Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгiдегi мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелер мен мемлекеттiк емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдарда әлеуметтiк қызмет көрсетудiң Үлгiлiк Ережесi 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгiдегi мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелер мен мемлекеттiк емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдарда әлеуметтiк қызмет көрсетудiң Үлгiлiк Ережесi (бұдан әрi - Үлгiлiк Ереже) меншiк нысанына және ведомстволық бағыныстылығына, қарамастан, қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгiдегi мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелер мен мемлекеттiк емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдардың (бұдан әр - МӘҰ) қызмет тәртiбiн, мүгедектердi қабылдау, ұстау және МӘҰ-нен шығару шарттарын айқындайды.
2. МӘҰ денсаулығының жай-күйi бойынша басқа адамның тұрақты күтiмiне және медициналық көмекке мұқтаж қарттар мен бiрiншi, екiншi топтағы мүгедектердiң (бұдан әрi - қамқорлықтағы адамдар) уақытша немесе тұрақты тұруына арналады.
Мамандандырылған медициналық ұйымдарда стационарлық емдеудi талап ететiн ауру процесiнiң белсендi стадиясындағы туберкулездiң, невроздарды қоспағанда, психикалық аурулардың, соматикалық ауру кезiндегi невроз ұқсас жай-күйлердiң, жарыместiң жеңiл дәрежесiнiң, ақыл-ес кемшiндiгi мен жеке басының айқын бiлiнетiн өзгеруi жоқ, сирек ұстамасы бар (айына 2-3 реттен артық емес) тырыспалы синдромдардың, карантиндi инфекциялардың, жұқпалы терi мен шаш ауруларының, венереологиялық аурулардың, ЖҚТБ болуы үйде қызмет көрсетуге қарсы айғақтамалар болып табылады.
3. МӘҰ заңды тұлға болып табылады және құрылтайшысы оны қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрады.
4. МӘҰ өз қызметiн құрылтай құжаттарына сәйкес медициналық қызметке арналған лицензияның негiзiнде жүзеге асырады.
5. МӘҰ өз қызметiнде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн, осы Үлгiлiк Ереженi басшылыққа алады.