1. Конспектілер, тірек белгілері негізінде оқыту жүйесі
В.Ф.Шаталов жүйесінің (конспектілер, тірек белгілері негізінде оқыту) қағидалары мынадай:
көп мәрте қайталау;
міндетті түрде кезең сайын бақылау;
ірі блоктармен оқыту, ойындарды қолдану;
жеке тұлғаға бағытталған тәсіл;
мәжбүрлемей оқыту;
оқу жағдаяттарының шиеленіссіз өтуі;
оқыту мен тәрбиені ұштастыру.
Біздің ойымызша, мұнда ең бастысы – сабақта барлық оқушылардың жаппай және толық белсенділігін қамтамасыз ететін оқу қызметі жүйесін әзірлеу. Бұған оқу материалы шоғырландырылған тірек сызбалары арқылы қол жеткізуге болады. Тірек сызбалармен жұмыс істеудің белгілі кезеңдері және бірқатар тәсілдері мен әдістемелік шешімі бар.
Жаңа материалды өтудің бірінші кезеңінде, В.Ф.Шаталовтың пайымдауынша, мұғалім түрлі иллюстрацияларды, жаппай әңгімелесу элементтерін және де басқа дәстүрлі әдістеме тәсілдерін қолдана отырып, материалды әдеттегідей түсіндіреді.
Бұл материалды ірі блоктармен (тақырып, тарау) беру оны жақсырақ түйсінуге, өзара қисындылық байланысын сезінуге мүмкіндік береді.Бұл жерде басты міндет – оқушылардың негізгі материал мазмұнын терең түсінуін қамтамасыз ету. Егер бұл мақсат орындалса, оқушы қабылданған материалды өз сөздерімен қайта жаңғырта алады. Сонда оқытудың екінші кезеңін іске асырудың қажетті алғышарты туындайды, мұнда меңгерілген мазмұн оқушылар санасында тірек белгілермен, тірек конспектілер кешенімен байланыстырып қалыптасады. Автор: «Материалды ірі блоктармен (тақырып, тарау) беру оны жақсырақ түйсінуге, өзара қисындылық байланысын сезінуге мүмкіндік береді. Оқушы алдағы жүрер жолын бөлек–бөлек емес, тұтастай көріп, алдында не күтіп тұрғанын біле алады. Бірінші кезеңде мұғалім сабаққа іріктеп алынған параграфтарды жан–жақты, кеңінен бейнелі–эмоционалды түрде түсіндіреді. Екінші кезең – оқу материалын тірек белгілері бойынша қысқаша түсіндіру, түрлі белгілер арқылы берілген негізгі ұғымдардың және олардың өзара жеке байланысының мәнін ашып, сөзбен айту. Үшінші кезең – әр оқушының өзіне берілген тірек белгілерді мұқият зерделеуі. Төртінші кезең – өз бетінше оқулықпен және тірек белгілері бар парақпен жұмыс істеу. Бесінші – тірек белгілері бойынша жауап беру. Алтыншы – бұрын өтілген материалды қайталап, бекіту. Теориялық мәселелерді терең түсіну оқушыларда өз күшін іс жүзінде көрсем деген талап туғызады», –деп атап көрсетеді [121].
Тірек белгілердің көмегімен оқушы оқу ақпаратын тек есте сақтап қана қоймайды, ол оны өңдеп, бастысы мен қосалқысын, ортақ және жеке сипаттарын аша біледі, яғни, қабылданған ақпаратты, оның мәнін түсінуге қол жеткізеді. Бұл оқушының санасында кейін ұзақ уақыт есінде сақталатын берік мағыналық құрылым қалады дегенді білдіреді. Күнделікті тексеріс оқушылардың сөйлеу тілі мен ойлау қабілетін дамытуға жағымды ықпал етеді.
Мазмұны бойынша В.Ф.Шаталов жүйесі дидактикалық болып табылады. Оның жүйесінде материалды меңгерту барысын үнемі сырттай бақылау мен бағалауды оқушылардың өзін-өзі бақылауымен және өзін-өзі бағалауымен ұштастыру қағидасы жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |