Ақын Ə.Тəжiбаев: «Жүсiпбек – баянауылдық, 1896 жылы туған, Мұхтар Əуезовпен қатар оқып, əдебиетке де қатар келген, талант, білім жағынан да тең, ең жақын досы болған жазушы», дегенді мақтанышпен де, сағынышпен де еске алады. Ақиқатын айту керек, көрнектi қаламгердiң өмiр баяны хақында əр алуан пiкiрлер мен қилы көзқарастар бар. С.Мұқанов «XX ғасырдағы қазақ əдебиетi» атты еңбегiнде көптеген қазақ зиялылары – А.Байтұрсынов,М.Жұмабаев,М.Дулатов, С.Дөнентаев, Б.Күлеев, Ғ.Қарашевпен бiрге Ж.Аймауытұлының өмiрi мен қаламгерлiк қызметi хақында маңызды мəлiметтер бередi. Ж.Аймауытұлының əкесi, руы, ұрпақтары туралы дəлелді дерек-дəйектерді алға тартады. Бас тапқы тұста-ақ: «Жүсіпбек Аймауытұлы 1893 жылы бұрынғы Кереку уезі, Семей облысы, Қызылтау болысында туған» деп анық-қанық жазады. С.Сəдуақасовтың сұрақтарына қайтарған жауабында қаламгердiң өзi сиыр жылының аяғында (1890) «…тусам керек» дейдi. Шымкент педтехникумындағы анкеталық жазбаға: «1888 жыл» деп толтырылады. Ал «…тергеу ісі» материалдарының бірінде (1929, 16 мамыр): «…40 жастамын, отбасылы – үш балам бар» дегенді анық-қанық айтады