«Қоғамдық сананы жаңғыртудың өзекті мәселелері»


Дәріс № 13. «Қазақстандағы 100 жаңа есім және ел болашағы»



бет14/17
Дата24.04.2022
өлшемі1,38 Mb.
#140704
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
Байланысты:
система межд отнош, Бастауыш 5, Белль (Дисней) — Википедия, 9aa3ce5a0ff87098a5a0a1515fd9eba7, 99092cd84c83abcfac06dd9f7fc25a84
Дәріс № 13. «Қазақстандағы 100 жаңа есім және ел болашағы»
Жоспар
1.Қазақстанның 100 жаңа есімі – елге үлгі боларлық табысты келбеті
2.Қоғам, ғылым, бизнес және медицина, мәдениет, спорт саласындағы жаңа есімдер

Қазақ халқының мемлекет болып қалыптасу тарихында ерен еңбектерімен, қайраткерлік істерімен мәңгі ұлт мақтанышына айналған тұлғалар жетерлік. Тәуелсіздік жылдарында осы дара жолдың тарихи сабақтастығы болып, жаңа Қазақстанның келбетін қалауда, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың әр салада атқарған іскерлік, жаңашылдық ғылыми- ізденістік жұмыстарының қолданбалық мәні мен маңызы еш күмән туғызбайды. Жаһандану жағдайында Қазақстанның заманауи жаңарған келбетін өздерінің сан қилы тағдырларына қарамастан, азаматтық рухтарын жігерлендіріп, көп қырлы ізденімпаз, тынымсыз еңбектерінің нәтижесі мен жетістігі арқылы әлемдік өркениетке танытқан азаматтардың еңбегі баршаға үлгі боларлық бастама. Осы орайда Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында қазақстандықтарға, жастардың үлгі алуына заманауи Қазақстанның келбетін танытуға мүмкіндік беретін «100 жаңа есім» жобасы ұсынылды. Президент Н. Ә. Назарбаев: «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деп идеясының негізгі мақсатын атап көрсеткен болатын. Елбасының идеясымен «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында қолға алынған бұл жоба өнерімен, білімімен, қоғамға сіңірген еңбегімен, ерекше қасиеттерімен дараланған талантты азаматтардың танылуына үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Бұл жоба нақты үш мәселені шешуге бағытталған.


1.Ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту.
2.Оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиялық алаңын қалыптастыру.
3.«100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс.
Бұл жоба аясында Қазақстанның әр түрлі өңірінде өмір сүретін, әр түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің табысы, табысқа жету жолдары баяндалмақ. Тәуелсіздік жылдары тарихында өздерінің қилы тағдырларына қарамастан, әр салада нақты жетістікке жеткен «жарымжан жандар» мен іскер азаматтардың ел дамуына қосқан үлесін қазіргі қоғамға таныту қажет.
Мемлекеттік деңгейде қолға алынған «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасын жүзеге асыруда Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Дархан Мыңбайдың қатысуымен жұмыс тобы мен сарапшылар, БАҚ өкілдері нәтижелі ауқымды істер атқарды.
«100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші өтініштер қабылданды. Ол краудсорсинг негізінде жүзеге асты. Жобаға кез келген үміткердің қатысу мүмкіндігі болды. Басты критерий – Тәуелсіз Қазақстанның көркеюіне қосқан үлесті көрсету. Барлық талаптары мен ережелері 100esim.el.kz сайтында жарияланды. Жоба сайтына келіп түскен барлық жарияланым оқырмандарға қол жетімді болды және әрбір қатысушы үміткерлер туралы мәліметтер екі тілде әлеуметтік желілерде жарияланып, көпшілік қауымның талқысына салынды. Жұмыс тобы мен сарапшы комияссия келіп түскен жұмыстарды қоғамдық пікірге сүйене отырып, іріктеу жұмыстарын жүргізіп, «100 жаңа есім» жобасына лайық кейіпкерлер таңдауға түсті.
Жаңа есімдерді анықтауға жұртшылық жоғары белсенділік көрсетті. Жобаға ұсыныс 2017 жылдың 7-маусымынан бастап 15-қыркүйекке дейін еліміздің түкпір-түкпірінен үміткерлерден өтініштер қабылданды. Олар «Ел.kz» тіркеліп, үміткерлердің саны 2212 жеткен.
2017 жылдың 1-желтоқсан - Тұңғыш президент күніне орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасы мәресіне жетіп, қорытындыланды. Қоғамға сіңірген еңбегімен, өнерімен, білімімен, ерекше қасиеттерімен дараланған «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан азаматтарымызбен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев салтанатты түрде қабылдау ұйымдастырды. Кездесуде сөз алған Елбасымыз бұл жобаның халық тарапынан ерекше қолдауға ие болғандығын атап өтіп, жеңімпаздарға артылар жауапкершіліктің зор екенін ескертіп ойын былай өрбітті:
«Қадірлі достар! Бүгінгі кездесуге келгендеріңіз үшін, қатысып отырғандарыңыз үшін мен өте қуаныштымын! Мен үшін екі туған күн бар. Біріншісі, өздеріңіз білетіндей, өз туған күнім – 6 шілде. Екінші туған күнім – 1 желтоқсан. Бұл – Қазақ елі бүкіл халық болып тұңғыш рет Қазақстан халқы Президентін сайлаған кез. Сол сынға түсіп, тұңғыш рет 90 пайыздан астам дауысқа ие болдым. Содан бері 26 жыл өтті. Сол кезең мен қазіргі кезең екі бөлек дəуір. 26 жылда көп дүние өзгерді. 26 жыл бұрын өмірге келген бала қазір 26 жаста ғана. Бұл еңбекке араласатын ең жақсы кезең. Бүгінде əлем алға қарыштап барады. Қазір елдер мен елдердің, халықтар мен халықтардың, адамдардың арасында бəсекелестік орнаған дəуір. Сол үшін үнемі ағысқа қарсы жүзгендей алға ұмтылу керек. Тоқтап қалсаң, толқын артқа сүйреп əкетеді. Басқа дамыған елдермен бір қатарда болғымыз келсе, біз санамызды да жаңғыртуымыз керек. Қазір елімізде жастардың дамуына барлық жағдай жасалған. Тың идеяларды жүзеге асырып, танылуына толық мүмкіндік бар. Тек осы сəтті ұтымды пайдалану қажет. Өйткені жалындап тұрған жас буынның уақыт көшінен қалып қоймауы өте маңызды. Сана жаңғырмаса, адам ешқандай жетістікке жетпейді. Сіздер – бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар, – деді.
Кездесу барысында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде ой бөлісіп, өздерінің жетістіктері туралы айтты.
Көпшіліктің онлайн дауыс беру нәтижесінде әр сала бойынша 102 есім анықталды. Қоғам – 30, Ғылым – 18, Мәдениет – 10, Медицина – 18, Бизнес– 13, Спорт – 13 жаңа есімдер анықталды.
Біз халықтың айрықша ықыласына ие болған, істеген істері шын мәнінде, Қазақстанның жаңарған келбетін әлемдік деңгейде таныта алған, атқарған істері халық үшін пайдалы, жастарға үлгі-өнеге боларлық, ерекше рух, жігер беретін бірнеше жеңімпаздардың жетістік тарихына тоқталып өтуді жөн көрдік.
«Қоғам» саласы бойынша жеңімпаз атанған Н.Б. Әлтаевтың ізгі шарасына тоқталайық.
Әлтаев Нұржан Бауыржанұлы – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары.Әлтаев Нұржан Бауыржанұлы –«Оқитын ұлт» қоғамдық қозғалысын негіздеген. «Оқитын ұлт» өз жұмысын 2016 жылы қазанда бастаған болатын. Әлтаевтың сөзінше, «ұзақ уақыт кәсіпкерлікті дамыту саласында жұмыс жасаған кезде ол бизнес үшін сыртқы жағдай маңызды ғана емес, оған қатысатын адамдардың бастамаларға деген дайындығы, оқуға деген қабілеті, жаңаны қабылдай білуі де қажет деген ойлармен бетпе-бет келген. Сондықтан да бізге өз азаматтарымыздың жалпы деңгейін көтеру өте қажет. Оқу – ұлт жетістігінің кепілі». Оқуды танымал етіп ілгері жылжытудағы проблеманың бірі – кітапханалардың жағдайы. Бұл – қорлардың толықтырылмауы, балалармен жұмыстың жеткіліксіздігі еді. Аудандық кітапханалардың проблемаларын шешу бұл жерде аса маңызды. Қазір кітапханалар көбінесе тек қалаларда ғана бар. Олардан өзге жерлерде әлде жоқ, әлде кітапхана қоры өте жұтаң, әрі ескірген болуы керек. Нұржан Әлтаев айтады: «Ауылдарда Қазақстан халқының тең жартысына жуығы өмір сүріп жатыр. Ал еліміздің осы бөлігі қаншалықты білімді болса – біздің болашақта қалай дамимыз деген жоспар да дәл осыған тәуелді болмақ. Біз кәсіби біліктілігі төмен азаматтардың тобын қабылдап аламыз ба, әлде оқуға ынта-қабілеттілерді қабылдап аламыз ба? Аудандық кітапханалар – осы проблемаларды шешу жолындағы ең маңызды қадам болмақ. Мемлекет тарапынан осы проблемаларды шешу жолында нақты әрекеттер қажет. Осы ретте, азаматтық қоғамның бірлесе әрекет жасауы ерекше рөл ойнайтынын атап өткім келеді. Біздің елімізде өз азаматтарымызды ағарту мәселелері ойландыратын, олардың білім деңгейін көтеруге деген шынайы қызығушылықа ие адамдар өте көп. Оларды осы міндеттерді шешу жолында тек жұмылдыра білу керек».
«Оқитын ұлт» қоғам үшін ең маңызды істі атқаруда. Білімді жаңа буын, оқуға деген қоғамның қызығушылығы – Қазақстанның болашға үшін ауадай қажет-ақ. Мемлекет басшысы біздің алдымызға қойып отырған қоғамдық сананы жаңғырту міндеті әлемдік мәдениеттің үздік образын жинақтай білген буынды талап етеді.
Кәсіпкерлікке оқыту, Әлтаев өзі жақсы білтеніндей, өте таңызды міндет. Және ол осы салада көптеген жұмыстар атқарып жүр. Мысалы, оның жетекшілігімен «Кіші бизнес үшін 100 жоба» кітабы әзірленді. Іс-тәжірибе көрсеткеніндей, мұндай басылым өте тиімді болуы мүмкін екен. Нұржан Әлтаев атап көрсеткеніндей, Алматы облысының бір колледжі экспериментті түрде «Шағын бизнес үшін 100 жоба» анықтамалығын оқу-әдістемелік құрал етіп алған екен. Бұл бизнес жоспарларды қарап, ондағы қолжетімді бағаларды көріп, оларды өз мүмкіндігімен өлшей отырып, оқушылар ең бастысы – бизнес дегеннің әлдебір мүмкін емес нәрсе емес, әркімнің қолынан келетіндігін түсінді. Нәтижесінде, түлектердің көбі өз бетімен жеке шағын бизнесін (қызмет көрсету, сауда,азық-түлік өндірісінде және т.б. салаларда) ұйымдастыра алды.
Шахан Жолдасбаев – "Пандус.Ок" әлеуметтік жобасының авторы, спортшы, кәсіпкер.
Өз өмірімен, ерік-жігерімен кейінгі буынға үлгі, алдыңғы буынға мақтаныш болатын азаматтар бар. Солардың бірі Шахан Жолдасбаев. Мүмкіндігі шектеулі жан деп ол туралы мүлдем айта алмайсыз. Ол мүмкіндігі шектеуді жандар арасында Германияда өткен жүзу чемпионатының қола жүлдегері. Оның «Пандус. Ок» әлеуметтік жобасы аймақтағы үздік деп табылған. Жеткен жетістіктерімен, еңбегімен, іс-әрекетімен көптеген азаматтарға үлгі болған Шахан Қазақстанның 100 есіміне енуге лайық тұлғалардың бірі деп санаймыз.
Шахан жол апатына түсіп, мойын омыртқасының сынғанда қол-аяғы сал болып қалған еді. Арбаға таңылған азамат 2 минут 23 секунд ішінде 100 метр арқамен жүзді дегенге сенесіз бе? Иә, оның өмірі құдды мотивациялық фильм сияқты.
Шахан Жолдасбаев төрт жыл бұрын «Атамекен-Startup» бизнес идеялар байқауында алғашқы 2 миллионын ұтып алып, өз құрылыс фирмасын ашқан болатын. Құрылыс саласында табысты жұмыс жасауына оның инженерлік білімі де ықпал етті. Оның «Пандус-Ок» ЖШС өндірістік және материалды-техникалық базаны дайындаумен айналысады. Осылайша 2014 жылдың маусым айынан бастап компания «Біз үшін бізсіз құрылыс салмаңыз!» ұранымен өз ісін бастап кетті. Осы жылдар аралығында «Пандус.Ок» әлеуметтік жобасы аясына жас кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 20 астам нысандар салды.
Жаһандану жағдайында Қазақстан мемлекеті экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабілетті болуымен қатар, ғылымымызды да әлемдік өркениетте мойындатуымыз аса қажет. «100 жаңа есім» жобасы аясында ғылым саласында да қолданбалық жетістігі жоғарғы ғылыми жаңалық болып бағаланған жас ғалымдарымыз көп. Ғылым саласындағы солардың бірегейі- ғалым Мәулен Бектурғанов. Ол– MBionics компаниясының негізін салушы.
«9 сыныптан бастап Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебінде оқыған. Математикамен қоса, бағдарламалау олимпиадаларына қатысқан.
Оның айтуынша: «Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне (ІТ университеті) оқуға түскеннен кейін ғылыммен айналысуға көп мүмкіндіктер туды. Заманауи технологиялармен жабдықталған лаборатория қол астымызда болды. Ең алғаш жасанды қолдың нұсқасын 2015 жылы көрдім. Алғашында бионикалық протез жасай бастағанымда әлемде аналогы бар қолды не үшін жасап жатырсың дейтіндер болды. Біздің қазақстандықтар осындай протездерді шетелден тым қымбат бағада сатып алуға мәжбүр. Көпшілігінің қалтасы көтере бермейді. Оны іздеп табуға да мүмкіндіктері аз. Сондықтан, мен қолжетімді бағада отандық өнімдер шығаруға бел будым.
Алғашында жасанды қолды тәжірибеден өткізу үшін тегін жасап бергенмін. Баланың ата-анасы менің жобам туралы естіп, хабарласқан соң жасап бердім. Жасанды қол әрбір адамға жеке дайындалады. Себебі, қолдың зақымдануы мен сезімталдығы әр түрлі болады. Бағасы да соған қарай белгіленеді.
Біз соңғы жаңалықтардың бәрі тек АҚШ-та бар деп ойлаймыз. Бұл қате пікір. Тіпті, АҚШ-тың өзінде жасанды бионикалық қол шығарылмайды. Әлемде жасанды қол шығаратын елдер өте аз. Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде бар болғаны он шақты компания жұмыс істейді. Енді жасанды қол жасатқысы келетін ІІІ топтағы мүгедектер шетелге бармай-ақ, отандық бионикалық протез-қолдың иесі атана алады. Біздің компания өздері өндіретін жасанды қолға кепілдік береді. Біз бірінші кезекте ақша үшін емес, ғылым мен тәжірибе үшін жұмыс істейміз.
Болашақта жасанды көз қарашығын жасағым келеді. Ғылым бір жерде тоқтап қалмау керек. Қолға арналған бионикалық протездерді қолданысқа толықтай енгізіп болған соң, жасанды аяқ жасауды қолға алмақпын.
Қазіргі таңда жастар арасында да, ересектер арасында да көздің көру қабілеті үлкен мәселеге айналып отыр.
Жетістікке жету формуласы
Әр саланың, әр адамның формуласы әр түрлі болады. Сондықтан, мақсат неғұрлым биік болған сайын, құлшыныс та, күнделікті процесс те соғұрлым қызықты болады. Адам өзінің сүйікті ісімен айналысқанда ғана жетістікке жете алады.
2017 жылдың ғылым саласындағы «100 жаңа есім» жобасы бойынша жас ғалымның аты Қазақстанды әлемге таныстыратын жарқын есімдердің біріне айналды.
Мәдениет саласында жеңімпаз атанған Калыкова Саида Тұрарбекқызының тағдыры ерекше.
Калыкова Саида Тұрарбекқызы – Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының солисі
Саида мектепті тәмамдаған соң, Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы музыкалық колледжге түсті. Мұны да үздік бітіріп, 2006 жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түсіп, оны 2010 жылы үздік бітірген. 2011-2014 ж. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Италияның Флоренсия қаласында магистратураны «Loude» белгісімен аяқтап, музыка академигі дәрежесін алып шығады. Қазіргі кезде Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының солисі.
Саида қазақ, орыс, ағылшын, сондай-ақ испан және француз тілдерінде еркін сөйлейді. Бүгінгі таңда ол қоғамдық өмірге белсене қатысып, бүкіл әлемдік қайырымдылық шараларына қатысады.
Тағдырдың соққысына мойымай, бойына біткен дарынын ұштап жүрген дара тұлғалардың бірі – Саида Қалықова. 9 жасында көру қабілетінен айырылса да, өмір мен өнерге деген құлшынысы алға жетелеген Саида бүгінде Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының солисі, бірқатар музыкалық шығармалардың авторы. Бұған дейін халықаралық байқауларда лауреат атанған. Елбасымен болған салтанатты кездесуде сахнаға көтерілген Калыкова Саида Елбасы мен қатысушыларға арнап өзінің шығармасын орындап берді. Қайсар қызға тәнті болып, өнеріне қол соққан Елбасы өзінің ризашылық сезімін білдірді: «Рахмет, Саида. Осы жолыңнан айныма. Сен қанша адамдарға, жастарға үлгі-өнеге боласың, адамның мүмкіндігі шексіз екенін көрсетесің. Бақытты бол. Ұзақ ғұмыр тілеймін. Әлі талай шығармаларды дүниеге әкеліп, бізді қуантатыныңа сенімдімін!»
Қазақстанның бизнес іскерлік саласында жетістікке жеткен кәсіпкерлердің бірегейі- Арман Тоқсанбаев.
Арман Тосқанбаев – қазақтың жас кәсіпкері, қоғам қайраткері, Жас кәсіпкерлер Ассоциациясының жетекшісі.
Оның Қазақстандық сағаттарды жасап шығару шынайы өмірде көрініс тапты. «Отан патриоты» сағаты қазіргі таңда Қазақстандық брендке айналды.Сонымен қатар, Арман әлеуметтік маңызы бар жобаларды да қолға алған.
Солардың бірі – гидропонды қондырғы. Аталған қондырғының мақсаты да қарапайым: тігінен орналасқан көп сатылы сөрелерде жемдік дән өсіру. Жобаның арқасында шаруа қожалығы бар адамдар жылқы-сиырлары үшін өз жертөлелерінде жем өсіре алады. Жем өсіру процесін толығымен автоматтандыратын қондырғының жұмысына жұмсалатын электр қуаты мен судың да мөлшері айтарлықтай төмен болады екен
Спорт саласында ауыр тағдырларына қарамастан ерекше жетістіктерімен ерекшеленетін жеңімпаздардың бірегейі -Зульфия Раухатовна Габидуллина.
Зульфия Раухатовна Габидуллина – қазақстандық спортшы, жүзу бойынша халықаралық класстағы Қазақстан Республикасының спорт шебері.
1965 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1971 жылы жол апатына ұшырап, омыртқабас, қол және аяқ жарақатын алған.
2013-2015 жылдардағы әлем чемпионаттарының күміс және 3 мәрте қола жүлдегері, Бүкіләлемдік ойындардың бернеше мәрте жеңімпазы, әлемнің 12-мәрте рекордсмені.
Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиялық жазғы ойындарда 100 метр қашықтыққа еркін стильмен жүзуден Қазақстанға алғашқы алтын медалді әкелді.
Спортпен 1990 жылдан бастап шұғылдана бастады. 1991 жылы алғаш рет өткен президент сыйлығына мүгедек арбасымен жарысудан додаға қатысты. Ал 2007 жылдан бастап жүзумен кәсіби түрде айналыса бастады.
З. Габидуллина бірнеше әлемдік рейтингтер бойынша ғаламшардың ең мықты сегіз жүзгіштерінің қатарында.
Қазақстандық спортшы алтын медалді тек әлемдік қана емес, паралимпиялық рекорд — 1:30.07 (әуелгі әлемдік рекорд та оған тиесілі болған — 1:34.86) қойып, жеңіп алды.
Бүгінгі күні 156 медаль және 200 грамота мен дипломның иегері болып табылады.
Қорыта келгенде, өздерінің игі істері арқылы халықтың ыстық ықыласына, таңдауына ие болған 2017 жылдың «100 жаңа есімі» тәуелсіздіктің жылнамалық тарихына енеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан «Қазақстандағы 100 жаңа есім, табысты адамдар-табысты ел» жобасының жеңімпаздарының өмір жолы мен жетістіктері қазақстан­дықтардың тұлғалық тұрғыдан дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Президент Н.Ә. Назарбаевтың идеясымен қолға алынған тың жоба ел мүддесіне қызмет етті деуге толық негіз бар.
Сұрақтар:
1.Қазақстандағы 100 Жаңа есім идеясының мақсаты мен мәнін қалай түсінесіз?
2.Заманауи Қазақстанды әлемге танытудағы қандай өнертапқыш ғалымдардың еңбегін айта аласыз?
3.Медицина саласында соңғы ғылыми қолданбалы, жаңашыл емдеу тәсілдерін енгізген дәрігер ғалымдарды білесіз?
4.Спорт саласында әлемдік рекордты жаңғыртқан тұлғалардың қандай қасиеттері сізге үлгі?
5. Сіздің ойыңызша, Жастардың бойында іскерлік қабілетті қалыптастыру үшін қандай қасиеттер басым болуы керек?
6.Мәдениет саласында Қазақстанды әлемге танытқан қандай талантты музыканттарды білесіз?
Әдебиеттер:
1. Аташ Б.М. Арынов Ж. М. Қазақтың салт дәстүрі мен әдет ғұрпы. Қазақ журналы №9 156, қараша 2017 ж., 34-35 бб.
2. Джекебаева М. Еркіндік пен жауапкершіліктің өзара байланысы. Монография. – Алматы, Қазақ университеті, 2015. – 176 б.
3. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өр-кендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы // Жукешов Қ. Асанбекова Г. Адам. Қоғам. Құқық. – Алматы: Мектеп, 2005. – 204 б.
4. Әбдіқасымов Р., Бөлеев Қ., Бөлеева Л.Қ. Ұлттық тәлім-тәрбие. Дайындық курсының бағдарламасы. – Ж., 1993.
5.Н.Ә. Назарбаев: «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» // Егемен Қазақстан. 12 сәуір, 2017 жыл
6.«Ел жадында жатталатын 100 есім» // Егемен Қазақстан. 4 желтоқсан, 2017 жыл
3.http://100esim.el.kz




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет