Қайта құру барысында қазақ халқы өзінің тарихы, ұлттық қайта даму, ана тілі, мемлекеттік егемендік алу жөнінде талаптарын қоя бастады, бұл мәселелер жаңа қырынан көрініс тапты. Жазықсыз жапа шеккен жастар Енді жазықсыз жапа шеккендер, сотталған, түрлі дәрігерлік "сынақтан” өткен, қорланып, намыстары тапталған жандар өмірінен деректер берейік. Шымкент облысы, Бөген ауданы, Ақжол ауылының тұрғыны, зейнеткер Ақпал Молданазарованың сол кездегі Конституциялық сотқа жазған арызынан үзінді: "Менің қызым Кенжегүл Молданазарова Алматы дәрігерлік институтының студенті. 1986 жылдың 18 желтоқсаны күні көшеде келе жатқан кезінде солдаттар "торына түсіп”, басынан қатты соққы алды. Ауруханада қызымды дұрыс қарамай, тез шығарып жіберген. Ол алаңға өзінің немерелес сіңлісі, байланыс техникумының студенті Анар Бәдренованың қайда екенін білуге барған. Анар да соққыға ұшыраған. Қызым Арыс, Шымкент ауруханаларында емделгенімен, нәтиже шықпады. Сосын оны Ташкентке алып бардық. Ондағы зерттеу кезінде басына қатты соққы тигендіктен миына қан құйыла бастағаны белгілі болды. Операция үстінде Кенжегүл дүние салды.