2. Дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы (ДБІ) П.М.Эрдниевтің пікірінше, ірілендірілген дидактикалық бірліктер әр сабақта ағымдағы оқу жұмысын қорытып отыруға, материалдағы қисынды байланыстарды айқындауға, материалдың бастысын және мәндісін атап көрсетуге, оны эмоциялық түрде беріп, бекітілуін неғұрлым тиімді етуге мүмкіндік береді.
П.М.Эрдниев дидактикалық бірліктерді ірілендірудің төмендегідей тәсілдерін ұсынады:
1 бағдарламаның өзара байланысты мәселелерін бірге әрі бір уақытта үйрету;
2 шешілген мәселелерді соған ұқсас немесе кері тапсырмалар түрінде өңдеу, бұл бастапқы жаттығуларды әрбір түрлендірген сайын жаңа мазмұн алып отыруға мүмкіндік беру;
3 өзгертілген жаттығулар әдісі арқасында ойлау қабілетінде ұтымды білім жүйесін қалыптастыру;
4 оқушылардың өзіндік жұмысында шығармашылық тапсырмалардың үлес салмағын арттыру.
Ірілендіру қағидасы білімді меңгертуде айқын бірізділікті, беріктікті және саналылықты ұстанады. Сонымен, П.М.Эрдниев материалды жүйемен, таңба үлгілері, сызба, кесте түрінде беруді ұсынады. Бұл технологияның басты ерекшелігі оқу пәні аумағында, ал кей жағдайларда - туыстас оқу пәндері блогының ішінде материалдың дәстүрлі дидактикалық құрылымын қайта құру болып табылады.
3. Дамыта оқыту әдістемесі Дамыта оқыту – мазмұны, әдістері мен формалары баланы жан-жақты дамытуға бағытталған оқытуды ұйымдастыру тәсілі.
Дамыта оқыту тұжырымдамасының мәні – оқушыны дамыту мұғалім үшін де, оқушының өзі үшін де басты мәселеге айналатындай жағдай туғызу.
Дамыта оқыту технологиясы іс-әрекет теориясына, психикалық даму мен іс-әрекет бірлігінің психологиялық-педагогикалық тұжырымдамасына негізделген. Дамыта оқыту жүйесінің міндетті шарты: таным қызметі барысында ең белсенді субъект оқушының өзі болуы тиіс. Дамыта оқыту негізінде оқушылардың саналы түрде мақсатқа бағытталған қызметі тұруы шарт.
Дамыта оқыту идеясын жүзеге асырудың алғашқы талаптарының бірін жасаған Л.В.Занков болды.
Л.В.Занковтың дамыта оқыту жүйесі жеке тұлғаны жалпы, жан-жақты дамытуға бағытталған.
Д.Б.Эльконин-В.В.Давыдов технологиясында оқытудың дамытушылық сипаты оқыту мазмұнының теориялық білімдер негізінде құрылуында. Теориялық білім негізіне мазмұнды қорыту алынған. Мазмұнды қорыту дегеніміз – тақырыпты жасырын байланыстары, ішкі дамуындағы қарама-қайшылықтары арқылы түсіну. В.В.Давыдовтың пікірінше, оқушылардың тек ақыл-ойындағы ғана емес, сондай-ақ гуманды, жеке тұлғалық дамуындағы өзгерістерді де ескерудің маңызы зор.
Д.Б.Эльконин-В.В.Давыдовтың дамыта оқыту технологиясында оқу қызметін жүзеге асырудың төмендегідей негізгі шарттары бар:
1 балалардың оқуға деген құлшынысынан көрінетін қалыптасқан оқу қызметінің қажеттілігі;
2 оқушыларда оқу қажеттілігін қалыптастыру мақсатында оқу қызметін жүргізу әркез пікірталас негізінде өтеді;
3 оқушының ғылыми білім ізденуі мен қалыптастыруы барысында қате болмайды; ізденіп, зерделеп жүрген адамда сынап көру талабы болуы мүмкін, ал ойлау, нәтижеге жетудің түрлі нұсқаларын зерделеу барысында оларға тек қиындықтар кездесуі мүмкін.