Организмнің адаптациясы және оның реактивтіліктегі маңызы.Қоршаған ортаның ұдайы құбылып тұратын ықпалдарына организмнің бейімделу мүмкіншіліктері оның реактивтілігіненбайланысты болады. Сондықтан реактивтілікті организмнің адаптациясы туралы түсініктен бөлек қарастыруға болмайды.
Адаптацияның нәтижесінде организм өзінің физиологиялық мүмкіншіліктерін белсенді түрде жұмылдырып, қоршаған ортаның қомақты ауытқуларына қарсы тұра алады. Осыдан организмнің аурутуындататын ықпалдарға төзімділігі артады. Адаптация дамуында екі кезеңді ажыратуға болады (Ф.З.Меерсон):
● 1-кезең қысқы мерзімді, жедел дамитын, жетілмеген адаптация;
● 2-кезең ұзақ мерзімді, жетілген адаптация – делінеді.
Қысқа мерзімді адаптация қоздырғыш ықпал әсер еткеннен кейін организмде әрдайым болатын дайын физиологиялық тетіктердің қатысуымен тез арада дамиды және ол кезде организмнің барлық пайдаланылмаған мүмкіншіліктерінің жұмылдырылуы ең жоғарғы шегінде болады. Бірақ бұл қажетті бейімделуді толық қамтамасыз ете алмайды.
Ұзақ мерзімді адаптация қоршаған ортаның ықпалдары организмге бірнеше қайталап немесе ұзақ әсер еткеннен кейін біртіндеп пайда болады. Ол көп қайталанатын жедел дамитын адаптацияның негізінде дамиды. Содан организм жаңа жағдайға бейімделген қабілет қабылдайды. Осының нәтижесінде ауыр гипоксияға, улардың үлкен өлшемдеріне, температуралық т.б. аурутуындататын ықпалдарға организм төзімді болады. Физикалық жүктемелердің, суық сумен шайынудың әсерлерінен және қан алу, инемен емдеу, дененің белсенді нүктелерін күйдіріп емдеу т.с.с. бейдәстүрлі медици-наның емдеу тәсілдерін қолданудан аурутуындататын ықпалдарға организмнің төзімділігі көтерілуі осы ұзақ мерзімді адаптация дамуымен түсіндіріледі.
Ұзақ мерзімді адаптацияның даму жолдарын Ф.З.Меерсон еңбектерінде қарастырды. Оның пікірі бойынша ағзаның икемделістік гиперфункциясына жауап ретінде дамитын жедел адаптация кезеңінде, стресс-реакция дамып, тіндерде АТФ молекуласы ыдырайды, оның ыдырау өнімдері (АДФ, АМФ, бейорганикалық фосфор т.б.) жиналады.
Қысқа мерзімді адаптацияның ұзақ мерзімді адаптацияға ауысуы адаптацияға жауапты басым функциялық жүйе жасушаларында нуклеин қышқылдары мен нәруыздардың түзілуі артуымен сипатталады және бұл кезде стресс-реакцияның біртіндеп азаюы байқалады. Жорамал бойынша ағзаның гиперфункциясы кезінде АТФ-тың ыдырау өнімдері (цАМФ, магний иондары т.б.) жасушалардың гендік құралдарын әсерлендіреді және жасуша ядросындағы ДНК молекуласынан мРНК молекуласына гендік ақпараттың көшірілу жылдамдығын арттырады. Осыдан жасушаларда полисомалар көбейіп, нәруыздардың түзілуі күшейеді. Бұл кезде ең алдымен митохондрийлардың саны көбейіп, тотығулық фосфорлану және АТФ молекуласының қайта түзілуі артады. Сол себепті жасушаларда нуклеин қышқылдары мен нәруыздар түзілуіне қажетті энергия өндіріледі. Нәруыздардың түзілуі нәтижесінде ағзалар мен тіндерде гипертрофия және гиперплазия дамиды, иммунитет күшейеді, қан өндірілуі әсерленеді. Сонымен бірге нәруыздар түзілуінің артуы мыйда жаңадан пайда болған шартты байланыстардың бекуі және белгілі дағды қалыптасуы үшін өте маңызды.
Сайып келгенде ұзақ мерзімді адаптация қалыптасуы және нуклеин қышқылдары мен нәруыздар түзілуі нәтижесінде адаптацияға басым жауапты функциялық жүйеде жүйелік құрылымдық із пайда болады (4-сызбанұсқа). Ол адаптацияның негізін қалайды және стресс-реакцияның жүйкелік-эндокриндік тетіктерінің қатысуымен дамиды. Стресс-реакция кезкелген ауыртпалық туындататын ықпалдың әсерінен дамиды және дербес жүйке орталықтарын қоздырып, адренергиялық, «гипофиз-бүйрек үсті бездері сыртқы қабаты» жүйелерін әсерлендіреді. Содан гиперкатехоламинемия және гиперкортикостероидемия дамиды. Адаптация туындататын ықпал қайталана беруінен және жүйелік құрылымдық із қалыптасуына байланысты стресс-реакция біртіндеп әлсіреп, артынан жоғалады. Осылай организмнің ұзақ мерзімді адаптациясы дамып, ол жағымсыз ықпалдарға жетіле бейімделеді. Бұл кезде ағза құрылымдарының қызмет атқару қарқыны және мүмкіншілігі, АТФ молекуласының деңгейі қалыпты мөлшерлерге жақындайды.
Сонымен қатар есте сақтайтын бір жәйт ол организмнің жеке-дара бейімделу кезінде қабылдаған қасиеті адаптация туындатқан ықпал тоқтатылуы нәтижесінде артынан біртіндеп жоғалуы мүмкін. Бұл кезде адаптацияға жауапты басым жүйеде жүйелік құрылымдық із және ағзада дамыған гипертрофия мен гиперплазия жоғалады.
Адаптация дені сау адамдарда ғана емес науқас адамдарда да байқалады. Оның науқас адамдардағы көрінісі болып жіті жауап қайтару кезеңінде байқалатын қорғану-икемделу тетіктері есептеледі.
Кезкелген бүлініс кезінде, жергілікті қабыну дамуымен қатар, жіті жауап қайтару кезеңі деп аталатын, организмнің қорғаныстық және реттеуші (жүйкелік, эндокриндік, иммундық, қан өндіретін) жүйелерінің қатысуымен дамитын, күрделі жүйелік серпілістер байқалады (жіті жауптық кезеңді қараңыз).
Бұл серпілістердің дамуына қабынуға қатысатын жасушаларда (моноциттерде, макрофагтарда, нейтрофилдерде, лимфоциттерде, эндотелий жасушаларында, фибробластарда т.б.) өндірілетін жіті жауап қайтару кезеңінің дәнекерлері әкеледі. Бұл медиаторларға интерлейкиндер (IL-1, IL-6) өспелерді жоятын α-фактор, γ-интерферон, өсу факторлары т.б. цитокиндер жатады. Олар қанға түсіп, сыртында осы цитокиндерді қабылдайтын рецепторлары бар әртүрлі жасушаларға әсер етеді. Содан бұл медиаторлар жүйкелік, эндокриндік, иммундық және қан өндіретін жүйелерге ықпал етеді. Бұл кезде гипоталамустың әсерленуі денеде термореттелуді өзгертіп, қызба туындатады және «гипоталамус-аденогипофиз-бүйрек үсті бездерінің, сыртқы қабаты» жүйесін әсерлендіріп, кортикотропин мен глюкокортикоидтық гормондардың өндірілуін арттырады. Цитокиндердің әсерінен бауырда жіті жауап қайтару кезеңінің нәруыздары (С-реактивті нәруыз, α1-антитрипсин, α1-антихимотрипсин, церуллоплазмин, фибриноген, комплементтің С1-құрамбөлшегінің бәсеңсіткіштері т.с.с.) түзіледі, сүйек кемігінде қан өндірілу артады, иммундық жүйенің белсенділігі көтеріледі. Глюкокортикоидтық гормондардың әсерінен ангиотензиноген ангиотензин-I-ге және ангиотензин-II –ге ауысады. Ангиотензин-II шеткері қан тамырларын жиырады, әлдостерон-антидиурездік гормон жүйесін сергітіп, айналымдағы қан көлемін қалыптандырады және нуклеин қышқылдары мен нәруыздардың түзілуін арттырады.
Сайып келгенде науқас адамда, артынан ұзақ мерзімді адаптация дамуына әкелетін, көптеген икемделу-бейімделу тетіктері пайда болады.
Оларға мыналарды:
● интерлейкиндер, интерферондар, өсу факторлары т.б. цитокиндер өндіріліп шығуы;
● дене қызымы реттелуінің өзгерістері және қызба дамуы;
● кортикотропин және глюкокортикоидтық гормондар өндіріліп шығарылуы;
● қабыну дамуына және бөгде заттарды фагоциттеуге, бос радикалдарды бейтараптауға, артық протеаза ферменттерінің белсенділігін төмендетуге т.с.с. қажетті жіті кезеңнің нәруыздары түзілуі;
● лейкоциттердің тамыр сыртына шығуы және фагоцитоз;
● уыттарды бейтараптау және сыртқа шығару;
● қышқылдар мен сілтілердің буферлік жүйемен бейтарапталуы;
● зат алмасуларының бағыты мен қарқыны өзгеруі;
● антиоксиданттық жүйенің белсенділігі артуы;
● қанайналым мен тыныс алудың өзгеруі;
● ДНҚ,РНҚ және нәруыздар түзілуі;
● антиденелер өндірілуі;
● лейкоциттер мен эритроциттер өндірілуі артуы;
● тіндердің регенерациясы, ағзалардың гипертрофиясы мен гиперплазиясы т.б.
Реактивтілік пен төзімділік өзара тығыз байланысты болғанымен бір түсінік емес. Организмнің реактивтілігі төмен болғанда оның төзімділігі жоғары немесе керісінше болуы мүмкін. Реактивтілік түсінігіне төзімділіктің белсенді түрлері ең жақын келеді.
Организм реактивтілігінің жоғары болуы әрдайым жағымды құбылыс емес. Бұл кезде уытты химиялық заттарға, аллергендерге, жұқпаларға т.с.с. көптеген дерттуындататын ықпалдарға организмнің сезімталдығы артып кетеді. Мәселен, организмде аллергиялық серпілістер мен анафилаксия дамуы аллергенге оның көтеріңкі және бұрмаланған түрде жауап қайтаруын көрсетеді. Аурутуындататын қоздырғыштарға организмнің жауап қайтару қабілеті тым артып кетуінен қабыну және жұқпалы аурулар гиперергиялық түрлерде өтеді. Бұндай жағдайларда қабыну тым қарқынды болып, дене қызымы қатты көтеріледі. Олар өз алдына организмге ауыр қауіп төндіруі мүмкін. Сол себепті олардан сақтандыру емшараларын қолдануға мәжбүрлік пайда болады.
Қорыта келгенде әртүрлі ықпалдарға организмнің бейімделуін арттыру арқылы оның реактивтілігіне әсер етуге және аурутуындататын қоздырғыштарға төзімділігін көтеруге болады. Бұл кезде назар аударатын бір жәйт ол организмнің төзімділігі адаптация туындатқан ықпалға ғана көтеріліп қоймай, көптеген басқа аурутуындататын ықпалдарға да жоғарылайды. Мәселен, организмнің гипоксияға бейімделуінің нәтижесінде оның төзімділігі жүрек, ішек-қарын, жүйке ауруларына, кейбір жұқпаларға, өспе өсуіне т.б. ықпалдарға артады. Сондықтан бүгінгі күні гипокситерапиядеген түсінік қалыптасқан. Бұл дегеніміз көптеген ауруларды емдеу үшін организмді ауық-ауық гипоксияға бейімдеу әдісі қолданылады. Осындай бір ықпалға бейімделуден басқа ықпалдарға организмнің төзімділігі артуын «оң қиылысқан адаптация» – дейді (Ф.З.Меерсон). Ауық-ауық гипоксияға бейімделу кезіндегі ұзақ мерзімді адаптацияның қорғаныстық маңызы 6–сызбанұсқада Ф.З.Меерсон бойынша келтірілді.