«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев



бет10/24
Дата04.11.2016
өлшемі4,05 Mb.
#348
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   24

3. Кәсіподақ қайраткері
Бұдан бес жыл бұрын агроөнеркәсіп қызметкерлері кәсіподағы республикалық конференциясы Жәзит Құдайқұлды өз төрағалығына сайлады. Сонау қиырда орналасқан «Қарабатырдың» басшысына осында сенім көрсетілді. Өйткені құрылтай делегаттары Жәкеңнің іскерлік, кәсіби қабілеттерін жақсы білетін. Оның туған жер түлектеріне көрсетіп жүрген қамқорлығын, жанашырлығын, басшылық қызметте шыңдалған мінез-құлқын жоғары бағалайтын. Ал кәсіподақ болса сол еңбекші халықтың мүддесін қорғайтын, оның мұң-мұқтажын жоқтайтын ұйым ғой. Және бұдан бес жыл бұрын кәсіподақтарға деген көзқарас та өзгеріп, көптеген ұйымдар тарап та кеткен де. Қалғандарының өзі қауқарсыз, басшының ығына жығылып, өздерінің негізгі міндеттерін мүлдем ұмытқан, тек мүшелік жарна жинағанына мәз болып жүрген шалажансар бірдеңе еді.

Құдайқұлдың құдай берген мінезі бар, бір істі бастады екен, оны аяғына жеткізбей тыным таппайды. Бәлкім, кәсіподақтағы әріптестері Жәкеңнің осы қасиетіне арқа сүйеген де шығар. Жауапкершілік жүктелді, ел бойынша мүшелерінің саны жөнінен ең алда тұрған кәсіподақ комитетінің тұтқасын ұстадың, енді шегінер жер жоқ. Оны Жәкең ә дегеннен түсінді, ә дегеннен жұмысқа білек сыбана кірісті. Осы саладағы тәжірибелерді зерттеді, талай шетелдерде болды. Ондағы кәсіподақ қозғалысына, оның іс-әрекетіне зер салды. Комитеттің талай отырыстарын өткізді, міндеттерді нақтылады, перспективаларды белгіледі, тапсырмаларды пысықтады, өзі де тыным таппады, өзгелерді де жұмысқа жекті. Тіпті, сол агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің бір отырысын өзі басқаратын «Қарабатырда» өткізді. Ондағысы, «Қарабатырды» көрсетіп, ұпай жинау емес, осындағы кәсіподақ жұмысының қалай жолға қойылғандығын көрсету еді.Жиналғандар, расында да, көп жайтқа қанықты, тәжірибе алмасты, кәсіподақтардың да тегеуірінді күш екенін сезінді.

Жәкең болса:

–Мықты директор бар жерде кәсіподақ та мықты, – деуден жазбай келеді. Онысы рас та, ұжым басшысы мен сол ұжымның сөзін сөйлейтін кәсіподақ төрағасы тізе қосып, түсінісіп, жоспар құрып, жұмыс жасағанда ғана шаңырақтың шырайы шығады. Оны дәлелдеп жату қажет болса, сол «Қарабатырдың» өз тәжірибесіне жүгінсек те жетер. Мұндағы кәсіподақ ұйымының төрағасы Жанайдар Тілеукеновтың пікірі де осыған саяды.


4. Бизнес босбелбеулікті көтермейді
Бизнес пен есептілік – егіз. Әсіресе селодағы бизнес. Әзірше село еңбеккерінің жалақысы мұнай-газ, металлургия салаларымен салыстырғанда аз екені рас. Соны пайдаланып, кейбір қолынан іс келетін жандар алысқа алаңдай береді. Вахталық әдіс деп әйелі мен бала-шағасын тастап, жеңіл табыс қуып жүргендер аз емес. Ондайлар кез келген жерде бар. Бірақ мәселенің екінші жағын да ескеру керек. Сыртқа кетіп, отбасы, ошақ қасынан алыста жүрген отағасы тапқан-таянғанын үйіне әкеле ме? Және жанын салып, уақытпен санаспай бейнеттенгенде, үйреншікті тіршіліктен қол үзгенде оның есесі қайта ма? Кейде мұндай әрекет отбасының ойранына соғып жататыны да бар ғой. Күйеуім күнкөріс үшін қиналып жүр ғой деп әйелі үйде төрткөз болып отырғанда алыстағы «серісі» сұлу бикештермен көңіл қосып жатса ше?

Жәзит Кәрімұлы өз ауылындағы механизаторларға осыны айтады. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген қазақтың мақалын еске салады. Бала-шағаңның қасында бол, соның қамын ойла, мал ұста, қосалқы шаруашылықты өркендет – сонда болашағыңа да сенімдісің, ұрпағыңның келешегіне де алаңдамайсың.

Әрине, «Қарабатырда» биылғы алынған табыс аз емес. Соның бәрін жұмысшыларға түп-түгел бөліп берсең, ертең не істейсің? Келер жылы да қаражат керек. Жаңа техника, қажетті құрал-саймандар, басқа да шығындар, есептей берсең, жетіп артылады. Сондықтан да Жәкең үшін әр тиын есепте. Өйткені бизнес заңы қатал, көшке ілесе алмасаң, көшеде қаласың. Әрине, мұны біреу түсінеді, екіншісі түсінбейді. Сол түсінбейтін екіншісі әр түрлі дау-дамайға барады, өсек таратады. Бірақ басшы адамның, әсіресе жеке меншікке негізделген құрылым басшысының екінің – біріне жаға бермейтіні бесенеден белгілі. Өйткені көпке жағу мүмкін емес.

Тіпті әлем мойындаған эстрада жұлдыздары да біреуге ұнаса, біреуге ұнамай жатады. Ал серіктестік басшысы ол Алла Пугачева, немесе Мүсілім Магомаев емес қой... Кейде сол Алла мен Мүсілімді де мойындамайтын пенделердің аз еместігін несіне жасырамыз...


5. Досы көп адам
Жәкең «Қарабатырда» тұрғанымен Қостанайда да жиі болады. Әртүрлі жиналыс, той-домалақ, іскерлік кездесулердің көпшілігі Жәзитсіз өтпейді. Солардың кейбіреулерінде кездесіп те қаламыз. Қашан да биязы, сезімтал, кісіге жуық Құдайқұл елпілдеп тұрады. Осы өзім қызмет істейтін «Қостанай таңы» газеті редакциясы өткізген шараларға да әдейі келіп, қатысуға уақыт табады. Жақында ғана қара шаңырақтың 85 жылдық тойына келіп, тілектестік көңілін білдіріп, төрімізде отырды. Басылымға деген ықыласы да бөлек. Кейде арнайы телефон соғып, немесе өзі келіп, «Қарабатыр» жаңалықтарын айтатыны, газетіміз туралы пікір-лебізін білдіретіні де бар. Қашанда ойы салмақты, айтары мол, пайымы орнықты.

Журналистік қызмет бабында Жәкеңнің бауырлары Сәбит, Уахит, Мұхтарлармен де талай кездесіп, пікірлескен, сырласқан кездеріміз аз болған жоқ. Олардың бойынан кісілік, тектілік, парасат пен биік адамгершілік қасиеттер мен мұндалап тұратын.Амал не, тағдырдың жазуы солай болып, Жәкеңнің сол бауырлары дүниеден ерте өтті. Бұл Жәзитке де оңай тиген жоқ, әрине. Бірақ ауыр қайғыны қара нардай қайыспай көтерді. Олардан қалған ұрпақа Зейнеп жеңгеміз екеуі бас-көз болып, қолтықтан демеді.Басқа да туған-туыс, таныс-бейтаныстарға Жәкең көрсеткен көмек пен қолдау аз емес-ті...

Жәкеңнің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге масағы толысып, жайқалған егін ортасында түскен суреті бар. Оны талай басылымдар беттерінен де көрдік. Жәкең Президентпен талай жүздесіп, сөйлескен, оның ақыл-кеңесін тыңдаған, мәртебелі мінбелерден сөйлеген сөздерін өз аузынан естіген адам:

– Біздің Нұрекең – ұлы адам. Оның басшылығымен Қазақстан талай абыройлы белестерді алады. Тарихтың бір сынға түсер шағында Нұрсұлтан Назарбаевтай дара тұлғаның Ел тағдырын қолға алуы қазақ халқының, бүкіл қазақстандықтардың бақыты. Оны бүгін біз ерекше ризашылықпен айтсақ, келешек ұрпақ болашақта мұны асқан мақтаныш және көкірек кернер қуанышпен сан мәрте қайталамақ. Мен оған кәміл сенемін, – дейді Жәкең.

Көпті көрген, көңілге түйген, өмірлік те, қайраткерлік те тәжірибесі мол «Қарабатырдың» қас батыры айтқан бұл сөзге өзіміздің де шын ниетпен қол қоярымыз анық.

Алғашқы қарлығаш

«Қарабатыр» агрофирмасының басшысы

Жәзит Құдайқұл туралы сөз
Мұрты енді ғана тебіндеп шығып келе жатқан бозбаланың автомобильдің руліне отырып, кең даланың апшысын қуыра аңыратқаны әлі есінде. Осы Қамысты ауданының «Орқаш» кеңшарындағы саусақпен санарлықтай мәшинаның бірін осы Жәзит тақымына басқан еді. Ол еңбек жолын осылай бастады. Кейін Алматы есеп-несие техникумін аяқтап, ауданынң қаржы мекемелерінде қызмет істеді. Жігерлі де белсенді жас аудан басшыларының көзіне бірден түсті. Сондықтан да болар, аудандық партия комитеті оны нұсқаушылық қызметкен шақырды. Адамдармен тез тіл табысатын, халықтың мұң-мұқтажына ерекше ден қоятын жас қызметкер өмірдегі өз жолын енді тапқандай еді. Бірақ жоғары білім алмай болмайды, енді оның да сәті түсті, жоғары партия мектебіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдады. Оқу жылдары тек қана ұстаздар дәрісін тыңдаумен өткен жоқ, өз бетінше оқып, көп жайтты көңілге тоқыды, талай жандармен жүздесіп, олармен сырласты, ой бөлісті, мұның бәрі Жәзиттің дүниетанымын кеңейтті, біліктілігін жоғарылатты. Бертін келе ауыл шаруашылық институтының экономика факультетінде оқыды, экономист-ұйымдастырушы мамандығын алды.

1969 жылы ол «Ворошилов» кеңшары партия комитетінің хатшысы болды. Ал одан он жылдан кейін «Талдыкөл» совхозының директорлығына жоғарылатылды. Осы кезден бастап Жәзит Кәрімұлының өмірінде бетбұрыс кезең басталды. «Ворошилов» совхозына директор болып ауысқан сәттен бастап оның ауыл шаруашылығы өндірісінің нағыз білгірі, саланың реформаторы ретіндегі таланты жарқырап көрінді. Бұл кеңшардың тарихы әріге кетеді. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан 1944 жылы құрылған бұл ұжым өзіндік өрнегі бар, осы өңірдегі айтулы ұжымдардың бірі еді. Дегенмен осы «Ворошилов» кеңшарының екінші тынысын Құдайқұлов ашты. Егіншілік пен мал шаруашылығында өндірістік процестер жетілдірілді, совхоз өзіндік бір құрылыс алаңына айналды, мәдени-әлеуметтік салаларда да түбегейлі өзгерістер болды. Адамдардың тұрмысы жақсарды, олар өздерінің директорларына сеніммен қарады.Жәкең болса сол сенімді ақтауға тырысты.

Қайта құру деп дабыра қылған заманаға «Ворошилов» совхозы жан-жақты дамыған, экономикасы да, әлеуметтік саласы да мықты шаруашылық ретінде келді.Бірақ бұрынғы қалыптасқан экономикалық қатынастардың қожырап, үзілуі, ауыл шаруашылық өндірісін, жалпы экономиканы басқарудағы бейберекеттік сол мықты шаруашылықтың да іргесін шайқалта бастады. Бұл жағдай Жәкеңді де қатты толғантты. «Шаруашылықты қалай сақтап қалуға болады, ғасырлар бойы осы құт мекенде тұрып, еңбек етіп, ұрпақ өсірген жерлестердің көңілінен қайткенде шығуға болады?» Жәзит Кәрімұлын толғандырған осы мәселе еді. Тұйықтан шығу үшін көп ойланды, көп ізденді, алыс та жақын шетелдерде болды, олардың тәжірибесін зерттеді. Сөйтіп бұрынғы «Ворошилов» кеңшары негізде «Қарабатыр» агрофирмасын құрды. Еңбек ұйымдастырудың түрі мен шаруашылықтың құрылымын өзгерту – ол мәселенің бір ғана жағы. Ең бастысы – қордаланып қалған берешектерден құтылу еді. Ол үшін еңбек өнімділігін арттыру, өнім сапасын жақсарту керек. Мұның бәрі еңбек тәртібіне тікелей байланысты, ұқыптылық пен үнемшілдікке тірелетін іс. Ал өнікті еңбек ету үшін жақсы жағдай туғызу, әрбір еңбеккердің, әрбір ауыл тұрғынының ертеңгі күніне деген сенімін нығайту керек.

Халықтың әл-ауқатының күрт төмендеп кетуіне, бұрын қалыпты жұмыс істеп тұрған шаруашылықтардың тоз-тоз болып кетуіне нарықтық экономика емес, осынау өлара шақта пайдаланып, бар байлықты бөліске салып, молырақ асап қалуға тырысқан сол сәттегі кейбір тізгін ұстағандардың кінәлі екенін Жәкең бар болмысымен сезінетін. Соған жаны ауырып, жүрегі сыздайтын.

Халықтың басына түскен ауыртпалық аз болғандай елде ұрлық-қарлық көбейді. Жеңіл олжа таппақ болғандар ауылдастарының ақ адал малын тапатал түсте қолды етіп жатты. Жәкең дәл осы тұста өзінің ОМОН-ын құрды. Сайдың тасындай сақа жігіттердің басын қосып, оқытып, үйретіп, астарына машина, қолдарына ұялы телефон беріп, күзетке қойды. Олар қоғамдық тәртіпті қадағалады, шаруалардың үйі мен албарын күзетті. Енді «Қарабатыр» маңайында бейсеуіт адам, көлік жүрмейтін болды. Соның арқасында «Қарабатырда» бірде бір мал жоғалған жоқ, бірде бір ұрлық тіркелген жоқ. Бөтен ауылдың адамдары зар қақсап жатқанда, Жәкеңнің адамдары алаңсыз еңбек етті.

Экономист Жәкең мәселенің мәнісін бірден ұқты: астық пен мал шаруашылығы өнімдерін барынша мол өндірумен іс бітпейді, ең бастысы оларды өңдеп, тиімді ұқсату шарт. Сонымен бірге халықтың сұранысын зерттей отырып, ең қажет заттарға көңіл аудару керек. Атам қазақ бағзы заманнан бері жылқы шаруашылығына тегіннен тегін ерекше көңіл бөлген жоқ. Сойсаң – соғым, жексең – көлік, саусаң – сусын. Және жылқы жарықтық ешқашан күй таңдамаған. Алты ай қыс қолға қарамай тебіндеп шыға береді. Ал түйе түлігі ше? Неге бұл түлік ұмытыла бастады? Жәкең оны да қолға алды. Күні бүгінге дейін облыстағы саусақпен санарлық түйе фермаларының бірі – осы «Қарабатырда». Келген, кеткен қонақтар қонақжай елдің қымызы мен шұбатынан дәм татпай кетпейді. Ауылдағылар да жеңсік асқа қарық болғаны қашан.

Айта кетейік, «Қарабатырдағы» барлық дүкендер агрофирмаға қарайды. Тұрғындар керектің бәрін осы сауда орындарынан табады, алысқа ат сабылтып жатпайды. Мұнда өздерінің диірмені, наубайханасы бар. Өздері өсірген бидайдан, өздері ұн тартып, одан нан пісіріп, ауылдастарына ұсынады. Шұжық жасайтын цех та өздерінікі, макаронды да өздері шығарады, өсімдік майын да өздері ағызады.

Алыстағы «Қарабатыр» көкөніс пен бақша өнімдерін де өздері өндіреді. Тіпті көкөніс жыл бойы үзілмейді. Жылыжайда қияр мен қызғанақ қыстың күні де көздің жауын алады. Тіпті 11 гектар жерге жеміс ағаштарын отырғызып, бақ орнатқан да осы «Қарабатыр».

Сан-салалы істер кім үшін жасалады? Әрине, осында тұрып, осында еңбек етіп жатқан жандар үшін. Олардың болашағы, олардың ұрпағы үшін. Сондықтан да мұнда құрылыс та қарқын алған. Елді мекен кірсе шыққысыз, көгалдандыру, абаттандыру жағынан мін жоқ. Тіпті ауыл ішінде халқымыздың әділ қазылары – Төле, Әйтеке, Қазбек билерге ескерткіш орнатылған, Д.Қонаев, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов ескерткіштері де келгендер назарын бірден аударады. Көрнекі жерлерге ұлағатты сөздер жазылып, ілінген. Тіпті, қаладағы сияқты бағдаршам да осы «Қарабатырда».

Ұлы Отан соғысынан оралмаған, Отан үшін опат болған боздақтарға орнатылған ескерткіш те еңселі. Күні кешелер ғана Жеңіс мерекесінде сондағы алау басы гүл шоғына толды. Ауылдың үлкен-кішісі қан майданда қаза болған жерлестерін еске алып, бас иді. Солардың ортасында майдангерлердің қазір мектепте оқып жатқан немере, шөберелері де болды.

Мұндағы орта мектептердегі мұғалімдердің басым көпшілігі – осы туған жердің түлектері. Жан-жақта оқып, жоғары білім алып, туған жерге оралуды олар парыз санайды. «Қарабатырдың» басшысы болса сол мұғалімдер мен дәрігерлерге қамқорлық жасауды ешқашан естен шығармайды. Тіпті осында музыка мектебі де жұмыс істейді. Оған мамандарды да Жәкең іздеп жүріп, өзі тапты. Енді «Қарабатырдың» қара домалақтары музыкалық сауатын ашып, әртүрлі саз аспаптарында еркін ойнайды.

Қысылтаяң кезде жан-жақтан қолайлы тұрмыс іздеп келген қандастарға құшақ ашқан да осы құт мекен. Монғолиядан, Торғай өңірінен келіп, ат басын осында тіреген талай жандар тамырын тереңге жайды. Бүгіндер он сегіз ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етіп жатқан «Қарабатыр» – қазақ елінің қыдыр дарып, бақ қонған құйқалы бір өңірі. Солардың бәрі Жәзит Кәрімұлына ерекше құрмет, сыйластықпен қарайды.

Жәкең ауылдағы мешіттің де бірден-бір жанашыр, қамқоршысы. Имандылық үйіне оның жасап отырған қамқорлығына үлкен-кіші дән риза. Адамгершілік қағидаттарын, Алланың жолын насихаттайтын ғибадатқана үлгілі дін ордаларының бірі.

Қазақ елі Жәзит ағамызды қайраткер ретінде де таниды. Ол агроөнеркәсіп қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің төрағасы ретінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің құқықтарын қорғауға, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға ерекше үлес қосып жүрген тұлғалардың бірі. Қостанайдың «Қарабатырына» шетел делегациялары да жиі келеді. Өндірісті жаңаша ұйымдастыру тәжірибесін үйренеді. Қарап отырсақ, мұнда Американың, Испанияның, Түркияның, Монғолияның, тағы басқа елдердің өкілдері болыпты.«Қарабатырда» бүкіл қазақ елінің кәсіподақ қайраткерлерінің де бас қосып, көкейтесті мәселелерді талқылағаны бар.

«Қарабатыр» агрофирмасының астықты алқабында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та болып, Жәкеңнің еңбегіне ерекше риза болғанын көпшілік айта жүреді. Жәзит ағамызды ауыл шаруашылық өндірісіндегі жаңа қатынастардың алғашқы қарлығашы деп атаған да Нұрекең еді. Сол Елбасы өткен жылы Жәзит Кәрімұлы Құдайқұлды Отанымыздың жоғары наградасы – үшінші дәрежелі «Барыс» орденімен наградтағанда оның ауылдастарының да қуанышында шек болған жоқ.

Міне, осы Жәкең сияқты елі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, жан аямай, үнемі ізденіс үстінде еңбек етіп, тер төгіп жүрген тұлғалы азаматтары барда Қазақ елінің де өрге басып, өркенді істерімен самғау биіктерге көтеріле берері анық. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның әлемдегі дамыған елдердің ішінен ойып тұрып, орын алуы да осы Құдайқұл сияқты қайраткер азаматтарының қайыспас қайрат, мұқалмас жігері арқасында болмақ. Ал Жәкең болса, өз «Қарабатырын» қатарының алды еткен, өзгелерге үлгі еткен, құт мекенге айналдырған қаһарман қазақтың бірі екеніне дау болмаса керек. Ол замана көшін өз ұжымында дәл кезінде дұрыс бағытқа бұрып, кездескен керенаулық пен жөнсіздікке қасқая қарсы тұрып, «көп айтса көнді, жұрт айтса болдыдан» бойын аулақ салған, өзіндік ойы, өзіндік ұстанымы, өзіндік бет-бағдары бар нағыз реформалар, шын мәнінде Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы көшбасы қарлығаштарының бірі екенінде сөз жоқ. Оны ол өзінің бүкіл саналы ғұмырында дәлелдеп келеді.



Жігіттің сұлтаны

немесе бүгінгі күннің бір тұлғасы



Тарғын Әбенов туралы толғаныс
1. Ұстазы жақсы қандай-ды
Иә, Тарғын ағамыздың ұстаздары қандай еді. Олар жас жеткіншектердің жүрегіне ұстаз болсам деген арман ұялатты. Сол арман жетегімен оң-солын енді ғана тани бастаған бозбала Меңдіқара педагогика училищесіне келді. Ол кезде бұл оқу орнының аты дүркіреп тұрған, қара шаңырақты мұның алдында Манаш Қозыбаев, Әзірхан Жұмасұлтанов, Бегайдар Аханов, Серәлі Жәкетов және басқа көпшілікке танымал тұлғалар бітіріп шыққан. Солардың бәрі өмір жолын ұстаздықтан бастап еді...

Училищеде шәкірт Әбенов Кәлам Байназаров, Ғабдырахман Ғизатуллин, Саржан Сәкешқызы, Василий Макотченко сынды ұлағатты ұстаздар алдын көрді, дәрістерін тыңдап, тәлім-тәрбие алды. Оқуды бітірісімен өзі білім алған Науырзым ауданы Жаңажол сегізжылдық мектебіне ұстаз болып оралды. Ал екі жылдан кейін Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түсіп, оны 1968 жылы үздік дипломмен бітіреді. Университет басшылығы талантты студентін аспирантурада қалдырып, өзіне жатақханадан басыбайлы бір бөлме бөлгізеді. Жас жігіт ғылым жолына түсуді армандап, күндіз-түні ізденіс танытып, тер төгеді. Кешегі студент, бүгінгі аспирант Тарғын Әбеновтың аяқ алысына ректор Сәлкен Баймурзин де, профессор Фатима Кенжебаева да, қазақ ауыз әдебиетінің керемет білгірі Мұрат Смағұлов та, бүгінгі профессорлар Әлімжан Телғарин мен Задан Тастанбеков те – бәрі-бәрі ерекше ризашылықпен қарайды.

Бірақ кейде асқақ армандардың орындала бермейтіні бар. Адамды тұрмыс билейді. Отбасы жағдайымен Тәкең де елге оралады және жәудір көздері мөлдіреген сүйген қызы да оны сол өз ауылында күтіп отыр еді...

Тарғынды аудандық оқу бөліміндегілер бұрыннан білетін. Келісімен өзі оқыған, кейін ұстаздық еткен Жаңажол мектебіне директор етіп тағайындайды.

Мектептің жағдайы мүлдем нашар еді. Оқушылар бөлек-бөлек орналасқан, бұрын тұрғын үй болған төрт ғимаратта оқитын. Қысы-жазы бір үйден екіншісіне көшіп жүретін. Жас директор өзінің ең басты міндеті жаңа мектеп үйін салуға мұрындық болу деп түйді. Сөйтті де аудандық, облыстық мекемелерді жағалады. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.Черноваловта, облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі Я.Березанда, облыстық партия комитеті білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі Б.Ахановта, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Б.Шандауловада, басқа да мүдделі адамдарда болып, іске қозғау салды. Ақыры 1970 жылы 16 бөлмелі сыңғырлаған жаңа мектеп үйі пайдалануға берілді.

1973 жылы қолынан іс келетін жас та жігерлі басшы “Первая семилеткадағы” Шилі аралас орта мектебінің директоры болып тағайындалды. Мұндағы мектептің де тозығы жетіп тұрған-ды. Тарғын Әбенұлы тағы да басшыларды төңіректеді. 460 орындық жаңа мектеп салу үшін күндіз-түні әрекет жасады, сол 1973 жылдан қашан 1977 жылы жаңа ғимарат салынып болғанша еңбек демалысына да бармай құрылысқа қажетті заттарды іздеді, құрылысшыларды жұмылдырды. Сөйтіп, сол “Первая семилеткада” ленинградтық үлгімен жаңа мектеп дүниеге келді. Сол мектепте Тәкең қашан құрметті еңбек демалысына шыққанша басшы болып еңбек етті, талай мыңдаған ұл-қыздарға үлкен өмірге жолдама берді. Бүгіндер ол білім ордасын ұлағатты ұстаздың шәкірті Мәулен Қаратаев басқарады.


2. Ағамыз біздің – қайраткер
Тарғын ағамыздың ерекше бір ерлігі бар. Сол бір тұста жер-жерде қазақ мектептері жабылып жатты. Шилідегі аралас мектебінің қазақ сыныптарына да қауіп төнді. Аудан күнде “қазақ сыныптарын жап, балаларды толық орысша оқыт”, – деп нұсқау беріп, мазаны алды. Бірақ Тарғын Әбенұлы олай етпеді. Ауылда туып, ауылда өскен, тілі қазақша шыққан көгенкөздерді ә дегеннен орысша оқыту баланың жаратылыс-болмысына, оның даму жағдайына әсер етер еді. Ол осындай уәж айтып, аудан басшыларына талай барды.

Әрине, басқа біреу болса басшылардың айтқанын істеп, қазақ сыныптарын жауып, қазақ мұғалімдерін жұмыстан босатып, түк болмағандай отыра берер еді. Сөйтіп, жақсы атқа да ілігер еді. Бірақ ұлтжанды азамат, қайраткер тұлға олай ете алмады. Сонысы үшін талай таяқ жеді. Аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Л.М.Мееров мектеп директорын бір емес, екі рет кабинетіне шақырып, сыбағасын берді. “Ұлтшылсың сен, Тарғын Әбенұлы!” деп бет бақтырмады.

Ер Тарғын да хатшының алдында қалбалақтамады.

– Әр ұлт өз тілінде тәлім-тәрбие алуы керек, Леонид Матвеевич, – деп бастап, көрнекті педагогтардың, психологтардың еңбектерінен мысалдар келтірді.

Қайсар жігітті жеңе алмасын білген хатшы: “Әттең Бегайдар Жүсіпұлының туысысың, ал мен Бекеңді ерекше сыйлаймын, бара бер” – деп жақсылық жасағандай қалып танытты. Мееров мырзаның айтып отырған Бегайдар Жүсіпұлы обкомның бөлім меңгерушісі Аханов ағамыз еді. Ұлты еврей хатшы оның Тарғынмен туысқандық қылын да алдын-ала біліп алған ғой...

Бұдан үш-төрт жыл бұрын Қазақ елінің тәуелсіздігі, жерінің тұтастығы жолында қалмақтармен болған қырғын шайқаста Торғай өлкесінен Атырауға кіші жүз жасақтарына мың қолмен көмекке барған Өтей батырдың мәңгілік тыныстаған мекені белгілі болды. Ол сол өңірдің Қызылқоға ауданы, Миялы ауылының тұсы. Батыр бабамыз қалмақ батырымен жекпе-жекте қас дұшпанының сағын сындырып, өзі де мерт болады.

Ел қорғаны, ру басы Өтей батырдың туғанына 300 жыл толуына орай оны ұлықтауға байланысты талай тәлімді де тағылымды шаралар өтті. Сол бабамыздың бір ұрпағы ретінде Тарғын Әбенұлы сол пәтуалы істердің ұйымдастырушысы және баба ерлігін насихаттаушы тұлғалардың бірі болды. Бүкіл тізгінді өзі жас, өзі білімді, ұйымдастыру қабілеті, жүріп-тұруға мүмкіндігі мол Бауыржан Тебеев інісіне ұстатып, өзі ақылшы, кеңесші ретінде талай шаруа тындырды. Атыраудағы, Қызбелдегі астарды ұйымдастырып, өткізуде оның қайраткерлік тұлғасы ерекше асқақ көрінді. Бабасы туралы поэма жазып, онда Өтей батыр ұрпақтарын дәріптеді. Көппен бітетін көлемді іс-шараға өзінің және балаларының атынан қомақты қаржы қосып, малын да атады. Сол бабамыздың ұрпақтарына арналған “Терең тамыр” атты тарихи-этнографиялық хикаяттың ел ішіндегі белсенді насихатшысы да осы Тәкең еді.

3. Мәрттік деп осыны айт
Аманқұл Жақыпов ағамыздың есімі Торғай, Қостанай өңіріне жақсы таныс. Өз заманының өр тұлғасы, талай лауазымды қызметтер атқарып, ел аузына ілінген кісі. Онымен осы Қостанайда тұратын Қайролла Меңтаев ағамыз таныстырып, емін-еркін сұхбат құрғанымыз бар.

Жанып тұрған от еді. Өзі – ақын. Қай тақырыптағы әңгіме болмасын, өзіндік ой-тұжырымын қосып отырар еді.

Торғай облысы дүрілдеп тұрғанда облыстық мал бордақылау тресінің бастығы болып істеген, облыс активі ішінде ерекше беделді тұлға болыпты. Оның Өтей руы туралы өлеңмен жазылған шежіресін “Терең тамыр” кітабына енгізгеніміз бар. Файзолла Сатыбалдыұлының “Адамзат шежіресі” сияқты төгіліп тұрған дүние еді.

Аманқұлды аға тұтқан Тәкең сол бір тұста Арқалыққа іздеп барып, сәлем береді. Тарғынның да ақындығында мін жоқ, Аманқұл да ағып тұр. Ағалы-інілі екі азамат әңгіме-дүкен құрып, сырласып, сұхбаттасып бір жасап қалады.

Есік алдына шыққан Аманқұл інісінің мініп келген үр жаңа “Волгасын” көріп, алдынан бір, артынан бір қарап, руліне отырып, масайрап, “әу, жарадың, інім, көлігің көсіліп-ақ тұр екен, облыс басшыларының бірі бізде де мұндай тұлпар жоқ”, демесі бар ма. Тарғын болса, аяқ астынан:

– Онда осы тұлпарды Сізге сыйладым, аға! – деп бір-ақ кеседі.

Ақыры ағасына машинасын сыйға тартып, өзі еліне жаяу оралады. Жұбайын есік алдында қарсы алған Жұмагүл:

– Тәке-ау, жаяу жүргенің не? – дейді ойында ештеңе жоқ.

– “Волганы” Аманқұл ағама сыйлап кеттім, – дейді Тарғын да бейне бір болмашы затты әңгіме қылып тұрғандай.

О баста қанша дегенмен әйелдің аты әйел ғой, не дер екен, деп екі ойлы болып тұрған Тарғын Жұмагүлдің сабырлы жүзін көріп:

– Бас аман болса, әлі талай “Волганы” мінесің, жарығым, – деп сабырлы сұлуын бауырына басады.

Расында да, кейін бұл отбасы осы заманның талай сәйгүліктерін мінді, Құдай берген құлындары өсіп, өнді, жетілді, елдің аузындағы азаматтар болды. Арманы облыс басшыларының бірі, Анар – ұстаз, Затоболдағы Нұржан Наушабаев атындағы мектепте тәрбиеші, Абзалы – Астанада, Әділет министрлігінде істейді. Тәкең мен Жұмагүлдің бүгін сегіз немересі бар, бәрі де алға, болашаққа сеніммен ұмтылған өрендер.

Отанасы Жұмагүл де педагог, тарихшы, бүгіндер зейнеткер, ортасына, ағайын-туғанға ерекше сыйлы жан.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет