Тақырып: Психикалық дамуы тежелген балалар психологиясы
Дәріс мазмұны:
Психикалық дамуы тежелген балалар түсінігі.
ПДТ-ның пайда болу себептері.
Психикалық дамуы тежелген балаларға психологиялық- педагогикалық сипаттама.
Психикалық дамуы тежелген балаларға кешенді көмек ету жүйесі.
Психикалық дамуы тежелген балалар түсінігі (ПДТ) - бұл балада танымдық әрекеттің жеткілікті дәрежеде дамымауы және эмоционалдық ерік сапаларының анық сипат алмауымен сипатталады. Арнайы түрде психикалық дамуы баяуды кешенді түрде зерттеу және балалар ауытқушылығының дамуын білу арнайы психологияда 60-70-ші жылдарда қарастырылды. Бұл мектеп практикасының қажеттілігінен көрініс алып туындады. Г.Е.Сухарев, Т.А.Власов, М.С.Певзнер, В.И.Лубовский, К.С.Лебединский зерттеулерінде төменгі сынып үлгірмеушіліктерінің негізгі категориясы бұл оқытуда қиыншылыққа ұшырауы, психикалық дамудың баяу қарқындылығымен қамтылған. Көпшілік жағдайда балаларда психикалық дамудың баяу болуының себебі ең аз мөлшердегі органикалық бұзылыстар немесе орталық жүйке жүйесінің қызметінің әлсіздігі, дүниеге келу сәтіндегі және бала өмірінің алғашқы жылындағы түрлі қолайсыз әсерлер нәтижесі, ұзақ созылмалы аурулар, әлеуметтік-мәдени жабығулар (отбасындағы, балалар үйіндегі қолайсыз жағдайлар), стрестік, психотравмалық факторлардың әсері. Психикалық дамуы тежелген балалар – тұрақты түзетуді педагогикалық- психологиялық тұрғыдан үйлесімді жағдай жасауды және медициналық емдеу шараларын да қажет етеді.Мектепте қиындықпен оқылатын балалар тобының көп бөлігі психикалық дамуы тежелген балалар тобы құрайды. Мұндай көпсандық топтың 50% жуығы бастауыш сынып оқушыларын қамтиды және бұл оқушылар тобы педагог –психологтарды өздеріне еріксіз назар аудартады.
Психикалық дамуы тежелген балалар дегеніміз – оқу бағдарламасын меңгеруде қиындықтарға кездесетін үлгермеуші балалар. Мұндай балалар білімі мен дағдыларына, тұлғалық жетімділігіне мінез-құлқына байланысты мектепте оқуды бастауға дайын емес. Олар оқуда көп қиыншылықтар көреді: мектепте орнатылған тәртіп нормаларын сақтау оларға аса қиын. Оқудағы қиыншылықтар олардың жүйке жүйесінің әлсіреуінен тереңдей түседі – жүйкесі тозып, соның салдарынан олар тез шаршайды, жұмысқа қабілеті төмендейді, бастаған жұмысын аяқтамайды. ПДТ балалардың барлығына тән ерекшілік қоршаған орта және өзі жайында ұғым түсініктері үзік-үзік шектеулі, моральдық норма туралы түсінігі анық емес, танымдық қызығушылығы әлсіз, танымдық белсенділіктері төмен, ақыл-ой операциялары мен әрекеттері жеткілікті қалыптаспаған, сенсорлық жаңалықтарды қабылдауда және оны өңдеуде жылдамдығы жай болу жиі байқалады, әрі коммуникативті қарым-катынастары жеткіліксіз дамымағандықтарымен сипатталады.
Балалардың сөйлеу тілінде қалыс қалушылық, сөйлеу белсенділігі төмен, әсіресе дыбыстау кемшілігі, аграмматизм, сөздік қорлары шектеулі, сөзді реттей алу функциясы баяу деңгейде көрініс береді. Оқу және ойын мотивациясын игеруде әлсіздік байқала отырып, өз мінез-құлықын реттеуде мағынасыздық қалыптасып көрініс береді, эмоционалдық ерік-сфераларында қозғыштық, сезгіштік және тұрақсыздық байқалады. Балалар моторикасының жетіспеушілігі, әсіресе ұсақ қол моторикасы, қозғалыс координациясының қиыншылығы, гиперактивтілік байқалады. Психикалық дамуы тежелген балаларды қалыпты дамыған балалармен салыстырып қарағанда жас жағынан сәйкес келгенімен, танымдық әрекетерінің дамуы зейіні, қабылдауы, ойлауы, сөйлеуі, есте сақтаулары жағынан қалыстық байқалады. Мұндай балаларға дер кезінде дамуына үйлесімді педагогикалық тұрғыдан көмек, әрі бағыт беріліп жақын арада дамытылса, олардың дамуында ілгері басушылық болады.
Психикалық дамуы тежелген балаларға кешенді көмек ету жүйесі жүзеге асырылады:
Арнайы білім беру мекемелерін құру, оны жабдықтау (мектепке дейінгі мекемелердегі арнайы топтар, арнайы мектеп –интернат, жалпы мектептердегі түзету –дамыта-оқыту сыныптары);
Дамуында кемшілігі бұзылысы бар балаларды ерте анықтау, бастауыш, жалпы білім беру негізінде оларды білім қажеттілігімен қамтамасыз ете отырып, түзету жұмысының формасымен және әдістерімен қамту;
Түзете-білім беру ісінде балалардың денсаулығын нығайтуда педагогикалық, медициналық және психологиялық диагностика жүйесін мақсатты түрдегі келісімділікпен қамту;
Жалпы білім беру мекеме жағдайында емдеу-сауықтыру және алдын алу шаралар жүйесін құру;
Психикалық дамуы тежелген балаға білім беруде оқу–әдістемелік және практикалық тұрғыда қамтамасыз ету;
Мектепке дейінгі және мектептегі білім беру жүйесінде түзетуге арналған педагогикалық кадрларды әзірлеу;
Отбасына арналған ақыл-кеңестік қызмет үлгілерін әзірлеп отыру;
Кәсіби мамандыққа бағдарлау мазмұны мен міндетін анықтау.
Түзету жұмыстары жекелей және топтық түрде өткізіледі. Баланың жеке қызығушылығын ескере отырып, жеке қабілеттерін дамыту мақсатында факультативтік курстар (көркем-эстетикалық, музыкалық, еңбек, спорттық және т.б.) енгізіледі.
Оқушыларды түзете-дамыту сыныптарында оқыту оның мүмкіндіктерін ескере отырып, оның денсаулығын нығайту және қорғау, білім беру жағдайын туғызу негізінде ұйымдастырылады.
Мектепке дейінгі және мектептегі психикалық дамуы тежелген балалармен жұмыстар баланың жанұясымен байланыс арқылы табысты болады. Психикалық дамуы тежелген балалардың ата-аналары түзете-дамыту үрдісіне белсенді қатысып араласуы қажет. Сонымен қатар, ата-аналар арасында педагогикалық психологиялық білімді тарату, тузете-дамыта-оқыту сыныптарының артықшылықтарын түсіндіру, психолог-педагог мамандарға сенімін нығайту және бірлесіп жұмыстануға тілектестіру маңызды болып табылады.
Бұл балалардың оқу үлгерімі ерекшеліктеріне келетін болсақ, бұл балалардың оқуға үлгермеушілігі 1-сыныптан бастап көріне бастайды. Бірақ анық белгілері 2-3 сыныпта белгілі болады. Оқу процесінде олардың оқу дағдыларындағы кездесетін кемшіліктер:
- сабақ процесіне жай қосылады;
- оқу материалын жай немесе тіптен қабылдамайды;
- берілген тапсырманы мұғалімнің көмегінсіз орындай алмайды;
- оқу мен жазуы жай;
- оқыған мәтінін түсінбейді және түсінгенін айтып бере алмайды;
- есептер шығарған кезде үлкен қателер жібереді;
- тез шаршағыш;
- сыныптастарымен аз араласады;
- өз ойын анық айта алмайды.
Мұндай балалардың жұмыс қабілетінің төмендеуі және зейін тұрақсыздығы әр балада түрлі көрініс табады. Осылайша кейбіреулерінде аса жоғарғы зейін қоюы және неғұрлым жұмысқа деген жоғарғы қабілеті тапсырманы бастағанда байқалады да, оны орындау барысында төмендей береді; енді бірінде – зейіннің артуы жұмыстың біраз уақыты өткен соң басталады; ал тағы басқаларында зейін қоюы және жұмыс қабілеті біркелкі болмай, мезгіл-мезгіл толқып тұрады. Психикалық дамуы тежелген балалар зейіннің ерекшеліктері оның тұрақсыздығынан, бір объектіге тұрақты көңіл бөле алмайтындығынан көрінеді. Басқа да сыртқы қоздырғыштардың болуы бұл оқушылардың жұмысын тежеп, қате жіберуін арттырады. ПДТ балаларда қабылдау қабілетінің дамуы да төмен, мұны балалардың қоршаған әлем туралы білімдерінің жеткіліксіздігінен, шектеулігінен, үзік-үзіктігінен, әдеттегі қалыптан басқаша тұрған заттарды, сызбалық бейнелерді тани алмайтындығынан (егер олар сызылып тасталған немесе бірінің үстіне бірі орналастырылған болса) байқауға болады. Есте сақтау процестерін зерттеу ырықты есте сақтау нәтижесінің жеткіліксіздігінен, есте сақтау көлемінің аздығын, есте қайта жаңғырту қиынға түсіп, оның нақты болмайтынын көрсетті. Мұндай балалардың танымдық қызметінің дамуында да айқын артта қалушылық пен өзгешеліктері бар. Олардың барша ойлау формаларының артта қалуы байқалады, мектептегі оқудың басталуына қарай мұндай балаларда, әдетте әлі негізгі ойлау операциялары талдау, топтау, салыстыру, қорыту қалыптаспаған. Танымдық белсенділігінің төмендігі айқындалған. ПДТ балалардың тіл байлығы әдеттегі балаларға қарағанда 20-30 % төмен деңгейде. Сөздік қорында бар сөздердің өзін қолданғанда, олар көбінесе қате жіберіп, сөз мағынасын толық түсінбейтінін көрсетеді. ПДТ оқушылардың грамматикалық қорыта білуі әлсіз, олардың сөйлеу тілінде грамматикалық конструкцияларды дұрыс қолданбауы жиі кездеседі. ПДТ балалардың мінез-құлқы да өзіндік ерекше. Мектепте олар өздерін әлі мектепке дейінгі жастағы кішкене балалар сияқты ұстайды. Оларда оқуға деген қызығушылығы жоқ немесе аса әлсіз, мектепке деген жағымды қатынасы да байқалмайды. Олардың жетекші қызметі – әлі де ойын болып қалады. Жүйелі түрде оқыту басталғанға дейін ПДТ балаларда ойын әрекетінің жоғарғы формасы – сюжеттік-рөлдік ойын қалыптаспаған, шын мәнінде баланы өз қызметінің жаңа түрін – оқу қызметін орындауға дайындайтын ойынның осы формасы, тіпті ойынды ересектер немесе дұрыс дамып келе жатқан құрдастары ұйымдастырған жағдайда да бұл балалар өзіне бөлінген рөлді орындай алмай, біреуінен екіншісіне ауысып, манипуляциялық әрекет жасайды. Психикалық дамуы тежелген балалармен жүргізілетін түзете дамыту жұмыстарының түрлері көп. Түзету жұмыстарын жүргізудің принциптері төмендегідей:
- баланың жеке тұлғалық ерекшеліктерін анықтау;
- шаршап кетпеуін анықтау;
- оқу әрекетін ойын түрінде ұйымдастыру, кеңістікті бағдарлауын дамыту;
- сыныптан тыс тәрбие сағаттарына қатыстыру;
- ойын дағдыларын оқу әрекетіне аудару;
- арнайы әдістемелермен оқытуды ұйымдастыру;
- жылдық диагностикалық даму деңгейін салыстыру.
Мамандардың оқыту түзету процесінде әдістемелік нұсқауларды дұрыс және жоғары деңгейде ұйымдастыруына байланысты психикалық дамуы тежелген балаларды өз жасындағы балалардың даму деңгейіне жеткізуге болады. Білім беру мекемесінде оқитын ПДТ балалар әр уақытта нәтижеге жету үшін бақылаудан тыс қалмауы қажет. Психолог, сынып жетекшсі, ата-ана тығыз байланыста болған жағдайда баламен жүргізілетін жұмыс нәтижелі болады, яғни баланың өз-өзіне деген сенімділігін арттыру арқылы түзете дамыту жұмыстарын жүргізу тиімді. ПДТ баламен жүргізілетін жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастыру керек. Дидактикалық материалды жеткілікті түрде қолдану, қазақ тіліндегі оқулықтардың жеткілікті болуы, көрнекі құралдардың эстетикалық және педагогикалық талаптарға сәйкес келуі, ойын құралдарының әртүрлігі, іс-әрекеттен тыс техникалық құралдардың жеткілікті қолданылуы – бұл баланың сөз сөйлеуін жақсы меңгеруінің бір шарты болып табылады. Танымдық және сөйлеу іс-әрекетінің дамуына жеткізетін әдістерінің бірі – ойын. Ойын баланың өзінің қарым-қатынасқа деген қажеттігін, сезімдерін, ойларын және эмоцияларын сыртқа шығаруын қамтиды. Ойынды дұрыс ұйымдастыру арқылы баланың сөздік қоры дамиды, басқа балалармен қарым-қатынаста өзін еркін сезінуі және қоршаған ортаға байланысты білімдерін кеңейтеді. Ойын барысында қолданған сөздерді бала күнделікті өмірде қолданатын сөздік қорына кіргізеді. Бала белгілі әлеуметтік ортада өсіп, айналасындағы заттар мен құбылыстарды танып біледі, олармен тікелей қарым-қатынастарда әсерленіп, бойындағы табиғи қасиеттерін жетілдіріп, ақыл-ой сезімін таным әрекетімен байланыстырады. Сезімнің бұл түрі балалардың оқып білім алуын, дүниетанымын, көзқарасын қалыптастырады. Баланың шындықты тануға деген ең алдымен таңданудан басталады, таңдауы баланың бәрі бір нәрсенің, құбылыстың, оқиғаның мән-жайын жан- жақты танып, оларды тереңірек түсінуіне жетелейді, оның ізденімпаздық әрекетін тудырады. Психикалық дамуы тежелген балаларды оқытудың негізгі әдісі біріктіру болып табылады. Қазіргі шақта біріктіру – зейін орталығы. Біріктіре оқыту арқылы бала дамуының ерекшеліктерінен жалпы білім беру стандартының қалыпты уақытқа жақын болуымен сипатталады. Біріктіру әдісі білімді түзетудің, дамытудың заңдылығы болып есептеледі. Тұжырымдамаға сәйкес біріктіре оқыту келесі қағидалар негізінде жүргізіледі: - дамуындағы кемшілікті ерте бастан түзету, дамуында ауытқуы бар балалардың бірнеше қызметтерін қалпына келтіру қабілеттері; - біріктіре оқыған әрбір балаға түзету көмектері міндетті; - біріктіре оқуға негізделген балаларды таңдау. Психоэмоционалдық дамуы терең бұзылған балалар қалыпты балалар арасында тәрбиелене алмайды. Психикалық дамуы тежелген балалармен дәрігерлік-психологиялық-педагогикалық және түзету шараларын жүргізгенде мамандар мынадай маңызды ұстамдарды сақтауы тиіс: - жеке және топ арқылы олармен түзету-дамыту сабақтарын жүргізу; - қимыл-қозғалысы мен психикасының дамуының жетілуін бағалап жетілдіре түсу; - психикалық дамуы тежелген балалардың психологиялық қауіпсіздігін сақтау, сол ортаға мейірімділік пен қамқорлық жағдайын туғызу, олардың қиыншылығын түсіну және жағдай жасау.
Ғылыми зерттеулердің нәтижесінде К.С Лебединскаяның жіктеуі бойынша, психикалық дамудың конституционалдық түрі, психикалық дамудың церебральды-астениялық түрі, психикалық дамудың самотогендік түрі, психикалық дамудың кешеуілдеуінің психогендік түрлері ажыратылған.
Осы аталған әр бір типтердің белгілі бір аурулардың қатары арқылы қиындап, әр түрлі аурулардың сипаттамаларын береді. Мысалы: Соматикалық, неврологиялық және т.б. Осы аталған ауруларға сәйкес клиникалық – психологиялық құрылымдардың түрлері анықталып, бұзылуға, эмоциялық – ерік сферасының бұзылуына әкеп соқтырады. Психикалық дамудың кешеуілдеуі кезіндегі клиникалық типтердің, күрделі түрі бір – бірінен құрылымдарына қарай және негізгі компоненттері арқылы ажыратылады. Олар инфантилизмнің құрылымы ретінде нейродинамикалық кемшіліктердің мінездемелерін сипаттайды. Танымдық әрекеттің баяу қалыптасуында инфантилизм интеллектуальдық мотивациясының жетіспеушілігімен тығыз байланысты. Нейродинамикалық кемшіліктерде психикалық процестердің қозуымен оның тонустары анықталады.
Түзету – педагогикалық жұмыстарды бұл типтегі балаларға міндетті түрде, психологиялық көмек ретінде көрсетілуі тиіс. Балалармен қарым – қатынас жасау кезінде, олармен тренингтер, өз — өзін бағалау, бақылау мақсатында әдістемелер өткізіледі. Түзету жұмыстарын жүргізуде, балалардың даму деңгейлерін және олардың ерекшеліктерін жан – жақты бақылап, ескеріп отыру қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |