5. Тізбекті тіктелу рефлекстерінің жеткіліксіз дамуы (статикалық-кинетикалық рефлекстер)
Бұл рефлекстер дененің вертикальды күйін және ырықты моторикасын қамтамасыз етеді.
Бұл рефлекстердің жеткіліксіз қалыптасуы, баланың денесін, басын қажетті күйде ұстауына кедергі келтіреді.
Нәтижесінде, бала оқу, еңбек ету, өзіне-өзі қызмет ету дағдыларын меңгеруде қиындықтарға ұшырайды.
Дененің тепе-теңдігі дегеніміз – дененің кеңістіктегі орнықты күйі.
Дененің тепе-теңдігін сақтау, күрделі перифериялық жүйемен, орталық механизмдермен жүзеге асады.
Дене тепе-теңдігінің статикалық (тұрғандағы) және динамикалық (қозғалыстағы) түрлері бар.
Динамикалық тепе-теңдік, дененің кейпін ұстап тұратын, бұлшық еттердің рефлекторлық жиырылуы есебінен жүзеге асады, ол қимыл-қозғалыс координациясымен тығыз байланысты.
Дененің тепе-теңдігін қамтамасыз ететін механизмдер координациясы әртүрді деңгейлерде, яғни, көру анализаторынан, бұлшық ет рецепторларынан, буындар мен сіңірлерден, вестибулярлық аппараттан келіп түсетін ақпараттарды қабылдайтын жұлында, сопақша мида, мишықта, үлкен жартышарлар қыртыстары тәрізді деңгейлерде орындалады.
Отыру, тұру кезінде дене атаксиясы байқалады.
Кейде бала өздігінен отырып-тұра алмайды, жүрісі бұзылады, аяқтарын тым алшақ адымдайды немесе теңселіп жүреді.
Бір затты ұстау, алу немесе орнына қою үшін, қимыл-қозғалыс дәлдігінің болмауынан қатты қиналады.