегіндіргені белгілі. Тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы жылдары Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың ұйымдастыруымен Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы аталып өтіліп, тура Орбұлақ шайқасы өткен жерде зеңбірекпен от шашу берілген болатын. Осы оқиға халық арасында үлкен қолдау тапты, жастарымызға патриоттық рух берді. Өткенге тағзым жасай отырып, оның тағылымын бүгінгі ұрпаққа жеткізудің айқын көрінісі осы болар. Халқымыздың жадында өшпес із қалдырған атақты «Аңырақай шайқасы», «Қалмаққырылған шайқасы» болып өткен жерлерде қасиетті орындар қатарына жатады.
Тәуелсіздік жылдары мән – маңызы айқындала түскен, жаңырған тарихи орындардың бірегейіне Ордабасы қасиетті орынын жатқызамыз. 1728 жылы Ордабасы биігінде қазақтың үш жүзінің өкілдері бас қосты. Жиында халқымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақ пен біліктің асқан үлгісін көрсетіп, бас сардар сайлап, жоңғар басқыншыларынан жерімізді азат етудің негізін қалады. Ордабасыдағы кездесуде Бөгенбай батырға туды тапсырып тұрып абыз қарт: «Бөгенбай батыр, сен көтерген бұл туда еңіреген ел мен жесір қалған келіншектің, аңыраған ана мен баланың көзінен сора, көкірегінен нала кетпеген бабаның, кіндікке түскен, қайғы-қасіреттен ағарған сақалы, дананың көз жасы бар! Қасиетті ел үшін, қайға жұтқаны үшін өлімнен де ықпайды, ерлік туын жықпайды деп қазақтың туын саған ұстаттық! Жолың болсын батырым!» - деген сәтте, сол арада тұрған жүз мыңға жуық халықтың көңілдері толқып, жанарлары жасаурап кеткен екен дейді. Осы бір тарихи мәні зор Ордабасы жерінде 1993 жылы үш елдің – Қазақстан, Өзбекістан, Қырғызстан Президенттерімен бірге 150 мың адамнан құралған 20 елдің делегациясы қатысқан басқосу нағыз бірлікке үндеген маңызды, тарихи оқиға болды. Елбасы, әрдайым халқымыздың бас қосып, дала парламентін жасаған киелі орындарды да тілге тиек етіп, еңселі елдіктің іргесін бекіткен жерлерді ұмытпау қажеттігін айтып келеді. Елбасы: «Қастерлі тарихымызда түрлі ел билеу жасақтары болған. Аталы келісімге, әділ шешімге тоқтаған дана халқымыз түрлі жарғыға, низам мен ережеге бағынған. Ордабасы мен Ұлытау, Мәртөбе мен Күлтөбеде келелі кеңес құрған. Заңды басшылыққа алып, орталыққа ұйысқан сайын берекелі халқымыздың бірлігі нығайа түскен. Бұлар – осы тұстағы еңселі елдіктің белгісі еді» деген болатын. Ордабасы – Тәуелсіздікпен тамырлас қасиетті тарихи орын ретінде бүгінгі күні де рухани жан дүниемізден ерекше орын алады.
Түркістан облысы мен Шымкент қаласының қасиетті орындары
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы құрылды. Киелі орындарды анықтау және зерттеу мақсатында ғалымдардың қатысуымен Қазақстанның барлық өңірлеріне (6 бағыт – Солтүстік, Батыс, Шығыс, Оңтүстік, Орталық, Оңтүстік-Шығыс) экспедициялар ұйымдастырылып, осының нәтижесінде жалпыұлттық маңызы бар 100, жергілікті маңызы бар 500 киелі жердің тізімдері жасалып жүйеленді.
Қазақ топырағының қай жері болса да киелі, қасиетті орындарға бай. Оның ішінде білім мен мәдениеттің ордасы болып саналатын Түркістан облысы мен Шымкент қаласының орны бөлек.
Түркістан облысы бойынша 24 жалпыұлттық, 76 жергілікті маңызы бар, жалпы – 100 қасиетті, киелі орын есепке алынған. Облыстағы киелі орындарды ретке келтіру, дамыту үшін өткен жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 686,0 млн теңгеге және демеушілердің 208,4 млн теңге қаржысына тиісті жұмыстар жүргізілген.
«Сайрамда сансыз баб, Түркістанда түмен баб, Отырарда отыз баб» деген сөз бекер айтылмаған. Ал, әр елдің, әр жердің өз киесі мен қадірі болады десек, Түркістан облысында да ғажайып орындар бар. Оның дәлелі ретінде осы аймақта орналасқан, тарихқа аты алтын әріппен жазылған қасиетті Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Үкаша ата, Домалақ ана кесенелері және т.б. киелі орындарды атап айтсақ болады.
1. "Бабтардың бабы" Арыстан баб кесенесі – көне Отырар жеріндегі сәулет өнерінің тамаша ескерткіші. Ол жерге барған адамның ерекше әсер алатыны белгілі. Өңірге аяқ басқан кез келген турист оңтүстік өңіріне саяхатын осы киелі орыннан бастайды. Қазіргі кезде бұл кесене мұсылман халқының Орталық Азиядағы қажылық міндетті өтейтін киелі жерлерінің бірі болып саналады. Бұл кесене Түркістан халқының арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстан баб ата қабірінің басына салынған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі 12 ғ. шамасында қойылған. Сондай-ақ, мазар 14 ғасырда қайта жөнделген. Содан кейін, кесене 20 ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпіштен ауданы 35x12 м, биіктігі 12 м, бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталып, солтүстік жағы кесене, оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жөнделген. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген.
XVIII ғасырда құрылыс қиратылып, фриз жазбалары бойынша 1909 жылы қайта салынады. Сондай-ақ, 1971 жылы жоғары деңгейдегі грунт сулары салдарынан мешіт құлатылып, қайта орнатылған. Құрылыс алебастр ерітіндісінде күйдірілген кірпіштен қабырғаның сырт жағына салынған. Арыстан баб туралы: «Аңыз бойынша Арыстан баб Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың елшісі болған. Бір күні Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған еді. Бір құрма қайта-қайта ыдыстан құлай беріп, пайғамбар ішкі дауысты естіді: «Бұл құрма Сізден кейін 400 жыл алдағы уақытта туылатын мұсылман бала Ахметке арналған». Сонда пайғамбар шәкірттері ішінен бұл құрманы кім иесіне жеткізетінін сұрайды. Ешкім сұранған жоқ. Пайғамбар сұрақты қайта қойғаннан кейін, Арыстан баб былай деді: «Егер Сіз Алла Тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз мен бұл құрманы иесіне жеткіземін», - делінген бір аңызда. Халық аңыздарынан және жазба деректеріне қарағанда Арыстан баб Ахмет Яссауидің ұстазы болып құрманы жеткізген екен.
Сондай-ақ, Отырар өңірінде мен естіген аңыз байынша Арыстан баб дүние салған соң, оның денесін ақ бураға артып, еркіне жіберіп, соңынан ілесіп отырған. Ақ бура жүре-жүре осы жерге шөккен екен. Сол шөккен жерге Арыстан баб мазары қойылыпты. Арыстан баб туралы аңыздар бұл ғана емес. Оның қасиетті екені, Алпамыс батырды құдайдан тілеп, әке-шешесінің осы кесенеге зиярат еткені және т.б. ерекшеліктері туралы аңыздар әдебиет пен тарихта сақталған.
2. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі- Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған сәулеттік ғимарат. Ол XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Ясауидің (Яссы-дан шыққан деген мағынада) бейітінің басына орнатылған. Кейін бұл кесене мұсылмандардың зиярат ететін орнына айналды. Бұл кесенеге қай кезде барсаң да, тағзым етіп, дұға-тілектерін оқып жүрген адам саны азаймайды. Әлемнің түкпір-түкпірінен көптеп келетін саяхатшылар да жиі көзге шалынады. Осыдан-ақ, бұл орынның қасиетті екенін айтпай түсінуге болады. Атап айтсақ, Түркістан облысындағы Сайрам деген жерде туған Ахмет Ясауи сол кездегі ғылым мен ағартудың орталығы ретінде белгілі болған Отырар қаласында білім алады да, кейіннен Бұхардағы Юсуп Хамадани басқарған сопылар қауымына кіріп, дәруіштік мектептен өтеді. Одан соң, 1140 жылы Юсуп Хамадани, кейіннен оның екі мүритті дүние салған соң, қауымды Ахмет Ясауи басқарады. Бірақ көп ұзамай-ақ «мәртебелі» қызметін тастап, өзінің туған өлкесіне біржола қайтып оралған. Онда софизм идеяларын уағыздап, өзі де оны берік ұстана отырып, жоқшылықта өмір сүреді. Сондықтан да, оны жергілікті халық Әзірет Сұлтан деп атап кеткен екен. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — аса үлкен порталды күмбезді құрылыс. Оның ені — 46,5 м, ұзындығы — 65 м. Ғимараттың орасан зор порталы (ені — 50 метрге жуық, порталдық аркасының ұзындығы — 18,2 м) және бірнеше күмбезі бар. Оның орталық залының төңірегіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Жамағатхана (мұнда қазан тұруы себепті қазандық деп аталған) күмбезінің ұшар басына дейін есептегендегі ғимараттың биіктігі — 37,5 метр. Сыртқы қабырғалардың қалындығы — 1,8—2 м, қазандық қабырғаларының қалындығы — 3 метр. Жалпы тұрқы симметриялы, жеке бөлшектері — ассиметриялы болып келетін бұл зәулім ғимарат 8 түрлі бөлмелер тобынан тұрады: 1.Қазандық; 2.Үлкен Ақсарай; 3.Кіші Ақсарай; 4.Құдықхана; 5.Кітапхана; 6.Асхана; 7.Көрхана; 8.Мешіт;
3. «Ақ мешіт әулие» үңгірі – Бәйдібек ауданы, Көктерек ауылының жанындағы Қаратау сілемінің бөктерінде, 250 м биіктікте орналасқан. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен аңыздан түсінгенім бойынша, бұл жерде бағзы дәуірде жерасты мешіті болған деседі. Ортадағы алаңнан бірнеше қамалдарға жолдар жалғаған екен. Кейін сол жолдар бітеліп, мешітке адам кіре алмай қалған. Кейін, ХХ ғасырда күмбездің бір бөлігі опырылып, содан үңгірге кіретін саңылау пайда болыпты. Сондай-ақ, қасиетті жерге іретін жол тапқан адамдар бұл орынды әулиелі жерге айналдырған. Ал, келесі бір аңызда осы үңгірде жоңғар шапқыншылығынан бас сауғалау үшін балалар мен қазақ әйелдері мекен етіпті. Қазіргі таңда киелі саналатын орынды көргісі келетіндердің қатары едәуір көбейген. Себебі, үңгірдің өзіндік тылсым сыры көп. Үңгірдің іші қоңыр салқын, салқын леп ұрып тұрады. Оның кереметі сол, ішінде түрлі ағаштар мен өсімдіктер, құстар бар. Үңгірдің ортасында биіктігі 10-15 м, көптеген жылдан бері жиылған қазақта «киелі құс» деп аталатын үкі саңғырығының үйіндісі жатыр. Сол үңгірде көптеген жылдар бойы өз балаларымен бірге шырақшы болып келе жатқан 70-тен асқан Асқар ақсақалдың айтуынша, бұл құстың саңырығы жүздеген жыл бойы жиналған екен. Кейінгі жылдары үкі үңгір ішінде неше түрлі жұмыстар жүргізіле бастағандықтан ұшып кетіпті. Әулие үңгірдің шырақшысы жасы 70-тен асқандығына қарамастан келген адамдарды ертіп, кем дегенде 5-10 рет мешітке түсіп шығады. Киелі орынның кереметіне сай қария жүріп-тұру кезінде шаршауды білмейтін көрінеді. Сондай-ақ, қасиетті «Ақ мешіт әулие» үңгірі күмбезінің әр жерінен су тамшылап тұрады. Күмбез шаңырақтың қасиетінің арқасында судың тамшылары қысы - жазы тамшылағанымен ауада ешқандай иіс бұзылу, көгеру, шіру деген процесс жүрмейді екен. Айта кетейік, бүгінде киелі мекенге әр елден, еліміздің әр өңірінен көптеген адамдар ағылып келеді. Естелік бойынша: «Жаугершілік қиын-қыстау заманда Есіркеп Қойкелді батыр қалмаққа қарсы қол жинап, ұрысқа дайындалады. Он мың әскерімен аттанар тұста селдетіп нөсер құяды. Сондықтан, жаңбыр астында таңғы намазды оқи алмайды. Сосын үңгірге түсіп, бәрі қатарласа тұрып, намазға жығылады. Үңгірдің кереметтілігіне таң-тамаша болысады. Сарбаздың бірі бұл үңгірді Есіркеп немесе Қойкелді деп атайық деп ұсыныс білдіреді. Сонда, батыр бұл ұсынысқа қарсы болып, "бұл үңгір қасиетті, он мыңнан астам бізге таңғы намазымызды оқуға мүмкіндік берді. Сәждеге бірдей бас қоя алдық. Аппақ тастары да ғажап әсер сыйлайды екен. Бұл жерді Ақмешіт деп атайық, Ақмешіт болсын депті».
4. Домалақ Ана Кесенесі – Қаратаудың күнгей бетінде, Балабөген өзенінің аңғарында орналасқан. Қазақ халқының абыз аналарының бірі, халық арасында «Домалақ ана» атанған Нұрила Әли Сланқызының зиратының басына тұрғызылған. Нүрилә - Бәйдібек бабаның үшінші әйелі болған екен. Өз дәуірінде Домалақ ана ақылдылығымен ел іші бірлігінің ұйытқысы бола білген. Тарихи жазбаларда Домалақ ананың адамгершілігі, әдептілігі, парасаттылығы мен шыншылдығы және аналық қасиетінің арқасында «Домалақ ана» аталуы жайлы көптеген деректер жазылған. Сонымен қатар, Домалақ ана мұражайында түрлі көне қолжазбалар, қолдан жасалған көптеген заттар сақталғанын көреміз. Деректер бойынша, Домалақ ананың немересі Дулат1456 жылы Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді алдыртып, ана басына төрт қанатты күмбезделген кесене тұрғызған. Сондай-ақ, Домалақ ана кесенесі XI - X ХІІ ғасырлар аралығында бірнеше рет қайта жөндеуден өткен. Атап айтсақ, «Домалақ ана» парсы тілінен аударғанда «Дихнат мама», яғни «Әулие ана» мағынасын білдіреді. Кейін келе-келе Дихнат деген сөз Домалақ деп ауыстырылған. Домалақ ана кесенесі жерден 12 м биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, 6 бағаналы болған және негізгі бөлігінің үстіне күмбез орнатылған. Аңыз бойынша: «Домалақ ана кесенесінде екі қасиетті тас бар, осы екі тастың арасынан тек жаны таза адам өте алады», - дейді. Айта кетейік, 1957 жылы қайта қалпына келтірілген кесене көп сақталмай, 1966 жылы Маңғыстаудан алып келінген ақ тастармен қайта қаланады. Сонымен қатар, 2000 жылы кесене айналасын абаттандыру жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда, бұл кесенеге зиярат етіп келушілер қатары өте көп.
5. Түркістанға ат басын бұрған туристердің жиі келетін киелі мекеннің бірі – Үкаша ата кесенесі. Тіпті, мен де ес жиған оқушы кезде арнайы барып танысқан едім. Ол жайлы халық арасында айтылатын аңызда: «Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың замандасы, сенімді серігі әрі күзетшісі, Ислам дінін таратушы болған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауырынының астындағы мөрді сүйгеннен кейін Үкаша сахабаның денесіне атса оқ, шапса қылыш өтпеген», - делінген. Осы әпсана қазір ел арасында кеңінен тараған. Мүмкін бұл ғажайып ертегідей естілетін болар. Десе де мұны білікті қазақ ғалымдары өз еңбектерінде айтып өткен. Ол жайлы Шәді төре Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Шайқысламұлы біраз деректерін оқығаным да рас. Бұл кісілердің шығармаларында Үкаша атаның есімі Ғакаша деп берілген. Бізге аңыз болып жеткен Үкаша сахаба жайында Ш. Уәлихановтың кітабында да (онда Оксе деген есіммен көрсетілген) айтылған. Бұдан ұққаным, Үкаша атаның ешқандай да аңыз ертегі емес тарихи тұлға, өмірде болған. Бір деректі айта кетсем, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайы ғылыми зерттеу бөлімінің мәліметтерінде: «Үкаша сахаба біздің даламызға Ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға. Ол Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бір қатарда тұрады», - делінеді. Тағы бір аңыздан Үкаша атаны жау жеңе алмағанын оқыдым. Аңызда: «Ол тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер Үкаша ата таң намазын оқып отырған кезде келіп басын қылышпен шауыпты. Содан, жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жерасты өзен арқылы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға жетіпті», - делінген. Қасиетті кесене Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласынан 60 шақырымдай аумақта, «Серт» деп аталатын елді мекеннен 12 шақырым қашық жерде орналасқан. Кесененің жанында құдық бар. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп құран оқыған соң, тау басындағы құдықтың басына барып су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана бұрнағы уақытта жыр-дастандар арқылы кеңінен таралған. Кесененің шырақшысы Шамшиддин Закиров: «Еңселі етіп кесене бой көтерсе, ол жерден құдыққа дейін аспалы көпір салынса, келушілер қатары бұдан да көбейер еді. Туристер саны артса, елдің, жердің тарихын жан-жақты насихаттар едік», - дейді өз сөзінде. Сондай-ақ, Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғанымызда әулиенің шырақшылары маған Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетті. Келегн зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет ететінін көрдім. Ол құдықтың қасиеттілігі сонша, су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейді. Мұны: «шелек тастап отырған адамның жасаған күнәларының кесірі», - дейді.
6. Жеті қабат дуалмен қоршалған қала Сауран қаласы – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. Ол Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының солтүстік батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі. Орта ғасырда Сауран қазақ елінің әлеуметтік-саяси, шаруашылық-этникалық және мәдени дамуының орталығы болған екен. Ал, биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашық туралы алғашқы деректер Х ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды саяси және сауда орталығы ретінде белгілі болған екен. Қала жайлы Араб тарихшысы Мақдисиди өз шығармасында: «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар», - деп жазған. Сондай-ақ, ХІІІ ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болады. Ал, ХІV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Қаланың үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына едәуір ықпал еткен. Содан кейін, ХVІ ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді, жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Сонымен қатар, тарихтан Сауран қаласының ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басында әлсіреп, ХІХ ғасырдың басында біржолата күйрегенін оқуға болады. Қазіргі кезде ауданы 550 - 800 м дөңгелек алаңда Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың VІІ-ХVІІІ ғасырларға жататынын дәлелдейді. Сондай-ақ, шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылған екен. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қазба жұмыстары кезінде қаланың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылған. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған және ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көруге болады. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан екен. Оның дәлелі, зерттеу жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары, қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесуі. Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатқаны да көңілге қканыш орнатады.
7. Жылаған ата үңгірі, Жылаған ата бұлағы – Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласынан 80 км-дей жерде, Қаратау жотасының Жылаған ата шатқалында, Абай елді мекенінен солтүстікке қарай Жылаған ата өзені бойында орналасқан үңгір. Үңгір аузының биіктігі 3 – 4 м, ені 8 – 9 м, тереңдігі 50 – 60 м шамасында. Ол бір кездері тау жартастарының құлауынан пайда болған. Шатқалдан төмен түскенде өзеннің сол жағалауында биіктігі 10 – 12 м жартаста диаметрі 15 – 18 см болатын қуыс көрінеді. Осы қуыстан оқтын-оқтын су атқылап тұрады. Бұл жерге арнайы барып, бұлақтан су аққанын көру қандай тамаша әсер беретінін сезінгендер ғана біледі дер едім. Бұл жер аңыз бойынша ерекше баланың дүниеге келуімен байланысты. Сондай-ақ, киелі орынға айналған жерде көп адамның ауруына шипа табылып, тілек-дұғасы да қабыл болады екен. Бірақ, үңгір сарқырамасының құпиясын ешкім білмейді. Қызықты аңыз бойынша түсінгенім, кезінде байлығы шекесіне шыққан Гүрзіхан деген кісі болады, бәйбішесі Шаш-Ана екеуі жастары келіп қалған соң байлықтың базарына тойғаннан соң, әттең, енді бір осы байлыққа ие болатын перзент болса ғой деп армандайды. Сол кезең Қазақстанға ислам дінінің келе бастаған тұсы, Гүрзіхан дін жолына түсіп, ислам дінін ұстанып, Алладан бала сұрайды. Құдай тілегін қабыл етіп Шаш-Ана анамыз бала көтеріп уақыты келіп босанады, босанған бала пердеге оралған күйінде мес сияқты дүниеге келеді, сол кезде Гүрзіханға Қыдыр ата аян беріп бұл қасиетті бала, құт- берекенің белгісі, месті жармаңдар өзі уақыты келгенде шығады, әзірше көтеріп жүре беріңдер дейді. Аянды қабыл алған ерлі-зайыптылар, біраз уақыт көтеріп жүреді, бірақ бала не сөйлемейді, не күлмейді, не жыламайды. Содан бір күні көтеріп жүруден шаршаған анасы Игілік ауылының маңындағы (Игілік ауылы Жылаған ата үңгіріне жақын елді мекен) өзеннің қасына келгенде месті көтеріп тұрып анасы сені қашанғы көтеріп жүреміз, не сөйлемейсің, не күлмейсің, не жыламайсың деген кезде мес қолынан түсіп кетіп ішінен нұрлы жүзді бала шығады, бала местен шыға сала тауды беткейлеп қаша жөнеледі. Ата-анасы ізінен жүгіреді, бала қашып осы жаққа бағыт алады. Жол бойында артымнан әке-шешем шөлдеп келе жатыр деп асатаяғымен жерді ұрып қалып сол жерде құдық пайда болады (Жылаған ата басына бара жатқанда Тасқұдық бар, аталған құдық та киелі саналады). Осы жерге (Жылаған ата) келіп үлкен тасты асық қылып ойнап отырады, әке-шешесі жеткен уақытта осы жерге бір аунайды да, содан әрі қарай жүреді, анау жерде «Ана жытыры» деген су шұңқыры бар, сол жерге барып ата-анасын күтеді, ол жерге де жеткен мезетте, үлкен үңгірдің ішіне кіріп кетеді де шықпай қояды, ата-анасы болса балаға жалынып-жалбарынып кешірім сұрап, біз білместік таныттық, бізді кешіре гөр, сен біздің баламызсың деп тіл қатқанда, бала ата-анасына былай деп жауап қайтарып: «біз мына дүниеде емес, анау дүниеде кездесеміз, мен үшін алаңдамаңыздар және арттарыңызға қарамаңыздар мен бар күшімді салып сіздер жүрген жерді ырыс-ынтымақ пен жақсылық, қуанышқа бөлеймін», - дейді. Әке-шешесі амалы жоқ көніп, мұңайып елге қайтып келе жатқанда, жолда баламыздың жүзіне соңғы рет бір рет қарап қалайық, мүмкін артымыздан келе жатырған шығар деп, Есеккөл деген жерге келгенде арттарына бұрылып қарайды, қараса арттарынан нұр болып ағып келе жатқан үлкен өзен жердің астына сіңіп жоқ болып кетеді. Сол өзеннің аяғы тек 5-6 шықырым жүргеннен кейін қайта шығады (бірақ ол жағын толығырақ ешкім біле бермейді). Сондай-ақ, біз көріп тұрған бұл үлкен үңгір үш үлкен тесіктен тұрады. Бірінші жоғарыдағы атқылап су ағатын жері, екінші тесігі ата-анасы артына қараған уақытта пайда болған. Негізібұл үңгір кезінде яғни әріде басқаша болған бұл жерді Кеңес үкіметі кезінде геологтар құпиясын ашу мақсатында зерттемек болған, үңгірдің ішіне кіріп көру үшін алып тастарды арнайы құралдармен құлатпақ болған, сол уақытта аяқ астынан осы жерді жыландар мен түйелер қаптап кеткен екен, үшіншісі сол кезде пайда болған. Бұл жердің құдіретін осыдан кейін-ақ түсіне беруге болады.
Шымкент қаласында 7 нысан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енді. Тағы 8 нысан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосылды. Шымкент қаласынан республикалық маңызы бар тізімге енген 7 нысанның барлығы да Сайрам тұрғын алабына кіреді. Алтауы қала құрылысы және сәулет ескерткіштерінің санатына енсе, қалған біреуі, яғни Сайрам қалашығы археологиялық ескерткішке жатады. Атап айтқанда:
1. Абдель-Азиз баб кесенесі Сайрам ауылының солтүстік шетінде, ескі мазарат ішінде (ХІХ ғ ортасы);
2. Ибрагим-ата кесенесі Сайрам ауылының солтүстік-батыс шетінде, Ақ-су жолының оң жағасында (ХҮІІ-ХХ ғғ);
3. Қожа Талих кесенесі Сайрам ауылының орталығында (ХІХ ғ);
4. Мірәлі баб кесенесі Сайрам ауылының орталығында, ескі мазарат ішінде (ХІХ ғ соңы); 
5. Қарашаш ана кесенесі Сайрам ауылының орталығында, мазарат ішінде (ХҮІІІ ғ); 
6. Қызыр мұнарасы Сайрам ауылының шығыс шетінде (ХІХ ғ);
7. Сайрам қалашығы (Исфиджаб) Сайрам ауылындағы Сайрам-су өзенінің оң жағасында (ҮІІІ-ХҮІІ ғғ) орналасқан.
Қасиетті Қазақстан ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиеттік нысандары» атты екі кітапты жарыққа шығарды. Бұл екі томдық еңбек 100 киелі нысанды қамтып, «Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері», «Археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар», «Діни және ғибадат орталықтары», «Тарихи тұлғаларға қатасты қасиетті орындар», «Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар» болып бес топқа бөлінген. Бұл салаға қатысты жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болды.
Қазіргі уақытта елімізде республикалық 218 ескерткіш және жергілікті 11277 ескерткіш деңгейдегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімдері бекітілген. Бұл тізімдерде жиырма бес мыңнан астам тарих, археология, архитектура мен монументалды өнердің жылжымайтын ескерткіштері көрсетілген.
ЮНЕСКО бүкіләлемдік мұрасының тізіміне мәдениеттің бірегей ескерткіштері – Қожа Ахмет Яссауи мавзалейі мен Тамғалы археологиялық ландшафтың петроглифтері, сонымен қатар «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері» нысаны да кірген. Жібек жолының Жетісу бөлігіндегі сегіз қазақстандық нысан: Талғар, Қаялық, Қарамерген, Ақтөбе, Өрнек, Құлан, Қостөбе, «Ақыртас» археологиялық кешені «Жібек жолы: Чанань Тянь-Шяньдық дәліз бағыттарының желісі» ұлтаралық топтама номинациясы құрамында ЮНЕСКО бүкіләлемдік мұра тізіміне еніп отыр.
Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында халықтың санасына «жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру» үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеуге тапсырма берді. Бұндағы басты мақсат тарихи құндылықтарды және ұлт мүддесі жолында, артынан өшпес із қалдырған ұлы тұлғалардың мұраларын насихаттау, тарихи мұраларымызды әлемге таныту арқылы «Халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрау», «Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу» болып табылады. Жас ұрпаққа рухани тәрбие беру жолындағы біздің ізгі қадамдарымыз «Жүз рет естігенше, бір рет көр» деген халық даналығымен ұштасып, бүгінгі жас ұрпақ жалпы ұлттық қасиетті орындардан бойына отаншылық сезім, патриоттық тәрбие алып жатса алға қойған мақсатты жұмысымыздың бір парасының орындалғаны да.
Сұрақтар:
1.Киелі, әулиелі, қасиетті сөздерінің мағынасын қалай түсіндіресің?
2.Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі жалпыұлттық қасиетті орындардың рөлі қандай?
3.Өзің туып өскен жеріңдегі қасиетті, киелі орындар жөнінде не білесің?
Әдебиеттер:
1. Аташ Б.М. Арынов Ж. М. Қазақтың салт дәстүрі мен әдет ғұрпы. Қазақ журналы №9 156, қараша 2017 ж., 34-35 бб.
2. Джекебаева М. Еркіндік пен жауапкершіліктің өзара байланысы. Монография. – Алматы, Қазақ университеті, 2015. – 176 б.
3. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өр-кендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы // Жукешов Қ. Асанбекова Г. Адам. Қоғам. Құқық. – Алматы: Мектеп, 2005. – 204 б.
4. Әбдіқасымов Р., Бөлеев Қ., Бөлеева Л.Қ. Ұлттық тәлім-тәрбие. Дайындық курсының бағдарламасы. – Ж., 1993.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет