«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев



бет11/24
Дата04.11.2016
өлшемі4,05 Mb.
#348
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   24

4. Өнерлі өрге жүзеді
Егер Тарғын ағамыз ақындық жолды таңдаса, қазіргі көп ақынның алды болар еді. Москвада, К.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясында оқып жүрген ұлы Арманға өлеңмен жазған хаты бар, “Ұлыма хат” атты сол туындыдан шағын ғана үзінді:

“Сүрінбей өт бәйгеден,

Топқа салған, тұлпарым!

Ұшырсын әке биікке,

Өз қолынан сұңқарын!”

Бұл 1990 жылы сәуір айында жазылған өлең еді. Содан бері жиырма екі жыл уақыт өтіпті. Тәкеңнің топқа салған тұлпары, бәйге басын бермей, биікке самғап келеді. Ата-ана, ағайын-туған сол балаларының амандығына, елінің айтулы ұл-қыздары болғанына қуанады, тәубе десіп, шүкіршілік айтады.

Ақын Әбеновтың “Дала перзенттері” атты тамаша дастаны да бар. Сонда Тәкең былайша төгіледі:

“Дала деген – Шәкәрім мен Мағжан,

Ақындар ғой өлеңмен сел ағызған.

Айызыңды қандыратын жырлары,

Туар ма еді осылардай тағы жан”.
Енді бірде Тәкең былайша тебіренді:

“Бақытым деп білемін – сүйіп алған жарымды,

Рахатқа бөлеген, әрқашанда жанымды.

Бақытым деп білемін – ұлым менен қызымды,

“Солар аман жүргей” – деп, ұйқым талай бұзылды.
Бақытым деп білемін – мына шексіз даламды,

“Қорғады-ау – деп, сені олар еске аламын бабамды.

Бақытым деп білемін – шын сыйласқан досымды,

Риясыз түсініп, ұқса екен жұрт осымды”.

Ал Тәкеңнің өнер десе ішкен асын жерге қоятыны тағы бар. Мектепте жүргенде балалардың басын қосып, ансамбль ұйымдастырғанын, ауылдың өнерпаздарына жетекшілік жасап, талай драмалық шығармаларды сахналап, көрші ауылдарды думанға бөлегенін көзі көргендер әлі ұмыта қойған жоқ. Ауылдағы бастауыш партия ұйымының жетекшісі ретінде тәрбие мәселесіне осылайша көңіл бөлген Әбенов, ел шетіне келген өнерпаздар болса, үйіне шақырып, дәм беріп, шағын ғана ауылды ән-күйге бөлейтін. “Казахконцерттің” “Самал” ансамблінің жігіттері мен қыздары Науырзымда Тарғын ағамыздың төрінде талай отырып, Жұмагүл жеңгеміздің қолынан талай дәм татты. Бұл шаңырақта КСРО Халық әртісі Ришад Абдуллин де, Қазақстанның халық артисі Мағауия Хамзин де, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рахым Тәжібаев та, басқа да өнер саңлақтары талай болды. Сол топ құрамындағы менің досым Қаратай Әбдіқалымов Алматыдан Тарғын ағасына күні бүгінге дейін сәлем жолдап жатады.

Аға-жеңгеміз қала іргесіндегі Затобол кентіне көшіп келгелі де үйінен қонақ арылмайды. Өйткені, қазақтың кең жазира даласында туып-өскен ол кісілердің табиғаты сол, көпшілікті, көңілді ортаны, емен-жарқын жарасымды сұхбатты қалап тұрады. Ал бұл нағыз жігіттің сұлтанына лайық қасиет болса керек. Өмір де сондай сәттерімен қызықты ғой...



Генерал

Тәуелсіз Қазақстан армиясының бастауында тұрған

Болат Берекетов туралы сөз
Тәуелсіз Қазақстанның армиясын құруда армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтың, генерал-полковник Әлібек Қасымовтың сіңірген еңбегін ешкім де жоққа шығара алмас. Бұл қолбасшылар жоқтан бар жасады, тәуелсіздігіміздің тірегі ретінде осы заманғы техникасы мен қару-жарағы бар, шыңдалған сардарлары мен сарбаздары бар Армияны қалыптастырды.

Ал осындай атпал азаматтармен бірге қазақтың ен байтақ жері мен егемен елін қорғайтын қарулы күштерді қалыптастыруда генерал-майор Болат Берекетовтың да атқарған жұмысы ұшан-теңіз еді. Ол сол Қазақ елінің өз Армиясы құрылған 1992 жылы алғашқы Қорғаныс министрі, Ұлы Отан соғысының қас батыры Сағадат ағасымен және оның бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал Қасымовпен бірге еңбек етті. Генерал-майор Болат Молдағалиұлы Берекетов ҚР Қорғаныс министрінің құрылыс және әскерилерді орналастыру жөніндегі орынбасары болатын.

Тәуелсіздік алған Қазақстан үшін сол тоқсаныншы жылдардың қаншалықты қиындық әкелгенін еліміз әлі ұмыта қойған жоқ. Кеңес Одағы таратылған соң бұрынғы экономикалық байланыстар үзілді, завод-фабрикалар тоқтады, ауыл шаруашылығы да тоқырауға тап болды, инфляция шарықтады, еңбекақы мен жәрдемақылар бірнеше айлап қолға тимеді.

Қазақстан Армиясы, міне, дәл осындай қиын жағдайда дүниеге келді. Ал қандай да болмасын мемлекет үшін өзінің егемендігі мен елдігін қорғау үшін әскер қажет-ақ. Сондықтан да Жоғарғы қолбасшы, Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан армиясын жасақтауға, оны тез арада аяғынан тік тұрғызуға бар күш-жігерін жұмсады.

Жұмыс жетіп артылатын. Ең бастысы әскери бөлімдерді орналастыру үшін жаңа құрылыстар салу, жеке құрамды киіндіру, тамақтандыру, олардың оқуын, демалысын ұйымдастыру үшін зор ұйымдастырушылық жұмысын жүргізу қажет болды. Бұл міндеттердің бәрі генерал Берекетовтың мойнында еді.

Елдегі жағдай тым қиын тұста мұндай міндеттерді ойдағыдай атқару нағыз сыналған, шыңдалған ердің ғана қолынан келер еді. Ал Болат Молдағалиұлы болса, дәл керек кезінде керек жерден табылған тұлға болатын. Күн демей, түн демей Қазақстан армиясының қалыптасып, қатарға қосылуына бір кісідей тер төккен де осы біздің Бөкең еді.

Біздің Бөкең деуіміздің де сыры бар. Ол 1947 жылы 7 ақпанда біздің облыстың Денисов поселкесінде (бұрынғы Орджоникидзе ауданы) дүниеге келді. Оның әкесінің туып-өскен жері Қарабалық ауданының Аққұдық ауылы. 1904 жылы туған ол Ұлы Отан соғысының от майданында болды. Неміс фашистері бейбіт елімізге тұтқиылдан шабуыл жасаған 1941 жылдың жазынан қашан Ұлы Жеңіс туы желбірегенше әке от пен оқтың ішінде жүріп, елге офицер шенінде, омырауы орден-медальдарға толып, 1945-тің соңында келді. Тағдырдың жазуы солай болып, Молдағали 1954 жылы елу жасында дүниеден өтті. Ал Болаттың анасы Қанағат бұдан төрт жыл бұрын дүние салып еді. Анадан үш, әкеден жеті жасында жетім қалған Болатты кешегі Кеңес үкіметі бақты. Жастайынан пысық, елгезек, ешбір сенері жоқ екенін білген Болат та өмірге тез икемделіп, жетінші класта кешкілік оқуға ауысып, еңбекке араласты. Тракторшы да, автомобиль жүргізуші де болды. Қандай жұмыс тапсырылса да бас тартып көрген емес. 1965 жылы оныншы сыныпты бітіріп, қолына кәмелеттік аттестат алған соң оны Кеңес Армиясының қатарына шақырады. Еңбекте шыңдалған, көрсем, білсем деп талпынған жігіт әскер қатарында да үлгілі жастардың бірі, әскери және саяси даярлықтың үздігі болады. Міне, сондықтан да болар ол қызмет еткен 75443 әскери бөлімнің басшылығы старшина Берекетовке Таллин әскери училищесіне жолдама береді. Талапты жігіт әскери училищені үздік бітіріп, лейтенант шенін алады.

Міне, дәл осы сәттен генерал Берекетовтың сардар ретіндегі өмір жолы басталады. Ол өзінің өтініші бойынша ғарыш кемелерін жеті қат көкке ұшырып жатқан Байқоңырға келіп, мұндағы № 01081 әскери бөлімінде, 118 алаңшада қызмет етеді.

1974 жылы бұл бөлімшені Кострома облысы Сусанино қаласына аударады. Мұнда офицер Берекетов рота командирі, бөлім штабының бастығы және бөлім командирі болып қызмет атқарады. Осында жүріп Кострома технологиялық институтының жол-құрылыс машиналары факультетін бітіреді. Содан кейін әскери-құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, бастығы болып, қызмет баспалдақтарымен жоғары өрлейді.

1990 жылы КСРО Қорғаныс министрінің орынбасарына өтініш беру арқылы Түркістан әскери округіндегі осындай қызметке ауысады.

КСРО ыдырағаннан кейін Ақтөбе облыстық әскери комиссары қызметіне тағайындалады. Ал, жоғарыда айтқанымыздай, 1993 жылдың шілде айынан 1997 жылдың мамырына дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып мінсіз қызмет істейді. Содан кейін өз өтінішімен запасқа шығып, бүгіндер "Қазақстанинженеринг" компаниясында жауапты қызмет атқарып жатыр.

Болат Молдағалиұлы ұзақ жылғы әскери қызметі үшін "Қызыл Жұлдыз", "Құрмет Белгісі" ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Оған 1987 жылы "РСФСР-дің еңбек сіңірген құрылысшысы" құрметті атағы беріліпті.

Генерал Берекетовтың ұлы Марат әке жолын қуған офицер, ол Калинин Суворов училищесін және әскери академияны үздік бітірген полковник. Бүгіндер запасқа шыққан ол "Қазақмыс" ұлттық компаниясында құрылыс департаментінің бастығы. Генералдың қызы Майра болса, екі жоғары білім алған, бүгіндер бизнеспен айналысады, ісі оңға басқан фирманың директоры.

Болат Молдағалиұлының Руслан, Тимур, Лаура атты немерелері де өсіп келеді. Олар өздерінің генерал атасын ерекше мақтан тұтады. Генерал жерлесіміздің құдай қосқан қосағы Нина Борисовна болса балалары мен немерелерінің тілеуін тілеп, отағасысына қамқор болып, отбасының берекесін келтіріп отырған мың болғыр жан.

– Өмірдегі қол жеткен жетістігім мен ағайын-туған, жолдас-достардың оң көзқарасында сол аяулы жанның да көп үлесі бар, – дейді жайшылықта қатаң көрінетін генерал ағынан жарылып.

Расында да, барлық өмірі бұйрыққа тәуелді әскери адамның, оның ішінде генералдың жары болу да үлкен ақыл-сабырды, төзімділік пен тектілікті қажет етсе керек.

Бүгіндер алпыс бес жасқа келіп, әріптестері тарапынан ыстық ықылас пен сый-сияпатқа бөленіп отырған генерал Берекетовке берекелі елі, туып-өскен жері – Қостанай топырағынан осынау ыстық сәлемімізді жолдауды және барша жамағатқа осындай даңқты ұлымызды газет арқылы таныстыра кетуді біз де жөн көрдік.

Әке өсиетіне адалдық

Ауыл шаруашылық өндірісінің білгір ұйымдастырушысы

Өмірзақ Ихтиляпов туралы сөз
1. Әке – асқар тау
Өмірзақтың әкесі Бекділдә халық жауы" кейпін киіп, Итжеккенге айдалғанда анасы Бал 55-те, інісі Жанділдә 10-да, қызы Күләй 2-де, ұлы Ислам 4 айлық еді. Өмірзақ онда туған да жоқ.

Бекділдәнің нағашысы Тоқсан Науырзым жерінде 12 жыл, оның баласы Досмағамбет 6 жыл болыс болған. Текті тұқым.

Негізі Бекділдәні "Алашорда" ұйымының мүшесі, Кеңес үкіметін құлату мақсатында әрекет жасады деп айыптағанда оның нағашыларының болыс болғандығы да себеп болса керек. Әйтеуір құдай сақтап, атылу жазасынан аман қалып, 1939 жылы КСРО Бас прокурорына арыз жазып, соның нәтижесінде іс қайта қаралып, жазықсыз жан айдаудан босатылған.

Бекділдәнің асыл жары Сақыш сонау Сібірдің бір түкпіріндегі күйеуін іздеп, лагерьге үш рет барған. Соңғы барғанда Бекділдәні босату туралы қаулы шығып, елге ерлі-зайыпты бірге қайтқан.

Өмірзақ 1948 жылы қоңыр күзде дүниеге келеді. Жалпы отбасында тоғыз бала болады. Оның үшеуі – ұл, алтауы – қыз.

Бекділдә мен Сақыштың ең кенжесі Бәтима 1959 жылы анасының 44 жасында туған екен. Осы Бәтимадан басқа сегіз бала халық жауының балалары ретінде арнайы есепте тұрған, тек 1958 жылы әке ақталған соң ғана кең тыныстайды.

Лагерьдегі ауыр күндер Бекділдә үшін із-түзсіз кеткен жоқ. Ауыр науқасқа ұшырайды. Өкпе ауруы меңдеп, мүгедек болып қалады. 1956 жылы емделу үшін Қырымға барады. Беті бері қараған соң қайтар жолда қасиетті Түркістанға соғып, сонда мәңгілік тыныстаған Мешітбай нағашысының зиратына барып, құран оқиды. Ол кезде кешегі "халық жауының" мұндай қадамының өзі көзсіз ерлік еді. "Дін – апиын" деп ұрандатқан заманда оның өз басына ғана емес, бүкіл үрім-бұтағына кесірі тиюі әбден мүмкін еді.

Әкені мазалағаны – балаларының болашағы, олардың денсаулығы еді. Өзі болса күн өткен сайын сөніп бара жатты. Ең болмаса осы тоғыз баланың ересектерін адам қылып жіберсе, жетесі болса олар қалған бауырларын қатарға қосады ғой. Осындай оймен ол балаларын оқытты, Күнекейді Қостанайдағы мектеп-интернатқа берді. Өмірзақты Көкшетаудағы санаториялық мектепке орналастырды. Көкшеге жүрер алдында бала әкемен қимай қоштасты. Ауру меңдеген әке балаға ұзақ уақыт қимас көңілмен қарап тұрып:

– Өмірде ешкімге қиянат жасама, еліңе адал қызмет ет, бауырларыңды ұмытпа, – деп өсиетке бергісіз сөз айтып қоштасты.

Өмірзақ айтады:

– Әкенің сол бір сөздері үнемі жадымда. Ол менің өмірімнің мәніне айналды.

2. Ана – мөлдір бұлақ
Өмірзақтың анасы Сақыш Еркімбайқызы Аманкелді ауданында туып, өскен, әкесі Еркімбай қажылыққа барған, ел ішінде сыйлы адам болған. Оның бірінші әйелінен осы Сақыш пен оның інісі Сұлтан туады. Екінші әйелі Бөпелектен Орынбасар туады.

Ихтиляп ақсақал Еркімбай қажының осы Сақыш қызын баласы Бекділдәға айттырып, бесік құда болады. Ақыры құдайдың бұйрығымен олар қосылады.

Өмекеңнің анасы сол бір қиын-қыстау кезеңде жұбайы Бекділдәға демеу, пана болған, оған нақақтан жала жабылып, Итжеккенге айдалғанда соңынан үш рет іздеп барып, жылы киім-кешек, азық-түлік апарып, күйеуінің намысын жаныған, қайратын шыңдаған қайсар апаларымыздың бірі болған.

Үш ұл, алты қызына бас-көз болып, олардың тәрбиесіне мән берген, адалдыққа, ибалыққа, ізет пен қайырымдылыққа тәрбиелеген жан.

Соңына ерген жалғыз інісі Сұлтан қанқұйлы соғысқа аттанып, Отан қорғау жолында опат болады. Қара қағаз алып, қайғы жұтады. Ел басына туған нәубет қой деп өзін-өзі қанша жұбатса да жалғыз бауырының беймәлім тағдыры оны үнемі мазалаумен болады.

Ананы алаң еткен мәселе Өмірзақты да толғандыратын. Сондықтан да ол нағашысы Сұлтанға іздеу салды. Москва түбіндегі Подольск қаласындағы кешегі Кеңес Одағы Армиясы әскерлерінің мұрағатынан Сұлтан Еркімбаевтың мәліметтерін тапты. Ерекше батальонның жауынгері болған ефрейтор Сұлтан талай жауды жер жастандырып, асқан ерлік көрсетіп, Харьков қаласы маңында болған кескілескен бір ұрыста көз жұмады.

Арманда кеткен асыл жанның қабірін тауып, басына ескерткіш қойып, құран бағыштаған да осы Өмірзақ. Сөйтіп ана өсиетін орындады, жауынгер алдындағы туысқандық парызын өтеді.
3. Құдаларын құдайдай сыйлаған
Иә, біздің қазақ құдаларын құдайдай сыйлаған, "құда – мың жылдық" деп дәріптеп, құрметтеген халық. Өмірзақ қарындасы Бәтиманы өз қолынан ұзатқан еді. Отбасындағы ең кіші қыз да осы Бәтима. Ағасы мен жеңгесі Қалиманың қамқорлығын көрген, оларды ерекше пана тұтқан ару бір күні жүрек қалауын айтады. Жеңгесі Қалима Өмірзаққа:

– Құдалар келеді, Бәтимамыз да жар болар жасқа жетті, құдамыз да екінің бірі, егіздің сыңары емес екен, облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, генерал.

– Самат ағаны білемін ғой, – деді Өмірзақ.

– Білсең, қамданайық, жора-жорғысымен күтіп алайық, – деді Қалима.

Бірақ өздері де жап-жас ерлі-зайыпты Ихтиляповтар генерал құданы қалай қарсы алсақ екен деп мазасызданды. Құдайға шүкір, қонақ күтетін жағдай бар, тек соның бәрі ретімен, дәстүрге сай болса дейді. Және аты аңызға айналған генерал Самат Бәкіров құдалыққа өзі келгелі отыр.

Әне-міне дегенше келісімді уақыт та жетті. Үй жанына тоқтаған машинадан Самат аға мен оның бәйбішесі Дәмеш шықты. Жанына ерген жандар да бар. Келген бетте генерал:

– Өмірзақ қалқам, мың жылдық құда болғалы келдік, менің Болатым мен Бәтиманың тілегін тілеуші жандармыз біз. Әке орнына әке болған, қамқор болған, алақанға салған қарындасыңыз Бәтимаға батаңды бер, – деп ерекше бір жанашырлықпен сөйледі. Өмекең толқыды.

Қарындасын өз қолымен ұзатты. Самат аға қашан ақырғы демі біткенше Өмірзақ құдасын туған бауырындай көріп өтті. Оны ерекше құрмет тұтты. Жас та болса бас санады. Онымен ақылдасты, сырласты.

Бүгіндер Бәтима мен Болат Қостанайда тұрады. Болат әке жолын қуды, облыстық ішкі істер басқармасында жауапты қызметте, полиция полковнигі.

Генерал Бәкіров дүние салғанда ерекше егілген жандардың бірі де осы Өмекең. Құдасы соңғы жылдары өмірбаяндық деректі кітап жазған болатын. Әттең, сұм ажал сол дүниенің басылып шыққанын Сәкеңе көрсетпеді. Сол шаруаны Өмекең өзі қолға алып, бұрын да талай кітап шығарған ағаның қолжазбасын журналист, жазушы достарына көрсетіп, редакциялап, компьютерге бастырып, ішіне генерал Бәкіров өмірін өрнектейтін суреттер салғызып, күйеу баласы Болаттың қолына берді. Болат болса, баспаханамен келісіп, полиграфиялық жағынан тамаша безендірілген "Өмірге менің өкпем жоқ" атты әкесінің кітабын бастырып шығарды. Сол кітапқа соңғы сөзді Өмірзақтың өзі жазды.


4. Жеңіс күреспен келеді
Өмекеңнің сейфінде сақталып жатқан ерекше бір құжат бар. Басқа біреу болса, көп керексіз қағаздың бірі де әлдеқашан лақтырып жіберер еді. Өмекең болса әдейі сақтап келеді. Өйткені оның да өзіндік тарихы, өзіндік сыры бар.

Онда совхоз директоры Полянский Алматы халық шаруашылығы институтының директоры Беловқа арнайы хат жазып, сырттай оқитын студент Ихтиляповты институттан шығаруды өтініпті. Ойлап қараңызшы, жап-жас, болашағы бар зейінді жастың тікелей бастығы қолдау-көмек көрсету орнына әдейі қастандық жасап, оқудан шығаруын өтінеді. Сонда еңбек жолын қатардағы бухгалтерліктен бастаған Өмірзақ не бүлдіріпті? Бар кінәсі институтқа сессияға барғысы келгендігі. Жылына бір рет Алматыға барып, емтихан тапсыру керек. Бірақ бас бухгалтер көмекшісінен айырылғысы келмейді. Әртүрлі сылтау айтып, оқуға жібермейді. Ал Өмірзақ үшін уақыт қымбат, биыл бармаса, бір жыл кейін қалады, өзімен бірге оқитын жолдас-достары бір курс жоғарылап кетеді.

Жас жігіт оқуға бар ма, бармай ма оны жергілікті жағдайда бас бухгалтер шешеді. Асылы олай болуға тиіс емес, сырттай оқитын студенттер үшін сессия тапсыру үшін арнайы уақыт беріледі, ол заңмен рәсімделген.

Бірақ жеке мүддеге келгенде заңды сақтап жатқан кім бар?.. Бас бухгалтердікі де, оны қолдаған директордікі де сондай тіршілік.

Міне, осындай сәтте жас маман тәуекелге барып, оқуға өз бетінше тартады. Қырық күннен кейін барлық емтиханды ойдағыдай тапсырып, студент елге оралады. Бірақ оны енді жұмыстан шеттетеді. Бұл кезде бұрынғы директор қызметтен босап, орнына басқасы келеді. Бас бухгалтер оған да Өмірзақты бір әзірейлі етіп көрсетсе керек, көрмеген, білмеген жас маманнан ол да ат тонын ала қашады.

Жас жігіт әділдік іздеп жұмысшы комитетіне шағымданады. Бірақ директордың ұстанымына қарсы тұрар қауқар жұмысшы комитетінде де жоқ еді. Ақыры Ихтиляповтың қызметі төмендетіледі. Бұл да ештеңе емес еді. Дәл осы сәтте КПСС мүшелігіне кандидат Ихтиляповтың кандидаттық мерзімі аяқталып, енді партияға қабылдау мәселесі қаралмақ еді. Ол парткомға партия мүшелігіне қабылдау жөнінде арыз жазады да өзі облыстық ауыл шаруашылық басқармасына барып, жағдайын айтады. Оқуға барғаны үшін, сессия тапсырғаны үшін қызметтен төмендету деген дұрыс па – соның мән-жайын білмек болады. Ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Бочковский де, оның кадрлар жөніндегі орынбасары Дихаев та аң-таң. Байман Дихаев болса, "бұл не деген бассыздық, кадр болса онсыз да жетіспейді" деп кесіп айтады. Жоғары орган Ихтиляповты өзінің бұрынғы қызметіне тағайындау туралы бұйрық береді. Өмірзақ сол бұйрықты алып, ауданға келеді. Мұнда оған құлақ аса қоймайды. Аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Павел Черкащенко совхоз директоры мен бас бухгалтерді шақырады. Солардың көзінше жас жігітке тиісіп, "бәрі де саған қарсы, шамасы жұмысқа ебің жоқ адамсың ғой..." дейді. Сол сәтте Өмірзақ осының алдында ғана алған Грамотасын бастықтардың алдына жайып салады.

– Қолымнан ештеңе келмесе, мені неге наградтадыңыздар? – дейді.

Өжет жігітке іштей риза болып отырған Павел Зиновьевич:

– Бара бер, жігітім, – деп мырс етеді.

Өмірзақ кейін естиді, өздері қалған соң бастық совхоз директоры мен бухгалтерінің сыбағасын берсе керек.

– Көзінің оты бар, жалындап тұрған жастармен жұмыс істей алмасаңдар, оған кім кінәлі? – деп жеріне жеткізе айтыпты.

Сол кезде Өмірзақ бар болғаны жиырма үш жаста еді.

Партияға өтерде де ілгіштер көп болған екен. Бірақ "аққа – Құдай жақ", Өмірзақ тіпті КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Сусловтың өзіне хат жазады. Мәселені ол солай шешеді, әділдікке ол солай жетеді.
5. Қара орманның ұйытқысы – Қалима
Қайран біздің аналар, арды ойлаған. Өмірзақтың анасы Сақыш демі таусылар алдында келіні Қалиманы шақырып алып:

– Қарағым, Қалимаш. Енді біздің отбасының ұйытқысы өзіңсің. Сен осы шаңыраққа жауаптысың. Бір әке, бір анадан туған ұл-қыз, олардан туған немере-жиен жылына ең болмаса бір рет осы үлкен үйге жиналсын. Қабағыңды шытпа, қарсы ал. Қонағыңа тамағыңды бермесең де қабағыңды бер. Ел сыйлаған азаматың – Өмірзақтың сағын сындырма. Өзің де ақылдысың ғой, өзің де білесің ғой, менікі аналық ақ тілек қой, шырағым, – дейді.

Қалимаш болса енесінің сол сөзін жадында сақтап келеді. Бекділдәнің кіндігінен тараған тоғыз баланың бәрінен де тараған ұрпақ бар. Үлкені бар, кішісі бар кейде осы Шолақсайға жиналады. Оған Өмірзақтың немересі Елнұр мен Нұрасыл қосылады. Үлкен үй қуаныш-шаттыққа толады. Өркен жайған ұл-қыздарды көріп, Қалима да жайнай түседі. Өмекең болса атасы Ихтиляп пен әкесі Бекділдә туралы әңгіме өрбітеді. Алыста қалған қиын уақыт туралы айтады. Балалық, жастық шақта көрген қиыншылықтары мен жоқшылық туралы, қолда барды бағалау, қанағат пен тәубе хақында сыр сабақтайды. Атаның әңгімесіне зейін қойған Елнұр мен Нұрасыл:

– Ата, өскен соң біз де Сіз сияқты директор боламыз, – дейді.

– Алдымен жақсы азамат болу керек, – деп қос немересінің маңдайынан сипайды Өмекең.

– Осы қарашықтарым аман болсын, – деп Қалима да қос немересін құшағына қысады.


6. Қайырымдылық – қастерлі қасиет
Осы "Шолақсайды" басқарғалы Өмекеңнің алдына талай жан келді. Өтініш айтты, мұңын шақты, көмек сұрады. Солардың бірде-бірі бастықтың алдынан ренжіп шыққан жоқ. Бекділдәнің баласы ешкімнің бетіне жел боп тиген жоқ. Көмек қолын созды. Ең бастысы ол осындағы жұрттың жағдайын жасады. Малына жемшөп керек пе, үйге отын керек пе, қалаға қатынауға көлік керек пе – бәрі де шешілді. Ол ауылдағы үлкен-кішінің бәрін де біледі. Тойы болса тілектестігін білдіреді, қайғысы болса, көңіл айтады. Көмектеседі.

Өмекең ақын-жазушы, жалпы өнер адамдарына да жуық. Орайы келгенде еліне әдейі шақырып, кездесу өткізеді, жұртшылықпен жүздестіреді. Осы "Қостанай таңы" газетінің де жанашыры, ұзақ жылдан бергі демеушісі. Жыл сайын ауылдастарына газеттің жүз данасын тегін жаздырып береді. Үш бірдей ниет еткен жанға қажылыққа баруға көмектескен де осы азамат. Тіпті сонау Қорған облысының қазақтарына да осы газеттің жиырма данасын сыйға тартты. Сол Қорғанда өткен халықтар достығы мерекесіне қатысып, осында салынып жатқан мешіт пен шіркеуге де қаржы аударғаны бар. Қорғанның губернаторы Олег Богомолов біздін облыс әкімі Сергей Кулагиннің атына арнайы хат жазып Өмірзақ Бекділдәұлына арнайы алғыс та айтты.

Ең бастысы, ел басқарған азаматты сол елі де құрметтеп, сыйлайды, "өзіміздің Өмірзақ" деп мақтан етеді.

Жер мен нәр

Қарабалық ауыл шаруашылық тәжірибе станциясының директоры,

ғылым кандидаты, Елубай Аманжолов туралы әңгіме
1. Жер
Жер-ана. Көсілген кең дала. Сол далаға құт дарытып, жайқалтып егін өсірген диқан, мыңғыртып мал өсірген малшы. Ел дәулетін тасытып, дастарқанымызды берекелі еткен еңбеккер.

Ал сол дала ерлерінің еңбегі жемісті болуы үшін, жер-ананың берері мол болуы үшін ғылым мен тәжірибені қатар ұстап, жалпы жұртқа үлгі-өнеге боларлық бағыт сілтеп, жөн нұсқайтын да ұжымдар бар. Солардың бірі – аты аңызға айналған Қарабалық тәжірибе станциясы.

Бұл ғылым мен өндірісті тең ұстап, тек алға басып отырған ұжымды ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылық ғылымының кандидаты, білікті де білімді басшы Елубай Аманжолов басқарып келеді.

Елекең кешегі "қызыл директорлар" қатарынан. Онысын ерекше мақтан етеді. Өйткені Кеңес дәуірінде де ұсынықты, ізденгіш, қолынан іс келетін жандар ғана ауыл шаруашылық кәсіпорындарының тұтқасын ұстаған.

Жалпы облыс бойынша бүгіндер шаруашылығына жан бітіріп, шаруасын дөңгелетіп жүрген Жазит Құдайқұл да, Өмірзақ Ихтиляпов та, Сайран Бұханов та, сол сияқты басқа да танымал өндіріс командирлері кешегі "қызыл директорлар" сапынан. Әрине, бұл жастардан жарқырап шыққан жандар жоқ деген сөз емес. Бірақ тәжірибенің аты – тәжірибе. Әсіресе бір науқаны екінші науқанмен іркіс-тіркіс келіп жататын ауыл шаруашылығында тәжірибе атты құдіретке көп жайт байланысты. Ал тәжірибе станциясы сияқты өзгелерге жөн сілтеп, бағыт-бағдар берер кәсіпорын басшысы үшін сол тәжірибең ауадай қажет, алтындай қымбат.

Аманжол Сибанбайұлы осы талап биігінен көрініп жүрген жан. Алысқа бармай-ақ станцияның биылғы көрсеткіштеріне ғана тоқталайықшы. Егіннің әр гектарынан 23 центнердей өнім жиналды. Ал сол Қарабалық ауданында орташа көрсеткіш 15 центнер болды. Байқап қараңызшы, айырмасы жер мен көктей болмағанмен тым үлкен. Сол айырмашылық яғни жер берекесі ненің есебінен келді? Ол барлық агротехникалық шаралардың ғылыми түрде жүзеге асуының нәтижесінде келді.

Мұнда жер өңдеуді әркім де біледі. Мұнда сапалы тұқым да жеткілікті. Мұнда тыңайтқыштар да мол. Мұнда кадрлар да майталман. Мұнда мықты материалдық-техникалық база бар. Ал солардың бәрінің үйлесім табуына басшылық еткен кім? Сол Аманжолов. Жерге өнімді мол беретін, осы өңірдің топырақ-климат жағдайына сай тұқым таңдап, сіңіріп, оны өндіріске енгізуге жанашыр болған кім? Сол Аманжолов. Жерді баптау технологиясын сақтап, оған қажетті органикалық және минералдық тыңайтқыштарды себуді үнемі назарда ұстайтын кім? Сол Аманжолов. Тұқым себу, егін жинау сияқты қауырт науқандар кезінде еңбек ұйымдастырудың тиімді түрін таңдап, ауылдастарын ерен еңбекке, лайықты бәсекелестікке бастайтын кім? Сол Аманжолов.

Қарабалық – еліміздегі бес жетекші селекциялық станциялардың бірі. Және ол Қостанай сияқты егіншілікпен аты шыққан өңірдегі станция. Бүгіндер республиканың ұшы-қиыры жоқ егін даласында егілетін отандық дәнді дақылдар тұқымының 20 пайызы осы станция үлесіне тиеді екен. Осы тәжірибе станциясында қалыптастырған бидайдың элита тұқымына көршілес Ресей де қызыға қарайды. Орыс ағайындар да Қарабалықта шығарылған ерте пісетін бидайдың Қазақстан сортын молынан егіп, мол байлыққа кенелуде. Бұған тағы Қарабалық-90, СИД-88 сорттарын қосыңыз. Ал көп жылғы екпе шөптердің үлес салмағын алсақ, елімізде Қарабалық тәжірибе станциясына тең келетін ешбір ауыл шаруашылық құрылымы жоқ.

Бәлкім, әлдекім тәжірибе станциясы тек егіншілікпен айналысады, осы саладағы тәжірибені насихаттайды, өндіріске енгізеді, тұқымның сапалы сорттарын сатады деп ойлап қалар. Мүлдем олай емес. Мұнда мал шаруашылығы да өркен жайған. Асыл тұқымды мал өсіру жөнінен мұндағы жетістіктер кімді болмасын қызықтырады. Мал азығының берік негізін жасау үшін ауыспалы егіс жүйесі тиімді пайдаланылады. Мал бар жерде береке бар. Бұл сала да табыс көзі. Ауылдағы көпшілікке қаншама жұмыс орны осы дәстүрлі саладан табылып отыр. Рас, мемлекет тәжірибе станциясына мал өсір демейді, ондай міндет жүктемейді. Бірақ ауылда тұрып, бейнетінен қашып, көрінер көзге төрт түліктен бойды аулақ салу – іскер адамның ісі емес, әрине. Оны Аманжолов та біледі. Білген соң көңіл бөледі және саланың табысты, қайтарымы мол болуға жанын салады.

Қарабалық тәжірибе станциясының басшысы елімізде аграрлық секторға көрсетіліп отырған қолдау-көмекке риза. Станция бүгіндер патент бойынша жұмыс істейді, бұл дегеніңіз салық мәселесінде едәуір жеңілдіктер береді. Мемлекет осында өсірілген элита тұқымдарын оның бағасының 60% сатуға мүмкіндік береді. Ал қалған 40 пайызын мемлекет өзі көтереді. Мұның екі жаққа да тиімділігі бар. Біріншіден, станция сапалы тұқымды көптеп өткізеді, екіншіден, оны сатып алған шаруашылық егіншілік мәдениетін жақсартады, жерге сапалы тұқым себу арқылы мол өнімге қол жеткізеді. Бұдан сайып келгенде бүтіндей мемлекет те ұтады.

Станция тыңайтқыштарды, улы химикаттарды, кейбір гербицидтерді мемлекеттен арзандатылған бағаға алады. Жанар-жағармай сатып алуға берілетін жеңілдетілген несие тағы бар. Станцияның ғылым бөліміне жыл сайын бюджеттік қаржы көбейіп келеді. Соңғы жылдары ол 5 миллион теңгеден 12,5 миллион теңгеге көтерілген. Асыл тұқымды мал шаруашылығына да дотация бөлінеді.

Қарабалық тәжірибе станциясы да реформалау, жекешелендіру кезіндегі қиындықтарды бастан кешірді. Бірақ Аманжолов дүрмекке ермеді, бұдан бұрын жасалған игіліктердің бәрін де сол қалпында сақтап қалды. Талан-таражға салуға жол бермеді. Әрине, оңай болған жоқ. Талай текетірестерге барды, бірақ алған бетінен қайтқан жоқ. Ол реформа дегеніміз бұзу, қирату емес екендігін сөзімен де, ісімен де дәлелдеуге тырысты. Ақыры дегеніне жетті.

Көпшілік ауыл-селоларда жарық та, жылу да, су да болмай, ауруханалар мен мәдениет үйлері жабылып, кітапханалар мен клубтар тоз-тоз болып кеткенде Қарабалық тәжірибе станциясында әлеуметтік сала қалыпты жұмыс істеп тұрды. Қазандық жылу беруін тоқтатқан жоқ. Су құбыры істеп тұрды. Халық қысылмады.

Бірақ жаңа экономикалық қарым-қатынас, нарық әрбір тиынды үнемдеуді де үйретті. Бұрынғы үлкен қазандықтар орнына газбен жағылатын мини-қазандықтар қойылды. Бұл реформаға бес жыл уақыт және 100 млн.теңге қаражат кетті. Есесіне енді бұл салада проблема жоқ.

Тағы бір мысал. Станция көп жылдар бойы картоптың элита тұқымын өсірді. Оны ешкім сатып алмады. Шаруашылық жыл сайын 5 млн. теңге шығын шегіп жатты. Директор бәрін де шотқа қағып, тиімсіз саладан бас тартты. Екі огородтың біреуін ғана қалдырды.

Енді бірде далиып кеткен штатты қысқартты. Байқап қараңыз, 7 мың гектар егістік пен 1,5 мың ірі қараға 1100 адам бар екен. Тең жартысын қысқартып еді, одан өндіріске пайда болмаса еш зиян келген жоқ. Әрине, бұл шара кейбіреулердің наразылығын тудырғаны да белгілі. Бірақ екінші жағынан қысқартылған адамдардың көпшілігі өз істерін ашып, кәсіпкерлік жолға түсті. Бүгіндер олардың көпшілігінің өз меншігі, өз бизнесі бар. Айталық қазір мұнда наубайхана, екі жиһаз цехы, жиырмадан астам дүкен жұмыс істейді. Ал қолда мал ұстаушылар саны да күрт өсті. Қазір сиыр, жылқы, шошқа, құсты көптеп өсіріп, өнімін сатып, аузы майланып отырған жандар аз емес.



Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет