Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу барысында табылған тың деректік материалдарды бұрынғы дерек көздердегі мәліметтермен салыстыру, талдау мен қорытындылау негізінде Отырардың ортағасырдағы тарихын жазу - зерттеу жұмысының басты мақсаты болып табылады. Осы мақсатта келесі міндеттер белгіленіп шешілді:
- Отырар тарихына қатысты барлық жазба деректерді, археологиялық және тарихи зерттеулерді талдап сипаттау;
- Отырардың өткен тарихына байланысты ауыз–әдебиет үлгілерін жинақтау, аңыз әңгімелерді тарихи дерек көзі ретінде қарап, оларды талдаудан өткізіп, мәліметтер алу, бұрын жарияланбаған аңыздарды ғылыми айналымға енгізу;
- Отырар-Фараб иелігі жөніндегі мәліметтерді талдап иеліктің шекарасын белгілеу, Отырар алқабының ортағасырдағы табиғи ортасы жайлы мәліметтер жинастыру, табиғи ортаның тұрақты елді мекендерге тигізген ықпалын белгілеу, географиялық атауларды талдап, деректердегі елді мекендерді археологиялық ескерткіштермен баламалау, байырғы керуен жолдарының тармақтарын анықтау;
- Отырардың ерте ортағасырда, ортағасырдың орта белінде, кейінгі ортағасырдағы археологиялық белгілерін жазба мәліметтермен салыстыра отырып, әр кезеңдегі саяси тарихты, қолөнерді, егіншілік пен ирригацияны, сауда-саттықты, мәдениет пен наным-сенімдерін сипаттау;
- Көп ғасырлық тарихы бар Отырар қаласының ХVІІІ ғ. ортасында құлдырау, босап қалу себептерін айқындау;
- Отырар қала мәдениетінің қазақ халқының этникалық тарихына қатысын анықтау.
Достарыңызбен бөлісу: |