ӨРТКЕ ТИГЕН ДАУЫЛДАЙ ӨРШІЛ АҚЫН
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы
Әйтеке би кенті, №276 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тілегенова Аңсаған Жамбылқызы
Дейсіңдер-ау, Қасымның несі басым?!
Қасым солай болмаса, несі Қасым.
«Ақынмын» деп қомпаңдап жүргендердің
Әммесінен Қасымның десі басым.
М.МАҚАТАЕВ
Ұлттың ұлы қазынасын өлшеулі өмірінде өлеңмен өрнектеген өршіл де сыршыл, қазақтың маңдайына біткен қайсар ақын – Қасым Аманжолов болатын.
«Сайраған жолым жатыр жер бетінде,
Көрінер көлеңкесі келбетімде...» - деп өлеңінде өз жолының жоғалмайтынын айтып кеткен дара ақын, ұлтының өткені мен болашағына бей-жай қарамай, қазақтың кең жазиралы жері мен көк майса бетегелі белін, асқар-асқар тауы мен өзен-көлін, тіпті қызыл қия шөлі мен дауылына дейін асқан сүйіспеншілікпен, шеберлікпен жырлаған еді.
Немене айтып-айтпай көрген азап
Қалмадым қирап-қаусап тек жалғыз-ақ.
Мың есе білдірдің ғой қадіріңді,
Атыңнан айналайын, ата қазақ!
Жылытып бауырымды ып-ыстық қан,
Кезімде елі досты барып құшқан,
Үстіме сен кеп төніп тұрғандай-ақ
Болушы ең атамекен Қазақстан!
Міне, халқын шын сүйген ақын осылай деп жыр жазса керек-ті! Әріге барып, басқа өлеңдерін қазбаламай, осынау «Елге хат» өлеңінен ақынның туған жері мен елін қалай сүйгендігін, атамекенін қалай ардақтайтынын көреміз. Ақынның атажұртқа деген арда ықыласы мен ыстық сезімін осы шумақтан-ақ байқауға болатындай. Жалғыз ғана бұл туындысы емес қыран ақынның қаншама мұрасы тұнған сағыныш пен лирика еді. Сұм соғыстың ортасында жүрсе де қолынан қаламын тастамай Отанға деген сағынышымен қоса, әділдік пен адалдықты жырлаған турашыл ақын да Қасым Аманжолов болатын. Оның «Елге хат», «Ақын өлімі туралы аңыз», «Дариға сол қыз» өлеңдері осының дәлелі. Бұл өлеңдерде ақынның туған жерге деген ыстық сезімі мен сағынышы, өз ұлтына, қасиетті қанына деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік, жігітікке тән ар-намыс пен перзенттік борыш, тәкаппарлық пен махаббат бәрі-бәрі көрініс тапқан.
«Мен дауылдың ұлымын,
Тұра алмаймын дауылсыз.
Қарсы алуға дайынмын,
Соқса да дауыл дамылсыз», - деп жырлаған ақынды дауыл ақын, өртке тиген дауылдай өршіл ақын десек артық айтқандық болмас. Себебі, бір соқса тынымсыз соғатын, еркін даланы кезген ерке желді өз мінезіне теңеген ақынның өлеңдері де поэзия әлемінде дауылдай дабыл қақты. Сондықтан, ақын жырларын өлеңсүйер ұрпақ шаттана жырлайды.
Достарыңызбен бөлісу: |