Айдауда жүргенде ең бір қиын учаскелерде болдым, тайганың 50-60 градустық аязы табанымнан өтіп, арқамнан шыққандай болды”. Алматы оқиғасының жаңғырығы басқа қалаларға да жетті. Барлық жерлерде студенттер мен жастар жиналып, ұлттық мәселені жоққа шығарып отырған орталықтың өктем саясатына қарсылық білдірді. Оған жауап ретінде жергілікті билік органдары жазалау әрекетіне көшті. Сондай жапа шеккендердің бірі целиноградтық Асқар Сағынаев Конституциялық сотқа былай деп жазды: "Алматыдағы оқиға туралы естіген соң, біз студенттер бірінші хатшы Г.В.Колбиннің атына қарсылық хат жаздық. Жоғары оқу орындарының студенттері қол жинауда белсенділік танытты. Сол үшін бізді ұстап, соттады. Мені бірден "есі” дұрыс емес деп тапты. Күштеп "емдей” бастады. 8 ай бойы олар жүйкеге әсер ететін дәрілерді беріп, осылайша менің "саяси көзқарасыммен” күресті. ...Кейіннен мен Жоғарғы Соттың шешімі бойынша ақталдым, өйткені менің іс-қимылымда еш қылмыс жоқ деп тапты. Әйтсе де бұл толық ақталу емес. Өйткені, дәрігерлер анықтаған "дерт” әлі де алынған жоқ. Тоталитарлық жүйенің жандайшаптары улаған менің денсаулығымды кім қалпына келтіреді? Олар осы күнге дейін адам құқын таптағандарын, сау адамды ауру қылғанын, мойынсұнбағандарды басып-жаншығанын еске алғылары келмейді. Қазір мен институтты тәмамдадым, отбасылы, бала-шағалы болдым. Бірақ та сонау бір аязды күндері тапталған ар-намысым кейде түн ұйқымды төрт бөледі. Біздің қазіргі билік органдары сол кездегі оқиғаға саяси баға беруге батылы бара ма екен?” (Конституциялық сот және желтоқсан оқиғасы туралы іс, 10-том, 66-бет.). 1992-1994 жылдарғы Конституциялық сотқа жазылған осындай хаттардағы оқиғаларды талдап қарайтын болсақ, онда жазалау әдістерінің бір-бірімен ұқсастығын байқаймыз. Сол кезде бұқаралык ақпарат құралдары бұл туралы неге жазбаған? Оның себебі айдан анық. Егер шындықты адамдар білетін болса онда: "Бір топ бұзақы маскүнемдер мен нашақорлардан басқа Қазақстанның еңбеккерлері пленум шешімін бірауыздан мақұлдады”, деген жалған ақпар иесі – ТАСС-тың өтірігі шығар еді. Сонымен бірге ойдан шығарған ақпараттарды таратуға қатысқан Соломенцев пен Колбиннің беделі түсер еді. Олар үшін ең қорқыныштысы осы болатын. Бірақ, бір нәрсе айқын: алаңға шыққан жастардың қимылын билеп-төстеушілер бәрібір қылмыс деп жариялады. Осыдан барып олар жастарды соққыға алды. Қазіргі күнге дейін қанша адам тұтқындалғанын ешкім айта алмайды. Өйткені, құқық қорғау органдарының құжаттарында "келісім” жоқ. Олардың жаттанды жауабы: "Сақтауға деген шектеулі мерзімнің бітуіне байланысты барлық құжаттар кезінде өртелінген”.