Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласы К.Қасымұлы атындағы №33 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Мадинова Анар Майкеновнаның А-1 модуль бойынша жазған рефлексивтік есебі.
«Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» модулінің тізбектелген төрт сабақтар топтамасында қалай іске асқаны туралы рефлексивтік есебі.
«Адамзат табиғатының терең қасиеттерінің бірі адамдардың
өз дәрежесінде бағалануына деген құштарлық болып табылады»
У.Джеймс.
Бағдарламада көрсетілген жеті модульдің бірі- «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» болып табылады. «Бағалау» терминінің өзі «жақын отыру» дегенді білдіреді. ( Мұғалімдерге арналған нұсқаулық 57- бет). Бағалаудың екі түрі бар. Олар формативті және жиынтық бағалау болып табылады. Бағалау тарихына тоқталатын болсам, 1917 жылға дейін балдық жүйеде бағаланатын, 1918 жылы Кеңестік өкімет жарлығымен оқушы білімі мен тәртібін балдық жүйемен бағалау мектеп тәжірибесінен мүлде шығарылған. Қажет болған жағдайда ауызша, әңгімелесу, сұхбат түрінде жүргізілген. 1932 жылдан бастап жүйелі бағалар принципі іске асырылған, сонымен қатар 1944 жылы оқушы білімін бағалау сөздік бағадан сандық баға жүйесіне ауысқанын айтар едім. «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалаудың» тарихы тереңде екенін мен осы Кембридж Бағдарламасы бойынша оқуға келген кезімде білдім. (Александердің 2001) жылы айтқан сыныптағы бағалау тек қана техникалық тәсіл емес, мұғалімдер жазбаша немесе ауызша түрде баға қою жолымен бағалайды деген. Осы орайда оқушыларды ынталандыру құралының бірі екенін айта кету артық болмасы сөзсіз. Бағалаудың басты мақсаты- оқушының іс- әрекеттерін, туындаған қиындықтарды жеңе білуін, мұғалімдер мен оқушылардың жетістіктері мен дамуы, айталық алынған ақпаратты түсіну және дағды туралы хабарлама беру болып табылады.Оқушылардың оқып алған білімдерін өздерінің түсініктерімен жеткізе алатын оқушы болса, мұғалімдер үшін де,оқушылар үшін де осы түсініктің мәнін білу аса маңызды, өйткені ол оқыту барысында ілгерілеу қадамдарын айқындау мен оған қолдау көрсету үшін қажет (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық 55 бет) Мектептегі іс-тәжірибемде өткізген бірінші сабағымды жиырмасыншы сәуірде «Егеменді ел қорғаны қарулы күштер» тақырыбымен өттім. Өткен сабақты еске түсіру үшін интербелсенді тақтадан ағылшын тілінде бейнежазба көрсеттім. Көрсету барысында оқушыларға, қай тілде сөйлеп жатқанын, қандай мемлекетті көріп отырғандарын ойлануына ой тастадым. Себебі, сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады . Көріп болған соң, «қай мемлекет деп ойлайсыңдар?» деген сұрақ қойдым Б. оқушым «Лондон», С. «Лос Анджелес», Д. «шетел», Ж. «Англия» деген жауаптар айтылды. «Қандай тілде сөйледі?»- деген сұрағыма, Д. «шетелше», С. «немісше», Қ. «ағылшын тілінде сөйлеп жатыр» деп жауап берді, «неге?» деген сұрақ қойдым. « Өйткені, олардың мемлекеттік тілі ағылшын тілі »- деген жауаптар айтылды. Мұндай ұтқыр жауаптар айтқан оқушыларды жұлдызшалармен бағалауым керек еді. Оқыту үшін бағалау және оқытуды бағалауды жоспарлағаныммен тапсырма барысында қолданбай кеттім. Бұл менің жаңа әдіспен сабақ өтуге төселмегендігім болды. Келесі сабақты жаспарлаған кезде атқаратын іс- әрекетімнің барлығын ретімен жазып қоюды жоспарлап отырмын. Бағалауды өткізу үшін оқушылардың нені білетіндігін және не істей алатындығын, сонымен қатар олар қандай қиындықтармен кездесуі мүмкін екендігін анықтау қажет мақсатында, осы тақырыпқа дейінгі білімдерінің қаншалықты дәрежеде екендігін анықтау үшін 10 сұрақтық тест жұмысын алдым.
(тест жұмысын орындау сәті
Жазып болған оқушылар «Қара жәшік» ішіндегі оқушылардың өздерін- өздері бағалай алуы және өздерінің оқуын қалай жақсартуға болатындығын түсінудің қажеттілігін іске асыру мақсатында тақтадан дұрыс жуаптарын шығардым. Олай жасаған себебім оқушылар жіберген қателерін өздері анықтаса сол арқылы есте сақтауын дамытса және өздерін әділ бағалап үйренсе деген ойым іске асты. Оқушылардың өздеріне тексертіп, бағалаттым. Тест парақтарына смайлик жапсырып бағалап шықтым. Мен өзін-өз бағалағанда оқушының өзіне деген сенім мен сенімсіздік қатар жүретінін түсіндім,өздерің бағалаңдар деген кезімде жіберген қателеріне қарамай жоғарғы балл бергісі келгендері байқалды, анықтап қараңдар деген сайын әділ болғаны байқадым. Жұмысты бұрын орындап болған оқушыға қосымша тапсырма кеспе қағазын бердім.Олай жасаған себебім ол оқушының қабілетін анықтағым келді, бірақ ол тест жұмысын ойланбай кез келгенін белгілей салған екен, менің берген тапсырмамды орындай алмады. Жаңа тақырыпты ашу үшін оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау модульіндегі қара жәшіктегі сұрақтың дұрыс болуын ескеріп, ашық сұрақтар қойдым, Мысалы:- «Біз қандай елміз?» деген сұрағыма оқушылар, «тәуелсіз елміз», «бейбіт елміз», «тыныш елміз» деген жауаптар айта бастады. «Қалай өмір сүріп жатырмыз?»-дегеніме «тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз», «бәріміз доспыз» деп әртүрлі жауаптар айтылды. «Біздің тыныштығымызды қорғайтындар кімдер?» деген сұрағыма балалар өз ойларын айта бастады. Сұрақты қайта бағыттап, «сен көмектесе аласың ба?» немесе «көмектесе алатындар бар ма?» -деп диалогтік тәсілмен сыни тұрғыдан ойлауына ықпал еттім. Сонда «Ж» деген оқушы біздің елімізді қорғайтын әскерлер барын, теледидардан көргендігін айтты. Мен жауап беріп отырған оқушыларды мадақтап отырдым. Көзбен көретін айғақтар негізінде сын тұрғысынан ойлау үшін әр замандағы батырлардың суреттерінен постер дайындау тапсырылды. Постер дайындау мазмұнының ашылуы, жүйелі баяндалуы, эстетикалық талғамға сай болуы керек деген критерийлер арқылы бағаланатынын ескерттім. Егер белгіленген өлшемдердің бірі болмаса- «4», ал екеуі болмаса - «3» қойылатыны тапсырма барысында келісілді. Бұл балалардың әділ бағалануының кепілі екендігіне оқушылардың көзі жетті.
(оқушылардың әр уақыттағы батырларды орналастырған жұмысы)
Жұмыс жасау барысында қолдарындағы суреттерге тамсана қарап отырғандарын байқадым, себебі оқулық, газет - журналдан көргендеріндей емес сандық технологияның дамыған уақытында түрлі-түсті етіп дайындаған едім. Бұл жұмыс барысында зерттеудегі «Д» оқушымның өз тобында «басшылық» жасап отырғаны байқалды. Өзі нақты білмесе дет топтық жұм пайд«былай жапсырайық», «мұнда қояйық»- деп өзінің ұйымдастырушылық қабілетін, эстетикалық талғамы барын көрсетіп отырды. Өйткені, өзі бейнелеу өнері мен еңбекке баулу пәнін басқа пәндерден артық жақсы көретін. Тілінің мүкістігі әсер ететін болу керек оқитын , жазатын тапсырма кезінде басқа нәрсемен айналысқысы келіп отырады. Осы тапсырма барысында құлшына кірісіп кетті. Оның іс- қимылына қарап қызығушылығын оятқаныма өзім де қуандым. Шәкіртіңнің әр жетістігі біз үшін мақтаныш екенін ғұламалар бекер айтпаған екен осы тұста түсіндім. Сабағыма қатысуға Д-тың анасын да шақырған болатынмын, баласының зор ықыласпен жұмыс жасағанын байқаған анасы, үйге барғанда қол еңбегіне арналған заттар алып беріп, бірге орындасам болады екен –деп ойын жазып кетіпті. Тақтадан қай кезеңдердегі батырлар екенінің дұрыс жауабын шығардым. Жасаған жұмыстарының дұрыс болып шыққанына қуанған оқушыларым бір- бірін құттықтап, қошеметтерін көрсетіп жатты. Әр топтың баяндамашылары жасаған постерді қорғап шықты. Барлық топты «өте жақсы» деген бағамен бағаладым. Себебі бағалау критерийлеріне сәйкес жұмыс жасалды.Келесі тапсырмада мәтінді тізбектеп айтып шығу керек болатын, айтылмай қалған тұсын толықтыру үшін оқушылар арасында талас пайда бола бастады себебі мен әр дұрыс жауапты жұлдызшамен бағалап отырдым. Мен белгілер арқылы бағаланудың балалардың ынтасы және белсенділігі артатынын осы тұста байқадым. Талпынғандар ғана білім алады дегендей формативті бағалау іске асқан сайын балалардың құлшынысы артты.Осы сабақ тақырыбына байланысты «Егер мен Президент болсам» деген тақырыпта эссе жазуды тапсырдым. Бағалау үшін дискрипторлар беруді ойламаппын , бұл менің жаңа тісілмен сабақ өтуге әлі төселмегендігім болды.Осыны мен алдағы сабағыма жоспар құру кезінде есте сақтаймын деп өзіме жазып алдым. 27сәуірде үшінші сабағымды «Ел болу тарихымыздан» деген тақырыппен өттім. Бір күн бұрын өтетін тақырыпқа байланысты табыс критерийлерін беріп жібердім.Алдын ала беріп жіберген табыс критерийлері бойынша тақырыпқа дайындалуда оқушыларымның сабаққа қатысуына, ақпаратты оқулықтан ғана емес жан-жақты ізденуіне бағыт беретіні осы тұста анық байқалды. Себебі Министрлердің аты-жөндерін, атқаратын қызметтерін айтуға дайындалып келіпті. Табыс критерийі оқушылардың ізденуіне көмек болғаны мені қатты қуантты. Үй тапсырмасына берілген бағалау критерий бойынша нақты жауап беріп отырған оқушыларды формативті бағалап отыруды іске асырдым. Сол кезде жанында отырған оқушының көзінен, менде смайлик алсам дегендей ұшқын пайда болды. Әр топта талдау жүргізу үшін «Кемпірқосақ» стратегиясын пайдалануды ұйғардым. Әр түрлі түстер арқылы жаңа топ құрып, өз тобында баяндалған мәтінді жаңа топта талқылап, қайтадан өз топтарына оралды. Енді өз топтарыңда таныстырылым дайындаңдар деген тапсырманы ести сала, үлкен құлшыныспен кірісіп кетті. Алдымен бастамас бұрын бағалау критериймен танысыңдар, жақсы баға алғыларың келе ме?, ол үшін бөлімдегі мағлұматтың толық болуы, эстетикалық талғаммен орындалуы, баяндамашының айтып жеткізуіне назар аударыңдар, өйткені топ аралық бағалау болады деп нұсқау бердім. Оқушылар өздерінің әрбір айтылған жауаптарын өзара тыңдау арқылы әділ бағалауларына итермелеуді көздедім. Дайын болған әр топтан баяндамашы шығып өздеріне берілген бөлім бойынша айтып шықты. Қалай айтып шықты? Қалай бағалайсыңдар?- деген сұрақтарыма «басбармақ» (жест) көрсету арқылы бағалады. Оқытуды диалогтік тәсілмен дамытуға «неге олай ойлайсың?» –деп, оқушылардың бір- бірінен үйренуіне, басқа оқушылардың идеяларын құрметтеуіне және бағалауына ықпал жасадым. Оқыту үшін бағалауда білім алушылар өз білімін арттыру үшін де бағалауды үйренуі қажет дегендей, кері байланыс арқылы алынған ақпаратқа сәйкес өз оқуын да жақсартса деген ойым іске асты деп ойлаймын. Қысқа мерзімдік жоспар бойынша төртінші сабағымды «Қазақстан халқы» деген тақырыпта өттім. Бұл сабағымда мен оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау модулін ұтымды қолдануды жоспарладым. Себебі, білім беруді, әдістерді және осы мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған бағалау формативті немесе оқыту үшін бағалау болып табылатынын (нұсқаулық, 56 бет) басты әдіс етіп алдым. Үй тапсырмасына берілген критерийлерге байланысты өткен сабақты еске түсіру үшін «ТВ» шоу стратегиясын пайдаландым. Оқушылардың сабақ барысында «оқушы- оқушы» жағдайында қарым- қатынас, түсінікті дамыту мен мағынаны ашудың елеулі бөлігін қаншалықты құрайтынын білгім келді. Алдымен бұл стратегияны түсіндіріп өттім. Өздерің теледидардан әншілермен, атақты жұлдыздармен кездесулерді көріп жүрген шығарсыңдар, сендерде бүгін өздеріңді кездесуде отырға сияқты сезініңдер дедім. Сол әсерге еніп кеткендей көздерінде қуаныш сезімі пайда болды. Алдыңғы өткен тақырыпқа байланысты әр топ үш сұрақтан дайындап, басқа топтан сұрап отырды. Бірінші топ - екінші топқа, екінші топ - үшінші топқа, үшінші топ - бірінші топқа сауал қойды. Әр берілген жауапты қол соғып қошемет көрсетіп отырды. Бағалаудың бұл түрі оқушылардың өзін- өзі бағалауына және қызығушылығына ықпал ететіндігін мойындау, бұл өз кезегінде білім алуға түбегейлі ықпал ететіндігі (Нұсқаулық 60 бет) осы тапсырмада анық көрініс тапты. Талпынғандар ғана білім алады дегендей, білім алушылар өз білімін арттыру үшін бағалауды үйренуі қажет. Сондықтан кері байланыс жүргізу кезінде олардан түсінушілікті, қызығушылықты ықыласпен әрекет етуді талап еттім. Жауаптары нақты болған топты смайл белгілері арқылы бағаладым. Жаңа сабаққа қойған критериймен таныстырған кезінде, еліміздегі ұлт өкілдерін, халық санағы туралы, қазақтар басқа қандай елдерде қоныстанғанын білуіміз керек екенін біліп өздері іздене бастады. Оқулықтан сол туралы айтылған жолдарға белгі қойып отырғанын байқадым. Жылдам оқып болған оқушылардың оқулықтарына смайл белгілерін жапсырған кезімде, жанындағы баяу оқитын оқушылардағы шапшандық байқалды. Альберт Бандура(2001) айтқандай өзара әрекет, еліктеу, басқаларды бақылай отырып өздері де солай өзгеретіні іске асты.Талантты және дарынды балаларды айқындау үшін сұрақтар дайындадым. Бағалау критерийі бойынша бағаланатындарын ескертіп, таныстырып өттім. Сұрақты тыңдап алып, нақты, ұтқыр жауап беріп, белсенді қатысып отыру керектігін айтып өттім. Неліктен қазақтар басқа шетелдерде қоныстанған?- деген сұрағыма Ж. деген оқушы «олар Қазақстанда соғыс, ашаршылық болған соң қашып кетті»- деді. А. деген оқушы «шетелдің тілін білу үшін көшіп барды да, отбасын құрып, тұруға болады екен деп сол жерде қалды»- деді. Не себепті олар елімізге көшіп келді? деген сұрағыма, Н деген оқушы « біз Тәуелсіздігімізді алған соң, олар қайтадан көшіп келді»- деп жауап берді. Олардың еліміздің жаңалықтарын тыңдап, есте сақтайтынын осыдан аңғаруға болады. Неге енді қайтадан көшкілері келеді?- деген сұрағыма, олар өздерінің қаласын сағынды, көшіп келген жерлеріндегі тамақтар ұнамады деген сияқты жауаптар айтылды. Оқушылардың берген жауаптары мені де сабағыма қатысқан қонақтарды да таңдандырды. 8-9 жастағы балалар осылай терең ойлайды деген ой менде болған жоқ. Әр жауаптарына жұлдызша алып бағаланған сайын, оқушыларда бәсекелестік пайда болып, таласа жауап беру басталды. Зерттеудегі Ж. деген оқушым басқа сыныптастарымен тіл табысып кетуі қиындау еді, одан басқалары да қашқақтап жүретін. Өзінің денсаулығының дамуында кедергі бар болғандықтан мен де көп тапсырма бермейтінмін. Сабағына ата-анасыда көңіл бөлмейтін, сабаққа келіп кеткеніне риза болып жүретін. Ал бүгін мен сол оқушымның қасындағыларға еліктеп жауап беріп отырғаны үшін мадақтап, көтермелеп жұлдызшамен бағалаған сайын, қасындағы оқушылар «кел, мынаны былай айт, жарайсың» дегендей қолдау көрсетті. Мен бұрынғы дәстүрлі сабақтарымда кім көп қол көтерсе сол біледі деп сол оқушыны тыңдай беретін едім, тыныш отырған оқушы өз шаруасымен отыра беретін. Ол сабаққа тағы дайын емес деп, оған көңіл бөлмейтін кездерімде болатын. Оқушыларым мұғалімнің мадақтауын қажет ететінін, жылы сөз естіген сайын оқуға талпынатынын байқап басқа пән мұғалімдеріне де ескертіп өттім. Оқушылар жұлдызша жинау үшін бір-бірінен бұрын жауап бергілері келіп, бір- бірін тыңдамай, шулай бастаған еді, «топ ережесінің қай тұсы іске аспай жатыр» деген едім, өздері тыныштала қалды. Тақырыпты өмірмен байланыстыру үшін «Неге елімізге оралған қазақтар қайтадан көшкілері келеді?» деген сұрақ қойдым. Әр оқушы өз ойларын айта бастады. А «ол жақта соғыс тоқтаған соң қайтадан көшкілері келіп жатыр» деген ұтқыр ой айтқаны үшін жұлдызшамен марапаттадым. «Өздерінің өскен жерлерін сағынады» бала жүректен шыққан ойларын айтты. Тағы қалай ойлайсыңдар? деп түрткі болатын сұрақтармен дұрысын қабылдап және толығырақ жауап беруге жетеледім. Мен бұл тапсырманы үйде тағы ойланып, үлкендерден көмек сұраңдар деп тапсырдым. Бұл жерде қойылған бағалау критерийі бойынша жинаған жұлдызшаларын санап бағаладым. Жоспарымның негізгі бөлімінде синтезде бүгінгі тақырыпқа байланысты әр ұлттың тілінде сөйлеу, өлең, тақпақ айту тапсырылды. Бұл тұста оқушылар өздері білетін өнерлерін ортаға салды. Бұл тапсырмада жеке-жеке бағаланасыңдар және топта жинаған белгілерің бойынша да қай топ алда екенін көреміз дедім. Бұлай жасаған себебім ұялып отыратын бала болса қасындағылары демеу көрсетеді деген ойым іске асты. Бірінші болып үшінші топтан Н орысша, ағылшынша тақпақ айтып берді. Оны бағалау үшін, басқалары қызықсын деген оймен күлімдеген смайликті бетіне жапсырған едім, барлығы таңданып қалды. Алғашында қысылып алып тастағысы келген, осылай білімің мен өнерің, ақылың арқылы үнемі күліп жүр деген сөзден кейін мақтана көрсетіп отырды. Бізде қазаққа тән ұяңдық басым ғой, басқа тілде сөйлеуге еркін кірісе алмаймыз. Сол себепті де балаларым өздерін сахнада рөл ойнағандай сезініп, тапсырманы жеңіл орындасын дедім. Сыныптың барлығы өздері білетін өзбек, ағылшын, орыс, қырғыз тілінде сөйлеп шықты. Қорытынды бөлімде сабағымның тақырыбына сәйкес «Туған жерім» деген тақырыпта эссе жазуды ұсындым. Эссе жазбас бұрын дискрипторлармен таныстырдым. Оқушылар өздерінің қандай баға алатыны туралы ойланып, мәтінді мағыналы жазуға тырысты. Жинап алып тексерген кезімде Ж. деген оқушым өзінің туған жерін анасындай жақсы көретінін, үлкен үйі жоқ болса да, басқа елге көшпейтінін жазыпты. Зерттеудегі Ж. менің қойған сұрақтарыма жауап бере отырып, не жазу керек екенін түсініп болып жазуға кірісті. Түрткі болуға арналған сұрақтарым толық жауап беруге жетеледі. Эссені критерий бойынша бағаладым. Бағалау критерийлерін басшылыққа ала отырып қойылған бағаларға оқушылар келісіп қана қойған жоқ, келесі жолы жоғарғы нәтижеге жету үшін қандай кемшіліктерін жою керектігін түсінді деп ойлаймын. Лев Выготский атап көрсеткендей «Жақын арадағы даму аймағында» жұмыс істей отырып, оқушылардың когнитивті дамуы жақсарды деген пікірі іске асты. Оқушыларымның жеткен әрбір жетістігі менің тарапымнан да, сыныптастарының тарапынан да қолдау тауып отырды. Еткен еңбектерін үнемі формативті бағалап, көңілдерін көтеретіндей мақтау сөздер айтып отырдым, осылай бағалау барысында барлық балалардың аз да болса жеткен жетістіктері мадақталып отырды. Сабақ соңында оқушылар бұл тақырыпты қалай меңгергенін анықтау үшін кескін картамен жұмыс жүргіздім. Қазақтар Қазақстаннан басқа қандай елдерде қоныстанғанын тауып беру тапсырылды. Кескін картаның жанына келіп, шекара сызығынан басқа мемлекеттерге стикерлерге аттарын жазып жапсырып шықты. Жапсырған мемлекеттің аты есте қалу үшін қызығушылығы оянып қайталап айтып тұрды. Сабақ соңында жинаған белгілері арқылы суммативті бағаланды. Жиынтық баға ашық түрде қойылды. Оқушы нәтижеге жету үшін өзінің мүмкіндіктерін ғана емес, сонымен қатар нәтижеге жету жолын алдын – ала біліп отырды. Міне төрт сабақты өтіп болғаннан кейінгі менің жаңа әдіс-тәсілді қаншалықты меңгергендігімнің көрінісі. Алғашқы сабақтарымда оқушыларымды бағалауға келгенде сараңдық танытқанымды,сол арқылы оқушылардың білімге деген құлшынысын тежегенімді түсініп отырмын.Соңғы сабағымда оқыту үшін бағалауды іске асырған сайын балалар өздерін басқа қырынан көрсетіп шықты.Үлгерімі төмен, денсаулығына байланысты ойлауы төмен оқушылардың бойындағы оқуға деген ынтасы күшейгені мені қатты қуантты. Әр әдісті ұтымды пайдалана білсек біздің еңбегіміздің жемісі биікте болатыны айдан анық деп ойлаймын.
Пайдаланған әдебиеттер:
Мұғалімдерге арналған нұсқаулық 2012 жыл
Дүниетану К.Жүнісқызы. Ә.Бірмағанбетов «Атамұра» баспасы. 2010 ж.
Интернет желісі:http://45minut.kz.
Достарыңызбен бөлісу: |