3.7 «Жазба мәдениетінің куәлары» деп аталатын бөлімде Отырар-Фараб иелігі аймағында тұңғыш табылып отырған жазу ескерткіштері баяндалады. 1999 ж. Қаракөншек ескерткішінен оңтүстік-шығысқа қарай 200 м қашықтықта Арыс өзені жағасынан екі бүтін құмыра табылды. Оның бірінің биіктігі 20,5 см, табанының диаметрі 11,5 см, бүйірінің диаметрі 18 см тұтқалы саптыаяқ бетіне сызып түсірілген жазу бар. Құмыраның иығында 6 таңба, тұтқаның үстіңгі бөлігінде 1 қиғаш таңба сызып түсірілген. Құмыра иығындағы тұтқадан солға қарай жазылған жазу басындағы әріп басқалармен салыстырғанда ірі болып келеді. Одан кейін солға қарай орналасқандардың көлемі кішірейе түседі. Осыған қарап бұл жазу оң жақтан солға қарай жазылған деп болжам айтуға болады. Оның кесегіне шамот араластырылған. Ыдыс қолдан жасалған, ыдыс беті тегіс емес, ақшыл-сұр түсті ангобпен көмкерілген. Ангоб үстіне коңыр-қара дақтар жағылған. Осыған ұқсас кружкалар Ақтөбе 2 материалдарына және Отырар алқабының әуелгі керамика үлгілеріне жақын. Осыған қарағанда аталған ыдыс бірінші мыңжылдықтың бірінші жартысына жатады.
Шардара елді мекені қасында бүйірінде жазуы бар тағы бір құмыра табылды. Ыдыс алмұрт пішінді, қысқа мойынды, жиегі сыртқа қайырылған, иығы дөңгелене түскен. Саптыаяқ қолмен пішінделген, сазы жақсы араластырылмаған, құрамында дресва ұнтақтары көп. Ыдыс күйдірілмей жатып оның иығына 11 таңба түсіріліпті. Өкінішке орай, осы жазу көшірмелерінің шетелдік ғалымдарға да жіберілгеніне қарамастан олардың сыры әлі де ашылған жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |