Қойшыбек Мүбарак әңгімелеріндегі мифопоэтикалық таным



Дата25.03.2022
өлшемі21,59 Kb.
#136756
Байланысты:
Төлебаева Тәттігүл
физика-ауырлық-күші, file 1350544460 680797161, Ф. И. 1 «А» класс соч слушание прослушайте отрывок из романа Л. , ОШ СОР Алгебра 7класс, Қойшыбек Мүбарак талдау, Utebaliyeva0701, сөз құрамы. сөз тұлғасы, 1-ОМӨЖ, Тіркеу бойынша нұсқаулық, срсп 4 русс, философия емтихан тест 2021-22, вд и кдл, ?áò åñåïòåð³í øû?àðó æîëäàðû

Қойшыбек Мүбарак әңгімелеріндегі мифопоэтикалық таным
Төлебаева Тәттігүл Төлегенқызы, tatti_1997@mail.ru
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
Қазақ қаламгерлері арасында мифопоэтикалық кеңістікте қалам тербеп, миф жанрын жетілдіріп жүргендер көп емес. Өйткені, біздің әдебиетімізде халықтық болмысымызға сәйкес тұрмыстық, әлеуметтік шығармалар көбірек. Алайда бұл қазақ әдебиеті қоржынында мифке орын жоқ деген сөз емес. Халық ауыз әдебиеті – қазақтың «төлқұжаты» десек, ерекшелігі жағынан аңыз, әпсаналарға жақын мифтік шығармалардың да халқымыз үшін маңызы зор.
Мифопоэтикалық шығармалар қиял-ғажайып, тылсым дүниелерден ғана тұрмайды. Олардың да айтары – өмір шындығы. Оқырман үшін негізгі міндет те осы – тылсым оқиға арасынан өмір шындығын табу. Өз оқырманына осындай қызық та қиын міндет жүктеп жүрген «қорқынышты» жазушылардың бірі - Қойшыбек Мүбарак. [1]
Бүгінде қазақ әдебиетінде дамымай қалып қойған бір қатар жанрлар бар. Соның бірі – мистикалық жанр. «Мистикалық жанрды өткен ғасырдың 60 жылдары Қалмұқан Исабаев жазған. Одан кейін бұл жанрға қалам тартқан Қойшыбек Мүбарак», - дейді әдебиеттанушы Какен Қамзин. Осыған дейін мистика жанры қазақ қаламгерлерінің шығармаларында бір деталь ретінде ғана көрініс тауып келгені бәрімізге белгілі. Сол жанрға бұл күнде Қойшыбек Мүбарак түбегейлі бет бұрылыс жасап, мистикалық әңгімелерге толы екі бірдей кітабын оқырманға ұсынып үлгерген талантты жазушы. [2]
Жазушының көлемі шағын болғанымен, көтерген әлеуметтік мәселесі терең шығармаларының бірі «Пәтер» әңгімесі. Әңгімеде қызмет еткеніне он алты жыл болған қызметкердің оқиғасы баяндалады. Жігітті бастығы шақырып, он жылдан бері күтіп жүрген үй кезегі келіп, он жетінші қабаттан үй берілетінін хабарлайды. Қуанышы қойнына сыймай, жігіт отбасын жинап алып, жалдамалы пәтерінен құстай самғап жетіп барады. Барған жерлерінен үй көрмеген олар пәтерлерінің сонау он жетінші қабатта әуеде қалықтап тұрғанын аңғармай қалады. Пәтер иелерінің алдындағы ендігі мәселе – сол он жетінші қабатқа көтерілу болады. Еліміздегі әр орташа өмір сүретін отбасының басындағы проблеманы жазушы осылай ерекшелеп келтіреді. Расымен, қоғамда жылдап пәтер жалдап тұратын, өз баспанасына қолы жете алмай жүргендер қаншама?! Таңнан кешке дейін құмырсқаша құжынап, аянбай еңбек етсе де, тапқаны қапқанына жетпей, өмірін отбасын асырап, пәтер ақысын беріп, өзгенің қалтасын қампайтып отырғандар қаншама?! Енді жеттім-ау деген кезде жазушы кейіпкерін арманындағы пәтерінен одан сайын алшақтатып қояды:
«– Ау, неге аңырып тұрсыңдар… – деп айқайлады.
-Қалай шығамыз? – деп айқайладық біз.
-Ұшып…
-Қалай…
-Солай…
-Келіп түсіндірші…
Әйелім екеуіміз қосыла жалындық» [2]. Ал әңгіме соңында автор әлеуметтік мәселені тіптен ащыландырып жібереді. Он жыл жүріп қолы жеткен пәтеріне көтерілу үшін адам баласына берілмеген қасиет – ұша білу керек екен. Демек, «Ақымақ, – дейді көршім. – Ақымақ, үйдің кілтін алудан бұрын ұшуды үйренуің керек,- деп, қайтадан лып етіп көкке көтерілді де кетті» [2] деген көршісінің сөзінен қаншама жыл артынан жүрген пәтеріне қолы жетсе де, бәрібір кедергіге тап болғанын және одан өту адамның қолынан келмейтіндігін аңғаруға болады. Қоғамдағы бүгінгі өткір мәселе – баспана мәселесінің ащы тұстары осы жерде аңғарылады. Автор қарапайым қазақтың өз меншігіндегі үйіне оңайлықпен қол жеткізе алмайтындығын меңзейді.
«Пәтерге» қарағанда мифтік, мистикалық элементтері қатты айқын әңгіме - «Ай толған түндегі ақ қыз» әңгімесі. Әңгіме автор атынан баяндалады. Оқиға қырықты алқымдаса да, әлі сүр бойдақ қалпынан арыла қоймаған жігіт ағасының жаңа жұмыс орнына келіп, онда ылғи қыз-келіншектермен істес болуынан басталады. Басты кейіпкер бұл жағдайына еркектік нәпсіқұмарлық, желіктік тұрғысынан қатты қуанады. Қыздардың ішінде оған өзгеден гөрі көбірек назар аударатын Айна есімді қыз бұның ықыласын өзіне түсіруге барынша тырысады. Жігіт те кет әрілік танытпай, жан қалауымен емес, тәннің қалауымен қызбен жақындасады. Автор бұл арқылы біздің заманымыздағы осындай нәпсіқұмарлықтың жетегімен кететін азаматтар мен қыздардың бейнесін көрсеткісі келген секілді.
Алайда, жігіттің ішкі қалауы бұл емес. Оның арманында өзі ай толған түні көрген ақ қыз. Ол ақ қызбен бұның қауышуына себепкер болған оның анасы мен Жәміш апай. Ақ қыздың сырқат болуына байланысты қыздың анасы жігіттің жеті рет ай толған түндері қызына тылсым әлемге келіп, белгісіз бір тілдегі хатты оқып беруін өтінеді. Жеті мәрте жасалған соң қыз жазылмақ. Айдың толуын жігіт те асыға күтеді, өйткені ол сол қызға жүрегімен ғашық. Шығарма соңы Айнаның тұмарды жігіт қолынан жұлып алып, ақ қызды қайта ауру күйге түсіріп, мұнымен айырылыстыруымен аяқталады. Демек, автордың айтпағы – қолымызбен Алла тағала жасамауды бұйырған күнәларға белшемізден батып ала тұра, періштедей пәк, таза нәрседен үміт ету қате. Адам өзі қандай болса, оған өзі секілді адам жолығатыны Алланың да, өмірдің де бізге дайындаған заңы. Жігіттің бірге күнәға батқан қызына автордың Айна деп есім беруі де тегін емес деп ойлаймын. Өйткені, әр адамға өмірінде жолығатын адамдар оның айнасы секілді, яғни бізге өзіміз секілді адамдар ғана кездеседі. Айналамызда қандай адамдар жүргенін қарап-ақ өзіміздің қандай екенімізді аңғара алмақпыз. Қойшыбек Мүбарактың мифтік элементтермен көмкерілген шығармасының негізгі идеясы осы деп ойлаймын.
Қойшыбектің тылсым мен ұятқа, мифтік наным-сенімге де толы шығармасы – «Құбыжық» әңгімесі. Бұл әңгіме кей жерінде оқырманның денесін түршіктіріп, үрей билетсе, кей жерінде ұялтып, теріс айналдырады, ал кей жерінде тіптен жирендіріп жібереді. Әңгіме ауылға құбыжықтың келіп, сол құбыжықтан құтқару үшін ауыл адамдарының бақсы атаға келіп көмек сұрауымен басталады. Шығармада лирикалық шегініс болып, ол құбыжықтың қайдан шыққандығы туралы айтылады. Құбыжық әуел баста адам еді. Ал оны құбыжыққа айналдырған не нәрсе? Осы тұста автор қазақтың мифтік наным-сенімдеріне назар аудартады. Жас келіншектің есіктің табалдырығын сол аяғымен аттауы, баланың есікке керіліп тұруы, келіншектің күн батқанда құдықтан су алуы секілді жерлерінде автор тыйымдардың тектен текке айтылмайтынын, оны бұзғанның арты не болатынын көрсетеді. Оқиғаға оралсақ, келіншек ешкімді тыңдамай күн батқанда даладан су алып жатқан кезде, келіншекті жын қағып, ол құбыжыққа айналып кетеді. Сөйтіп, өзінің ауылын қырып, бір адамын да қалдырмай жойып жібереді. Кейін оған жалғыз аңшы кездесіп, ол сол аңшыны зорлап өзі екіқабат болады. Аңшы мен құбыжық әйел арасындағы байланыс сәттерін автор тым сорақы, ұятты, жиіркенішті қылып суреттейді. Өйткені, оқырманға құбыжықтың қорқынышты образын барынша ашқысы келгендігі аңғарылады. Расымен, оқи отырып, өз өзіңнен еріксіз түршігесің.
Құбыжық әйел ақыры дегеніне жетіп ұл туады, аңшыны өлтіріп, жеп қояды. Бұл жерде де автор құбыжық үшін асыл, адал дейтін ештеңенің жоқ екендігін білдіреді. Оның болмысы сондай. Ештеңені де, ешкімді де аямайды. Құбыжықтың баласын ауыл адамдары тауып, бір мылқау шалдың отбасына тәрбиелеуге береді. Құбыжық сәби болғанымен, өз болмысынан алыс кете алмайды. Өсе келе өзінің кәдімгі адам секілді өмір сүре алмайтындығын, өз тегіне қарсы шыға алмайтындығын ұғына түседі. Бұл тұста Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» әңгімесіндегі «Қасқырды қанша асырап, бақсаң да орманға қарап ұлиды» [3] деген қорытынды пікірімен үндестікті аңғаруға болады. Яғни, құбыжық өзінің албастылық бейнесінен, бір сөзбен айтқанда өз табиғатынан бас тарта алмайды екен. Әйелдің баласы өсіп, шығарма басында айтылған ауыл өмірінің тыныштығын бұзған құбыжыққа айналады.
Шығарма соңы оқырманға өзіндік қорытынды мен болжам жасауға мүмкіндік береді: «Қалың қарағайдың арасынан тіліп із қалдырып заулап келе жатқан құбыжықтың төбесінен ащы шаңқылдап бақсының қара бүркіті ауылға қарай құйылып келеді.
Бүркітінің даусы құлағына жеткен бақсы шал орнынан атып тұрып зіркілдеп, бұрқырап бақсылық ойынға қайта кіріскен. Аузында лапылдап жанған қарағайдың дәу бұтағы қып-қызыл оттың ішінде арлы-берлі ойқастап тұр. Құбыжық кейіндеп қала берді де, бүркіт ауылға жақындап қалды» [2] деп, автор жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, періште мен шайтан, бақсы мен құбыжық арасындағы шайқастың бітпейтінін көрсетеді. Құбыжық бар жерде оған қарсы тұратын күштің де барын аңғартады. Демек, бақсы, бүркіт пен құбыжық арасындағы қарсылық аяқталмақ емес...
Шығарманың сапасы оқырманды ой үстінде қалдыру білуі, санасын қозғай алуымен өлшенеді. Өмір шындығын тайсалмай айта білгенде ғана шығарма дұрыс қабылданады. Ал ол шындықты қандай түрде, сипатта беру деңгейі автордың еншісінде. Қойшыбек Мүбарактың да мифке толы шығармаларын оқи отырып, жазушы да, шығарма да өз мақсаттарына жете алыпты деген қорытындыға келесің. Демек, өмірде болмайтын қиялға толы оқиғалар, кейіпкерлер арқылы да қоғамдағы қордаланған мәселені де, өткір шындықты да, адами болмыс секілді дүниелерді де беруге болады екен.
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қойшыбек Мүбарак, «Кітап.кз» ашық кітапханасы;

  2. Қойшыбек Мүбарак. «Пәтер» әңгімесі, «Мәдениет порталы» мәдени платформасы, 2021 ж.;

  3. Әуезов М., «Көксерек», «Qasym» баспа үйі, 2020 ж.

  4. Көпеева А., «Қойшыбек Мүбарак: Менің әр шығармамның артында бір әйел тұрады» сұхбаты, 2018 ж.


Ғылыми жетекші: РһD, доцент Кушкимбаева А.С.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет