Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы


БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫН ЖҮРГІЗУДЕ НЕГІЗ БОЛАТЫН БАСТЫ ҰСТАНЫМДАР



бет2/7
Дата25.12.2016
өлшемі1,37 Mb.
#4803
1   2   3   4   5   6   7

БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫН ЖҮРГІЗУДЕ НЕГІЗ БОЛАТЫН БАСТЫ ҰСТАНЫМДАР
Білім беру ұйымдарында тәрбиенің басты мақсаты – тәрбиеленушілердің тұлғалық қасиеттерін гуманистік бағытта дамыту болып отыр. Гуманизм – адам мүмкіншілігінің шексіз екендігін мойындау, өзін-өзі дамыту қабілетіне деген сенімі мен ерік бостандығын мойындау, абыройын қорғау, адамның бақытқа жету жолындағы құқығы мен оның барлық сұраныстарын қамтамасыз етуді мақсат етеді [19,20]. Бұл мәселеге педагогикалық және психологиялық тұрғыдан қарасақ, адамдар арасындағы қатынастардың сүйіспеншілікке негізделуі, олардың ар-намысын, абыройын, ұжданын құрметтеу, адамгершілік, парасаттылық тұрғыда қамқорлық жасау, адамды сүйе білу, қадірлеу яғни рухани-адамгершілік білімді жандандыру.

Ал рухани-адамгершілік тәрбиесінің негізгі мақсатының өзі – тәрбиеленушілерді рухани-адамгершілік тұрғыда дамыту.

Рухани-адамгершілік даму дегеніміз – өзінің өмірдегі орынын, атқаратын міндетін, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін, дүниенің күрделі құрылымын түсінуі және өзін-өзі үздіксіз, бірқалыпты жетілдіру. Адамның тәндік, физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік дамуын рухани дамудың өлшемі ретінде алуға болады. Рухани даму тұлғаны қалыптастырудың өзегі болып табылады. Даму дегеніміз – адамның тәндік, жандық және рухтық сипатының біртұтас үйлесімділікте өрбуі, яғни дүниедегі адам болмысының көздеген бағыты, мақсаты. Рухани-адамгершілік тұрғыда дамыған адам – адамзат санасынан туындаған құндылықтарды бойына жинақтап, сол арқылы дүниеге тұлғалық мәндегі объект деп қарайды. Өмірге осындай дүниелік қатынастан, өмірге қанағаттанбаудан тұлға ізденіске түсіп, өзін-өзі дамытады. Рухани-адамгершілік тұрғыда дамыған адам айналасына жанашырлықпен қарайды, өзге адамдарға жақсылық тілеп, адамдарға көмек көрсетуге, айналадағы өмірді жақсартуға, өзін-өзі дамытуға ұмтылады. Гуманитарлық танымдық жүйедегі білімдік бағдар адамның өзін-өзі тануы, өз мүмкіндіктерін іске асыруы, өздігінен даму құқығын ең жоғары құндылық деп танитын, өзін-өзі басқаруға, өзінің ішкі мүмкіндіктерін «Мен»-ін табуға бағытталып құрылады. Тұлғалық-бағдарлы педагогиканың тұжырымдамасы – тәрбие мақсаты, мазмұны, принциптері педагогикалық іс-әрекет мәселелері гуманистік және гуманитарлық танымға бағытталған. Тұлғалық-бағдарлы педагогика тұлғаның өзіндік ұстанымын, өмірлік көзқарасын, іскерлік дағдыларын анықтап, оны өмірде қолдана білуге адамгершілік қасиеттерін сақтауға, нарықтық қатынастың жаңа нысандарында өзін жағалтып алмау мақсатында оның ішкі «Менін» әлеуметтік ортамен сәйкестендіре алуын негізгі нысана етеді.

Сонымен, Білім беру ұйымдарындағы тәрбиені ізгілендіру тұлғалық-бағдарлы педагогика ұстанымдарына негіздеу кезек күттірмейтін міндеттердің бірі болып отыр. Жалпы алғанда тәрбие үдерісіндегі ұстанымдар, бұл – тәрбие үдерісінің мазмұнына, әдістеріне, ұйымдастыру жолдарына қойылатын негізгі талаптарды айғақтайды. Олар тәрбие үдерісінде педагогтарға нақтылы педагогикалық міндеттерді шешуде бағыт-бағдар береді. Білім беру ұйымдарында күнделікті тәрбие үдерісіне негіз болатын гуманистік педагогика ұстанымдары төмендегідей. Олар:



  • тұлғаға бағдарлау ұстанымы;

  • тәрбиенің өмірмен, еңбекпен байланыстылық ұстанымы;

  • тәрбиеде ұнамды өнегені пайдалану ұстанымы;

  • тәрбиелік ықпалдар бірлігі ұстанымы.

Аталған ұстанымдарды білім беру ұйымдарының тәрбие үдерісінде басшылыққа алу үшін әрқайсысының мазмұнына жеке-жеке тоқтала кетуді жөн санадық.

Тұлғаға бағдарлау ұстанымы тәрбие үдерісінде тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктері мен даралығын, әсіресе жалпы және жеке адами қасиет-сапалары яғни тұлғаның өмірлік бағыт-бағдары, тіршілік жоспары, құндылықтық бағдары, қалыптасқан ұстанымдары, іс-әрекеті мен мінезіндегі басым қасиеттері, себеп-түрткілері мен мүмкіндіктерін ескеру негізінде іске асырылады. Тұлғаның осы аталған жетекші қасиеттерінен бөлек қарастырылатын жас немесе жеке дара ерекшеліктері (мінез, темперамент, ерік және т.б. ) рухани-адамгершілік тәрбиені толықтай қамтамасыз ете алмайды. Тұлғаға бағдарлау ұстанымы педагогтың алдына төмендегідей талаптар қояды. Олар:

1)тәрбиеленушілердің жеке темпераменттік ерекшеліктерін, мінез бітістерін, көзқарастарын, талғамдарын, әдеттерін үздіксіз зерттеп, жете білу;

2)тәрбие үдерісін диагностикалаумен бірге баланың ойлау қабілеті, себеп-түрткілер, ұстанымдары, өмірлік бағыты, өмір мен еңбекке деген көзқарасы, құндылықты бағамдары, тіршілік жоспарлары секілді тұлғалық сапалардың нақты қалыптасу деңгейін түбегейлі тану;

3) әр баланың ілгерілей дамуын қамтамасыз етуші күш-қуатына сәйкес, әрі біртіндеп күрделеніп отыратын тәрбиелік істерге ұдайы қатыстырып отыру;

4)мақсатты іске асыруға кедергі болатын себептерді өз уақытында анықтау және онымен жұмыс істеу, ал егер бұл мүмкін болмаса, жаңа жағдайлар мен шарттарға тәуелді тәрбие бағытына дер кезінде өзгерістер енгізу;

5)барынша тұлғаның өзіндік белсенділігіне, қызығушылығына, мүмкіндіктеріне арқа сүйеу;

6) тәрбиені тұлғаның өзіндік тәрбиесімен ұштастыру, балаларға өзіндік тәрбие мақсаттарын, әдістері мен формаларын таңдауға жәрдем беру;

7) балалардың дербестік, ынталық, өзіндік іс-әрекет қабілеттерін дамыту, тек басшылықпен шектелмей, табысқа жеткізер іс-әрекеттерді ұтымды ұйымдастыру және бағыттай білу.



Аталған талаптарды бірізділікпен, жүйелі орындау тәрбиеленушілерге жан-жақты мән беріп, назар аудара отырып, оларды тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Тәрбиенің өмірмен, еңбекпен байланыстық ұстанымы тәрбиеленушілердің алған білім-біліктерін күнделікті өмірде пайдалануына негіз болады. Тәрбиеленушілердің жеке тұлғасының қалыптасуы оның іс-әрекетіне, қоғамдық белсенділігіне және еңбектенуіне тікелей тәуелді екені сөзсіз. Тәрбиеленушілердің қоғамдық өмірмен байланысы олардың жағымды көзқарасы мен қарым-қатынастарын қалыптастырып, әлеуметтену деңгейін жоғарылата түседі. Олар өздерін қоғамның толықанды мүшесі ретінде сезініп, адамгершілікке баулынады, рухани және тәндік тұрғыда жетіліп, еңбектің қоғамдық мәнін түсіне бастайды. Тәрбиені өмірмен байланыстыру ұстанымы педагогтерден екі бағытта белсенді қызмет атқаруды талап етеді: 1) тәрбиеленушілерді адамдардың қоғамдық өмірі, еңбегімен жан-жақты таныстырып, жалпы тұрмыста болып жатқан әлеуметтік өзгерістерді дер кезінде түсіндіріп отыру; 2) тәрбиеленушілерді шынайы өмір қатынастарына араластыру, қоғамдық пайдалы іс-әрекеттердің сан алуан түрлеріне қызығулары мен бейімділіктеріне сәйкес тарту, еңбектің нәтижесінен рақат алуға үйрету. Аталған ұстанымдарды іске асыру барысында педагог балаларға қоғам мен адам өміріндегі еңбектің мыңызын, қоғам және өз мүддесі үшін адал да шығармашылықпен еңбектену ниеттерін өрістете түсу, еңбек етуде жеке бас мүддесін қоғамдық мүддемен үйлестіре білуге, қоғам қажеттері мен өз ниеттеріне орай кәсіп таңдауға үйрету, қоғамдық игіліктерге, табиғат байлықтарына қамқорлықпен қарауға, қоғамдық мүлікке ысырапшылдыққа, жауапкерсіздікке, талан-тараждыққа төзбеушілік сезімін оятуы тиіс.

Тәрбиеде өнеге-үлгіні сүйеніш ету ұстанымы педагогке өз тәрбиеленушісіне аса сезімталдықпен қарау міндетін жүктейді. Әрбір педагог өз тәрбиеленушісінің бойынан кішкентай болса да жақсылықтың ұшқынын байқап, оны тәрбие үдерісінде пайдаланатын болса, оның бала жүрегінен жол табатыны сөзсіз. Ұнамды үлгі-өнегелерді сүйеніш ету ұстанымының талаптары қарапайым педагог баланың ұнамды мінез бітісін дәл тауып, оны әлі қалыптаса қоймаған немесе жағымсыз мінез-құлықтарын түзетуге пайдалануы тиіс. Әдетте баалардың жақсы қасиеттері (мейірімділік, қайырымдылық, ықыластылық, жомарттық және т.б.) келеңсіз қасиеттермен (уәдеде тұрмау, өтірік айту, еріншектік және т.б.) бірге жүреді. Педагог қызметі табысты болып, нәтижеге жетуі үшін тәрбие үдерісінде дау-дамайға, педагог пен тәрбиеленуші арасындағы қайшылықтарға жол бермеу керек. Тек өзара түсінушілік, сүйіспеншілік, шыдамдылық қана жақсы нәтижелерге жеткізеді. Баланың тек олқылықтар мен кемшіліктеріне ғана назар аудара беру – үлкен қателік. Баланың кемшілігін көргіш болсақ, ықыласын жойып, қызығушылығы мен ынтасын да жоямыз. Әрбір істе баланың кемшілігін емес, жеңісін іздеу қажет. Әр баланың өмір тіршілігі өзінше бір тағдыр. Сондықтан педагог баланың тағдырына ойланып, аса жауапкершілікпен қарап, жасаған қателігінің себебіне үңілуі қажет, себебін алдымен өзінен іздеуі тиіс. Баланың ықыласын оятып, қолынан келетініне сендіріп, мүмкіндігінше ең алдымен ұнамды қасиеттерін анықтап, қажет болса қалыптастырып, одан әрі оларды жетілдіре түсу керек. Тәрбиеленушілердің өзіндік қызығушылықтары мен бейімділіктеріне негізделген тәрбие тиімді болады. Педагогтер бала бойындағы бар жақсы қасиеттің бәрін пайдалануға тырысады. Бұл мақсатқа жетудің кілті – сенім. Егер бала үлкен адамдар тарапынан өзінің адалдығына, қайырымдылығына, ақ пейілділігіне қадірлейтіндікті, өзіне сенімділікті сезсе, әдетте соған лайық жауап беруге тырысушылығы пайда болады. Яғни қайткен күнде де ол сенімді ақтау мақсатын көздейді. Сенімсіздік әдетте адамды қатуландырады, кемшіліктерін түзетудің орнына қарысушылық туғызады. Педагог неғұрлым тәрбиеленушісіне сенімділік көрсетіп, оған сүйенетін болса, соғұрлым өзінің сенімі мен құрметіне лайықты жауап ала алады. Сенім баланың намысын ұштауға тәрбиелейді, өзін-өзі тәрбиелеу және жақсылық қасиеттерін арттыра түсу талабын тудырады, жеке басының қалыптасуына жағдай туғызып, олардың балалық жанын тебірентеді, үлкендермен өз ара ашық сөйлесуге, ниеттес болуға да септігін тигізеді.

Тәрбиелік ықпалдар бірлігі ұстанымының мақсаты – бала тәрбиесіне ықпал ететін факторлардың барлығын (отбасы, мектеп, мектептен тыс қоғамдық мекемелер, жалпы қауым) біріктіре отырып, тәрбиеленушілерге өзара үйлесімді, ортақ талаптар қоюды жүйелеу. Тәрбиеленуші тұлғасы отбасы, жолдас-жорасы, төңірегіндегі ересек адамдар, қоғамдық мекемелер мен оқушылар ұжымы және т.б. орталар ықпалында қалыптасады.

Жеке тұлғаны қалыптастырудағы отбасы маңызды рөл атқарады. Әдетте баланың жеке ерекшеліктерін тереңнен сезіне отырып, оның тәрбиесінде қайталанбас жол тауып, сүйіспеншілік пен жүрек жылуын беру тек отбасында ғана жүзеге асады. Тәрбиелік ықпалдарды үйлестіру – білім беру ұйымдарында тәрбиеге қатысты адамдардың, қызмет түрлері мен әлеуметтік мекемелердің басын қосып күш біріктіру.

Сонымен, тәрбие ұстанымдары тәрбие үдерісінің мазмұнына, әдістеріне, ұйымдастыруға қойылатын негізгі талаптарды анықтайтын басты тұжырым болып табылады. Жоғарыда айтылған ұстанымдар білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын ұйымдастыруға негіз болуы уақыт талабынан туындаған заңды құбылыс.
ПЕДАГОГТІҢ ЖЕКЕ БАСЫНА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
Ата Заңның 14-бабында «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, дінге көзқарасына немесе тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп атап көрсетілген. Сондықтан педагог қай жерде болмасын өзінің азаматтық борышын, жауапкершілігін терең сезінуі, өзіне-өзінің қатаң талап қоюы, басқа адамдарға деген өз бойындағы адалдық, ілтипаттылық, қайырымдылық, ықыластылық, мейірімділік және т.б. ізгі қарым-қатынастардың болуын үнемі есінде ұстауы тиіс. Педагогтың әрбір іс-әрекеті махаббат пен сүйіспеншіліктің, құрмет пен шыдамдылықтың, яғни қоғамға қызмет етудің үлгісі болуы шарт.

Білім беру ұйымдарында педагог түрлі жастағы балалармен жұмыс істейтіндіктен тәрбиеленушілердің әрбір жас кезеңдегі психологиялық, физиологиялық ерекшеліктерін білуі және оны үнемі қаперіне алып отыруы тиіс. Мысалы, мектепке дейінгі кезеңде балалар үлкендерге тікелей тәуелді болады. Сондықтан педагог алдымен балаларды сүюі тиіс, балалармен күнделікті қарым-қатынаста, әрбір сәтте үлкен шыдамдылық, жан дүниенің тазалығы мен жомарттығы қажет. Сонымен қатар кіші мектеп жасындағы балалар үшін де педагог барлық бейнесімен олардың өмірлерінде ерекше із қалдырып, оларға күшті әсер ететін тұлға болып саналады. Ал ересек балалар үшін педагогтың әрбір қимыл-қозғалысына, іс-әрекеті мен сөйлеген сөзіне, оның ақыл-кеңесіне, өзге адамдармен қарым қатынасына, шәкірттерге қоятын талаптарына өздерінше сын көзімен қарайды. Сол себепті педагог балалармен қарым-қатынас жасауда мұғалімнің өзіндік сапа ерекшеліктерімен қатар, оның өзге адамдармен, әсіресе шәкірттермен даралық ерекшеліктерімен санаса отырып қарым-қатынас жасауға аса мән беруі тиіс. Балалар өз ұстазының бойынан көңілдеріне қонымды талап тілектеріне лайықты ұнамды қасиеттерді көргісі келеді. Осы орайда педагогтің бойындағы сапалар мен қасиеттердің балалар үшін қаншалықты ықпалды болатындығын көруге болады. Педагогикалық үдерісте әр баланың жеке ерекшеліктері мен қызығушылықтары, ішкі мүмкіндіктері және олардың психологиялық ерекшеліктерін ескеріп отырмағандықтан балалар мен педагогтер арасында түсінбеушілік туындап, жүргізіліп отырған тәрбие жұмыстары жақсы нәтиже бермейді.

Ал жасөспірімдік кезең балалық шақ пен ересек адамдар арасындағы өтпелі кезең екендігін ескеретін боласақ, бұл кезеңде жасөспірімнің тек өз педагогі мен ата-анасына ғана емес, өзге адамдарға, айналасындағы адамдарға деген өзіндік сыни көзқарасы өрістеп, әрбір нәрсенің мән жайына үңіле қарап, оларды танып білуге деген ықылас ынтасы арта түсетін кезең. Олардың ақыл-ойы өсіп, дүниетанымы кеңейе бастаған кезең. Адамның дамып жетілуіндегі мұндай сапалар жасөспірімдердің ұстаздарға деген талап-тілегін де күрделендіре түседі. Жасөспірімдер бұл кезеңде өздерін ересектер қатарына қосып, үлкен адамдардың өздеріне ілтипатпен, сеніммен, түсіністікпен қарауын талап етеді. Осы кезеңде үлкендер оларды әлі бала санап, солай әрекет етсе, өздерінің қарсылығы мен наразылығын іс әрекеттерімен, сөздерімен білдіреді. Педагог өз тәрбиеленушілеріне қарым-қатынасын ізгілікке, адамгершілікке, сүйіспеншілікке құруы тиіс. Егер баламен арадағы қарым-қатынас осы қасиеттерге құрылмаған жағдайда өзара түсінбеушілік, тартыс, өзара шиеленіс, реніш туындайды.

Бала мен педагог арасындағы талас-тартыс, дау-дамайдың туындауына негіз болатын жағдайлардың себептерін ғалым С. Елеусізова төмендегі жағдайлармен байланыстырады.

Олар:


  • Орта жастағы оқушылар өздеріне ерекше зейін қойып қарауды қажетсінеді. Өмірдегі өтпелі кезең, жоғарғы талаптар, сана-сезімі мен ақыл-ойының жетілуі мұғалімді жасөспірімдерге жаңа қырынан келуге мәжбүр етеді. Балалар бойындағы мұндай ерекшеліктерге педагог олардың есейгендігін байқатуы деп қабылдағаны абзал.

  • Өтпелі кезең жасындағы балаларға дұрыс қалып көрсетуден туындайтын тартыстарды жиі кездестіруге болады. Балалардың жас ерекшелігін және тәлім тәрбие жұмысында соған сай әдіс амалдарды қолдана білмеуден кейбір педагогтер өз жұмысында көптеген қиындықтарға кездеседі.

  • Балалардың жас және жеке ерекшеліктерін елемеу, рухани тілектерін қанағаттандырмау. Балалардың жеке ерекшеліктерін ескерудегі негізгі мақсат мінезі ерекше балалармен қалыпты қатынас орнатудың тиімді әдісі оларды ұжымдық өмірдің ыңғайын қарай бейімдеп, іс-әрекеттерін үйлестіру. Педагогтерге шыдамдылық пен тапқырлық көрсетіп, тиімді қарым-қатынас орнатудың әдіс-тәсілдерін қолданған жөн. Сол себептен, баланың айналасындағы адамдардан, педагогтер мен бала арасындағы қарым-қатынастарында жылы лебіздік жетіспейді.

Педагог білім беру ұйымдарында сүйіспеншілікке толы ерекше атмосфера құра алуы тиіс. Оны тұлғаның психикалық, адамгершiлiк негiздерiнiң қаланатын табиғи ортасы деп қарастырып, үлкендердің балаға, баланың үлкендерге деген туыстық сезiм негiзiнде терең эмоциялық сипатта құрылуына ықпал жасауы керек.
БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫН ІЗГІЛЕНДІРУДІҢ

ФОРМАЛАРЫ МЕН ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ
Күрделі де көп қырлы тәрбие үдерісі әр түрлі формалардың көмегімен жүзеге асырылады. Оларды таңдау тәрбие жұмысының мазмұнына, балалардың жас ерекшелігіне, педагогтердің шеберлігіне байланысты. Тәрбиені ұйымдастыру формасы көп жағдайды қамтитын кең мағыналы ұғым. Ол тәрбие қызметін ұйымдастырумен байланысты нақты процестерді белгілеу үшін қолданылады. Егер тәрбиені ұйымдастыру формасын жалпы түрде қарастыратын болсақ, онда ол педагогтер мен тәрбиеленушілер арасында қалыпқа түсіп келе жатқан қарым-қатынастарды, сондай-ақ балалар ұжымындағы тәрбиелеу үдерісіндегі қарым-қатынасты бейнелейді. Тәрбиені ұйымдастыру формасы – тәрбие элементерінің ішкі байланысын бейнелейтін және педагогтер мен тәрбиеленушілердің өзара қарым-қатынастарын сипаттайтын тәрбие үдерісін ұйымдастыру әдісі.

Білім беру ұйымдарында тәрбие үдерісін ұйымдастыруда жаппай немесе бұқаралық, топтық немесе үйірмелік және жеке дара формалары қолданылады. Бұл формалар көп таралған ұйымдастыру формалары болып табылады. Мұнда педагогтер мен тәрбиеленушілердің тәрбие үдерісіндегі қарым-қатынастары, олардың араласу формалары бейнеленеді. Тәрбие үдерісін ұйымдастыру формаларын тәрбиелік ықпал жасау әдістемесіне байланысты жіктеуге болады. Мұндай жіктеуде тәрбие формалары мынадай топтарға бөлінеді;



  1. ақпараттық, көрнекілік яғни саяси хабарлар, жиналыстар, лекциялар, тренингтар, шеберлік сабақтар, оқырмандар конференциясы, диспуттар, кездесулер, ауызша газеттер, радио, журналдар, мектеп музейлері, табиғат мүйістері, соғыс және еңбек ардагерлерінің галереялары, көркем шығармашылық көрмесі, тақырыптық стенділер, кітап көрмелері;

  2. комплексті, яғни тек қана ақпарат беріліп қоймай, күнделікті өмірмен байланысты іс-әрекеттер немесе практикалық сипатта болады. Олар жорықтар, экскурциялар, спортакиалар, олимпиядалар, конкурстар, сенбіліктер, жастар ұйымдарының түрлі жұмыстары «асар», «жас натуралистер», техниктер, қөлөнершілер және т.б.;

  3. пікірталастық олар пікірталас, ой жәрмеңексі, өнер жәрмеңкесі, философиялық үстел және т.б. формада іске асырылады.

Тәрбиелік ықпал жасау сипатына қарай жіктеудің шартты сипатта болатынын де есте ұстау қажет. Тәрбие практикасында сөздік, практикалық, көрнекілік формалар тығыз астасып, сабақтасып жатады.

Осы формалармен қатар түрлі көркемөнер клубтары, ғылыми ұйымдар, көркемөнерпаздар театрлары, киностудиялар, түрлі оқулар («Абай» оқуы, «Мұқағали» оқуы, «Оралхан Бөкейханов» оқуы және т.б.) арқылы да нәтижеге жетуге болады.



Практикалық қызметті ұйымдастыру жолдары.

Жеке адам ең алдымен түрлі әрекеттер барысында қалыптасып, дамиды. Әрекет адамның айналадағы болмысқа деген қарым-қатынасының көрінісі. Балаларға өмірлік тәжірибелерін қолдану мақсатында жағдаяттар шешу әдістемелік тәсілі көптеп берілді. Жағдаяттарды шеше отырып, балалар нақты шынайы жағдайлардан алшақ кетпей күнделікті өмірде туындайтын мәселені шешуге машықтанады. Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын ізгілендірудің тиімді жолдарының бірі - көркем үйірмелер. Көркем үйірмелер балалардың эстетикалық және адамгершілік жағынан қалыптасып, көркемдік талғамдары мен іскерлік, дағдыларының дамуына әсер етеді. Сонымен қатар әрбір баланың даралық қабілеттері мен мүмкіндіктерінің толық ашылып, дамуына тигізетін әсері зор. Көркем үйірмелерде педагогтің әрбір балаға жеке дара қарауына мүмкіндік туады. Көркем үйірмелердегі жұмыстар балалардың қоршаған ортадағы әсемдікті көріп, оны сақтау мен көре білуге үйретеді.


АТА-АНАЛАРМЕН ЖҮРГІЗІЛЕТІН ЖҰМЫСТАР
Бала тәрбиесі мен дамуындағы басты рөл атқарушы отбасы. Бала өмірінің басым бөлігі отбасында өтеді. Отбасы – баланың ең алғашқы жылы ұясы, алтын бесігі. Сондықтан бала мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі негізгі өсіп-жетілетін, тәрбие алатын ошағы, ал ондағы алғашқы ұстазы, жанашыры – ата-анасы болып табылады. Осы тұрғыда елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Отбасындағы адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады», - дейді

Қазақстан Республикасының Конститутциясында «балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы»,- деп, отбасының міндеті нақты көрсетілген.

«Қазақстан-2030» бағдарламасында балаларымызды алыс болашақта қандай сапада көруіміз керектігі айтылған. Сонымен бірге, отбасы туралы заң жоғары және орта білім тұжырымдамасында әрбір отбасына өзінің ұрпағын тәрбиелеп, қатарға қосу міндеті жүктелген.

Қазіргі кезде отбасында ата-ана мен бала арасындағы қатынаста түсінбеушілік орын алып, бір-біріне сүйіспеншілікпен, кешіріммен қарау азайып, түрлі келеңсіз мәселелер туындауда. Сондықтан отбасынды орын алып отырған қиындықтарды шешу қажет болып отыр. Отбасындағы жанжал мен орынсыз дау-дамайлар бала психикасына әсер етеді, отбасындағы түсініспеушілік баланың бойында орнықсыз эмоциялық жайттарды тудырады.

Ата-аналар үнемі балаларының ұяда не көрсе, ұшқанда соны алатынын, олардың әрбір сөзі мен іс-әрекетінің балаға тікелей әсер ететінін ұмытпағаны абзал.

Суицидиалды әрекет әлеуметтік жағдайы жоғары отбасында да кездеседі. Негізінен, жеткіншектер қай жағынан болсын әлсіз сипатта болады, олардың бойында әлеуметтік маригинализм кездеседі. Өйткені олар әлі есейіп үлгерген жоқ, жасөспірімдер немесе жеткіншектер көп жағдайды терең түсіне алмай, күйзелісті жағдайға барады. Олардың бойында құндылықтар жүйесі әлсіз болады да, антисуицидиалды факторлар іске қосылмайды. Тәрбиедегі жағымсыз әрекеттер әлсіз қарсылықты күшейтеді де, ата-ана тарапынан болатын әртүрлі жазалар баланың көңіл күйінде эмоциялық орнықсыздықты тудырады, олар содан келіп өмірлік қиындықтарды көтере алмайды.

Жасөспірімдердің өзіне-өзі қол салуына толық емес отбасындағы жағдайлар да ықпал етеді. Өгей әке немесе өгей шешенің де мінез-құлқын бала іштей қабылдай алмайды. Суицидиалды іс-әрекетке сонымен қатар бала күнінде алған ми жарақаттарының әсері бар (физиологиялық факторлар). Дисгармониялық дамуы бар балаларда өмірдегі шынайылықты қабылдауда алшақтық болады.

Біз бұл орайда жеткіншектердің өзіндік психологиялық ерекшеліктеріне барынша назар аударуымыз керек. Олардың бойында ұялшақтық пен агрессиялы мінез-құлық, жастық максимализм, шектен тыс мазасыздану, шамасы келмесе де «өзім білеміндікке» ұмтылу тән болып келеді.

Бұл орайда ата-ана алдымен нені ескеруі қажет деп ойлайсыз?

Суицидтік мінез-құлқына қатысты әрекеттер мен оның алдын алу үшін ең алдымен ата-ана баланың көңіл күйіне, жеке басына ерекше назар аударып отыруы керек. Жалпы, баланың күйзеліске душар болып жүргенін төмендегідей әрекеттерден аңғаруға болады.



  • Баланың мінез-құлқы өзгереді, тұйық немесе күйгелек бола бастайды;

  • Мектепке бармаудың барлық амал-шарасын ойлап табады;

  • Мектепте болған ситуациялардан қашады, сабаққа барғысы келмей;

  • Әдеттегіден гөрі ақшаны жиі сұрай бастайды, сылтауы көбейеді, тіпті ата-анасының қалтасына түседі. Демек, ол қаржыны «мазасын алып жатқандарға» тасиды.

  • Оқу үлгерімі нашарлайды, зейіні тұрақсыз болады.

  • ұйқысы бұзылады;

Сондықтан бұл жерде біз суицидті болдырмау және оның алдын алу жолдары туралы көбірек сөз еткеніміз абзал.

Сондықтан кішкентай кезеңнен сәбидің туыстары мен ата-анасына эмоциялық жағынан жақындық, жылылық сезімін қалыптастырғаны жөн.

Ең маңыздысы, баланың бойына үміт пен сенім ұялату арқылы жылы сезімдерді дамыту керек. Жеткіншектің өз мінез-құлқын қадағалап отырып, оны саралай білуге үйрету қажет.

Балалар мен жасөспірімдердің тағдырына отбасындағы кикілжің себепкер. Яғни ерлі-зайыптылардың өз арасында және олардың ұл-қыздарымен қарым-қатынасында шынайылық пен жылылық жоқ немесе мүлдем төмен. Ал бала мен жасөспірімнің мінез-құлқы толық қалыптаспағандықтан, өткір пышақтың жүзіндей қылпып тұрады. Сондықтан оның кез келген уақытта қатерлі қадамға аяқ басуы оп-оңай. Таңданарлығы сол, жаңағыдай жаңсақ жолға түскендер материалдық тұрғыда мүмкіндіктері шектеулі отбастарына қарағанда, бақуатты отбасыларында да кездеседі.

Екіншіден, мектептің, әсіресе, психологтардың ата-аналармен байланысының да маңызы ерекше. Ата-ана мен мектептің бала тәрбиесін біріне-бірі итермей, ортақ мүдде үшін ынтымақтаса жұмыс істегені дұрыс.

Өмір - Күрес. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Бұл өмір заңдылығы осылай. Сондықтан балаларға түрлі жағдайға дайын болатындай тәрбие берілуі тиіс. Десек те, балалар- қоғамның әлсіз буыны. Тәжірибесіз, аңғал, сенгіш. Кез келген оқиғаны жанына жақын қабылдайды. Әлі келмеген, күші жетпеген, ақыл таппаған жалғыз қалған тұста түрлі көзсіздіктерге баруы ықтимал. Бәлкім, мұны жақындарының назарын өзіне аударудың жолы деп ойлар. Себебі, көптеген ата-ана бауыр еті баласына барынша көңіл бөліп, жан дүниесін түсінуге тырысуға мән бермейді. Ата-ана кез келген мәселеде ақылдасып, ортақ шешім қабылдаулары тиіс.

Психологиялық пайымдаулар бойынша, өмірден гөрі өлімді таңдайтындардың 9 пайызы - қандай да бір жазадан қорыққандықтан, 18 пайызы - жан дүниесіндегі қайғыны көтере алмағандықтан, 18 пайызы - отбасындағы жайсыздыққа төзе алмағандықтан, 6 пайызы «махаббат майданындағы» сәтсіздікке көне алмағандықтан көз жұмады екен. Ал жалпы 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 50%-ы жауапсыз қалған махаббаттың құрбанына айналатын көрінеді [5].

Өтпелі кезеңде жасөспірімдердің жанын жабықтыратын жағдайлар көп. Бұл кезеңде балаға алғашқы махаббаттағы сәтсіздік, өзінен үлкендердің күш көрсетуі, ата-аналарының түсінбеушілігі, әрі құрдастарының келемеждеуі қатты әсер етеді. Өкінішіне қарай, балалардың көпшілігі мұндай жан күйзелісін «ұрсады» деп ата - анасынан жасырып қалуға тырысады екен. Өйткені, ата-аналардың басым көпшілігінде өктемдік көрсету психологиясы басым. Ал психологтардың көпшілігі баламен қарым - қатынаста бір уақыт оның деңгейіне түсіп, бала ойлаған тәрізді ойлаудың да артық етпейтінін айтады. Себебі, көп жағдайда үлкендердің баланың сөзін тыңдамауы, өз пікірін таңуы, бала психологиясында менің пікіріммен санаспады деген ашу-ыза тудырады екен. Ашу-ыза да суицидке итермелейтін күш болып табылады. Мектеп еш уақытта отбасынан, қоғамнан бөлініп, автономиялық мекеме болған емес. Сондықтан оның іс-әрекеті отбасымен, жұртшылықпен тығыз байланысты. Мектептің үлкен тәрбиелік қызметі осында.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет