Қожа мұхтар баһадырұлы ортағасырлық Отырар: тарихи-археологиялық деректер негізінде



бет14/53
Дата06.02.2022
өлшемі1,05 Mb.
#37498
түріДиссертация
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   53
1.3 «Отырар туралы жазба деректер» деп аталатын бөлімде жазба деректерді хронологиялық тұрғыдан VІІІ ғ., ІХ ғ. – ХІІІ ғ. бірінші ширегі, ХІІІ ғ. ортасы - ХV ғ., ХVІ - ХІХ ғғ. деп топтастырып қарастырдық. Отырар атауы алғаш рет VІІІ ғ. жазба деректерінде ұшырасады. Отырардың Тарбанд үлгісінде жазылуы VІІІ ғ. жататын Мұғ тауынан табылған соғды құжаттарының ішінде кездеседі. Фараб өлкесі Х ғ. араб жазбагерлері әл-Масуди, әл-Истахри, Ибн Хаукаль, әл-Макдиси еңбектерінде біршама суреттеледі.
Отырар жайлы араб тіліндегі жазба мәліметтерді алғаш топтастырған В.В. Бартольд болды. Шығыстанушы Л. Зимин Отырардағы Әмір Темірдің қайтыс болуын бірнеше авторлардың түрлі қолжазбалары негізінде қарастырған арнайы зерттеу жария етті. «Ежелгі Отырар» кітабындағы Отырар туралы бір топ бұрын жария етілмеген хабарларды Б.Е. Көмеков аударды [4]. Отырарға қатысты жазба деректердегі мәліметтер негізінен В.Г. Тизенгаузен, С.Л. Волин, С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин, М.Х. Әбусейітова, Ә. Момынов, басқа да мамандардың Қазақстан тарихына қатысты шығыс тілдеріндегі дерек көздердің аудармаларынан алынды.
Отырар тарихын баяндайтын отырарлықтардың өздері жазған ескі шығарманың болғаны жөнінде хабар бар. Алайда ол ғалымдардың қолына әлі тиген жоқ. Сондықтан негізінен жатжұрттықтар жазған мәліметтермен басым болып тұр. Отырарда болған кейбір тарихи оқиғалар, мысалы, Әмір Темірдің қайтыс болуы, монғол әскерлерінің Отырарды басып алуы біршама кең және бірнеше жазба деректерде сипатталған. Отырар тарихының қалған беттері тым қысқа, көп жағдайда бір не бірнеше сөйлеммен ғана баяндалады. Қала топографиясы, құрылыстары турасында мәліметтер саусақпен санарлық. Ал қөлөнері мен қалалықтардың кәсібі жөнінде мәліметтер жоқ.
Іздену барысында Отырар тарихына қатысты зерттеулерде қолданылмаған мәліметтерге тап болдық. Шыңғысхан әскерімен батыс жорықта болған Елюй Чуцайдың (1190-1244 жж.) «Батысқа саяхат естелігі» атты жазбасында [8, 62-63-бб.], Ибн Халликан енбегінде Отырар жөнінде мәліметтер бар. 1777 ж. Иван Иcленьев құрастырған «бұрынғы Жоңғар қалмақ иеліктері мен Сібір губерниясының оңтүстік бөлігі арқылы ағатын Ертіс өзені картасында» Сыр өзенінің оң жағалауында «Отраръ» – Отырар елді мекені белгіленген.
Соңғы кезде ғылыми айналымға жаңа жергілікті дерек көздері ене бастады. Отырар тарихына қатысты құнды деректердің бірі қазақ қожаларының шежірелері – «Насаб–нама» болып табылады. «Насаб–наманы» тарихи дерек ретінде танып қарастыру тек 1990 ж. бері ғана басталады. Осы жұмыстардың басы-қасында қазақ шығыстанушылары З. Жандарбек пен Ә. Момынов болды. 1992 ж. Түркістан қаласында Сафи ад–дин Орын Қойлақының «Насаб–намасы» жарияланды. «Насаб-нама» шежіресінде VІІІ ғ. бастап, ХІІІ ғ. ортасына дейінгі болған оқиғалар баян етіледі. Оның негізінде араб әскерлерінің басшысы Ысхақбабтың VІІІ ғ. аяғы – ІХ ғ. басында араб тілінде жазылған «Насаб-намасы» жатыр. Бұл дерек арабтардың жаулап алу соғысының барысын баян етеді. Бұрын араб тілінде жазылған шежірені ХІІІ ғ. түркі тіліне аударып жазған Қожа Ахмет Йасауидің туысқаны Сафи ад–дин Орын Қойлақы. Онда Отырардың қарахандық билеушілерінің есімдері, вакуфтық жерлер жөнінде мағлұматтар берілген. Осымен қатар түрлі қожалар топтарына жататын және бір-бірін толықтыратын «Насаб-наманың» көптеген нұсқалары белгілі болды. Осы тың тарихи деректер тобын шығыстанушы З. Жандарбек жеке кітабында қарастырады [9]. Кейінгі ортағасырлық дәуірге жататын, шартты түрде «Садр ад-дин Шайх рисаласы» деп аталатын парсы тіліндегі қолжазбада Отырар жөнінде бұрын кездеспеген мәліметтер бар. Түркістандық Болатқожа қолында сақталған бұл қолжазбаны ХҚТУ–дың мамандары Н.Н. Ерфақ пен М. Йакуб қазақ тіліне аударып ғылыми айналымға енгізді. Дағдарысқа ұшыраған кейінгі ортағасырлық Отырар жағдайы Махмұд ибн Уәлидің «Бахр ал–асрар фи манакиб ал–ахйар» - «Өнегелі адамдардың ерліктері жайлы ғаламат құпияларында» деп аталатын шығармада сипатталады.
Шолу барысында біз қолымыздан келгенше барлық дерлік дерек көздерін қамтыдық. Соның нәтижесінде бұрын Отырар тарихын тануда пайдаланылмаған дерек көздердің бары анықталды. Олар жаңа археологиялық ашылымдар, осы уақытқа дейін тарихи дерек ретінде қарастырылмаған Отырардың төл аңыздары, ғылыми айналымға соңғы кезде енген жазба деректердегі мәліметтер, Отырардың археологиялық тұрғыдан зерттеу тарихнамасында бұрын беймәлім болып келген зерттеулер болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   53




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет