Ес – күрделі психикалық процестердің бірі. Ол айналамыздағы бізге әсер етуші дүниені, ондағы заттар мен құбылыстарды жүйкемізде сәулелендірудің айрықша бір түрі. Сыртқы дүниенің әсері арқылы бұрын мида пайда болған бейнелер, ез түзсіз жоғалып кетпейді, көп уақытқа дейін баста сақталып қалады.
Ес дегеніміз – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының адам миында сақталып, қайтадан жаңартылып, танылып, ұмытылуын бейнелейтін процесс. Естің адам өмірінде алатын рөлі зор.
Бір нәрсені есте сақтау- оны байланыстыру деген сөз. Ес процесінің негізі болып табылатын байланыстарды психологияда ассоциация деп атайды. Егер бұрын бірнеше объектіні бір мезгілде немесе бірінен соң бірін елестетсек, не ойласақ, олардың арасында байланыс пайда болады.
Ес процестерінсіз адам баласы мәдениеттің қандай саласы болмасын қалағанынша меңгере де, жан-жақты жетіле де алмас еді. Ес адамның басқа жан құбылыстарымен де ( қабылдау, ойлау, қиял) тығыз байланысып жатады. Ол әсіресе ойлау үшін аса қажет.
Ойда қалдырылатын не қайта жаңғыртылатын нәрсенің сипатына қарай ес төртке бөлінеді. Олар: қозғалыс, образдық, сөз логикалық және эмоциялық естер.
Қозғалыс (немесе моторлық) есі деп ойын, еңбек әрекетіне байланысты туып отыратын қимыл қозғалыстарды еске қалдыру мен жаңғыртып отыруды айтады.
Заттар мен құбылыстардың қасиеттерінің нақтылы бейнесін ойда қалдыруда, жаңғыртуда көрініп отыруын образдық ес деп атайды.
Адам ойының түрлі формаларын (ұғым, пікір, ой қорытындылары) есте қалдыра алу қабілеті сөз – логикалық ес деп аталады. Естің осы түрі көбінесе философтар мен математиктерде кездеседі.
Сезімдерді еске қалдырып отыруды эмоциялық ес деп атайды.
Есте сақтаудың бірнеше бөлігі бар.:
Есте қалдыру. Есте қалдырудың өзі әлдеқалай, не еріксіз есте қалдыру және арнайы, ырықты түрде есте қалдыру деп бөлінеді.
Еріксіз не әлдеқалай есте қалдыруда мидағы бұрынғы бейнелер өзінен-өзі еске түседі. Мұндай есте қалдыруда әдейілеп алда тұтқан мақсат болмайды, ешбір жігерлі әрекет те, адамның еркі де жұмсалмайды. Әсер етуші заттар мен құбылыстар өте анық, ашық көрнекті, әсерлі болғандықтан ғана еріксіз есте қалады.
Ал ерікті арнайы есте қалдыру, адамның әдейілеп ерік-жігерін жұмсап әрекет етуінен пайда болады. Мұндай заттарды есте қалдыру үшін, ең алдымен не үшін есте қалдыру керек деген нақты мақсат, белгілі міндет қойылуы керек.
Арнайы есте қалдыратын заттарға адам зейінін айрықша бұрса ғана, олар есте жақсы қалады.
Ерікті түрде есте қалдыруды қайталау арқылы жаттығудың маңызы зор. Егер есте қалдыратын материалдар адам баласының өткен тәжірибесімен, көргенімен байланысты болса есте қалдыру нәтижесі жақсы болады.
Механикалық есте қалдыру. Мұндай есте қалдыру бұрын қабылдау арқылы алынған бейнелерді форма және мағына жағынан ешбір өзгеріссіз, дәлме-дәл келуін көздейді. Мысалы, адам түрлі формула, кесте, заңдарды, хронологиялық материалдарды естің осы түрімен миына жинап отырады.
Механикалық естің өзі белсенді және енжар болып бөлінеді. Белсенді есте қалдыруда адам әдейілеп алдына мақсат қойып, ерікті түрде есте қалдыруы керек.
Логикалық есте қалдыру есте қалдыратын материалдың мазмұнын, мағынасын, олардың өзара бір-бірімен себеп-салдық байланыстарын есте қалдырумен байланысты.Механикалық еспен салыстырғанда логикалық есте қалдыру әлдеқайда нәтижелі болады.
Қандай да бір объектіні болмасын әдейілеп есте қалдыру үшін мына төмендегі шарттарды орындап отыруы қажет:
есте қалдыруда әр кез мақсат қойып отыру зор маңыз алады;
есте қалдырудың қоғамдық, тәжірибелік мәні адамның қажетіне де байланысты болады;
оқылатын шығарманы жоспарлай алу-есте қалдыруға көп жеңілдік келтіреді. Жоспар мүмкін болғанша анық, айқын, дәл болса.
мағыналы есте қалдыру дегеніміз нәрсенің мәніне түсіну,сондықтан мағыналы түсіну ойлау процесімен тығыз байланысты.
Қорыта келгенде есте қалдырудың сапасы дұрыс қайталай алуға да байланысты.