Бір түбірлі тістегі периодонттың созылмалы қабынуын емдеу.
Бір түбірлі тістегі периодонттың созылмалы қабынуын емдеу.
Өзектері жақсы өтетін біртүбірлі тістердегі периодонттың созылмалы фиброзды, гранулденіп, гранулемаланып қабынуын және түбір кисталарын (диаметрі 2 см дейін) бір-екі қабылдауда консервативтік әдіспен емдейді. Түбір кистогранулемасы мен түбір кистасы кезінде өзек пломбыланғаннан кейін «түбір ұшын резекциялау» деп аталатын хирургиялық емдеу әдісі жүргізіледі.
Бірінші қабылдау. Тісжегі қуысы егеп тазаланады, ал тіс сауыты бүтін болса сауыт қуысын ашуға ыңғайлы бетінен тесіледі (трепанацияланады). Сауыт қуысы дұрыс ашылғаннан кейін түбір өзегінен ұлпа ыдырандысын алып тастайды. Ұлпа ыдырандысын алу тәсілі ертеректе айтылған (периодонттың жедел қабынуын емдеуді қара). Осыдан кейін түбір өзегін антисептиктер ерітіндісімен жуып кептіріп, ұсақ аспаптармен өңдейді және түбірұшы тесігін кеңейтеді. Тар және өтпейтін өзектерді эндодонттық аспаптарды қолданып (механикалық әдіс) немесе химиялық препараттарды пайдаланып (химиялық әдіс) кеңейтеді. Түбір өзектерін ұсақ аспаптармен өңдеу әдістері және қажетті аспаптар алдағы бөлімдерде берілген. Химиялық әдіспен кеңейту үшін комплексондар немесе хелаттар-этилендиамин тетрауксус қышқылының натрий тұзын (ЭДТА, ЭДТУ) қолданады. Бұл комплексонның өзекті кеңейту қасиеті өзек қабырғасындағы дентин құрамындағы кальциймен кешенді қоспа құруы арқасында кальцийдің ерітіндіге ауысуына негізделген. Түбір өзегін кеңейту үшін ЭДТУ-дың бейтарапты немесе әлсіз сілтілі 10-20% ерітінділері пайдаланылады. Жақсы кальцийсіздендіруші әсер бұл қышқылдың үшорын ауыстырған (трехзамещенная) натрий тұзының 20% ерітіндісін қолданған кезде байқалған.
Комплексондардың антисептикалық қасиеті мен кілегей қабыққа зиянды әсері болмайтынын ескере отырып, ерітіндіні түбір өзегінде бір тәулікке қалдыруға болады.Түбір өзектерін ЭДТУ-мен кеңейтудің тәсілі мынандай: өзектің өтетін бөлігінен ұлпа ыдырандысын алып, сутегінің асқын тотығымен (3%) өңдеп кептірген соң, мақта білікпен 20% комплексон ерітіндісін өзекке сіңіреді де, 20-30 секөнд өткен соң мақта анжымен сорғызып алып, ертіндінің жаңа бөлшегін қайта сіңіреді. Осылай 1-2 минөт ішінде комплексонды бірнеше рет ауыстырады. Алдын-ала өткіш бұрғымен өткеннен кейін өзек қабырғасындағы жұмсарған дентинді сүргі және түрпі бұрғылардың (корневой бурав и рашпиль) көмегімен қырып алып, өзекті антисептиктермен өңдейді және кептіреді. Түбір өзегінде антисептикалық ерітінділермен білік қалдырады немесе емдік эндодонттық пломбылық материалдармен толтырып, уақытша пломбы қояды. Егерде тіс ауырып, мазалай бастаса, дәрігер уақытша пломбыны алып тастап, тісжегі қуысын ашық ұстау қажеттігі туралы кеңес береді. Өзек қабырғаларындағы патологиялық өзгеріске ұшыраған дентинді жұмсарту үшін басқа да комплексондарды немесе хелаттарды (RC-Prep), Calzinase, Largal-ultra) пайлалануға болады.