Палеонтологиялық дәлел өліп біткен тірі ағзалардың қазынды қалдықтарына негізделген. Бұл салада дәлелді мынадай екі топқа бөлуге болады: өтпелі формалар және филогенездік қатар. Өтпелі формалар деп бір мерзімде екі ірі жүйелік топтың белгілерін үйлестіретін ағзаларды айтады. Оған тек өліп біткендер ғана емес, сондай-ақ қазір де тірі ағзалар мысал бола алады. Мәселен, біржасушалы эвгленаларға жататын балдырлар фотосинтезді іске асыру мүмкіндігі болмаған кезде (жасыл эвглена) гетеротрофты жолмен қоректенуге көшеді, яғни олар өсімдіктер мен жануарлардың арасындағы өтпелі форма. Клоақалы (жұмыртқалаушы) үйректұмсық пен түрпі (эхидна) - жорғалаушылар мен сүтқоректілер арасындағы жануарлардың өтпелі формасы. Ал тірі қазынды латимерия (саусаққанатты балық) — балықтар мен қосмекенділер арасындағы өтпелі форма. Қазындылардан ең мәлім өтпелі формалар - көнеқұс (археоптерикс) және иностранцевий.Көнеқұс (археоптрикс) - жартылай құс, жартылай кесірт (ящер).