Қазіргі кезде периодонттың созылмалы қабынуын одонтогендіr инфекция көзі деп санауға толық дәлел бар. Сондықтан периодонттың созылмалы қабынуын емдеу әдісін таңдау қабыну үрдісінің ерекшелігін, аумағын, организмнің жалпы жағдайын, одонтогендік ошаққа байланысты аурулардың бар жоғын ескеруді қажет етеді.
Периодонттың созылмалы қабынуын емдеудің негізгі әдістері консервативтік, консервативтік-хирургиялық және хирургиялық болып бөлінеді. Сонымен қатар жалпылай емдеу әдісіне де мән берген жөн.
Консервативтік (терапиялық) әдістер.
Периодонттың созылмалы қабынуын емдеу кезінде қойылатын негізгі міндеттер: негізгі өзектер (макроканалы) мен өзекшелердегі (микроканалы) микроорганизмдерді жоя әсер ету; органикалық заттар ыдырауынан пайда болған биогендік аминдердің организмге әсерін тежеу; периодонттағы қабыну үрдісін тоқтату; түбір ұшы аймағындағы бұзылған тіндерді қалпына келтіру; периодонт қабынуын туындатқан микроорганизмдерге организмнің жоғары сезімталдығын жою немесе десенсибилизациялау.
Периодонттың созылмалы қабынуының консервативтік емінің нәтижелі болуының бірден-бір кепілі – түбір өзегінің жақсы өтуі. Себебі, түбір өзегі арқылы түбір сыртындағы қабыну ошағына дәрілермен белсенді түрде әсер етуге және түбір өзегін пломбылау арқылы инфекцияның периодонтқа өтетін жолын бөгеуге болады. Консервативтік емдеу әдісі төмендегі шараларды қарастырады:
түбір өзегін пломбылау, тістің анатомиялық пішінін, физиологиялық қызметін қалпына келтіру.
Периодонттың қабынуын бір қабылдауда емдеу.
Периодонттың қабынуын бір қабылдауда емдеу.
Соңғы жылдары периодонттың әртүрлі қабынуларын емдеуді жетілдіруге арналған шаралар қабылдау санын қысқартып, емдеу шараларын бір-ақ қабылдауда жүргізіп, нәтижелі аяқтауға мүмкіндік туғызды. Бір қабылдауда көбінесе біртүбірлі тістер емделеді және абсолюттік көрсетілімі – жыланкөз болуы. Егер түбір өзегін пломбылағаннан кейін өршу үрдісі орын алса, периодонтта жиналған жалқық жыланкөз арқылы сыртқа шығады және мұндай жағдайда қабынудың өршу белгілері сирек байқалады.
Емдеуді бір қабылдауда жүргізген кезде жоғарыда көрсетілген шаралар (ұлпа ыдырандысын алу, түбір өзегін эндодонттық аспаптармен және антисептиктермен өңдеу, түбір ұшы тесігін ашу, түбір сыртына емдік препараттар шығару, түбір өзегін пломбылау) тісі сырқат адамды бірінші қабылдау кезінде жүргізіледі. Егер жүргізілетін емдік шаралардың көлемі үлкен болса (ертеректе пломбыланған өзекті ашу, өте тар өзекті кеңейту сиқты), оның біраз бөлігін келесі қабылдауға қалдырады.
Бір түбірлі тісті бір қабылдауда емдеу әдісін периодонттың созылмалы қабынуының өршуі кезінде ауыспалы қатпарға тілік жасау қажет болатын жағдайда да жүргізуге болады. Уақытша жансыздандыру әдісін қолданып, түбір өзегін жоғарыда келтірілген реттілікпен өңдеп, бітеп, тіске пломбы қойғаннан кейін, ауыспалы қатпарға тілік жасайды және дренаж қояды (жалқықтың кедергісіз шығуы үшін).
Егер тісі сырқат адам тіс ауыруы әсерінен шаршаған және әлсіреген болса, бірінші қабылдауда тек периодонттағы жалқықтың шығуын қамтамасыз етіп, жалпылай ем тағайындайды.
Периодонттың созылмалы қабынуын бір қабылдауда емдеуді өзектері жақсы өтетін көптүбірлі тістерде де жүргізуге болады. Бұл жағдайда түбір өзектерін пломбылау алдында калий иодидінің ерітіндісімен электрофорездеу әдісін жүргізіп алған тиімді.
Түбір өзектерін пломбылағаннан кейін кейбір жағдайларда созылмалы қабынудың өршу белгілері байқалуы мүмкін. Бұл кезде ауыспалы қатпарға кортикостероидтар мен антибиотиктерді қосып енгізуге болады немесе 0,1 мл гидрокортизонды новокаиннің 2% ертіндісіне (2 мл) қосып енгізуге болады.
Ескерте кететін жағдай, периодонттың созылмалы қабынуын емдеген кезде түбір ұшы тесігін ашу немесе кеңейту шаралары (түбір ұшы аймағындағы қабыну ошағына емдік препараттар шығару үшін) периодонттың созылмалы гранулденіп немесе гранулемаланып қабынуы немесе олардың өршуі кезінде қолданылады. Периодонттың созылмалы фиброзды қабынуы кезінде түбір ұшы тесігін ашып кеңейтудің қажеті жоқ.