3. Өсімдіктер онтогенезіндегі қиын кезеңдер. ХХ ғасырдың басында орыс агрометеорологы П.И.Броунов әр түрлі дақылдардың вегетация дәурінде су жетіспеушілігіне ерекше сезімтал кезеңдері болатындығын анықтады. Бұл кезеңде судың жетіспеушілігі немесе артық болуы өсімдік түсімінің шамасына әсер етеді. П.И. Броунов бұл кезеңді қиын кезең деп атады. Қиын кезең ылғал жетіспеушілігінен ғана емес, сондай-ақ басқа да факторлардың әсерінен тууы мүмкін. Жеміс ағаштарының ылғалға байланысты үш қиын кезеңі анықталған: 1) Кронада өркендер өсуі; 2) Жаздың аяғы мен күзде генеративтік бүршіктерде гүл бастамасының өсуі; 3) Гүл бүршіктерінің ашылуы, гүлдеу және жеміс өсуінің бірінші кезеңі.Астық тұқымдастар тіршілігіндегі қиын кезеңді Ф.Д.Сказкин зерттеді. Ол өсімдіктер тіршілігіндегі қиын кезең репродуктивтік органдардың қалыптасуымен байланысты деп санайды. Әр түрлі өсімдіктерде репродуктивтік мүшелердің қалыптасу кезеңінің ұзақтығы түрліше болады. Өсімдіктердің қысқа және ұзақ қиын кезеңді екі түрі бар. Астық тұқымдастар яровизация сатысында судың жетіспеушілігіне аса төзімді келеді. Жарық түсе басталуы кезінде де қиыншылықтың әсері осындай болады.Масақтың ортаңғы бөлігіндегі масақшаларда аталық төмпешіктері пайда бола бастайтын кезеңнен бастап олардың төзімділігі кеми береді. Осы кезден былай астық тұқымдастар тіршілігінде қиын кезең басталады. Қиын кезең олардың тозаңы қалыптасып, масақ байлады, гүлдеді және ұрықтануының аяғына дейін созылады. Осы кездегі су жетіспеушілігі гүл органдарын зақымдайтындықтан, өсімдіктің түсімі кемиді. Ол шала масақ пен бос масақтың пайда болуына әкеп соғады. Егер осы кезеңде өсімдікті суарса, онда жаңадан өсіп шыққан сабақтар негізгі сабақтан қоректік заттарды тартып ала отырып, астықтың түсімін онан әрі кемітуі мүмкін. Масақ байлау мен гүлдердің аяғынан дән піскенге дейінгі келесі кезең де қиын кезең болып табылады, алайда бұл кезеңдегі ылғал жетіспеушілігінің зияны аз. Бұл кезендегі қуапшылық нәтижесінде түсімнің кемуі дәннің кәуектеніп өсуінен болуы мүмкін.Тозаңның зақымдануы шала масақ пен бос масақ түзілуінің себебі болып табылатындығын Ф.Д.Сказкин мен оның қызметкерлері көрсетіп берді. Су жетіспеушілігі кезінде масақтың жоғарғы және төменгі бөліктеріндегі гүлдердің тозаңқабы мен тозаңы жетілмейді. Масақтың ортаңғы бөлігіндегі тозаң 50-60% стерильді болады. Тозаң дәндері деформацияланып, оларда циторриз процесі өтеді.