"Біз - қазақ, ежелден азаттық аңсаған" демекші, бірде қайғылы, шерлі, бірде азат, айбынды, рухты тарихымыздағы әрбір оқиға, әрбір қанды шайқас – азатыққа жасалған бір қадам. Орыс империясының екі басты самұрығы біздің даламызға екі жүзбен келіп қонды. Бірі жан-жағына білім шашып, нұрын төксе, бір басы жан-жағына от бүркіп, жалмады. Адам өміріндегі ең ыстық, ең жақын нәрсе – Отан, төрт ана. Осы дәуірде, әсіресе қызыл империяның қол астындағы жетпіс жылда, Отан өгей анаға айналып, тұтас бір халық, тамырынан айырылып, қаңғырып, жоғалып кете жаздады. Ресей бізді, тіпті, қарусыз-ақ жер бетінен өшіруге айналды. "Жаулаған елің өзіңе бағынсын десең - оның тілі мен дініне қол сұқпа", - деген екен Шыңғыс хан. Төрт анасынан түбірімен айырылған қазақта енді мәңгүрт, "қазақ емес" ұрпақ пайда бола бастады. Бірақ, бұл кезде де халқымыздың ауырын көтерер Қайрат, Ләззат сынды азаматтар табылды. "Өжет адам өлімді жеңеді. Еліңді сүйсең, ерлік істейсің". Қазақ жастары жылдар өте өзінің өжеттілігімен, қайтпас қайсар рухымен дегеніне жетті. Ғасырлар бойы қазақ даласында болған әрбір оқиға, әрбір шайқас – тәуелсіздікке жасалған бір қадам. Осындай кішкене адымдармен, бірақ оң жолмен, азаттық жолымен қазақ елі армандаған мақсатына келе жатты. Желтоқсан оқиғасы осы бір "соқтықпалы" соқпақтағы ең соңғы ірі адым болды. "Мың өліп мың тірілген", енді тәуелсіз қазақ өзінің алғашқы демін желтоқсан ызғырығымен алды. Ал 1986 жылғы "Желтоқсан оқиғасы" тәуелсіздіктің, азаттықтың, демократиялық жаңғырудың бастауы болды. Ол жас жігіттер ар-намыс пен елдік рух жолында теңдікті талап еткен тегеурінді күш-қайнарының тоғысқан шағы еді. Ел мен ұлттың тәуелсіздік хұқын қорғау үшін бас көтерген желтоқсандық жігіттер мен қыздардың бұл қадамы шын мәнінде ерлік еді. Міне, осы қанды оқиғадан кейін бес жыл өткен соң, Қазақстан тәуелсіздік туын тікті. Қазір Желтоқсан оқиғасына себеп болған нендей жағдай еді деген сұраққа жауап жиі ізделінуде. Меніңше КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының сол кездегі Қазақстан басшысын ауыстыру туралы ұйғарымынан туған наразылық мәселенің бір жағы ғана. Елдегі шетін жағдайлар оған дейін де қордаланып қалған еді. Өйткені, республикамыздың егемендігі ол кезде тек сөз жүзінде ғана болды.