Ұлтабар(сычуг) — abomasum — құрсақ қуысының оң қабырғаасты аумағында орналасады. Оның пішіні мен құрылысы бір бөлімді безді қарынға ұқсас.Ұлтабар көп бөлімді қарынның химиялық жолмен азықты қорыту процесі басталатын бөлімі. Сондықтан, оны нағыз қарын-деп те атайды.Ұлтабардың пішіні алмұрт тәріздес болып келеді. Көлемі жағынан ол сақа жануарларда екінші, ал жас төлдерде бірінші орында.Ұлтабардың париетальды және висцеральды беттері, үлкен және кіші иіні, денесі және түбі болады.Ол қатпаршақтан кең қуысты болып басталып,ұлтабардың пилорустық бөлігіне дейін жіңішкеріп келеді де,дорсальды бағытта сәл иіліп,ұлтабар ұшына (он екі елі ішекке) ауысады.Ұлтабар қабырғасының гистологиялық құрылысы бір бөлімді безді қарын қабырғасының құрылысына ұқсас. Оның қабырғасын кілегейлі,етті және сірлі қабықтар құрайды.Ұлтабардың кілегейлі қабығы бірқабатты призма тәрізді эпителий ұлпасымен астарланған. Кілегейлі қабығындағы кардиальды, фундальды және пилорустық бездер қарын сөлін бөледі.Бұлар орналасқан аймақтар ішіндегі ең көлемдісі фундальды бездер аймағы. Кілегейлі қабықтың ішкі бетінде ұзынынан орналасқан иірімді қатпарлар болады. Бұл қатпарлар қатпаршақ-ұлтабар тесігі маңында бір-бірімен бірігіп, тесік ішінде екі үлкен қатпар түзеді. Аталған қатпарлар ұлтабар желкені-деп аталады.Ұлтабар желкені ұлтабар қуысында қорытылып жатқан азықтың кері қатпаршаққа өтуіне жол бермейді.Иірімді қатпарлардың саны сиыр ұлтабарында -2-16, қойда -13- 15,ешкіде — 16-17 болады.
Ұлтабардың етті қабығы сыртқы ұзынша және ішкі сақинаша бірыңғай салалы ет ұлпасы қабаттарынан түзілген.Ұлтабардың пилорустық бөлігіне жақындаған сайын, етті қабықтың сақинаша қабаты қалыңдап, қақпақша (пилорус) қысқыш етін жасайды.Ұлтабарды сыртынан сірлі қабық қаптап, оның үлкен және кіші иіндерінде тоғысып,аттас шарбыларға айналады.