2 «Ортағасырылық Отырар-Фараб иелігінің тарихи географиясы» деп аталатын тарауда тарихи-мәдени аймақтың табиғи ортасы, елді мекендері, қала жөнінде ақпараттар баяндалады. 2.1 «Отырар-Фараб иелігі» деп аталатын бірінші бөлімде иелік аумағы, шекарасы, табиғаты, ортағасырдың әр кезеңдегі климаты, палеогеографиясы қарастырылады. Отырар-Фараб иелігі жөнінде ХVІ ғ. жазбагері Сипахи-заде әл-Брусавидің «Алдах ал–масалик ила марифат ал–булдан ва–л–мамалик» атты қолжазбасында мынадай хабар бар: «Отырар–Сейхун өзені бойындағы, Фараб айналасындағы бекіністі қала мен Мауараннахрдағы түркілердің шекарасындағы кең аймақ (астын сызған біз – М.Қ.)» [4, с. 29, ескертпе 21]. Осы аймақтың астанасы Отырар қаласы болғанын Ибн Халликанның мына хабарынан аңғаруға болады: «Ол аш-Шаштың арғы жағында және Баласағұн төңірегінде... Ол түркілердің астаналық қалаларының бірі [10, с.117]. Ибн Ийаса «Натк ал-азхар фи гараиб ал–актар» атты шығармасында: «Фараб – бұл қазір Отырар деп аталатын қала, ол ұлы қала болды» деп көрсетеді [4, с. 37, ескертпе 70]. Отырардың астаналық дәрежесі туралы түсініктер халық арасында ХІХ ғ. аяғына дейін сақталғанын «Дала уалаяты газетінде» ташкенттік Ғалимқожаұлының мына хабары да қоштайды: «... Арыс суының жағасында үлкен белгілі Отырар деген қаласы бар еді. Бұл қалада үкімдер қылып Түркістан хакімдері тұрушы еді». Отырар қаласы мен алқаптың атауы жазба деректерде Отрар, Отрарбенд, Турар, Тарбанд, Тарбад, Турарбанд, Кену Тарман - Кангу-Тарбан, Параб, Фараб, Бараб, Бола үлгілерінде кездеседі.
Фараб, Бараб, Параб атауының этимологиясы жөнінде де ғылыми әдебиетте бірнеше пікір бар. Фараб сөзін шығыстанушы В.К. Шуховцовтың соғды тілінде «өзеннің арғы жағы», «жағасы» дегенді білдіреді дейді. В.Н. Настич пен В.К. Шуховцовтың пікірінше, Фараб, не Бараб деген жер атауы соғдының Пāрāб, яғни «өзеннің арғы жағалауы», «өткел орны» деген сөзінің арабтық графикалық үлгісі болып табылады, араб пен парсы деректеріндегі мәліметтерді талдағанда Фараб өңірінің бас қаласы Кедер немесе Отырар болғанын, сол кездегі араб, не парсы жазбагерлері Фараб өңірінің бас қаласы Фараб деп жобалап жазған. Мысалы, Сырдария өзенін бірде Шаш өзені, бірде Ходжент өзені, бірде Фараб өзені деп Сырдарияның ағып өткен аймақтарының атымен атағандай, ал шын мәнісінде бұл географияда бір ғана атпен танымал болған жалғыз өзен [11, с. 107–112]. Жазба деректерде Сырдария өзені «Шыр» деген атау үлгісінде де кездеседі. Сырдария өзенін шығыс авторлары Чир және Чирчик (Шыр және Шыршық) деп атаған. Хафиз–и Таныш ибн Мир - Мұхаммад Бұхари «Шыр өзенін қазір Шыршық деп атайды», – деп көрсетеді.
Отырар атауының этимологиясы жөнінде бұл жұмыста түрлі пікірлер келтіріледі. Мысалы, К.М. Байпақов оғыз тілінде ұзақ тұрақ, бір орында тұруға байланысты «тураш иер» атты сөз тіркесінің барын тілге тиек ете отырып, Отырар, Тұрар сөздері осыдан туындаған деген пікір айтады [12, с. 25]. Отырар атауының шығу тегін анықтауда оның ертедегі аталу үлгісін негізге ала отырып ізденіс жүргізу керек. ІХ–Х ғғ. ғалымдары әл–Хорезми, ат–Табари, әл–Балазури шығармаларында Отырар атауы Тарбанд үлгісінде, әл–Фаргани, әл–Буттани шығармаларында Турарбанд үлгісінде жазылыпты. Уақыт өте келе, Турар–Утрар, бертін келе Отырар болып өзгеріске ұшыраған. Түпкілікті атау - Турар осы өңірдің ежелгі тұрғындарының атымен және осы аймақтың байырғы атымен түбірлес екенін байқау қиын емес. Фирдаусидің «Шахнамесінде» Туран деген ұғымды зейін салып тексерген шығыстанушы В.К. Шуховцов бұл атаумен Сырдарияның орта бойындағы Испиджаб, Фараб, Шауғар, Сауран, Канг–дих деп аталатын уалаяттардан тұратын өлкенің аталғанын анықтады. Бұл «Авестадағы» Канх елімен сәйкес келеді, ол елде көшпелі тура– tura атты тайпалардың тұратыны айтылады. Көне парсылық жазбалардағы сака деп аталатын тайпалар өздерін «тура» деп атаған екен. Осыдан «тура» тайпалары мекендеген ел «Туран» болып аталған. Тұран өңірінің орталық бөлігінде орналасқан қаланың осы өңірдің ежелгі тұрғындары тұрлардың атымен Тұрар деп аталуы мүмкін деп болжаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |