Демонстрациялық эксперименттерге қойылатын талаптар.Демонстрациялық эксперимент оқыту процесіндегі қажетті элементтердің бірі болып табылатындығы оқыту экспериментінен жақсы таныс. Оның негізгі міндеті белгілі бір ойдың сабақтың мазмұнымен тығыз органикалық байланыста екендігін айқын да, сенімді көрсету, қандай да бір қағиданы түсіндіру, нақты сұрақ қою немесе оған жауап беру болып табылады.
Демонстрациялық эксперимент, ол иллюстрациялауға тиісті заңдылықтардан едәуір күрделірек, өйткені міндетті түрде жанама қажетсіз құбылыстар бірге ілесіп жүреді. Сыныпта экспериментті дұрыс көрсету үшін мұғалім ең алдымен осы жанама құбыстардың ретін тауып жойып немесе азайтып отыруы, оларды оқушылардың назарына ілікпейтіндей етіп жіберуі керек. Әйтпесе баса назар аударудың орнына оқушылардың көңілі бөлініп кететіні байқалады және эксперимент теріс нәтиже беруі мүмкін.
Осылайша бөліп алынған, сонан соң, сыныпта көрсетілген құбылыс қашан да бірдей байқалатын және барлық оқушыларға бірдей түсінікті болып шыға бермейді. Керісінше, бұл жерде экспериментті оқушыларға жеткізіп, оны қабылдап алатындай ету үшін, зор педагогикалық шеберлік көрсетуге тура келеді.
Алаңдап және тақырыптан тысқары шығып кетпеу үшін демонстрациялар сабақтың мазмұнымен органикалық біріге келіп, көзделген мақсат үшін қажетті және жеткілікті болатын шамалы уақыт қана оқушылардың назарын аударуы керек.
Сондықтан, демонстрациялық экспериментке бірнеше әдістемелік және техникалық талаптар қойылады.
1. Қысқа мерзімділігі. Демонстрациялық эксперимент үшін уақыт режимін қатан сақтау, егер иллюстрацияланатын құбылыстың өзінің мазмұны қажет етпесе, сабақ кезінде бір эксперименттің қайталануына мүмкіндік бермейді. Демек сабақта әрбір эксперимент міндетті түрде бірден сәтті шығуы керек. Себебі бірден сәтті шықпаған эксперимент әрқашан көңілді бөледі, бірқатар жанама сұрақтарды туындатады және оқушыларда қажетсіз күдік туғызады.
2.Сәтті шығуы. Ол эксперименттердің сәтті шығуына толық кепілдік береді. Сондықтан да оларды дайындағанда әрқашан мына бір мақалды естен шығармаған жөн: «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» — экспериментті бір рет жақсы көрсету үшін, оны алдын ала бірнеше рет сынақтан өткізу керек.
3.Айқын көрінерлігі. Бұны ең маңызды талап деп санаған дұрыс және сыныптағы демонстрациялар туралы сөз болғанда, қашан да ең алдымен осы жөнінде айтуға тырысу керек. Алайда бір ғана жақсы көрінерлігі де толық нәтижеге жеткізбейтіндігін іс жүзінде оңай көрсетуге болады.
4. Сенімділік. Айқын көрінерлік пен мәнерлілік маңыздылығы жағынан олардан алыспайтын төртінші талапқа демонстрациялық эксперименттердің сенімділігіне келіп тіреледі. Төмендегі эксперимент сенімділіктің жеткіліксіздігіне мысал бола алады, оның көмегімен оқушыларға көбінесе бір қалыпты қозғалыс көрсетіледі.
Ұзындығы 60—80 смшыны түтікке су немесе басқа сұйықтық құяды да оған тығыздығы сұйықтықтың тығыздығынан бірнеше артық немесе кем болатын кішкене шар салынады. Түтікті тез-тез аударып көріп және оны тігінен орналастырып, сұйықтағы шардың біртіндеп төмен түскенін (батқанын) немесе жоғары көтерілгенін (қалқып шыққанын) көрсетеді. Шардың бұл жердегі қозғалысы шынында да бірқалыпты болады, бірақ оқушылар мұны көру үшін қозғалыстың бірқалыптылығын сипаттайтын белгілерді көрсету керек: тең уақыт аралықтарында шар жолдың тең кесінділерін жүріп өтетінін көрсету қажет. Мұнсыз эксперимент өзінің мәнін жояды: ол сенімсіз болып шығады.
5. Әсерлік. Кейде демонстрациялық эксперименттерге олардың негізгі және қажетті сапасы болып табылмайтын бірақ кейбір жағдайларда, оқу материалын дұрыс жоспарлағанда пайдалы әсерлілік (эффектілік) беруге ұмтылады. Әсерлі эксперименттер көбінесе жаңаны айқындай түсу үшін емес, оқылып кеткенді иллюстрациялау үшін керек. Әсерліліктің арқасында олар оқытуды жандандырады, қызығушылықты тудырады, өтілген материалмен оңай ұласады және оқушылардың осы материалды есінде жақсы қалдыруына мүмкіндік береді.
Өзінің сипаты бойынша осыған ұқсас эксперименттер әсіресе оқылып отырған бөлімнің соңында демонстрациялау үшін қажет, сонда олар өткен материалды қорытындылайды, бірақ кейде оларды ең басында да көрсетуге болады. Бұл жерде әсерлі эксперименттер өзінің әсемдігімен, кейбір ерекшеліктерімен оқушылардың назарын аударады және келесі бірнеше сабақтардың тақырыптары болатын бірқатар сұрақтарды туғызады.
6. Ғылыми нанымдылық. Бұл талап эксперименттің мынадай нұсқасын, яғни бақыланып отырған әсер зерттелетін құбылыс арқылы мүлтіксіз түсіндірілетіндей нұсқасын, таңдау және көрсету керектігін білдіреді.
Демонстрациялық эксперимент — табиғи құбылыстарды жасанды қолдан туғызылған жағдайларда қайталап көрсетеді және олардың нәтижесінде ішінен экспериментаторға керекті өзара байланысқан факторларды айырып береді. Алайда көбінесе соңғы нәтижеге бақылаушының назарынан кейде тыс қалатын жанама кұбылыстар елеулі әсерін тигізеді, сондықтан да алынған әсерді түгелімен бақылаушы білгісі келген фактордың құбылысына апарып жөнсіз телиді. Нәтижесінде эксперименттің түсіндірілуінде өрескел қате жіберіледі. Мәселен, газ суынған кездегі қысымның азаюын көрсететін стақанмен жасалатын эксперимент бәріне белгілі. Мұғалім төңкерулі стақанның ішіне бір жапырақ қағаз тұтатып, сонан кейін оның түбін жоғары қаратып, суы бар астаушаға қояды. Біршама уақыттан соң стақандағы су көтеріледі және мұғалім бұл құбылысты суынған кездегі ауа көлемінің кішіреюімен түсіндіреді. Бірақ оқушылар көбінесе су «оттегі жанғандықтан» көтеріледі деп ойлайды. Сенімсіз дәлелдеу басталады, бұдан экспериментті жанама кұбылыстар неғұрлым аз болатындай басқа бір нұсқасын көрсетіп, құтылуға болар еді. (Берілген жағдайда стақанды жылы ауа ағымында немесе ыстық суда жылытып, сонан кейін барып оны салқын суы бар астаушаға батырған жөн.)
7. Түсініктілік. Демонстрациялар, сөз жоқ, оқушылардың түсінігіне жеңіл және олар көрсетілетін сабақтың оқу материалымен жүйелі байланысқан болуы тиіс. Сондықтан эксперименттердің әр түрлі нұсқауларының ішінен оқушылардың сол кезеңдегі дайындығына сәйкесін іріктеп алу керек.
8. Көрнекілік. Бұл талап бәрінен де бұрын демонстрациялардың сыныптағы барлық оқушыларға жақсы көрінуін және оқып үйренілетін құбылыстың негізгісін және бастысын нанымды көрсету жағын ойластырады.
Эксперимент айқын болуы тиіс. Мысалы, электрлену кезіндегі денелердің тартылысын көрсететін демонстрация үшін көптеген эксперименттерді пайдалануға болады: қағаз қиындыларының тартылысы немесе шұғаға ысылған эбонит таяқшасы бар «сұлтан» жолағы тартылысы; электростатикалық маятниктің станиол гильзасының тартылысы; ауырлық центрінен жіпке асылған метрлік сызғыштың немесе тіпті су құбырының тартылысы. Осы эксперименттердің бәрінен де айқынырағы және әсерлісі соңғысы екені көрініп тұр.
Еңбекті ғылыми ұйымдастыру талаптары. Сабақтың әр минуты қымбат. Сондықтан эксперименттер мен құралдарды оларды дайындауда уақытты минимум аз алатын, оның үстіне жұмысқа сенімді және мүдірмейтіндерін пайдалану өте маңызды. Мәселен, архимед күшінің демонстрациясының көп нұсқаларының ішінде басқаларынан гөрі қарапайым және тоқтаусыз құрал «Архимед шелегімен» орындалады