Диссертация құрылымы. Диссертация кiрiспеден, екi тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тiзiмi мен қосымшалардан тұрады.
Кiрiспеде зерттеудiң өзектiлiгi, зерттеу жұмысының тақырыбы, мақсаты, міндеттері, объектісі, пәнi, болжамы, әдіснамалық негiзi, ғылыми жаңалығы, зерттеу кезеңдері, зерттеу базасы, теориялық және практикалық маңыздылығы, қорғауға ұсынылатын қағидалары берілген.
«Оқу процесінде оқушылардың шығармашылығын дамытудың ғылыми–теориялық негіздері» атты бiрiншi тарауда зерттеу мәселесi бойынша философиялық, психологиялық, педагогикалық, әдiстемелiк әдебиеттерге талдау жасалды. Осы талдау нәтижесiнде жасалған тұжырымдамалар мен ұсынымдар негізінде жалпы бiлiм беретiн орта мектепте оқушылардың шығармашылығын дамытудың ғылыми-педагогикалық мәселелерi, педагогикалық технологияларды оқу процесінде қолдану тәжірибесі мен оқу процесінде оқушылардың шығармашылығын дамыту шарттарының сипаттамасы және негіздемесі берілген.
«Оқушылардың шығармашылығын дамыту процесiн орта мектепте ұйымдастыру» атты екiншi тарауда, оқушылардың шығармашылығын дамытуда мектептi басқару жүйесi мен интерактивтік модульдiк оқыту технологиясы негізінде оқушының шығармашылығын дамыту тәсілдерін қолданудың тиiмдiлiгi, өлшемдері мен көрсеткіштері айқындалып, жүйенi тәжірибелік-эксперименттік жұмыста тексеру нәтижелері талданып, шығармашылықты дамытудың педагогикалық-психологиялық мониторингi дайындалды.
Қорытындыда педагогикалық тәжірибелік-эксперименттік жұмыс нәтижелерi негiзiнде дайындалған тұжырымдар мен ұсыныстар келтiрiлдi.
Қосымшада оқушының жеке тұлғасын зерттеу, мұғалiмдердi жан-жақты зерттеу әдiстемелерi, Сыныпта жүргiзiлген педагогикалық консилиум үлгiсi, пән бойынша интерактивтік модульдiк оқыту технологиясы бойынша сабақ жоспары берiлдi.
1 Оқу процесінде оқушылардың шығармашылығын дамытудың ғылыми–теориялық негіздері
Оқушылардың шығармашылығын дамытудың ғылыми-педагогикалық мәселелері
Адамның мәні оның қоғамдағы алатын орны, өткені, қазіргісі, болашағы, қалыптасуы, дамуы, адамзатты үнемі толғандыратын мәселелер қатарына жатады.
Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында, Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында, «Білім» мемлекеттік бағдарламасында, мемлекеттiк бiлiм беру саясатының тұжырымдамасында және тағы да басқа стратегиялық құжаттарда мектеп ортасында жеке тұлғаның физиологиялық және рухани мүмкіндіктерін ашу, салауатты өмір салтын, қарапайым негізгі адами қасиеттерін қалыптастыру, шығармашылық күш-қуатын ашуға қолайлы жағдай туғызу ең негізгі міндеттер екендігі көрсетілген.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының негізгі мақсаты: «әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдастырылған және жеке тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын көп деңгейлі үздіксіз білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру үшін білім беруді дамытудағы стратегиялық басымдықтарды белгілеу» - деп атап көрсетілген [1].
Бұл үлкен жауапкершілік артатын күрделі мақсат. Оны шешу үшін ең алдымен оқыту мазмұны жаңартылып, ол әрбір оқушының жеке басының қасиеттері мен қабілеттерін дамытып, шығармашылығын ұштайтындай болып ұйымдастырылуы қажет. Сонда ғана мектептен өз өмірін өзі реттей және басқара алатын, әлеуметтенген шығармашыл тұлға тәрбиеленіп шығады.
Жалпы білім беру жүйесі дамуының әр кезеңінде де бұл мәселе көкейкесті болып келді. Осы тұрғыда педагогика саласында зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижелерін мектеп практикасына енгізіп оқу процесіне шығармашылық сипат беру ойластырылды.
Алайда оқытудың шығармашылық сипатын күшейтіп, сол арқылы бала қабілетінің дамуына жүйелі басшылық жасау, мақсатты бағыт-бағдар беру, педагогикалық ықпал ету негізінен күн тәртібінде тұрғанымен оның ішкі мазмұны ашылмай, көмескі күйінде қалып келді. Оның өзіндік себептері бар. Бірінші себебі оқу процесін ұйымдастыруға негіз болатын нормативтік-оқу құжаттарында оқушы шығармашылығын дамытудың тиісті дәрежеде ойластырылмауы болды. Осыған дәлел ретінде Л.В.Занковтың зерттеу нәтижелерін айтуға болады.
Профессор Л.В.Занковтың зерттеулерін зерделей келе соңғы жылдарға дейінгі оқу бағдарламаларында төмендегідей кемшіліктер орын алып келген деген тұжырым жасауға тура келеді. Олар:
оқу бағдарламаларында оқытудың жүйелік ұстанымының толық сақталмауы;
оқу бағдарламаларына, оқулық мазмұнына оқушыларды қызықтырарлықтай теориялық мәселелердің енгізілмеуі;
оқушылардың оқу-тәрбие процесінде алған білімдері олардың ой-өрісінің дамуына жеткілікті әсер етпеуі;
оқулықтағы тапсырмалардың оқушылар қызығушылығын оятарлықтай деңгейде ойластырылмауы;
оқу бағдарламасындағы кейбір материалдардың бірнеше рет қайталануы. Ал мұндай олқылықтар орын алып отырғанда оқушылардың шығармашылығын дамыту мүмкін емес.
Оқушы шығармашылығының тиісті дәрежеде дамуына әсер ететін екінші себеп – оқулықтардың сапасы.
Мемлекет басшысы мұғалімдердің ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде білім беру сапасы көп ретте оқулықтардың сапасына байланысты болатынын атай отырып, шығарылатын оқулықтардың сапасына да назар аударды. Сонымен қатар оқулықтардың негізгі кемшіліктерін де атап өтті. Олар: зиянды дидактикалық материалдар, орфографиялық және стилистикалық қателер, тұжырымдары оқушы тіліне күрделі және т.б. [2].
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор М.Ж.Жадринаның пікірінше, Қазақстан Республикасының төл оқулықтарының басты жаңалығы «тұңғыш рет әрбір оқу курсының мазмұны білім беруді гуманизациялау, сараландыру, кіріктіру және гуманитаризациялау ұстанымдарын жүзеге асыруға бағындырылған оқу материалының құрылымы мен қисынын (логикасын) өзгерту арқылы жасалынуда» [3].
Сондай-ақ ол оқулықтардың жаңашылдығы туралы, оқушылардың ой түйіндеу, ой толғау дербестігін қалыптастыруға мүмкіндік беретін тәрбиелік потенциалды күшейту керек екенін айтып өтті. Осыған орай оқу субъектісі – оқушының шығармашылық белсенділігін арттыру құралы ретінде оқулық рөлін түйіндеу, терең түйсіну қажеттілігін айтады.
Бұдан әрі ғалым оқулықтың негізгі қызметтерін:
үйлестіруші;
жүйелендіруші;
дидактикалық қызметтерін толық іске асыратындай болуы тиіс дей келе, оқулықтың дидактикалық қызметін:
ақпараттық;
түрлендіруші;
бекіту және өзін-өзі бақылау;
өз бетімен білім алу;
кіріктіруші;
дамытушылық-тәрбиелік деп саралап көрсетеді [4].
Демек, қазіргі кезде оқушы шығармашылығын дамыту үшін әр пән бойынша оқулықтар жоғарыда аталған қызметтерін толық орындайтындай сапаға ие болуы тиіс.
Ғалымның ойынша, білім беруді гуманизациялауды жүзеге асыру дамушы жеке тұлғаның өзінің жеке құндылықтар жүйесіне (бақыт, әділдік, өмірдің мәні жайлы тұжырымдама және т.б.) кепілдік берілетіндей жағдайлар туғызуды талап етеді.
Ал, баланың шығармашылық әрекет жасай алмауының үшінші себебі - оқу процесінің ұйымдастырылу деңгейінің заман талаптарына сай болмауы.
Осы уақытқа дейін жалпы білім беретін мектептерде оқу процесі жаңаша педагогикалық ойлауға орай ұйымдастырылмады, оқу процесінде субъект-субъектілік қатынас жүзеге аспады. Өйткені, оқу процесі дәстүрлі оқытуға негізделді.
Ғалым Е.Ө.Жұматаеваның пікірінше дәстүрлі оқыту жүйесінің негізгі кемшіліктері:
пікірдің қажеті жоқ, оған уақыт кетеді;
күрделі оқу материалын мұғалімнің жеңілдетіп түсіндіруі;
фактілерге жүгініп, білімді жинақтап қабылдауға мән берілмейді[5].
Ендеше мұндай олқылықтың орнын толтырып, оқушы шығармашылығын дамытуға қолайлы жағдай туғызудың бір жолы – бұл оқу процесіне тұлғаға бағдарланған технологияларды енгізу деп ойлаймыз. Шығармашылықты дамыту мәселесіне арналған ғылыми-зерттеулерді саралай келе, біз оқушы шығармашылығын дамытудың ең маңызды шарттарының бірі ең алдымен оны дамытуға қолайлы ахуал туғызуды қамтамасыз ету үшін оқу процесін гуманизациялау қажет деген қорытындыға келеміз.
Оқу процесін гуманизациялауды жүзеге асыру үшін жеке тұлғаға бағдарланған оқыту технологиялары ендірілуі тиіс. Біз мұның мәнін ашпас бұрын алдымен жеке тұлға ұғымының мәнін түсінейік.
Өйткені баланың шығармашылығын дамыту мәселесін талдау ең алдымен «жеке тұлға», «қабілет», «нышан», «талант», «бейімділік», «дарындылық» ұғымдарының мәні мен ара жігін терең түсініп алуды қажет етеді.
Жеке тұлғаны қоғам дамуының бір бөлігі ретінде философия, әлеуметтану, психология, педагогика және т.б. ғылымдар өз тұрғысынан зерттейді.
«Тұлға» (латынша persona) – ертеден келе жатқан ұғым. Алғаш актерлер сахнада беттеріне киіп жүретін бетпердені осылай атаған. Бүгінгі таңда ол әлеуметтік мәні, қасиеттері бар нақты адамды білдіреді.
Жеке тұлғаның дамуына деген көзқарас қоғамның әр даму формациясында әр түрлі мәнге ие болған. Мәселен, ерте дүниедегі ойшылдар Платон мен Аристотель адамның дамуы алдын ала табиғи тумысынан белгіленеді, яғни нәсіліне байланысты дейді [6].
Джон Локк (ХVІІ ғ.) пен Д.Дидро (ХVІІІ ғ.) қоғамдағы адам дамуының шешуші факторы – орта, дәлірек айтқанда, адамдардың өмір жағдайы мен тәрбиесі деген пікірді дәлелдеді.
Д.Локктың пікірінше, дүниеге келген нәрестенің жаны ақ тақта сияқты таза, тек өмір жағдайлары мен тәрбие ғана адами қасиеттерінің көзі [6,117-119б.]. Ал, Д.Дидро: «Адам – жағдайлар мен тәрбиенің ғана жемісі» [6,129-131б.], - дейді.
Философияның діни ағымының өкілдері Ж.Маритен, М.Казотти, М.Стефанини жеке тұлғаның дамуын дін мен мистикаға апарып тіреді. Олар адам – табиғат перзенті, сондықтан уақытша өзгерісте болады, ал енді адам жаны өшпейді, жойылмайды, әрі ол құдайдың құдіретімен жаралғандықтан, оның жеке тұлға ретінде дамуы да діни тәрбиенің әсерінен болады деген тұжырымды дәлелдейді [7].
Американдық прагматикалық педагогиканың негізін салушылардың бірі Джон Дьюи жеке тұлғаның дамуы жөніндегі теорияны туғаннан пайда болатын инстинктер мен қабілеттер арқылы негіздеп, тәрбиені де соларға тәуелді етеді. Ол жеке тұлғаның дамуын оның өзі өмір сүріп отырған қоғамға икемделуі деп түсіндіреді [8].
Демек, жеке тұлға мәселесін шешуде аталмыш ғалымдардың барлығы да адамның дамуын өз еркінше, ішке әрекеттен, қоршаған жағдайлардың әсерінсіз, адамдардың қатынасынсыз болады деп түсіндіреді.
К.Маркс философиялық тұрғыдан «Жеке адам дегеніміз - қоғамдық дамудың нәтижесі, белгілі қоғамдық қатынастардың жемісі. Жеке адамның дамуы үнемі жетіліп отыратын заңды процесс болғандықтан, оның әрбір саласы белгілі жағдайларға, іс-әрекетке, айнала қоршаған өмірге, адамдармен қарым-қатынасқа тікелей байланысты болады», – деп түсінік береді [9].
Философиялық сөздікте: «Тұлға – белгілі бір қатынастар тұсында өмір сүретін адамның негізгі 3 қырының: биогенетикалық нышандарының, әлеуметтік қатынастар әсерінің және психоәлеуметтік қасиеттердің біртұтас бірігуінің нәтижесі» деп көрсетсе [10], Ә.Т.Тұрғынбаев: «Тұлға – іс-әрекеттің, қарым-қатынастың, сана мен өзіндік сананың, дүниеге көзқарастың субъектісі», - деген анықтама берді [9, 275 б.].
Ал Р.Н.Нұрғалиевтің пікірінше, жеке адам - әлеуметтік индивид ретіндегі адам, қоғам мүшесі. Ол қоғамдық қатынастардың жиынтығы ретінде биоәлеуметтік организм [11].
Сонымен, жеке тұлғаға философиялық тұрғыда берілген анықтамаларды талдай келе: жеке тұлға - қоғамдық дамудың, қоғамдық қатынастардың нәтижесі. Оның дамуы белгілі бір жағдайларға, іс-әрекетке, қоршаған ортаға байланысты болады деген тұжырым жасауға тура келеді.
Жеке тұлға мәселесі – психологияның да негізгі бөлігі. Әлі күнге дейін психологияда жеке тұлғаның маңыздылығы туралы зерттеу аяқталған жоқ.
Енді психологиялық зерттеулерге сүйенсек, адам мұндай күйге бірден келмейді, оған бірте-бірте жетеді деген ортақ пікірді аңғарамыз.
Мәселен, психологиялық сөздікте: «Жеке тұлға - әлеуметтік ортада қалыптасып, өзіндік ерекшеліктерімен (талғам, мұрат, мінез-құлық, қабілет, т.б.) сипатталатын адам», - делінген [12].
Ж.Пиаже, А.Н.Леонтьев, С.Л.Рубинштейн, Л.С.Выготский, Д.Б.Эльконин, Б.Г.Ананьев сияқты психологтардың пікірлерін қорыта келгенде, бала өмірге белгілі бір табиғи қасиеттері бар жеке адам болып келіп, әлеуметтік факторларға байланысты қоғаммен субъекті ретінде қарым-қатынаста жеке тұлға болып қалыптасады және өзін басқа адамдармен салыстыру арқылы өзінің ішкі «Менін» көрсетеді, бұл ең алдымен адамның әлеуметтік өмір жағдайымен, тәрбиесімен, қоғамдағы орнымен, оның психикасының, мінезінің тұрақты көріністері болып табылатын қабілеттерімен, қажеттіліктерімен, адамгершілік қасиеттерімен, моральдық және эстетикалық идеяларымен, ойлаудағы ерекшеліктерімен, эмоцияларымен, ерік-жігерімен анықталатын қасиеттер жиынтығы деуге болады [13; 14; 15; 16; 17; 18].
Демек, жеке тұлға – өзінің мінез-құлқымен, темпераментімен, физиологиялық қасиеттерімен ерекшеленеді және қоршаған ортамен үнемі белсенді қарым-қатынас жасау процесінде қалыптасады екен.
Сонымен, жеке тұлғаны тек жеке адамның адами ерекше қасиеттерінің жиынтығы деп түсінуге болады.
Қазіргі педагогика жеке тұлғаны оқыту мен тәрбиелеудің тек объектісі ғана емес, субъектісі ретінде зерттейді. Философиялық, психологиялық, педагогикалық еңбектерге сүйене отырып, жеке тұлға туралы біз:
Достарыңызбен бөлісу: |